Қазақстан • 03 Қыркүйек, 2018

Ауыл іші көңілді...

1310 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Адамға керегі күнделікті дастарқанына қойылатын ас-суы ғана емес екен, оған қоса жан дүниесін рухани азыққа шүпілдете суарса, өмірі де ажарлы, еңбегі де өнімді. Ел қамын жеген ер азаматтардың арқасында өңірдегі елді мекендердің ажары думанды күймен нұрлана түсуде. 

Ауыл іші көңілді...

Ауыл десе ең алдымен, аузы­мызға оралатыны – бағылып жат­қан мал, егіліп жатқан егін. Ал ауыл адамдарының рухани жан дүниесі, мәдени өрісі ше? Шаруа­шылықтың тізгінін ұстап жүрген азаматтардың туған жерге туларын тігіп, еңсесін елден ерек биіктетуге бар жан-тәнімен қызмет етіп жатқанын көр­генде көңіліңде қуаныш нұры себезгілей­ді. Бір кезде Петровка ауылындағы клуб үйі қаңырап бос қалған. Әуелі сақылдаған сары аязда жылыту мүмкін болмады, оның үстіне төлемі уақытында төленбеген соң электр желісінен ажыратып тас­тал­ды. Қараусыз қалған клуб аз жыл­дың ішінде жермен жексен бол­ды да, ошаған басқан орны ғана бір кездегі қызықты күндердің, ән әуе­леп, күй көмкерген мәдени орын­ның белгісі тәрізді қарауытып жататын.

Ел тілегін ескерген жергілікті «Жабай» жауапкершілігі шектеу­лі серіктестігінің басшысы Дога Докаев 30 миллион теңге серік­тес­тік қаржысына су жаңа ғима­рат салып берді. Кәдімгі үлкен қала­лардағы мәдениет үйлерінен сынықсүйем кемдігі жоқ әдемі ғимарат. Ең бастысы, жалғыз мәдениет пен өнер­дің ғана емес, мемлекеттің ішкі саясатын жүр­гізуге қажетті орын.

– Бір кезде жұртшылық жи­нал­ған басқосуда бұрынғы клуб үйін жөндеп бере­мін деп уәде беріп едім, – дейді кәсіп­кер, – бұрынғы дегеніміз әншейін ғана сөз, әйтпесе ескі мәдениет үйінің мүжілген іргетасы ғана қалып еді. Көзге оғаш болып көрініп тұратын. Мәде­ниет ошағын салу туралы біраз ойландым. Жұмсалатын қаржыны есептей келе, серіктестіктің мүм­кін­дігі жететін болған соң тәуе­ке­л­ге бел будым. Қазір ел іші тоқ­шы­лық, тек жетпей тұрғаны заман­дас­тары­мыз­дың көкірегіне рухани нәр құйып, дем беретін мәдениет ошағы.

Мәдениет үйі екі жыл салын­ды. Салыну мерзімі ұзақтау бол­ғаны­мен, тиянақты, ажарлы болды. Ауылдастарын қуанышқа бөлеген осы оқиғаның қар­саңында Дога Докаев сахнаны безен­діріп, қажетті музыкалық құрал-жабдық­тарын алып берді. Шаруашылық басшысы мұнымен ғана шектелмей мәдениет үйінің төңірегін абаттандырып, көр­кейтті. Ал іші кірсе-шыққысыз. Жаңа жи­һаз­дармен толық қамтамасыз етілген. Ауласында бал күлкілі балалардың үні бір үзілмейді.

Үш жүзге тарта адам тұрып жатқан елді мекеннің ендігі күні бас қосып көңіл көтеретін, әртүрлі ойын-сауық өткізетін орындары бар. Бүгінде селолық клубтың есігі жабылмайды. Клуб меңгерушісі Жетпісбай Жалкенов шын мәнінде уақытпен санаспай еңбек етуде.

– Әрбір мәдени шараға елді мекен­­нің тұрғындары тайлы-тая­ғы­мен түгел қатысады, – дейді ол, – шамасы рухани азыққа шөліркеп қалған болулары керек. Біз тіпті хабарландырып ешкімді шақырмаймыз да. Әрбір шара са­йын ине-шаншар бос жер болмайды. Ал кешкілік жастармен бірге егде адамдар да келіп би билейді, көңіл көтереді. Ендігі арада мүмкіндігі шектеулі адамдарға да мәнді, мәдени қызмет көрсетуді жоспарлап отырмыз.

Жастары әр қилы 42 ауыл тұр­ғыны жұмыстан соң селолық клуб үйінде өтетін дайындыққа асығады. Мұнда оларды «Муза» көркем­сөз, «Надежда» вокалды квартеті, «Арай, «Три подружки» триолары және би ансамблі үйірме­лері біріктіреді. Ауыл тұрғыны Любовь Штеер іргедегі Балкашино село­сын­да жұмыс істейді. Кеш түсе ке­йін қайтуға асығады. Өйткені ауыл­да қызықты өмір қайнап жатыр.

– Бұрын клуб үйінсіз қалай күнелт­­кенімізді түсіне де алмай жатыр­мын, – дейді Любовь Штеер, – ымырт үйірілген соң әрқай­сымыз өзіміздің баспанамызға тығылып алып, бұйығы күй кешуші едік. Қазір Петровканың аспанында қызылды-жасылды қызық­тың шіл­тері желпіп тұр. Сон­ша­лықты тартымды, сондай қызық. Ауылдағы әлденеше ұлт­т­ың өкілдері мәдени шаралар барысында бірін бірі жақынырақ танып, бір-бірінің жан дүниесіндегі жарқын сәулелерге үңіліп, достықтың алтын арқауы беки түсуде. Сайып келгенде, өнер мен мәдениет достықтың дәнекері дейтін ұғым шындық қой.

Бүгінде клуб үйінің қызмет­кер­лері интерактивті экран алсақ деп армандайды. Оның үстіне село тұрғындарының тілегін толық қам­та­масыз ету үшін хореограф қажет.

Осы бір көркем табиғаты көңіл арбайтын әсем өлкеде дүниеге келген Дога Докаев Целиноград ауыл шаруа­шы­лы­ғы институтын аяқтаған соң, туған жері­не келіп еңбек әліппесін баста­ған. Нарық заманының талаптарына сәй­кес серіктестік құрып, ақтылы мал өсі­ріп, ақық дән еге бастады. Ұмты­лы­сы­на ырыс байланды, ісі алға басып, серік­тес­тік бұл күнде табысты жұмыс істеп отыр.

– Өз қара басының ғана қамын ойла­­ған дұрыс болмайды, – дейді кәсіп­кер, – ең алдымен туған өлкең­нің тыны­сы есің­нен шықпауы керек. Егер жұмыс істе­ліп жатса, серіктестіктің қазына­сына тиын-тебен құйылып жатса, ең алды­мен, осы адамдардың және осы жомарт топырағымыздың арқасында. Сон­дық­тан біз жерлестеріміздің жайына көбірек көңіл бөлудеміз.

Серіктестік жергілікті мектепті жөн­деу­ге, көлікпен қамтамасыз етуге қол ұшын беріпті, әрі білім оша­ғында оқи­тын бастауыш сынып оқушыларын тегін тамақтандыруды өз міндеттеріне алған. Әр ауылдың темірқазығы болып отырған іс басындағы азаматтар ел-жұртын дәл осылай ойласа, әманда айымыз оңынан туар еді.

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Егемен Қазақстан»

Ақмола облысы,

Сандықтау ауданы