Қазақстан • 03 Қыркүйек, 2018

Көшпенділер рухын асқақтатқан дүбірлі дода

626 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің алтыншы саммитіне қатысу үшін Қырғызстанға келген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кеше ІІІ Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатын тамашалады. Сондай-ақ, салтанатты іс-шараға Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайип Ердоған, Татарстан Республикасының Президенті Рустам Минниханов және Венгрияның Премьер-Министрі Виктор Орбан қатысты.

Көшпенділер рухын асқақтатқан дүбірлі дода

Салтанатты рәсім дәстүрлі театрландырылған көрініспен басталды. «Өмір ағашы» деп аталатын қойылымда өнер­паздар адамзаттың пайда бо­луынан Көк бөрілердің ұр­пағы саналатын түркілер дәуіріне дейінгі кезеңді бимен бейнеледі. Көшпенділердің тас­қа таңба қашап салғаны, те­мірді терідей илеп, қылыш жасағаны сахналанды. Ұйым­дастырушылардың семсерді таңдап алуы бекер емес. Түркілер, көшпенді халық үшін қылыштың маңызы зор. Өйткені бес қарудың осы түрін алғаш жасаған Ұлы түркілер болатын. Сондай-ақ Ұмай ана бейнесі, аударыспақ, қыз қуу секілді көшпенділерге тән ұлттық ойындар көрсетілді.

Жалпы, ашылу сал­тана­тының сценарийі көшпенділер идея­сы мен «Манас» жырын жазушы Шыңғыс Айт­ма­товтың туын­дыларымен байланыстыра театр­ландырылды. Бұдан бөлек көрермендер арнайы лазерлік шоу тамашалады. Соңында сайысқа қа­тысушылар салтанатты сап түзеп сахнаға шықты. Осы­лайша екі сағатқа созылған рә­сімде көшпенділердің өмір тарихы, салт-дәстүрі кеңінен көр­сетілді.

Үшінші рет өтіп отырған Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына жиналған сайып­қы­рандар бірден бірнеше жер­де – әсем табиғаты тамсанды­ратын, тау етегіндегі таңға­жайып Қыршын жайлауында, Қыр­ғызстанның курортты қаласы Шолпан-Атадағы спорт кешен­дерінде сынға түседі.

III Дүниежүзілік көш­пен­ділер ойындары ресми ашыл­ғанға дейін Тәжікстанның ұлт­тық спорты – Гуштини милли камар­банди (белбеу күресі) күресі өтті. Бұл спорт түрі бойын­ша қазақстандық балуандар екі қо­ла медаль иеленді. Алғашқы қола жүлде 68 кило салмақ дәре­жесінде сынға түскен балуаны­мыз Мұратхан Берікболға бұ­йырса, аса ауыр салмақта сынға түскен Мақсат Жанділдаев жартылай финалда есе жіберіп, үшінші орынды місе тұтты.

Жалпы, Дүниежүзілік көш­­пенділер ойындары – Қыр­ғызстан тарапының бастамасымен жүзеге асып жатқан ауқымды шара. Түркі әлемінің назарын аударған дода алғаш рет 2014 жылы өткен болатын. Сол жарысқа әлемнің 19 елі­нен келген 583 сайыпқыран 10 спорт түрі бойынша бақ сы­нады. Екінші көшпенділер ойындары 2016 жылы ұйым­дас­тырылды. Бұл жолы турнирдің танымалдылығы артып, ойын­дарға 62 елден 1200-ге жуық спортшы қатысты.

Дүниежүзілік көшпенділер ойындары жобасының авторы Асхат Акыбаевтың айтуын­ша, биылғы сайысқа 80 елден 3 мыңнан астам сайыпқыран келген. Олар 37 этноспорт түрі бойынша сынға түседі. Спорт­шылар көкпар, күрес, бәйге секілді көшпелі халықтарға ортақ этноспорт түрлерімен қатар, жиынға қатысушы мем­ле­кеттердің кейбір ұлттық спорт­тары бойынша да бақ сынайды. Кейінгілерінің қа­тарында мангала (Түркия), овари (Батыс Африка елдері), пах­лавани (Иран) секілді сайыс­тар бар. Сонымен қатар іс-шараға қатысушы әр мемлекетке өз­дері­нің ұлттық спортын үлгі ретінде көрсетуіне мүмкіндік берілген.

Спортшылар 174 медаль жиынтығын сарапқа салады. Ойын­­д­ар­дың жалпы қоры – 28 мил­­лион қырғыз сомына жуық. Же­­ңім­паздарға қомақты жүлде­лер қарастырылған. Сон­дай-ақ әр спорт бойынша ерекше талан­тымен көзге түсіп, кө­рер­мен көз­айымына айналған сайыпқы­рандарға да арнайы сыйлық бар.

Сондай-ақ биылғы доданың тағы бір өзгешелігі бар. Үшінші Дүниежүзілік көшпенділер ойыны Түркітілдес мемлекеттердің ын­­тымақтастық кеңесінің VI саммиті қарсаңына орай ұйым­дастырылып отыр. Бұл алқа­лы жиын да Ыс­тықкөлдің жаға­сында өтпек. 

Биылғы көшпенділер ойын­дары үш бағытты қамтыған. Бірін­шісі – ұлттық спорт түрлері бойынша түрлі жарыстар. Жо­ғарыда айтып өткеніміздей, спортшылар 37 ойын түрінен сайы­сады. Олардың 16-сы Қыр­ғыз­станның ұлттық спорт түрі болса, қалғаны басқа көшпенді халықтарға тиесілі. Негізінен қа­тысушылар ат спортының
8 түрінен, күрестің 13 түрінен, са­дақ атудың 5 түрінен сынға түс­­пек. Сондай-ақ асық ату, то­­ғыз­­құ­­малақ, аң аулау секілді көш­­пен­­ділерге тән ойындар бар.

А.Акыбаев биылғы ең қы­зық бәсеке көкпар болатынына се­німді. Құрыш білектің күші мен дода жарар тұлпардың мық­тылығына сүйенген бұл спорт түрі – көрермендердің сүйік­ті ойы­ны. Екі жыл бұрын Қазақ­стан құрамасы финалдық бәсе­кеде айыр қалпақты ағайын­дарға есе жіберген болатын. Биыл біздің көкпаршылар дода­ға сақадай-сай, кеткен есені қай­таруға әзір. Оның үстіне, жыл­дан-жылға көкпарға қызық­қан мемлекеттер саны артып, онымен айналысатындар кө­бейіп келеді. Ендеше осы спорт түрі бойынша тартысты бәсеке болатыны анық.

Екінші бағыт бойынша мә­дени іс-шаралар өтеді. Осы­ған байланысты Қыршын жайлауында мыңдаған киіз үй тігіліп, арнайы этноқалашық әзір­ленген. Ондағы атмосфера көшпенділер дәуіріне сай жа­салған. Үшіншісі – ғы­лыми бағыт. Мәселен, соңғы бағыт­тың аясында «Дүние­жү­зі­лік көш­пенділер ойындары: тарихи мұра мен келешек» тақы­ры­бында ғылыми форум өтеді.

Дүниежүзілік көшпенділер ойындары халықаралық қоғам­дастық назарынан тыс қалған жоқ. Іс-шараны БҰҰ жоғары бағаласа, ЮНЕСКО тарапы қолдау көрсетіп отыр. Жоба авторы А.Акыбаев Дү­ниежүзілік көш­пенділер ойын­дары Ор­та­лық Азиядағы қарым-қаты­насты одан әрі кеңей­те түсу­ге, түр­кітілдес халық­тар­дың ын­ты­мақ­тасты­ғын ны­ғай­туға, әлемге көшпен­ділер мә­де­ниеті мен салт-дәс­түрін та­ны­туға ерекше серпін береті­ніне сенімді.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан» –

Шолпан-Атадан