Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Туған жер» бағдарламасын ұсынып, оны таяу жылдардағы міндеттердің бірі ретінде атаған болатын. Халықты рухани жаңғыруға жетелеген, рухын көтерген, еліне деген патриоттық сезімін арттырған құнды құжатта айтылған маңызды бастамалар бүгінде нәтижелі жүзеге асырылып келеді. Жергілікті қоғамның мәселелерін шешуде азаматтардың, үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық бірлестіктер, еріктілер, меценаттар, бизнес өкілдері мен мемлекеттік органдар күшін біріктіруге негізделген «Атамекен» кіші бағдарламасының «Жомарт жүрек» бағыты әлеуметтік бастамалар картасының қисынды жалғасы іспетті.
Әрине жомарт жандарға ел атынан алғыс айтып, ынталандыру да маңызды. Осы орайда Түркістандағы салтанатты жиында туған жерінде ірі әлеуметтік жобаларды іске асырып, қайырымдылық акцияларына белсенді атсалысқан бірқатар азаматтың еңбегі бағаланды. Елдің алғысын алып жүрген Ерлан Ахметов, Абдыашим Есеналиев, Бақытжан Бейсембаев, Еркінбай Шалтанов, Бекзат Байкөбеков сынды абыройлы азаматтар «Жыл меценаты», «Туған өлке», «Жыл тұлғасы», «Жылдың үздік ұйымы», «Ерен еріктілік» аталымдарымен, қала әкімінің Алғыс хатымен және арнайы сыйлықтармен марапатталды.
Салтанатты шарада Түркістан қаласының әкімі Ә.Өсербаев көпшілікті өнегелі іс жасауға, игілікті мұра қалдыруға шақырып, жомарт азаматтарға алғысын білдірді.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Түркістан облысы