Қазақстан • 03 Қыркүйек, 2018

Мақталы һәм бақшалы аудандар

711 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мақтаарал десе алдымен көзге мақта елестеп, тілге «ақ алтын» деген тір­кес ілігеді. Сол «ақ алтын­ды» өсiрумен бүкіл респуб­ликаға танылған Мақта­арал мен Жетісай аудан­дары шаруаларының аңса­ры соңғы жылдары қауын-қарбызға да ауа бас­тады. Шығыны мен кірі­сін есептеп барып іске кірі­сетін шаруалардың бұлай­ша өзгеруі бекер емес. Ди­қан­дардың айтуынша, мақ­таға қарағанда бақша өнім­дерінен табыс 5 есе көп түседі екен. Әрине сапа­лы өнімді өсіру мен тиім­ді өткізуде мемлекеттік қол­дау­дың маңызы ерекше.

Мақталы һәм бақшалы аудандар

Жуырда Мырзашөл өңірінде өткен «Қауын fest» облыстық фестивалінің де мақсаты – бақша дақылдарынан өндірілетін өнім түрлерін көбейтіп, кәсіпкерлікті дамыту, бақша өнімдерін те­рең өңдеуді қолға алу және диқан­дар­дың өзара тәжірибе алмасуы­на жағдай жасау. Жалпы, мырза­шөлдік диқандар жылына шама­мен 650-700 мың тоннадан ас­там қауын-қарбыз жинайды екен. Соның 450 мың тонна­дайы экспортқа жіберіледі. Шетел­дердегі нарықты және сұранысты жақсылап зерттеген диқандардың қауын-қарбыз өсіруді жетік мең­гергені соншалық, экспортқа жарам­ды неше түрлі сұрыптарын шы­ғаруда. Яғни диқандар сұра­нысқа қарай икемделіп алған.

Биыл түркістандық шаруалар жалпы 61,4 мың гектар жерге қауын мен қарбыз еккен. Оның ішінде бақша дақылдарын жинаудан жыл сайын рекордтық көрсеткішке қол жеткізетін Мақтаарал және Жетісай аудандарында 19 500 гектарға қауын, 7 564 гектарға қарбыз егіл­ген. Түркістан облысының ди­қан­дары биыл Ресей, Беларусь, Лат­вия, Германия елдеріне 80 мың тоннадан астам қауын мен қар­быз экспорттапты. Әсіресе Ресей мемлекетінің нарығына шы­ға­рылған өнім үлесі басым.

Елбасының «Болашаққа бағ­дар: рухани жағыру» бағдар­ла­масы аясында тұңғыш рет өткізіліп отырған фестивальға об­лы­сымыздың аудандары мен қала­ларынан ғана емес, еліміз­дің өзге өңірлерінен келіп қаты­су­шылар да көп болды. Іс-шара­ны Түркістан облысы әкімдігі­нің тікелей бастамасымен əрі қол­дауымен Мақтаарал және Жеті­сай ауданы әкімдіктері бірлесіп ұйымдастырды.

Фестивальдың ашылу сал­та­натында облыс әкімі Жансейіт Түй­мебаев өңірдің ауыл шаруа­шы­лығы саласының әлеуеті жоғары екенін, қауын мен қарбыз­дың отаны саналатын Мақ­та­арал және Жетісай аудандарында бақша өнімдерін терең өңдеумен айналысатын шағын кәсіпорындар мен цехтарды іске қосу қажеттігін атап өтті. Өңір басшысының айтуынша, алдағы уақытта жыл сайын тамыз айын­да «Қауын fest» фестивалі, «Қа­уынқақ», «Қауында да қауын бар», «Қарбызды Оңтүстікте «дар­быз» дейді» сынды байқау­лар мен жәрмеңкелер ұйымдас­ты­рылатын болады.

Фестиваль барысында ке­лу­шілерге карвинг және қауын-қарбыз көрмесі ұсынылды. Сон­дай-ақ «Ең үлкен қауын», «Ең дәмді қарбыз», «Ең тәтті тосап», «Ең үздік бақша өнімдерін ұсын­ған ауыл әкімдігі» атты ата­лымдар бойынша жарыстар ұйымдастырылып, бас жүлдеге темір тұлпар тарту етілді.

Айта кетелік, облыс ди­қан­дары өткен жылы 1250 мың тон­на бақша өнімдерін өндірсе, биыл 1330 мың тонна өнім жи­нал­ған. Оның 771,4 мың тоннасы қауын болса, 558,6 мың тоннасы – қарбыз. Гектар түсімі 220 цент­нерді құраған. Республикада өсірілген қауын-қарбыздың 65 проценті Түркістан облысына тиесілі. Ал облыста өндірілген бақшаның 44 проценті Мақтаарал мен Жетісай аудандарының үлесінде.

Фестивальде қауын-қарбыз­ды қайта өңдеу мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Алдағы уақытта ұмыт бола бастаған қауынқақ, қауынқұрт әзірлеу қайта жанданбақ.

Мырзашөл өңірінің диқан­дары бақша өнімдерін ғана емес, күріш, картоп, қырыққабатты да, жоңышқа мен машты да табыс көзіне айналдыруда. Осылайша егістік алқаптарын әртараптандыру жолдары жүзеге асырылып келеді. Мысалы, Жетісай ауданында 77 мың 274,6 гектар егістің 3312,3 гектары ескі жоңышқалық саналады. Биыл шаруалар жоңышқалықтан гектарына орта есеппен 164,8 центнерден өнім алуда. Қазірдің өзінде жалпы алынған өнім көлемі – 54576 тонна. Жоңышқалықтың кемінде 5 рет өнім беретінін ес­кер­сек, бұл көлем арта түсетіні анық.

Күріш өсірушілер қатары да көбейіп келеді, биыл егіс көлемі 437 гектарға жеткен. Ал маштың аудандағы жалпы көлемі 86 гектарды құрады. Сондай-ақ жетісайлық диқандар 85 гектар жерге картоп егіп, әр гектардан орташа есеппен 171,7 центнерден, жалпы көлемі 1459 тонна өнім жинаған.

Аграрлы аудандарда шаруа­лар­дың өнімін сақтап, әрі қарай сату үшін қолайлы жағдай жасау да маңызды. Бұл мақсатта Мақта­­арал ауданындағы Азаттық ауы­лында логистикалық орталық салу жобасы қолға алынған. Оған 9 гектар жер телімі қарас­ты­рылған. Орталықта жаңа үлгідегі же­міс-жидек сақтау және уақыт­ша сұрыптау қоймалары, мұздат­қыш камера мен жүк көліктеріне арналған тұрақжай, техникалық қызмет көрсету стансасын салуға жалпы құны 1 миллиард теңгеге жуық инвестиция тарту көзделіп отыр. Сондай-ақ орталық аума­ғында заман талабына сай автопаркинг, электронды таразы, жүк сақ­тау қоймалары, тұрақжай, құжат­тандыру орталығы, қонақ­үй, асхана, сауда үйі, автожуу ор­ны сынды нысандар да салынбақ.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Түркістан облысы