Астық державасы демекші, осыдан бірнеше жыл бұрын елімізді осындай атқа лайық дәрежеге көтеру туралы ұран көтерілген-ді. Ол жалаң ұран күйінде қалмай, әжептәуір биік межелер бағындырылды. Аграрлық сектордың өнімділігін арттыруға бюджеттен де, жекелей инвесторлардан да қыруар қаражат салынып, соның арқасында астық экспортының көлемі жылына 9 миллион тоннадан асып түсті.
9 миллион тонна деген рекордтық көрсеткіш Қазақстанды астық экспорттаушы елдердің тізіміндегі алғашқы ондыққа енгізді. Ал халықтың жан басына шаққандағы астық көлемі бойынша Аустралия, Ресей, Канада сынды алпауыттардың өзін артта қалдырдық. Ұн экспорты бойынша алғашқы үштіктің қатарынан ойып тұрып орын алдық. Демек бастапқы мақсат орындалды деуге болатын сыңайлы.
Одан кейінгі аралықта Ауыл шаруашылығы министрлігінің алға қойған міндеттерінде аздаған өзгеріс орын алды. Бұл өзгеріс аграрлық секторды бір ғана салаға байлап қоймай, әртараптандыруға бағытталды. Елдің тұтас экономикасын әртараптандыру қаншалықты маңызды болса, бұл ауыл шаруашылығы үшін де соншалықты маңызға ие.
Себебі астық державасы әлеуетінің өлшемі де әртараптандырумен тікелей байланысты. Сол үшін де 2017-2021 жылдарға арналған агроөнеркәсіп кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында бидай алқаптарының көлемін қысқарту қарастырылған-ды.
Бұл не үшін керек? Салалық министрліктен алынған деректер бойынша, өткен жылдары елімізде жыл сайын 2-3 миллион тонна астық қоры қажетті мөлшерден артылып қалып отырыпты. Сөйтіп бидайдан басқа да дақылдарды көбірек егіп, тепе-теңдік орнатылу көзделді.
Екіншіден, 2016 жылға дейінгі аралықта жалпы өсімдік шаруашылығына бөлінетін субсидияның төрттен бір бөлігі бидай өсірудің үлесіне тиіп келді. Олай болса, неге бидай алқаптарына тиімділігі жоғары, сұраныс көп майлы дақылдарды, жүгері, тары, қызылша, қант қызылшасы, сұлы және басқаларын екпеске деген мақсат та көкейге қонымды. Соның арқасында, бидайды шетелге шығарғаннан гөрі ішкі нарықтағы өңдеуші саланы сапалы шикізатпен қамтуға мүмкіндік арта түсті. Оған қоса, өсімдік майы, қант сынды негізгі тұтыну тауарларының экспорты кеміді. Ұн экспортынан үшінші орын алғаннан гөрі ішкі нарықты макарон өнімдерімен қамтудың да тиімдірек екені байқалды.
Үшіншіден, өсімдік шаруашылығын әртараптандыру мал азығын молырақ өндіруге мүмкіндік берді.
Төртінші, ең басты себеп, бидай алқаптарының аумағы кемігенімен, астық державасының әлеуетін сақтауға болатындығына көз жеткізілді. 2016 жылғы көрсеткіш 3,9 миллион тоннаға артығымен орындалып, орташа түсім 15,4 центнерге жетті. Министрліктің хабарлауынша, бұл алқаптарды тыңайту, тұқымдарды асылдандыру, ауылшаруашылық техникаларын жаңарту, шаруашылықта озық тәсілдерді қолдану сынды шаралардың арқасы.
Сонымен осы атқарылған қыруар жұмыстан кейін, биыл қандай меже көзделіп отыр? Астық түсімі мен экспортындағы көрсеткіштер көңіл көншіте ме? Осы сауалдың жауабын білу үшін Ауыл шаруашылығы министрлігіне хабарласып, былтырғы және биылғы жылдың алғашқы жартысындағы көрсеткіштер туралы білген едік.
– Қазақстанның астық тұқымдастары (бидай, жүгері, арпа, тары және соя) экспортының дәстүрлі нарықтары Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Ауғанстан, Иран және Қытай елдерінде. 2017 жылғы көрсеткіш бойынша жалпы сомасы 660 760,04 мың АҚШ долларын құрайтын 4 256 мың тонна бидай экспортталды. 6 397,3 мың АҚШ долларын құрайтын 35,2 мың тонна жүгері сыртқы нарыққа жөнелтілді,– деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ 137 806,3 мың доллардың 908 мың тонна арпасы шетелге шығарылыпты. 17,6 мың тонна соя экспортталған.
Биылғы жылдың қаңтар-мамыр айларына қатысты деректерге көз жүгіртсек, 378 738,1 мың долларға 2 458 мың тонна бидай экспортталған. 539 мың тонна арпа (88 780,3 мың доллар), 18,6 мың тонна соя (8 005,4 мың доллар), 16,2 мың тонна жүгері (3 182,7 мың доллар) шетелге шығарылған.
– 2018 жылы 13 700 мың тонна бидай, 852,7 мың тонна жүгері, 3095,5 мың тонна арпа, 55,7 мың тонна тары жиналады деп жоспарланып отыр, – деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігі.
Соңғы екі жыл ішінде Қазақстанның астығы дүние жүзінің 38 еліне экспортталыпты. Олардың арасында іргеміздегі Ресей, Қытай, Қырғызстан, Түрікменстан сынды елдердің нарығын айтпағанда, Еуропаның Италия, Испания, Нидерланды, Финляндия, Швеция, Норвегия сынды мемлекеттері бар. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, биылғы қаңтар-мамыр айларында бидай экспорттау бір жарым есеге ұлғайғаны байқалады. Біздің бидайға қызығушылығы жоғары елдердің қатарында Италия, Түркия, Ауғанстан, Өзбекстанды ерекше атап өту керек. Африка құрлығында жатқан Алжирге де 5 мың тонна бидай жіберіліпті.
Қазақстаннан арпа алатын елдердің тізімінде Иранның орны ерекше. Былтыр 127 364,3 мың долларға арпа сатып алған Иранға биылғы 5 айда 414,5 мың доллардың өнімі жіберіліпті.
Тағы бір айта кетерлігі, Қазақстанның астық экспортының географиясы жыл санап кеңейіп келе жатқаны көңіл қуантады. Айталық, өткен жылы экспорт ауқымы 36 елді қамтыса, биыл бұл қатарға Грекия мен Норвегия қосылды.
Өткен айдың аяғында Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев Үкімет отырысында күзгі жиын-терім жұмыстары штаттық режімде жүріп жатқанын айтты. Орақ науқаны Жамбыл, Түркістан облыстарында аяқталып қалса, Ақтөбе, Алматы, Батыс Қазақстан, Павлодар, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарында қарқынды жүріп жатыр. Бұл аграрлық өңірлердегі алқаптардың жалпы ауданы 3 миллион гектардан асып түсетінін айта кетейік. Министр айтқандай, өнімді экспортқа жіберу үшін дайындық жұмыстары қолға алынған, басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп логистика мәселелерін шешу жағы да назарға алынған.
Қарап отырсақ, жылдың алғашқы жартысындағы көрсеткіштер, болжанып отырған межелер жаман емес. Дегенмен «Балапанды күзде санайтыны» сияқты, биылғы орақ науқаны мен астық экспорты туралы түбегейлі нәтиже алдағы уақытта белгілі болады.
Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»