24 Желтоқсан, 2011

Жетістіктермен жеткен жетпіс жыл

545 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

«БОЛЬШЕВИЧКА» БАҒЫНДЫРҒАН БИІКТЕР

 

ДЕРЕК ПЕН ДӘЙЕК

«Большевичка» тігін фабрикасы  1941 жылы қыркүйекте Херсон қаласынан Қостанай қаласына  көшірілді. Биыл еңбек ұжымы кәсіпорынның 70 жылдық мерейтойын атап өтуде.

* * *

Шығарылатын өнім түрлері жыл сайын көбейіп келеді. 2009 жылы өндірілген және сатылған өнім көлемі 137 миллион теңге болды. Бұл көрсеткіш  2010 жылы 704 миллион теңге болса, 2011 жылғы он айда 900 миллионды құрады.  Фабрика жылды 1 миллиард 300 миллион теңгенің өнімін өндіріп аяқтауды межелеп отыр.

* * *

Қазақстан тәуелсіздік алған 20 жыл ішінде кәсіпорын Ресей, Украина, Беларусь елдеріндегі 18 кәсіпорынмен әріптестік қатынас орнатты. Пермь қаласындағы «Чайковский СД» сауда-текстиль, Самарадағы «КТК ПЛЮС» комбинаттарымен,  Мәскеудегі «Савва Текстиль» тігін компаниясымен, «Павло-Пасадский комвольщик» акционерлік қоғамымен, тағы басқа да ірі компаниялармен алыс-беріс жасайды. Республика ішінде 16 әріптесі бар.

* * *

Фабрикадағы тігін бұйымдары өндірісін ұйымдастыруда инженер-техникалық мамандар үлкен рөл атқарады. Олардың 85 пайызы жоғары білімді мамандар.

* * *

Фабрика 1994 жылдан бастап Қос­танай қаласындағы оқу орындарымен тығыз байланыс орнатқан. 4 жоғары оқу орнының, 1 колледж бен 2 лицейдің  студенттері  тәжірибелік жұмыс­тар­дан өтеді. Оларға  ақылшы-ұстаз бекітіледі. Фабрика болашақ мамандарын осылай дайындайды.

* * *

2000 жылдан бастап  фабрикада оқу сыныбы жұмыс істейді. Жұ­мыс­шы  өндірістен қол үзбей жүріп,  кәсіпорын есебінен тігіншілікті, киім пішуді үйреніп шығады.  2011 жылдың өзінде 107 адам  оқып шықты. Ал 2008 жылы осы оқу курстарынан 87 адам өткен еді.

БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІЛІК – БАСТЫ МАҚСАТЫМЫЗ

Біздің «Большевичка» тігін фабрикасы ту­ра­лы айтқанда, алдымен оның тарихы еске тү­седі. Кеңес Одағы Жеңіл өнеркәсіп халық ко­миссарының 1941 жылғы 4 шілдедегі бұй­ры­ғымен Украинаның Херсон қаласын­дағы «Большевичка» тігін фабрикасы Қостанай қа­ла­сына көшіріледі. Архив құжаттарынан анықтағанымыздай, ашық вагондарға мінген 154 адам кәсіпорынмен бірге Қостанайға дейін 33 күн жүреді. Олар негізінен жастар еді. Қазақ даласына жеткенше жолда жаудың бомбасына тап болады, жұмысшылар ашы­ға­ды. Фабрика директоры Адольф Гилевич Рябой жұмысшыларымен бірге фабриканың құрал-жабдығынан ешнәрсе қалдырмай ала келген екен. Міне, сол жаралы көштің 1941 жылы 21 қыркүйектегі Қостанайға жеткен күнін фабриканың туған күні деп есептейміз. Содан бері 70 жыл өтті, биыл жыл аяғында мерейтойды тойлап отырмыз. Кәсіпорынның бұл тойы еліміздің Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерекесімен де тұстас келді. Соғыс жылдары фабрика жауынгерлерге әскери киім тіккен болатын. Осы дәстүрінен фабрика жаңылған жоқ. Қазір тәуелсіз елі­міздің Қарулы Күштерін киіндіріп отыр. Оның сыртында еліміздің құқық қорғау ор­гандарын, темір жол, мұнай саласындағы ірі кәсіпорындардың жұмыс киімін де тігеді. Ха­лық тұтынатын тауарларды да ұмыт қал­дыр­маймыз. «Большевичка» фабрикасы бұрынғы кеңес дәуірі кезінде де жеңіл өнеркәсіптегі алып­тар­дың қатарынан саналатын. Ал бүгін­де жас тәуелсіз еліміздің жеңіл өнер­кәсіп саласында бізге тең келер кәсіпорын жоқтың қасы. Біз еңбек пен даңқты бірдей ұстап келе жатқан ұжымбыз. Рас, бұрын жоспарлы экономи­ка­ның талабымен сан қуатын едік, 2000-ның сыртында жұмысшы еңбек етті. Бір үлгідегі киімді миллиондаған данамен көп жылдар бойы тіктік. 90-шы жылдары жоспарлы эко­номиканың нарыққа ауысуына байланыс­ты көптеген кәсіпорындар жабы­лып қалды. Ал «Большевичка» фабрикасы уақыттың сынына төтеп берді, ұжымның жұдырықтай жұмы­луы­ның арқасында қиын­дық­тарға шыдап бақтық, кәсіпорынның жа­былуына жол бермедік. Қазір уақыттың да, өнеркәсіптің де, тапсырыс берушілердің де талабы тым бөлек. Уақыттың талабы – бәсе­кеге төтеп беру. Біз осы талапқа сай еңбек етіп отырғанымызды мақтанышпен айтамыз. Қазір фабрика 420 адамды жұмыс­пен қам­тып отыр. Республикада осынша жұмы­с­шы ұжымы бар тігін кә­сіпорны жоқ. 2001 жылдан бері кәсіпорында тігілетін барлық киім мен бұйым түрлері сертификатталған, олар сапа жөнінен шетелдік өнімдерден еш қалыспайды. Қазірде «Большевичка» өн­діріс­тік кооперативі тіккен жұмыс киімдеріне азуын айға білеген «Тенгиз Шевройл», «Қазақтүрікмұнай», «Алтиес Петролеум Интернэшнл» сияқты ірі фирмалар, «Қуат» құрылыс фирмасы сұраныс жасайды. Фабрикада көркемдік-техникалық кеңес жұмыс істейді, оның құрамына кәсіпорын жетекшілері мен мамандары да кіреді. Ақылдаса отырып жасаған қонымды да жарасымды, ыңғайлы жұмыс киімдер әлемдік стан­дарттарға сай келеді. Сұраныс жа­сау­шының талғамынан шығу үшін көр­кемдік кеңес ізденіспен жұмыс істейді. Тәуелсіздік алған 20 жыл ішінде кәсіп­орын да тоты құстай түледі. Тігін цехтары озық техникалық жабдықтармен жабдық­тал­ды. Мінсіз тігетін тігін машиналары Ресей мен Германиядан, Венгриядан алынды. Са­па­ны төмендетпеу мақсатында фабрикада сы­нақ лабораториясы құрылған. Онда сырттан алын­ған маталардың, қажетті техникалардың сапасы тексеріледі. Осындай ізденісті, шығар­машылықпен дамытылған жұмыстардың ар­қа­сында фабрика әріптестік көкжиегін ке­ңейт­кен. «Большевичканың» киімдері мен тік­кен бұйымдарын Ресей, Украина елдері алады, тіпті АҚШ-қа да экспорт жасаудан тәжірибеміз бар. Бәсекеде басқадан бәсіміз озу үшін жан-жақты ізденістерге барып отырмыз. Қуат көз­дерін үнемдеу жөнінде кәсіпорын біраз жыл­дардан бері Омбы қаласындағы «Энер­госер­вискомплект» кәсіпорнымен, «Санкт-Петер­бург электротехникалық компаниясы» ғылы­ми-өндірістік бірлестігімен әріптестік қарым-қатынас орнатқан. Фабриканың өнімі түрлі байқаулар мен көрмелерден әрдайым жүлдемен оралып жүр. «Қостанай облысының үздік тауарлары», «Ха­лық тұтынатын үздік тауарлар» көрме­лері­нің дипломдарына, халықаралық көрмеде Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігіне үлес қосқаны үшін «Алғыс» грамотасына ие бол­ды. Ал 2008 жылы Президенттің «Алтын сапа» сыйлығы үшін болған байқауда «Халық тұтынатын тауарлар» аталымы бойынша екінші жүлделі орынды алды. Біздің ұжымның еңбегі 2009 жылы өткен «Алтын сапа» бай­қауында тағы да аталып өтті. Ал өткен жылы Астанада әскери техникалар мен әскери-тех­никалық мүліктер халықаралық көрмесі өтті. Бұл шара Елбасының еліміздің индустриясын дамыту шешіміне және өнім мен көрсетілетін қызметтің қазақстандық мазмұнын арттыруға орай ұйымдастырылған еді. Онда біздің фабрика көрмеге қатысқан халықаралық беделді кәсіпорындар деңгейінен көрініп, диплом, медальмен марапатталды. «Большевичка» фабрикасының өнімдері­мен Кеден одағына кірген елдер де таныс. Қазақстан алдағы жылдары Бүкіләлемдік сауда ұйымына кіруге дайындық үстінде. Қазақ­стандық мазмұндағы тауарлар бәсекеге қабі­летті болғанда ғана жеңіл өнеркәсіп сала­сын­дағы өнім өндірушілердің тасы өрге дома­лай­тынын қазірдің өзінде сезіп отырмыз. Сон­дықтан «Большевичка» фабрикасының ұжы­мы сапа үшін қолдан келгенінің барлығын жасайтын болады. Татьяна САЛМАНОВА, «Большевичка» тігін фабрикасының директоры. ҚОСТАНАЙ.

ДӘСТҮРГЕ БЕРІКПІЗ

Мен басқаратын цехта 90 адам жұмыс істейді. Олар негізінен әйелдер, олар үйде отбасының ұйытқысы–ана, жұмыста он саусағынан өнері таматын шебер тігінші. Біздің  кәсіпорынның  90-шы жылдары экономиканың құлды­раған кезінде тоқтап қалмай,  тығырықтан шыға білгендігі директорымыз Татьяна Салманованың  іскерлігі мен негізінен әйелдерден тұратын ұжымның бірлігінің арқасында болатын. Арамызда 30-40 жыл бойы тапжылмай жұмыс істеп келе жатқан тігіншілер бар. Олар өз тәжірибелерін  жастарға үйретуден жалыққан емес. Өнім сапасы тігіншінің біліктілігі мен ұқыптылығына  көп байланысты. Өйткені,  сұранысқа  қарай бұйымның дизайны, формасы, түрі, тігу технологиясы жиі өзгеріп отырады. Бұл бір жағынан күрделі болса, екіншіден, өз мамандығын жақсы көретін тігіншілер үшін қызықты жұмыс. Қазір ұжым нарық талабын түсінген. Директор тендерге қатысқан сайын оның ұтысқа жетуін тілейміз. Ұтысқа жету үшін  әріптестерді тартатын жақсы бұйым, киім тігуіміз керек. Сапа нарық кезінде жұмыстың да, табыстың да басты  кілтіне айналды. Сонымен қатар, «Большевичка» 70 жылдық тарихы бар кәсіпорын болғандықтан,  еңбек адамын марапаттау, көтермелеу дәстүрі үзілген жоқ.  Соғыс жылдары  фабрикадан 200 адам майданға аттанған екен. Соның көбі туған жерге қайтып оралған жоқ.  Соғыс жылдары аналарымыз  нағыз ерен еңбек үлгісін көрсеткен. 23 дивизияны  біздің «Большевичка» фабрикасы киіммен қамтамасыз еткен. Фабрика тынымсыз күндіз-түні жұмыс істепті. 1943 жылы «Қызыл Ту» орденімен марапатталған. Сол аналарымыздың,  алдыңғы аға ұрпақтың еңбек дәстүрін жалғастырып келеміз. Біздің ұжымда ұрпақ сабақтастығы дәстүрі де берік  қалыптасқан. «Күміс тін» атты ардагерлер клубы Қостанай қаласы бойынша біздің  ұжымда ғана бар. Оның 25 мүшесі фабрика есебінде тұратын 365 зейнеткерге қолдау жұмыстарын ұйымдастыруға, жастар тәрбиесіне және сайлау кездерінде үгіт жұмыстарына қатысады. 2009 жылы фабрика ғимаратында салтанатты түрде ашылған «Әйелдердің 1941-1945 жылдарғы Ұлы Отан соғысы кезіндегі жауынгерлік және еңбектегі ерлігіне ескерткіш» деп жазылған мемориалдық тақтаның ілінуіне де осы клуб мүшелері бастама көтерген еді. Еңбек ұжымымыз  әр тігіншінің екінші  үйі секілді. Олар қуанышын да, қайғысын да ұжыммен бөліседі. Сан ұлт өкілдері бір-біріне апа-сіңілі тәрізді. Мен басқаратын  цехтағы  тоқсан жұмысшы қандай мәселеде де бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарады. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын деп тілейміз. Қуанышымыз – еңбек! Ольга ПИСЧАНСКАЯ,  «Большевичка» тігін фабрикасының учаске шебері.

