Қазақстан • 03 Қыркүйек, 2018

Керек кәсіпті игерсек қана көсегеміз көгереді

461 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Керек кәсіпті игерсек қана көсегеміз көгереді

Елге барған сайын Есенбай құрдасқа сәлем беру парыз. Ел­дегі жалғыз жамағайын Шол­пан апайыммен ата көрші болған соң жүздесудің сәті түседі. Барған сайын өтініш айтады. Өтініші – Қанатбек пен Жанатбек есімді екі ұлына жұмыс тауып беру. Тауып берейін-ақ десең, екеуі де қара танымайтын кадрлар. Жоқ, әріп таниды ғой. Сауатты, оқи, жаза біледі. Орта арнаулы оқу орындарын бітірген. Бірақ, бітіргені бар болсын, әлдеқашан көзден ғайып болған «Енисей», шынжыр табанды ДТ-75 тракторларын оқыпты. Көршілес Светлый селосындағы жауапкершілігі шектеулі серіктестік басшысымен сөйлесіп көргенмін. Таниды екен. Оқыған оқуын да біледі. Білімінің қаншалықты екенін де. Тек әлгі екеуі оқыған техника түрі бұл шаруашылықта жоқ. Енді болмайды да.

Үкіметтің қаншама қаржы­сын шығындап, кімдерді оқы­тып жатырмыз сонда. Жалғыз Қанатбек пен Жанатбек қана емес, қаншама қарағым қолға­нат­қа жарамай қалды ғой. Оқыды деген аты ғана, әйтпе­се күн кө­руге жарайтын кәсіп емес. Болар еді, егер өз істеріне жауап­кер­шілікпен қарап, дұрыстап оқытса. Осы­ ой жетектеп Көк­ше­тау қаласының іргесіндегі Краснояр селосындағы №3 агро­техникалық колледжіне әкелген. Мұнда ауыл шаруашылығына техникалық қызмет көрсету және жөндеу, ішкі санитарлық-техникалық құрылғыларды, желдеткіштер мен инженерлік жүйелерді монтаждау және пайдалану, фермер шаруашылығы, тігінші, аспаз, шаштараз маман­дықтары бойынша кадрлар даярлайды.

Мемлекет тарапынан белгілі бір мамандықты игеремін деп талаптанатын жастарға тамаша мүмкіндік туып отыр. Білім алушыларға жатақханадан орын беріледі. Оқу тегін. Көп балалы және әлеуметтік жағы­нан аз қамтамасыз етілген отба­сылардың балалары айрық­ша қамқорлыққа ие. Тамақ­тары тегін. Жылына екі рет жола­қысына өтемақы төленеді. Бірін­ші семестрде бірінші курс­тың білім алушылары тегіс сти­пендияға ие. Әрі қарай жақсы оқи­тындарға ай сайын 16450 теңге көлемінде стипендия төленеді. Ал үздік білім алушы­ларға төленетін стипендия көлемі 19283 теңгені құрайды.

Білім алушыларға тәжіри­бе­лері мол ұстаздар ұжымы сабақ береді. Осындағы 33 оқы­тушының 10-ы жоғары санатты, 11-і бірінші санатты, 2 магистр бар, қалғандары екінші санаттағы оқытушылар. 25 оқу-өндірістік шебер қызмет етуде. Материалдық-техникалық база да былай қарағанда талапқа сай тәрізді. Жалпы білім беретін пән кабинеттері – 13, арнаулы пәндер бойынша 12 кабинет, 5 зертхана бар. Өндірістік шеберханалар жетеу, екі тігін цехы жұмыс істейді. Одан өзге дәнекерлеу, токарь цехтары, техникалық қызмет көрсету нысаны да бар. Жатақханасы, спорт залы, аумағы атшапты­рым акт залы, стадионы, жеке жылу қазандығы, облыс орта­лы­ғындағы жүргізушілер даяр­лайтын оқу орындарының өзін­де жоқ автодромы, қосалқы шаруашылығы, жылыжайы бар. Былай қарағанда, заман талабына сай кадр даярлауға барлық жағдай тудырылып отырған тәрізді. Осы арада заман талабына сай дейтұғын өлшемге тереңірек бойлайтын болсақ, мәселенің мәнісі тайға таңба басқандай айқын көрінер еді.

Мысалға, «Фермер шаруа­шы­лығы» мамандығын алайық. Колледж директоры Сайран Сейітқалиеваның айтуына қарағанда, өзге мамандықтар тәрізді бұл мамандық бойынша даярланатын кадрлар да жан-жақты білім алады. Олар ауыл шаруашылық өндірісінің тракторшы-машинисі, ауыл-шаруашылық машиналары мен тракторларды реттеуші, слесарь-жөндеуші, оның үстіне «ВС» санатындағы автокөлік жүр­гі­зушісі болып шығады. Яғни тек механизатор емес, ауыл ша­руа­шылығына қажетті әлде­неше мамандықтардың жиынтығы.

– Фермер шаруашылығы бо­йынша білім алып шығып, жеке шаруа қожалығын немесе се­­­рік­тестік құрып, жұмыс істеп жатқан түлектеріңіз бар ма? – деп сұрадық колледж директорынан.

– Ондайлар жоқ, – деді колледж директоры.

Сонда қалай болғаны? Қанша жыл бойы фермер шаруашылы­ғы бойынша дайындап, мем­лекет­тің қыруар қаражатын шы­ғын­дап оқытып, үлкен өмірге жол­дама берген түлектеріміз қайда? Міне, дәл осы жерден үлкен күмәннің құлағы қылтия­ды. Шынын айтқанда, кәсіп­тік-техникалық колледжді тәмам­даған кадрлардың 50 процентке жуығы жұмыссыздар қатарын толықтыруда. Сонда мемлекеттің қыруар қаржысы желге ұшып жатқаны ма?

Ақмола облысының жұмыс­пен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру бас­қармасының мәліметіне қара­ғанда, өткен оқу жылында 5018 білім алушы белгілі бір кәсіптерді меңгеріп, үлкен өмірге жолдама алған. Қазір кәсіптік білім беру саласында қысқа мерзімді оқу жүйесі де бар. Мұндай оқыту әдісі жұмыссыз жүрген жастар үшін өте тиімді. Ағымдағы жылы 1475 жас әртүрлі мамандық иеленді. Механизатор мамандардың тапшы екендігі де рас. Бүгінде облыс шаруашылықтарына 250-ден астам механизатор керек болып отыр. Әр жылы көк­тем­гі және күзгі науқандық жұ­­мыстар кезінде ауыл шаруа­шылық құрылымдарында ме­ханизаторлардың жетіспейтіні туралы дабыл қағылып жүр. Тіпті әріге бармай-ақ, Зеренді ауданына қарасты Жаңауыл елді мекеніндегі шаруа қожалығының жетекшісі Құлан Болатовтың айтуына қарағанда, бұл өте күрделі мәселелердің бірі.

– Осы төңіректен механизатор таба алмаған соң Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Егіндіағаш ауылынан екі механизаторды ат-түйедей қалап әкеліп жүрмін. Науқандық жұмыстардың мерзімі онша ұзақ емес қой. Соның өзінде де әлгі механизаторлар тәп-тәуір табыс табады. Жұмыс беруші ретінде мен, жұмыс істеуші ретінде олар келісімшартты бұзбай орындағандықтан, жыл сайын байланысымызды үзбей келеміз, – дейді шаруа қожалығының басшысы.

Бұдан басқа да бірнеше шаруа қожалықтары мен жауап­кершілігі шектеулі серіктестік басшыларымен осы тақырыпта тілдесіп көрдік. Бәрі де қазір бесаспап механизатордың аздығын айтып қынжылады. Білетіндердің айтуына қарағанда, бұрынғы механизаторлардың бәрі дерлік зейнет жасына жеткен. Одан соң ел тәуелсіздігін алған алғашқы жылдары экономикалық бай­ланыстардың үзілуіне байланысты механизатор мамандығы қадірсіз болып қалды. Ең бас­тысы, уақытында жалақы тө­ленбеді. Көктемгі егіс, күзгі егін орағы науқандарынан басқа жалақы төленетін жұмыс болмады. Жұмыс істегендердің өздері еңбекақыларын заттай алып жүрді. Содан барып байырғы механизаторлардың өкшесін басып келе жатқан кейінгі толқын түгілі, жастардың өзі бұл мамандық десе ат-тондарын ала қашатын жағдайға жетті.

Жоғарыда біз кәсіптік-тех­никалық колледжде мемлекет тарапынан оқушы жастарға қаншалықты қамқорлық жасалып жатқандығын әдейі екпін түсіріп айттық. Шынында да, тегін оқыса, жатақханасы, ас-суы тегін болса, одан артық не қажет? Жалғыз дүдәмал жері сұранысқа ие мамандықтарға оқыту. Колледждегі бірқатар мамандықтарға сұраныс бар. Осы тақырыпты індете іздеу барысында қалалық жарнамалық газеттерді де шолып шықтық. Әсіресе аспаздар, газ-электр­мен дәнекерлеушілер, құры­лысшылар қат екен. Сонда колледж түлектері қалайша жұмыс таба алмай жүр?

Ең басты олқылық – бүгінгі талап үдесінен шықпау болуы мүмкін. Таратып айталық. Мә­селен, агротехникалық колледж шеберханаларында 1986-1987 жылдары шыққан ДТ-75, Т-40 тракторлары мен «Енисей» комбайндары оқытылады. Қазір қуатты серіктестіктер мұндай техника түрлерін ұмытқалы қашан?! Рас, кейбір шағын қожалықтар әлі күнге дейін пайдаланып жүруі де мүмкін. Бірақ негізінен, шетелдік егіс кешендері мен комбайндары Арқадағы астық алқаптарына енгелі талай жылдың жүзі болды. Колледждің ескі техникаларын оқып шыққан білім алушылар жаңа техниканың жай-жапсарын білмейді. Міне, сондықтан да олар қажетсіз.

Тығырықтан шығаратын төте жол «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасында жатыр.

– Бір кезде механизаторларды әрбір оқу орнында жүз­деп шығарды. Соның өзінде жетіс­пей жатты, – дейді шаруа қожалығының жетекшісі Ба­уыр­жан Тастүлеков, – бірақ ол кең­­шарлар мен ұжымшарлардың бар кезі ғой. Қазір мұндай кө­лемде механизатор қажет емес. Өйткені қазіргі техника қуатты, бұрынғы бес-алты комбайнның атқарған шаруасын қазір жалғыз шетелдік қуатты техника атқара береді. Енді өзіңіз есептеп қараңыз, алты механизатордың орнына бір механизатор жетіп жатыр. Екінші бір себебі, бұрын агротехникалық шараларды бұлжытпай орындау үшін пар жыртылатын, ылғал жабылатын, алқап химиялық өңдеуден өткізілетін, қар тоқтатылатын. Осылайша ауыл шаруашылығының науқандық жұмыстары бірінен соң бірі жалғасып, бас көтертпейтін. Қа­зір механизатордың қажет кезі көктемде он күн, күзде он күн. Бітті. Содан кейін ол қажет емес. Яғни егіншілік саласы уақытша жұмысқа айналды. Кез келген адам уақытша жұ­мыс істеймін деп белгілі бір маман­дықты бүге-шігесіне дейін игеріп, есіл өмірін өткізбейді ғой.

Міне, мәселенің мәнісі қайда жатыр?!

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Егемен Қазақстан»

Ақмола облысы