Әлем • 03 Қыркүйек, 2018

Н.Назарбаев: Түркі кеңесінің маңызы арта түсті

426 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қырғызстанда өтіп жатқан Түркі тілдес мемлекеттері ынтымақтастық кеңесінің VI саммитін ашқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұйымның аясы кеңейіп, маңызы артқанын мәлімдеді. 

Н.Назарбаев: Түркі кеңесінің маңызы арта түсті

«Түркітілдес елдері ынтымақтастық кеңесінің көптен күткен саммитінде сіздермен кездесіп отырғаныма өте қуаныштымын. Ең алдымен қырғыз елінің жауһары - Ыстық көлдің жағасында қонақжай көңілмен қарсы алған қырғыз елі мен оның президенті Сооронбай Жээнбековке айрықша алғысымызды білдіреміз», деді Елбасы. Сонымен қатар Н.Назарбаев жиынға қатысып отырған Өзбекстан Президенті Шафкат Мирзеев пен арғы бабалары түркі тектес Мажарстанның Премьер-министрі Виктор Орбанның қатысуын ерекше атап өтті.

«Қадірлі қонақтардың бүгінгі басқосуға келуі Түркі кеңесінің аясы кеңейіп, маңызы артқанын көрсетеді. Саммитте қол жеткізген уағдаластық пен саяси шешімдердің арқасында өзара ынтымақтастығымыз бен бауырластық байланыстарымыз одан әрі арта түсетініне сенімдімін», деді Елбасы.

Сөз соңында Мемлекет басшысы Түркі тілдес мемлекеттері ынтымақтастық кеңесінің төрағалығын Қырғызстанға тапсырды. «Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесінің төрағасы мәртебесін шаңырақ иесі Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбеков табыстай отырып, оған ұйым жұмысы барысында мол табыс тілеймін», деді Н.Назарбаев.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

"Егемен Қазақстан"