Қазақстан • 03 Қыркүйек, 2018

Шағын ауылды шаттандырған оқиға

807 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданының Саралжын ауылдық окру­гіне қарасты Сәуле атты шағын ауылда қуанышты оқиға болды. Түрлі ойын құралдары орнатылған балалар алаңқайы ашылып, бірінші сыныпқа баратын оқушыларға оқу құралдары тегін берілді. Осынау игі шараларды ұйымдастырып жүрген ауылдың тумасы, белгілі өлкетанушы Қайыржан Хасановтың ұрпақтары. 

Шағын ауылды шаттандырған оқиға

Өмір бойы Қаратөбе өңірінің тарихын қағазға түсіріп, 100-ден аса кітап шығарған Қайыр­жан Хасанов 1942 жылы дәл осы ауыл­да дүниеге келген. Ауыл­да­ғы Жақсыбай орта мекте­бін­де 1926-1938 жылдары Қа­йыр­­жан Хасановтың немере аға­сы Тө­леген Иманғазиев мұға­лім болып қызмет еткен. Қазақтың жоғары білімді алғашқы мұғалімдерінің бірі болған Төлеген Иманғазиев Қаратөбеде 1918 жылы ақпанда өткен Батыс Алашорданың І съезіне қатысқаны үшін «ха­лық жауы» атанып, 1938 жылы Орал түр­месінде атылған екен. Сон­дықтан Хасановтар отбасы Сәуле ауылын ежелден кін­дікжұрт санап, ерекше қам­қорына алып жүреді.

– Сәуле ауылына шексіз құр­метіміз әкемізден жұққан. 2013 жылы әкеміздің ұсыны­сымен жергілікті ресми орындар­дың рұқсатын алып, мектеп қа­бырғасына Төлеген Иманға­зиев­ке ескерткіш тақта орнаттық, – дейді бүгінде италиялық «Eni» мұнай-газ компаниясының Ирақ бөлімшесінде қызмет етіп жүрген Нұржан Қайыржанұлы.

Жақында Нұржан Хасанов 1,6 млн теңге қаржы жұмсап, Сәуле ауылына балалар ойнай­тын алаңқай салдыртты. Сыр­ғанағы, әткеншегі, тағы басқа бөліктері бар ойын алаңқайы – белгілі «КСИЛ» фирмасының өнімі. Қазақстан бойынша ресми өкілдерінен алдын ала тапсырыс арқылы алынған ойын жарақтарын фирманың Ақтөбе қаласындағы мамандары арнайы келіп, мектеп пен балабақша ауласына орнатып кеткен.

– Балалар ғана емес, бұл оқиғаға Сәуле ауылының барша тұрғыны балаша қуаныпты. Ауыл азаматтары ақтөбелік жұ­мыс­шыларға көмектесіп, «Біз­дің ауыл үшін, балалары­мыз үшін жасалып жатқан нәрсе, бізден қандай жәрдем керек» деп айналшықтай беріпті. Жұмыс барысында күннің ыстығында шөлін бассын деп бірі көже, бірі салқын суын әкеліп тұрып­ты. Тіпті мал сойып, қона­қ­асы бергендер бар екен. Ақ­тө­­бе­­­ден келген мамандар Сәу­ле ауы­­­лы тұр­ғындарының ұйым­­шыл­­ды­ғына тәнті болыпты, – деп күледі Нұржан Қайыр­жанұлы.

Қаладан қалыспайтын ойын алаңы бар Сәуле ауылының балалары жаңа жабдықтарын қызғыштай қорып, ұқыпты пайдаланып жүр.

Осы ойын алаңының ашылуына Орал қаласынан Қайыржан Хасанов­тың жары Рысты Кәкім­қызы, балалары Сәбит, Сәт­жан, Нұржан отбасыларымен арна­йы қатысты. Сол күні сәуле­лік­­­тер белгілі өлкетанушы, құр­­метті жур­налист, Қаратөбе ауда­­нының құрметті ­азаматы, ақын Қа­йыр­жан Хасанов­тың Қа­ратөбе ауда­нының 90 жылдық мерейтойына арнап жазған «Рухани жаңарған Қаратөбе» атты кітабының тұсаукесеріне куә болды. Қайыржан ағамыз­дың өмірден өтер алдында дайындап кеткен соңғы кітабында өңір тарихына қатысты көптеген тың мәлімет бар.

Өлкетанушының ұрпақтары 2018-2019 жаңа оқу жылы қар­саңында, «Мек­тепке жол» бағ­дарламасы аясында «Бірінші сыныпқа сыйлық» науқа­нын қолдап, Жақсыбай негізгі орта мек­тебіне биыл бірінші сыныпқа баратын оқушы­ларға 20 түрлі кеңсе заты мен оқу-құралы са­лынған рюкзакты сыйға тарт­ты. Әр оқушыға құны 8 500 теңге құрай­т­ын оқу-құрал Орал қа­ласынан әкелінді.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағ­дар­ламасы аясында меценаттардың туған жеріне көмектесу баста­ма­сын қолдаған Нұржан Хасанов мұндай қайырымдылық іс бо­лашақта да жалғасатынын айтып отыр.

Қайыржан ағамыз өмірден ерте кеткенімен, соңында салиқалы ұрпақ қалды. Бір ұлы Ғабит Хасанов – филология ғы­лымдарының докторы, Ма­хамбет Өтемісұлы атындағы БҚМУ-да шәкірт тәрбиелеп жүр. Тағы бір ұлы Ержан жақында Қаратөбе ауданының 90 жылдық тойына орай аудан шекарасына кіреберіске құны 3 млн 200 мың теңгені құрайтын үлкен қақпа орнатып, елге тарту жасады. Жақсылық жолында қызмет жасаған жайсаң жігіттер әке алақаны мен ана сүтімен дарыған тектілік тамырын үзбеу­ге тырысып жүр.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан облысы