24 Желтоқсан, 2011

Көңіл орнына түскендей болды

307 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Шаруашылық ұжымымен бірге Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық мерекесін атап өтіп жатқанбыз. Жүзін күн мен жел қаққан еңбекқор ауыл­дас­тарымды марапаттап, ән мен жырдан шашу шашып, мәз болып отыр едік. Ертеңіне Жаңа­өзендегі қайғылы оқиғаны естіп, көңіліміз су сепкендей басылды. Өзімді қоярға жер таппадым және сол түнде ұйықтай алмай шық­тым. Бейбіт заманда адам­дар­дың осынша жапа шегуі, қы­рылуы қандай ақыл­ға сыяды? Барлығы дерлік қыр­шын жастар, артында төрт бала­паны қалған қарындасымыздың жазықсыз, қа­пыда оққа ұшқанын қайтер­сің... Онсыз да көп халық емеспіз ғой. Жастардың киіз үйді қиратып, шаңырағымен қосып өртегені ме­нің жаныма қатты бат­ты. Жүре­гім ауырды. Шаңы­рақ қазақтың киесі емес пе еді? Аталарымыз жауға да қарашаңырағын бермеген. Бетін аулақ етсін, елге сырт­тан жау шауып, Отан үшін жас­тарымыз оққа ұшып жатса, оның жөні бір бөлек шығар. Қазақтың басынан ондай замандар да өтті. Ал мынандай бейбіт күнде қазақ­тың бір біріне мылтық кезегені қандай сұмдық! Сабырмен істесе шешілмейтін дау жоқ. Қазір эко­но­микалық жағ­дайымыз түзел­ген. Қазіргі жағдай 90-шы жыл­дар­дағыдан ауыр емес. Онда жұрт қайда бара­рын білмей үдере кө­шіп кеткен жоқ па еді? Бірақ сондай ауыр күндердің өзінде көте­ріліп, қолына мылтық алған ешкім жоқ. Барлығына да төзе білді, алдан жақсы үмітке сенді. Мұны маған өзге ұлттардың өкілінен тұратын ауылдастарым да айтып жатыр. Жаңаөзенде әлеуметтік мәсе­лелердің барлығы рас, оны ешкім де жоққа шығармайды. Әрине, сол жергілікті жерлердегі іс ба­сын­да жүрген азаматтар адам­дар­дың әлеуметтік мәселелерін осын­­ша шиеленістірмей уақыты­сында шешіп, сергек қарауы керек еді. Дегенмен, еңбек дауын даулаған азаматтардың қан­төгіс­ке дейін апаратын жөні тағы жоқ, еңбек дауы заңмен шешілмек керек. Меніңше, көңіл-күйге тез ерік беретін жастардың, жұмыс­сыз қалған азаматтардың ашу-ызасын ниеті арам сыртқы күш­тер «ұтымды» пайдаланған. Аран­­дату­шы­лар болмаса, жастар мұн­ша­лық­ты бассыз­дық­қа бара қой­май­ды. Әсі­ре­се, халқы­мыз­­дың дәс­түр-салты, діні, ділі жақ­сы сақ­талған ор­таның тәр­бие­сін көрген жастардың ша­ңырақты өр­теуі, адамға оқ атуы мүмкін емес. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың елге сын болған осы жағ­дайды тұрақтандыру үшін Ақтау мен Жаңаөзенге барғаны өте дұрыс болды. Қазір адам қаны төгілген мұндай жағдайлар әлем­нің көп елдерінде болып жатыр. Бірақ барлық президенттер біздің Елбасы сияқты оқиға болған жерге өзі барып жүрген жоқ. Нұр­сұлтан Әбішұлы Ақтау мен Жаңа­өзендегі жұртшылықпен кез­дескеннен кейін-ақ істің түйіні шешіледі деген көңілге жылы сезім орныға бастады. Елбасы оқиға болған жерді, жергілікті адамдарды өз көзімен көрді, жағдаймен жете танысты. Жергілікті биліктегі азаматтарды ауыстырды, үкіметтік комиссияға «Өзенмұнайгаз» компаниясы жұ­мысшылары мен Жаңаөзен қала­сы тұрғындарының наразылығын тудырған мәселелер себептерін қысқа уақытта анықтауды және оны қалпына келтіруге ұсыныс­тар даярлауды тапсырды. Еңбек дауы шешілмейтін түйін емес екенін Президент Нұрсұлтан Назарбаев осы сапарында көрсетті. Елбасы осы сапарында жалпы маңғыстаулықтарға қазақстан­дық­­тар­дың бірлігінің, дамуға ба­ғытталған экономикалық-әлеу­меттік саясаттың арқасында Жаңаөзендегі жағдайды өте қысқа уақытта қалпына келтіруге, адамдардың қалыпты өмірін орнатуға мүмкіншілік бар екенін айтты. Барлық мемлекеттік ор­ган­дарға жұмысты бірлесе ұйым­дастырып, үйлестіруге тапсырма беріп, оны алдағы уақытта өзінің бақылауына алатындығын да ескертті. Күн сайын батыс жаққа алаңдап, істің қалай өрбитінін қарап отырған жұрттың көңілі де орнына түскендей болды. Ты­ныштық бар жерде ғана береке болатынын адамдар ұғынған болар. Дауды шешу үшін қантөгіс міндет емес екені жастарға ғұ­мыр бойы сабақ болса жарар еді. Сайран БҰҚАНОВ. «Қарқын» ЖШС-нің директоры, Қазақстанның Еңбек Ері. Қостанай облысы, Меңдіғара ауданы.