* * *

ЕҢБЕК БАҚЫТЫН СЕЗІНЕМІН

«Большевичка» тігін фабрикасы менің екінші үйім десем болады. Себебі, осы ұжымға 18 жасымда тігінші-шәкірт болып келген едім. Міне, содан бері 40 жылдан аса уақыт болыпты. Қазір тәжірибелі тігінші ғана емес, жастардың ақылманына айналдым. Мен басқа ұжымды, басқа жұмысты  көзіме елестете алмаймын. 90-шы жылдары  «Большевичка» фабрикасы да нарықтың қылбұрауын мықтап сезінді. Жасыратын несі бар, жұмыссыз отырған күндеріміз де болды. Бірақ  кәсіпорын жабылмады, біз тарап кетпедік. 1994 жылы  Татьяна Ивановна Салманова ұжымды басқаруды қолына алды. Ол да осы  ұжымда еңбек жолын бастаған маман болатын. Жұмыстың барлығына да көзі қанық басшы біліктілік таныта білді. Әбден тұралаған кәсіпорын аз жылдарда еліміздің экономикасымен бірге еңсесін көтере бастады. Біздің айлық жалақымыз да көтерілді. Ұжымдағы еңбек дәстүрлері үзілмей, жалғасын тапты. Біз осыған қуанамыз. Кәсіпорында  жұмысшыларға  әлеуметтік жағдай да  жақсы жасалған. Медициналық кабинеттер жұмыс істейді. Бас ауырып, балтыр сыздай қалғанда  алдымен өзіміздің дәрігерлерге тексерілеміз. Асханамыз да жақсы жабдықталған, тамақ дәмді дайындалады. Түстік тамағымыздың бағасы 150 теңгеден артпайды. Мұның өзі жұмысшы адамға  кәсіпорын басшылығы тарапынан жасалған үлкен қамқорлық деп білемін. Біздің ұжымда «еңбек ет те – міндет ет» деген қағида ұсталады. Жақсы жұмыс істегендер  басшылық тарапынан марапатталып отырады. Еңбек адамының демалысы да жақсы ұйымдастырылады. Еліміздің Тәуелсіздігі мерекесін дүбірлетіп атап  өттік. Енді өз фабрикамыздың 70 жылдығын да тойлағалы отырмыз. Жеті қырдан астық, міне, желіп жыл, Қуаныштан бүр ашады көңіл-гүл «Большевичкам» жасай берсін мәңгілік, Төбемізден күн кетпесін  төгіп нұр! – деп ақын болмасам да, қуанышымды өлең жолдарына түсірдім. Әр мерекелерде  цехаралық көркемөнерпаздар жарысын өткізу үзілген емес. Оған белсене атсалысамыз. Жаз айларында ұжыммен бірге табиғат аясында демаламыз. Тәуелсіздіктің арқасында  кәсіпорындағы жұмыстың ұйымдастырылуы да  бұрынғыдан бөлек, тіпті, ерекше деп айтсам да болады. Шетелдік үздік үлгідегі машиналармен тігін тігеміз. Баяғы сатырлап тігетін машиналардың барлығы да қалған. «Большевичка» тігін  фабрикасының біз тіккен өнімдері шетелге де  артылып жатады. Сол арқылы Қазақстанның экономикасын, бәсекеге қабілеттілігін өзге жұрт біле түседі. Цехтағы әр тігінші еліміздің елдігіне, экономиканың дамуына мысқалдай да болса үлес қосамыз. Сол үшін де еңбекке құлшынамын, шын бақытты сезінемін. Ғалия ЗЕНГІТАЕВА, тігінші. ҚОСТАНАЙ. ___________________________ Айқарма беттің материалдарын дайындаған «Егемен Қазақстанның» Қостанай облысындағы меншікті тілшісі Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА.