Өнер • 04 Қыркүйек, 2018

«Астана дауысы» әуеледі

448 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елорда төріндегі «Барыс Арена» мұз айдыны сарайында Астана қаласы мәдениет және спорт басқармасының ұйымдас­­тыруымен жыл сайынғы «Астана Дауысы» ІІ халық­аралық музыка фестивалі өтті. Заманауи озық технологияның үздік жетістіктерін жарқырата көрсеткен эстрадалық шоу бағдарламасы көрермен көңілінен шыққандай.

«Астана дауысы» әуеледі

Айтулы музыка думанында ұйымдастырушылар еліміздің үздік орындаушыларынан бөлек, АҚШ, Грузия, Швеция, Латвия, Молдова, Армения, Өзбекстан, Украина, Ресей сынды әлемнің 10-нан аса мемлекетінің заманауи музыка өнерін дәріптеп жүр­ген өнерпаздарының басын қосты. Олардың қатарында «Евро­ви­дение-2012» байқауының жеңім­пазы Loreen, Интарс Бусу­лис, DoReDos, СЕВАК, Брен­дон Хо­вард, Согдиана, ALEKSEEV, Гри­­го­рий Лепс, Ани Лорак, Фи­липп Кир­коров бастаған эстрада өнері­н­ің өкілдері бар. Ал еліміз­дің аты­нан жастар арасында кеңі­­нен танымал әншілер Ninety One тобы мен Ерке Есма­хан өнер көрсетті.

«Бұл музыка кешінде біз соң­ғы уақытта өзінің үздік ән­дері­мен тыңдарман арасында зор қо­шеметке ие болған өнерпаз­дар­дың басын қостық. Атап айтар болсақ,  Қазақстан атынан қа­ты­сатын қос бірдей үміткеріміз – Ninety One тобы мен Ерке Есма­ханның орындауындағы ән­дер көп көңілінен шығып, тың­дармандар арасында «хитке» ай­нал­ып үлгерді. Мәселен, Ерке Есмаханның бір ғана «Қайда?» әні ғаламтордағы Youtube желі­сін­де 74 миллион қаралым жинады. Бұл әннің жастар ара­сын­дағы танымалдылығын көр­се­теді. Сол секілді шетелден кел­­­ген қатысушылар да өз ел­де­рін­де, жалпы әлем бойынша рей­тингі жоғары әншілер. Осы арқылы біз қазақтың танымал әнші­лерін әлемдік аренаға шы­ғару­ды ойлап отырмыз. Бұл әншілер бүгін біздің елге келіп өнер көрсетсе, алдағы уақытта отандық өнерпаздарымыз да Азия мен Еуропаның, АҚШ пен Ресейдің үздік сахналарын мойын­датуға мүмкіндік алады. Жал­пы, «Астана дауысының» отан­дық өнерпаздардың шығар­ма­ш­ылық жолын ашып, жаһан жұрты арасында таны­мал­дылы­ғын арттыруда сыйлар мүм­кін­дігі зор. Алдағы уақыт­та фес­тиваліміз аясын кеңей­тіп, халық арасында зор танымал­дылыққа ие болады деп сенемін», деді Астана қаласы мәдениет және спорт басқармасының басшысы Болат Мажағұлов.

«Астана дауысы» халық­ара­лық музыка фестивалінің басты ерекшелігі – жоба байқау негі­зінде емес, көрсетілімдік, яғни үздік эстрадалық әндер шеруі бағытында өтті. Сахна төріне шығып әннен шашу шашқан заманауи музыканың үздік орындаушыларына фестивальдың атаулы естелік мүсіні табыс етілді.

«Мен бұл жобаға екінші рет қатыс­ып отырмын. Өткен жылғы­мен салыстырғанда, байқау аясын кеңей­тіп, көркемдік та­лап­тар тұр­­ғ­ы­­­сы­нан әлдеқайда биік­ке көте­ріліпті. Келесі жылы фес­ти­валь бағдарламасында одан да үлкен өрлеу болады деп сене­­мін. Қандай жоба да тәжі­ри­бе ар­қылы жетіліп, дамып, бүкіл­ха­лық­­тық танымалдылыққа ие бол­ады. Ондай мысалдар әлем­дік шоу-бизнесте өте көп. «Астана дауысы» фестивалінің де осы биікке көтері­летініне өз басым сенемін. Жалпы, мұндай фестивальдардың әрбір елде ұйымдастырылып тұруы және дәл осылай көркемдік сапа­ғ­а мән берілуі жас өнер­паз­дарға үлкен жол ашады. Жанына сенім сыйлайды. Ал өзіне сенімді жастың алар асуы да ауқымды болмақ. Сон­­­дық­тан өнердің қай саласында да жас­тарымыздың жұлдызы жоғары бол­сын десек, осын­дай үз­дік жобалар жиі ұйым­дас­­тырылып тұруы қажет деп санай­­мын. Қазір­гі жастар өте талант­ты, талабы тау қопарарлық дең­гейде. Тек осындай үздік жобалар көп болсын деп тілеймін», деді ресейлік эстрада әншісі Григорий Лепс.

Ал өзбек әншісі Согдиана болса, «Астана дауысы» фести­валі­нің елдер арасындағы мәдени-рухани достық қарым-қаты­насты нығайтуға, үздік әнші­лердің бір сахнада өнер көрсетіп,  шығармашылық тәжірибе алмасуына мол мүмкіндік сыйлайтынын айрықша атап өтті.

«Бұл – халықтар достығының фестивалі. Астанаға келуге, ба­й­қауға қатысуға ұзақ дайындал­дық. Фестивальдан мұндай марапат аламын деп ойлаған жоқпын. Өте қуаныштымын! Жай ғана келіп қатысып, осындай ғаламат залда өнер көрсетіп, халықпен қауышудың өзі ғанибет емес пе?! Сол үшін де қаламақысыз өнер көрсетуге қуана келістім. «Астана Дауысы» арқылы көптеген талантты өнерпаздармен танысып, Қазақ­стан­ның мәдени өміріне қа­нық­тым. Фестивальдағы таныс­ты­ғы­­мыз алдағы уақытта да жал­ға­сын тауып, әлі талай бірлескен жо­ба­ларды жүзеге асырамыз деп сен­е­мін», деді өзбек әншісі Согдиана.

Астана кешін естен кетпес ду­манға бөлеген фестивальдың өнер адамдары үшін ғана емес, «Барыс Арена» сарайына ине шаншар орын қалдырмай лық толтыра жи­налған көрермен көңіліне де ес­тен кетпес әсерін қалдырды. Әсі­р­е­се кеш соңын көтеріңкі көңіл күйде тәмамдаған Филипп Кир­коров­тың «Көңіл күйдің түсі көк» әні фес­тиваль соңын жоғары нота­да тү­йін­деді. Жыл сайын дәс­түрлі түр­де ұйымдастырылуы жос­пар­лан­ған жобаның алдағы уа­қыт­та да ая­сын кеңейтіп, қа­на­тын кеңге жая­тынына сенім біл­дір­ген байқау қаты­су­шылары мен ұйым­дас­ты­ру­шылары кешке жи­нал­ған өне­р­сүйер көпшілікпен қимай қоштасты.

Назерке ЖҰМАБАЙ,

«Егемен Қазақстан»