Қазақстан • 03 Қыркүйек, 2018

Елордадағы еңбек нарығы – бақылауда

766 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Елордадағы еңбек нарығы – бақылауда

Мемлекет басшысы Нұр­сұл­тан На­зарбаев биылғы Жол­да­уында «Еңбек нарығының тиім­ділігін қамтамасыз етіп, әрбір адамның өз әлеуетін іске асыра алуы үшін жағдай жасау­дың маңызы зор» деп атап өткен болатын. Бұл ретте еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды сараптап, тұрақты жұмысқа орналастыру өзекті мәселе. Ресми дерек бойынша елордадағы еңбек нарығында тұрғындардың жұмыссыздық деңгейі 4,6 процентті құрайды екен. Осы орайда бас қаладағы жұмыспен қамту шараларына назар аударған едік.

Жасыратыны жоқ, жоғары оқу орнын тәмамдаған жас ма­ман­дардың бәрі дерлік жұмыс­қа бірден орналаса алмай­ды. Жұмыс берушілердің басым бөлігі еңбек өтілі жоқ маман­ды қабылдауға құлықсыз. Еңбек­ке араласпаған жас­тың месе­лін қайтармауда мемлекет қарас­тырған мүмкіндіктің бірі – «Жұ­мыспен қамту –2020» жобасы шеңберіндегі «Жастар практикасы» бағдарламасы. Бұл бағдарлама жұмыс іздеген талаптының тауын шақпай, тә­жірибе жинап, қабілет-қарымын көрсетуге жол ашады. Жұмыс берушінің сенімін ақтап, талабын қанағаттандырса жас маман тұрақты жұмысқа орналасады. Қазіргі кезде Астана қаласының Жұмыспен қамту орталығында осы тарапта біршама жұмыс жү­зеге асырылуда. Яғни орталық жұмыс берушімен шарт жасасып, мамандардың жастар практикасынан өтуі үшін арнайы бос жұмыс орындарын құрады. Орталық талабы бойынша бос жұмыс орны түлектің алған мамандығымен сай келуі керек.

– Биылғы жартыжылдықта 174 жұмыс берушімен келі­сім­шарт жасалып, 1 048 бос жұ­мыс орны ұсынылды. Бүгінге дейін 330 түлек жұмысқа орна­ласты, – дейді бұл турасында қалалық Жұмыспен қам­ту орта­­лығының директоры Олжас Омаров. Аталған орта­лық­тың септесуімен 7 жыл­дың ішінде 5 068 түлек жас­тар прак­­тикасынан өткен екен. Қазіргі таңда заң, қаржы, әлеу­мет­тік сала бойынша маман­дық алға­нымен, жұмыс таппай сенделіп жүрген жастар қатары қалың. Сондықтан орталықта мамандық таңдауға қол ұшын созатын арнайы бөлім құрылған. Бұл ретте жоғары оқу орнына құжат тапсыруға ниеттілер арасында арнайы тест жүргізіліп, бағыт-бағдар беріліп келеді. Мәселен, 2017-2021 жылдарға арналған нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша 9 және 11 сынып оқушыларына кәсіптік бағдар беру бойынша тестілеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл – оқушыны мектеп қабырғасында жүргенінде-ақ бір кәсіби бағдарды таңдауына мүмкіндік береді. Айталық, орталық мамандары 2017 жылдың алғашқы бес айында 84 мектепте 9 және 11 сынып оқушылары арасында, нақтырақ айтсақ, 11 626 оқушыға тестілеу жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде 332 оқушы медицинаға бейімділігін көрсетсе, сауда және өнеркәсіп саласына сұраныс айтарлықтай болмаған. Сондай-ақ жұмыссыз жүрген азаматтарды кәсіптік тұрғыдан оқытып, қайта даяр­лау және біліктілігін арттыру мақсатында тегін оқыту курс­тары жүргізілуде. Былтыр 546 адам тегін курсқа тіркеліп, 478-і бітіріп шықты. Ал биылғы жартыжылдықта 330 адам оқы­ды. Жұмыссыз жүрген азаматтар үш ай оқып, арнайы шә­кіртақы алады. Бұл – кәсіптік дағдыларына сай келетін жұмыс­­тың болмауына байла­ныс­ты қыз­метін өзгерткісі келетін жан­­­дар­­ға таптырмас мүм­кін­дік. Олжас Омаровтың айту­ын­ша, тұр­­ғын­дар арасында тігін­­ші, аспаз, шаш­­тараз, ағыл­шын тілі, бағдар­ламашы, тәр­биеші маман­дығына қызығу­шы­лық жоғары. Алдағы уақыт­та «Цифр­лы Қазақстан» бағдар­лама­сын нәтижелі жүзеге асыру бары­сында IT маманы, мо­биль­ді қосымша дайындайтын, анимация және бейнеграфика жасайтын мамандар да оқы­тылмақ. 2019-2023 жылдарды қамтыған елорданың ең­бек на­рығындағы қажетті маман­дық­тарға жасалған болжам бо­йынша, білім мен медицина са­ласындағы мамандықтарға сұ­раныс төмендемейді. Бұл тізім­де әлеу­меттік қызмет пен ауыл ша­р­уашылығы саласы­на мамандар тапшылығы күті­лу­де. Орталықта тегін курс­тан өткен­­нен кейін жұмыссыз аза­мат­­тар жұмыс берушілермен байланыс­­тыратын бөлімге жі­бері­леді. Уа­қытша жұмыссыз ретін­де тір­­келген оларға арнайы төлем­ақы тағайындалады. Ал бөлім ма­мандары қала бойынша бос жұ­мыс орындарын іздеп табады.

– Біз қолдан келгенше жұ­мыс­сыз азаматтарды жұмыс­пен қамтуға тырысамыз. Тек курстан өткендер емес, маман­дығына сай келетін жұмыс­ты таппай жүрген кез келген астаналық тұрғын орталықтың көмегіне жүгіне алады. Элек­тронды еңбек биржасы (www.enbek.kz) барлық жұмыс бе­ру­ші мен жұмыс із­деу­шіге қол­жетімді. Порталда электрон­ды түйіндеме жасауға болады. ХЖҚО 10 жұмыс күні ішін­де жұмыссызға лайықты жұ­­мыс іздеп, тұрақты жұмысқа ор­наласуға көмектеседі. Бүгінде порталда 2 562 жұмыс беруші тіркелген, 5 740 бос жұмыс орны бар. Аталған орталыққа күн­делікті 300-ден аса адам келеді. Оның ішінде орташа есеппен 30-дан аса адам жұмысқа орналасады. Жалпы осы уақытқа дейін, яғни 2011 жылдан бері 43 781 адамды жұмыспен қамтуға көмектесті, – дейді О.Омаров.

Сонымен бірге халықты жұ­мыспен қамту орталықтары ұйым­­­дас­тыратын, кәсіптік да­йын­­­­дық­ты талап етпейтін қо­ғам­­­­дық жұмыстар бар. Бұл орай­­да биыл 1 045 азамат уақыт­ша қо­ғам­дық жұмысқа орна­ласты. 2011-2015 жылдары қо­ғамдық жұ­мысқа жұмылды­рыл­ғандар саны 2 мыңнан аспа­ғанын ескерсек, 2016-2017 жыл­дарда бұл тарап­тағы көрсеткіштің жоға­ры­лағаны бай­қалады. Яғни 2016 жылы – 2 169, 2017 жылы – 2 224 адам қо­ғамдық жұмысқа орна­ласты. Бұл жобаға жоғары сы­нып оқушылары мен студенттер де қатыса алады. Жазғы демалыс кезінде оқудан босаған оқушылар мен студенттер орта­лық ұсынған жұмыстарға барады. Мәселен, былтыр 40-тан аса оқушы осы бағытпен жұмысқа жіберілді.

Сондай-ақ ай сайын бос жұ­мыс орындары жәрмеңкесі ­ұй­ым­дастырылуда. Биыл жеті мәрте ұйымдастырылған жәр­мең­кеде 500-ден аса жұмыс беру­ші 8 мыңға жуық бос жұ­мыс орнын ұсынды. Олардың ішін­де 900-ге жуық жұмыссыз жұмыспен қамтылды. Ал 2017-2021 жылдарға арналған «Ең­бек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша арнайы әлеуметтік орын жобасы аясында мүгедектерді жұмысқа орналастыру мақсатындағы жұ­мыс берушімен келісімге сәй­кес орталық еңбекақының 35 про­центін төлеп береді. Арнайы жұ­мыс орны бойынша жеті жыл ішінде барлығы 1 937 адам жұмыспен қамтылды.

– Жалпы орталықтың жыл­дық жоспары бекітілген, мақсат айқын. Мүмкіндігі шектеу­лі жан­­дарды жұмыспен қамту, олар­ға жұмыс орнында жағ­дай жа­­салуы және өзге де мә­селе­лерді шешу үшін жұмыс беру­ші­лермен ашық сөйлесеміз. Әлсіз топ өкілдері қоғамнан тепе­ріш көрмеуі керек. Жұмыс беру­ші­­­­лер­ді психологиялық тұрғы­да да­йындауға да жағдай жаса­лады. Биылғы алты айда 310 жұ­­мыссыз тіркеліп, оның 101-і тұ­рақты жұмысқа орналасып, 167 адам қоғамдық жұмысқа, 8-і жас­тар практикасына жіберілді. 17 адам­ға арнайы әлеуметтік орын та­ғайындалса, 17-сі тегін курс оқып жатыр, дейді орталық жетекшісі.

Жұмыспен қамту орталығы бас бостандығынан айырылып, жазасын өтеп келген аза­мат­тар­дың жұмыспен қамты­луын да қадағалайды. Оларға қалалық ІІД-мен бірлесіп бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйым­дастырылады, жұмыс беруші­лермен әңгімелесу арқылы әлеу­меттік жағдайын бір ізге са­луына, тіпті жеке кә­сібін ашу­ына да жәрдем бе­ріледі. Жа­сыратыны жоқ, тірші­лікте тар­шылық көріп, заман ағымына ілесе алмай келе жат­қан отба­сылар да баршылық. Мекеме басшысының айтуынша, орталық мамандары әр отба­сын аралап, ішкі мәселелеріне үңіледі. «Олар отбасында кі­ріс­­тен көрі шығыстың көп­ті­гін айтады. Көпшілігі арнау­лы білімі жоқ болғандықтан жұмыс­сыз жүреді. Біз әлеу­мет­тік көмек көрсетіп, төлем­ақы тағай­ындаймыз және мүм­кінді­гінше отбасы құрамындағы еңбекке қабілетті адамды жұ­мыспен қамтимыз. Жұмысқа орналастырған соң жалақысын уақтылы алуын қадағалаймыз. Ал көмек мөлшері отбасының әр мүшесінің табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен 50 процентке төмен болмауы тиіс. Тө­лем мерзімі – 6 айдан 12 айға дейін. Тіпті 3 айға төлемді алып, өз ісін ашуға да мүмкіндік бар. Бұл жаңа форматтағы жоба­ның берері мол. Атап айтсам, балаларды мектепке дейінгі ұйым­дарға кезекке қою, тұрғын үй көмегін алу, мүгедектерді әлеуметтік оңалту бойынша кө­мек алуға болады. Егер отбасында еңбекке қабілетсіз адам болса, жәрдемақыны алу үшін жұмыспен қамту шараларына қатысу міндеттелмейді. Бұл шартсыз ақшалай көмек. Ал шартты ақшалай көмекке отбасында жұмысқа қабілетті кем дегенде бір адам болуы керек және жұмыспен қамту шараларына қатысуға міндетті. Жалпы әлеуметтік жеңілдік барлық мәселесін шешпейтінін ескерген жөн. Мемлекет тарапынан берілген көмек кедейшіліктің алдын алып, ұлттың әл-ауқа­ты­ның жақсаруына сеп болмақ. Жыл басынан бері жаңа фор­мат­­тағы жобаны жүзеге асыру үшін тұрғындарды ақпа­рат­тан­дырдық. Бір-бірінен естіп-біл­гендер кейін орта­лық­қа өз­дері келіп жатты. Статис­ти­ка­лық мәліметтерге сүйен­сек, шартсыз ақшалай кө­мек бо­йын­ша 588 отбасына, оның ішін­де 2 610 адамға жәрдем­ақы тағай­ын­далған. Шартты ақша­лай көмек 510 отбасындағы 3 056 адамға берілген», дейді О.Омаров.

Думан АНАШ,

«Егемен Қазақстан»