24 Желтоқсан, 2011

«Түнерген күн қайта жап-жарық болғандай»

535 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

(ЕЛБАСЫ САПАРЫНАН КЕЙІНГІ ТОЛҒАНЫС)

Біз мақала тақырыбына шығарып отырған бұл сөздер Елбасымыздың Жаңаөзен жұртшылығымен кездесуінде айтылды. «Сіздің алдыңызда бүгін бетіміз ұялғаннан, қалай қыларымызды білмегеннен сөйлеп тұрмыз. Кешір деп те айтуға батылымыз бармай тұр. Елдің атынан кешір деуге. Сізден ұят болды. Сіздің қамқорлықтан басқа, жақсылық қылғаннан басқа затыңыз жоқ. Бүгін сіз келдіңіз, сіз келгеннен кейін мынау Өзендегі  түнерген күн қайта жап-жарық болғандай болып көрініп тұр маған. Адамдардың көңілі де сондай. Келгеніңізге қатты рахмет айтамын, өзім де қуанып тұрмын, халық та қуанып тұр» – оралмандар кеңесі төрағасының бұл сөзін барша маңғыстаулықтардың ортақ ойы деуге болады. Алдымен Маңғыстау жұрт­шы­лығы Елбасымыздың осын­дай қиын жағдай туындаған тұста арнайы келгеніне ра­зы­лық білдірді. Нұрсұлтан Әбіш­ұлының қазақы дәстүрімен әң­гімені «Мен адамдары қайтыс болған отбасыларына көңіл айтуға келдім» деп бастауының өзі жүректерді елжіретіп жіберді. Елбасымыз талай күннен бері дүрбелеңге түскен халыққа басу айтты, жұртты сабырға ша­қырды. «Бостандық – басы­мыздағы бақыт. Сол бақытты ұстай білейік. Еліміз тыныш болса, жеріміз бүтін болса, ба­лаларымыз бақытты болады. Енді-енді аяғымыздан тік тұрып келе жатқанда өз берекемізді өзіміз кетірсек, ұрпақтарымыз­дың болашағы бұлыңғыр бола­ды», деді Нұрсұлтан Назарбаев. Ақтау мен Жаңаөзендегі кездесулерді телеарналар арқылы көрген облыс халқы, сол кездесулерге қатысқан жұртшылық өкілдері Президенттің бөлекше парасаттылығына тағы да көз жеткізе түсті.  Осы арқылы Ел­ба­сы әр істе де сонау Тәурат за­ма­нынан келе жатқан «Ақиқат бел ортада жатады» деген да­на­лықты басшылыққа алатынын танытып, кез келген құбылысқа диалектикалық қарама-қайшы­лық заңдылығы тұрғысынан тал­дау жасаудың үлгісін көр­се­тіп беріп отыр. Нұрсұлтан Әбішұлы Жаңаөзенде орын алған жаппай тәртіпсіздіктерді қатаң айыптай келіп, оларды заң бұзушылыққа арандатып салған арамзалардың әділ жазадан құтылмайтынын айтты. «Осы­ның барлығына дирижерлік сырттан отырып жасалды. Қай жерде болса да, дүниенің қай түкпірінде болса да, іздеп та­бамыз оның бәрін. Биыл тап­пасақ, ендігі жылы табамыз. Шын­дықты шығартамыз. Сот бо­лады, кінәлілер жауапқа тарты­ла­ды», деді Президент. Сонымен бірге, Елбасы бұл басбұзарлыққа негізгі айыптылар мұнайшылар емес екендігін де басын ашып көрсетті. «Арандатуға түсіп, еш­қандай қылмыс жасамаған адам­дардың бәрі босатылады», деді.  Олардың еңбек дауына қатысты мәселелердің дер кезінде қарал­мауы, проблемаларды тұншық­ты­рып ұстауға тырысу, ел басшы­лығына жалған ақпарат беру осы оқиғаның бір себебі екендігін ескертті. «Үкімет, «Самұрық-Қазы­на» қоры, «ҚазМұнайГаз» компа­ниясы менің еңбек дауын уа­қытында шешу жөніндегі тап­сыр­мамды орындамады. Өкініш­ке орай, олар бұл мәселені шешуге қабілетсіз болып шықты. Ұлт­тық компания мен оның еншілес құрылымдарында кездейсоқ адам­дар көп екендігін көріп отыр­мыз», деді Елбасы. Расында да, Президентке «Барлығы дұрыс болып жатыр. Бармай-ақ қойы­ңыз, мәселе шешіледі. Өздері ты­нышталады. Сөйтеміз, бүйтеміз» деп сөйлейтіндердің       жауырды жаба тоқуы қандайлық қатерге алып келгенін қазір бүкіл ел көріп-біліп отыр. Президент Ақтауда, Жаңа­өзен­де сөйлеген сөздерінде мұ­най­шылардың мұңы тыңдала­ты­нына, осы оқиғадан қорытынды шығарарда барлық факторлар ескерілетініне баса назар аударды. Жаңаөзендегі қордаланып қалған проблемаларды шешудің  жолда­рын, жұмыссыз қалғандарды жұ­мыспен қамтудың тетіктерін нақ­ты көрсеткені Нұрсұлтан Әбіш­ұлының экономиканың кілтін білетін қасиетін тамаша танытты. «Мынау «Өзенмұнайгаздың» тө­ңі­регінде қазір жаңа өндіріс ашы­лады. Жаңа мекеме ашамыз. Ол бұрғылау компаниясы болады. Оның құрылысы бір жыл­дың ішінде жүреді. Сол бір жылдың ішінде адамдарды бұрынғы жал­­ақы­сымен жұмысқа ала­мыз», деген Елбасымыздың сө­зіне жи­налған жұртшылық дуыл­дата қол соқты. «Олардың бәріне ай­тыңдар. Ешкімнен қо­рықпасын. Мен қазір тапсырма беремін. Ешкім оларды қа­ма­майды, ұс­тамайды, олар келіп, сөйлес­песе, жағдайды білмесек, біз оларды қалай орна­лас­тыра­мыз?», дегенді де айтты Нұрсұлтан Әбішұлы. Президенттің тәртіп сақ­шы­ларымен кездесуінде де біраз жайдың басы ашылды. Әуелде алаңға ешқандай қарусыз келген полицейлердің қаруды тек қорғаныс мақсатында қолда­нуға мәжбүрленгендері айтыл­ды. Оның өзінде көпке дейін оқ аспанға, жерге атылған. Ра­сын­да да, табельдік қарудағы әр оқ үшін өзі тікелей жауап беретін, орынсыз оқ атса қылмыстық жауапқа тартылатынын білетін тәртіп сақшыларының қару қол­дануға тек басқа амалы қалмағанда ғана баратыны белгілі. Мәселені оңайлатып көрсе­тудің жөнсіздігін ескертті Пре­зидент. «Әрбір қайтыс болған адамның қалай опат болғанын тексертеміз. Жеке-жеке. Мән-мәнісін анық­тай­мыз. Қай жағ­дайда кімнің кі­нәлі екенін нақ­ты анық­таймыз», деген Нұр­сұл­тан Әбішұлы ойын қазақы қара тілмен, қарапайым ұғым­мен қайырып, елге сөз арнады. «Осымен мынандай сұм­дық­ты тоқтатыңдар. Масқара болмайық. Солай болды екен деп мен Маңғыстау жұртына көңілімді өзгертпеймін. Қазақ елдің қай түкпірінде жүрсе де менің қазағым. Маңғыстау – 362 әулиенің жері, қасиетті жер. Со­лардың аруағына күл шаш­паң­дар. Олардың қаһарына қал­маң­дар. Ұят болады» – бүкіл әлем алдында абыройлы Елбасы­мыз­дың бұл сөзіне түсініктеме қа­жет емес деп ойлаймыз. Жаңа­өзендегі кездесуде сөз алған ақсақалдың: «Мына айтқаны­ңызға дән риза болып отырмын. Қайдағы жоқтың бәрін адамның есіне түсірдіңіз. Мұны естіген адамның тебіренбеске амалы жоқ», дегені де сондықтан. Президенттің бұл сапары Жа­ңа­өзен жарасының жазы­лып, киелі Маңғыстауға мерейлі күндер көп ұзамай қайта келеріне ха­лық­тың сенімін арт­тыра түсті. Жоламан БОШАЛАҚ, «Егемен Қазақстан» – Ақтаудан.