Ескерткіш кез келгенге қойыла бермейтіні белгілі – сан-сапат қағаздар мен келісімдерге қол қойылуы, «бұл кім, халыққа қандай еңбегі сіңді, ескерткіш қоюға лайықты ма?» деп шұқшия үңілген комиссиялардың тезінен өту үшін ол адамның расында талай сынға төтеп беретін тұлға болуы тиіс.
...Көрші Атырау өңірінде мұнай саласында басшылық қызметте жүріп, «пай, шіркін, тыңнан түрен салғандай етіп, осы бір маң далаға қашан бұрғы түсірер екенбіз?! Мұнай саласындағы азды-көпті тәжірибеме сүйенсем, мынау Маңғыстау жерінде ерекше сыр бар, маңғаздық бар, небір байлықты бауырына басқан құпия жатыс қой бұл!» деп Маңғыстау даласына көзінің қырын салып қоятын. Маңғыстаудың 6 млн 245 га жеріне зерттеу жүргізген жайылымдық-мелиоративтік трест біраз жерді жайылымдық деп танып, қалған үлестерді құмдақ, сор, аңғар, жар, егістік алқап, тақыр деп бөліп қарастырған. Ал сулы жердің үлесі болмашы ғана және «қолайсыз, пайдасыз жер» деп танылған аз-маз жер тағы бар. Сол пайдасыз жердің сыры тереңде болар, кім білген?! Осылайша қауырт жұмыстан қолы сәл босаса Сафидың ойы Маңғыстау даласын кезіп кететін... Тіпті мұнай өндіруден өзгелерге өнеге болған Бакудың белсенділігіне жетуді іштей мақсат еткен Қазақстанның Маңғыстау мұнайын игермесе бұл арманы тек қиял түрінде қалатындығын да санасымен болжап қойған. Өйткені соғыстан соңғы қалпына келтіру, еңсе көтеру жылдарында Қазақстан жылына 1200-1400 мың тонна мұнай өндіріп, бүкілодақтық мұнай өндірісінде небәрі 2-3 проценттік үлесті ғана игере алған еді. Бұл, әрине одақтың, үкіметтің көңілін көншітпейтіні анық.
1951 жылы Мәскеудегі Орталық комитеттің шешімімен «Қазақстанмұнай» бірлестігіне басшы болып тағайындалған Сафи Өтебаев кідірмей Маңғыстау даласын зерттеуге күш жұмылдырды. Сусыз, көлеңкесіз ен дала, қысы қандай қатал болса, жазы соншалықты ыстық, байланыс, қатынас мүмкіндігі жоқ, ауызекі тілде «Өлі қолтық» атанып кеткен өңірде жұмыс жүргізудің оңай болмайтындығын білген С.Өтебаев алдымен мәселені зерттеушілер үшін қолайлы жағдайларды ұйымдастырудан бастады.
Қиын да жауапты, аса маңызды жұмысты жолға қою және нәтижеге қол жеткізу оңай болған жоқ. Алдымен ат басын тіреген Төңірекшың тоң-теріс қалпында үмітті ақтамай томсарса, болар-болмас мұнайымен көз қуантқан Түбіжіктегі қуаныш ұзаққа бармады, ал Құсайын, Қарасаз-Таспас алаңдары да аз-маз мұнайымен алдаусыратып тынды, Қызан жері тіпті бас иген жоқ. Одақ құлақ түріп, Маңғыстау даласынан әрбір күні жаңалық хабар күтіп отырғанын және мұнай табылмаған күнде кеткен ақша, шыққан шығынға өзі ғана жауапты екендігін ойлағанда Сафидың ұнжырғасы түсіп мұңайып қалады да, маң даладан үмітін үзбей бәрібір жігерлене алға ұмтылады. Бағытты Өзен мен Жетібайға қарай бұрды.
Осылайша 1951 жылы Маңғыстауды зерттеуді бастаған жұмысының – небір ұйқысыз түндер мен күлкісіз күндердің жауабындай болып, 1961 жылы 5 шілдеде Жетібайдағы ұңғыдан мұнай бұрқағы атқылады. Ал сол жылдың соңында, яғни 10 қазанда Өзендегі ұңғы қара алтынды «құса» жөнелді. Жетібайдағы ұңғы тәулігіне 400 тонна мұнай берсе, Өзендегі ұңғының тәуліктік өндіру көлемі 80 тоннаны құрады. Бұл Қазақстанның мұнай өндірісіне қосылған қаншалықты үлес екендігін шамалай беріңіз... Көп ұзамай дендей зерттеу нәтижесінде Жетібайда 147 млн тонна мұнай мен 32 млрд текшеметр газ қорының, Өзенде 600 млн тонна мұнай мен 6 млрд текше метр газ қоры бар екендігі анықталды. Сафидың талай қиналса да үзілмеген үміт-сенімі ақталып, мерейі өскен сәт еді бұл.
Бүкіл Одақты қуанышқа бөлеп, шартарапқа шаттана тараған жаңалық – Сафи Өтебаев бастаған мұнайшылардың, дала төсінде қажымай-талмай еңбек еткен ерлердің еңбегінің ақталғаны еді! Арада өткен он жыл айтуға ғана оңай, кірпігін қақпай қадағалап отырған Одақтың ызғарының астында жоқтан бар жасап, құла дүзге жан бітірудің, маман тартып, жұмысқа жұмылдырудың, табиғаттың қиындығы мен қолдан жасалған қитұрқы кедергілерді жеңіп, жұмысты ұйымдастырудың ауыртпалығын сол кездің ерлеріндей ешкім ұғына алмас, сірә! Маңғыстауды тереңдеп зерттеу, техника мен жұмыс күшін тарту, оларды азық-түлікпен, сумен, киім-кешекпен, құрал-жабдықпен қамтамасыз ету өз алдына, темір жол түгілі, даласына жорғалаған жылан мен жортқан киіктен басқа із түсіп көрмеген өлкеде іс жүргізу үшін қатынас жолының болуы аса маңызды.
Сондықтан С.Өтебаев Форт-Шевченко мен Гурьев арасын су жолы арқылы байланыстыру үшін айлақ салуды алдыңғы кезекте ұйымдастырды, сондай-ақ 1963 жылы Батыс Қазақстан Халық шаруашылығы кеңесінің төрағасы болып жүріп, 1963 жылы Бүкілодақтық Халық шаруашылығы кеңесіне Маңғыстау мұнайын жедел игеру туралы ұсыныстарын қойды. Шевченко қаласында «Маңғышлақнефть» бірлестігін құру, мұнайшыжұмысшылардың еңбекақысын көтеру, аяқталған Мақат – Шевченко темір жол құрылысын Жетібай арқылы Өзенге жеткізу, Шевченко қаласынан Жетібай арқылы Өзенге жоғары вольтті электр желісін тарту, Өзенде тұрғын үйлер салу, «Шевченко – Жетібай – Өзен» асфальт жолын, сондай-ақ мұнай өндіру кәсіпшіліктеріне қажетті түрлі өндіріс базаларын салу мен мұнай және су құбырларын тарту мәселелері одақтан қолдау тауып, Сафиды тағы бір қуантты. Жергілікті жастардан мұнайшы мамандар дайындау қажеттігін аңғарып, ҚазКСР Министрлер кеңесіне хат жазып, өз елімізде мұнай факультетін ашу туралы ұсыныс түсірді, маңызды ұсыныс аяқсыз қалмай Алматыдағы политехникалық институтта мұнай факультеті ашылды. Осылайша бұған дейін Ресейде, Татарстанда, Башқұртстанда және Әзербайжанда оқу қажет болғандықтан, мұнай мамандығына мойындарын бұра бермейтін қазақ жастарын өз елімізде оқытуға қол жетті. Аталмыш мұнай факультетіне оқуға түскен маңғыстаулық балалардың қиналмай оқуы үшін Сафи Өтебаев институтқа жиналмалы жатақхананың екеуін сыйға берді.
...Маңғыстау даласындағы дүбір осылай басталған еді...
