Қазақстан • 31 Тамыз, 2018

Л.Зербо ЯСЖТШҰ Астана конференциясының маңыздылығын атап өтті

408 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу шарты Ұйымының (ЯСЖТШҰ) Дайындық комиссиясының Атқарушы хатшысы Лассина Зербо ядролық қару мәселесінің жаһандық және ұрпақаралық маңызға ие екендігін атап өтті, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметі.

Л.Зербо ЯСЖТШҰ Астана конференциясының маңыздылығын атап өтті

«Шамамен 70 жыл бұрын, 1949 жылғы 29 тамызда, Кеңес Одағы Семей полигонында өзінің бірінші ядролық жарылғыш құрылғысын жарды. Келесі қырық жыл ішінде Семейде адамдар, сонымен қатар олардың қоршаған ортасы үшін жан түршігерлік салдары бар 456 ядролық сынақ өткізілді. 1991 жылғы 29 тамызда, Президент Нұрсұлтан Назарбаев Семей ядролық полигонын біржола жапты. Сонымен қатар, Қазақстан барлығына үлгі көрсетіп, әлемдегі көлемі бойынша ядролық қарудың төртінші арсеналынан еркін түрде бас тартты. Қазақстанның арқасында 29 тамыз күні Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың Халықаралық күні ретінде атап өтілуде», - деді ұйым басшысы.

Л. Зербо ЯСЖТШҰ-ның ядролық сынақтарды болдырмау мақсатында күнделікті тынбай жұмыс жасауда екендігіне сендірді. Ол Астана конференциясының бірегей екендігін де атап өтті, себебі, конференция алғаш рет Жастар тобының және ЯСЖТШҰ Беделді қайраткерлері тобының басын қосты. Осы топтар бірлесіп, ЯСЖТШҰ күшіне енуіне жәрдемдесу және қауіпсіздіктің жаппай жаһандық архитектурасын қамтамасыз ету үшін өз күш-жігерлерін қалай біріктіруге болатынын талқылайды.

«Президент Н.Назарбаев айтқандай, ядролық қарудың және ядролық сынақтардың салдары уақытта, кеңістікте болмасын, шектелуі мүмкін емес. Бұл – жаһандық ынтымақтастықты және ұрпақтар арасындағы өзара іс-қимылды талап ететін жаһандық мәселе», - деді Атқарушы хатшы.

Л. Зербо Астана конференциясының ЯСЖТШ-ты одан әрі ілгерілетуде маңызды серпін беретініне сенім білдірді.

«Конференция Ядролық қаруды таратпау шартын қолдануды қарастыру жөніндегі 2020 жылғы Конференция үшін 2019 жылдың Дайындаушы комитеті  және Корей түбегіндегі жағдай сияқты өзекті мәселелерге арналған. Сонымен қатар, біз Қазақстанның ядролық сынақтарға тыйым салуды ілгерілетудегі жетекші рөлі туралы айтатын боламыз», - деді ол.

Конференция бағдарламасы ЯСЖТШҰ делегациясының ҚР Ұлттық ядролық орталығына, геофизикалық зерттеулер институтына және Курчатов қаласындағы басқа да нысандарды аралаумен жалғасады.