Алғашқы қазақ инженер-мұнайшысы, еліміздегі мұнай индустриясын ұйымдастырушылардың бірі, КСРО Құрметті мұнайшысы, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ғылым мен техника қайраткері, Одақтық жоғары наградаларды айтпағанда, Қазақстан Республикасының жоғарғы мемлекеттік марапаттары – «Отан» және I дәрежелі «Барыс» ордендерінің иегері, даңқты мұнайшы Сафи Өтебаевтың Маңғыстау мұнай өндірісіне ғана емес, қазақ мұнайына сіңірген еңбегі өлшеусіз, оның бәрін тізбектеп айтып жату мүмкін емес. Ең бастысы, есіл ердің еңбегін елеп, Ақтауда еңселі мүсіннің қойылуы – кешегі ердің үлгі-өнегесін бүгінгі және келер ұрпаққа насихаттаумен қатар, аға буынды қастерлеген ұрпақ сабақтастығының ізгілігін танытты.
Салтанатты шараға Маңғыстау облысы әкімінің орынбасарлары, С.Өтебаевтың қызы Светлана Өтебаева, белгілі кәсіпкер Төкен Танаұлы, жақсы істің ұйытқысы, әрі ұйымдастырушысы болған азаматтар – Бекет Тұрғараұлы, Мейрам Ахметжанов, Ғани Карин, Ақтау қаласының тұрғындары мен мұнай-газ саласы қызметкерлері қатысты.
Мүсіннің ашылуымен Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары М.Сқақов құттықтаса, ардагер мұнайшы, облыстық қоғамдық кеңес төрағасы С.Қырымқұлов, Алматыдан арнайы келген Светлана Сафиқызы, Бекет Тұрғараұлы сөз сөйлеп, Сафи Өтебаевтың еңбегі мен азаматтық болмысын еске алып, оның есімін есте қалдыру, ұрпақтың Сафи сынды ардагер буынға қарап бой мен ой түзеуі қажет екендігін айтты.
Өткен жылы Ақтау қаласындағы мектеп ауласына көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Нұртас Оңдасыновтың кеудемүсінін қойған азаматтар биыл маңғыстаулықтарды тағы қуантты. Кеудемүсінді көлегейлеген ақ жамылғы суси сыпырылғанда қасқайып қарсы қарап тұрған Сафи Өтебаевтың көрікті мүсінін көрген халық қуанышпен дуылдата қол соғып, мәре-сәре болып жамырай жөнелді, ескерткіш маңына гүл шоқтарын қоюшыларда толас болған жоқ. Бұл – Қазақстанға еңбегі сіңген мүсінші, Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының профессоры, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ескен Сергебаевтың шебер қолынан шыққан туынды. Ел-жұртымен «қауышқан» Сафи ата рухы ұрпағына риза болар деп ойлаймыз, ал еңбегін ардақтап, рухы алдында азаматтық іс тындырған азаматтарға халық зор ризашылықпен алғыстарын жаудырып жатты.
– Еліміздің мұнай саласының қалыптасуында, өркендеуінде Сафи Өтебаевтың еңбегі зор. «Ештен кеш жақсы» дегендей, Сафиға ескерткіштің қойылуы – өткенді бағалау, келешекке өнеге беру деп ойлаймын. Біз, Сафидың шәкірттері Табын Оржанов екеуміз осы мәселемен 30 жыл бойы айналыстық – тиісті орындарға талай рет ұсыныстар түсірдік. Бүгін арманымыздың орындалғанына көз жеткізіп, қуанып отырмыз. Жақсы идеяға жан бітіріп, Сафи ағамызды арамызға «алып келген» демеуші болған, қолдау көрсеткен азаматтарға, мүсіншіге көп рахмет, – дейді ардагер энергетик Қалабай Төлешұлы.
Сафи Өтебаев алыста жүріп өзі аңсаған, қызметте жүріп қиындығымен арпалысып, бірін-бірі жоғары жетістіктерге жеткізген Маңғыстау төрінде халық қошеметімен биік тұғырға жайғасты. Ол ел-жұртының жүрегінен мәңгі орын алған тұлға, оның биігі ешқашан аласармайтыны анық.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы