24 Желтоқсан, 2011

Достастық қажетті құрылым екенін дәлелдеді

871 рет
көрсетілді
25 мин
оқу үшін

Осыдан 20 жыл бұрын Алматыда ТМД-ның Мақсаттары мен қағидаттары туралы декларация қабылданған болатын

Құрылымның  туу тарихы

1991 жылдың күзіне таман КСРО-ның бұрынғы күйінде қалпына келмейтіндігі іс жүзінде белгілі болды. Бұл уақытта дербестігін алған республика­лар­дың халқы тәуелсіз ел атанудың эй­фориясына әбден мастанып, КСРО-ны қайта тануды ойларына да алмайтыны іс жүзінде белгілі еді. Оларды кері қай­та­ру тек әскери күш қолдану амалымен ғана іске асырылатын жұмыс-тын. Бірақ күш қолданудың тиімсіз екендігі, оның халықаралық қоғамдастық тарапынан қат­ты сыналатындығы Балтық жаға­ла­уы республикаларын қайтаруға талпы­ныс барысында айқын көрінген. Күш қолдану тіпті азамат соғысы ошағын ту­дыруы да мүмкін еді. Оның үстіне бұл уақытта КСРО-ның орталық өкіметінде әскерді қолданып, елдің тұтастығын сақтайтын қауқар да қалмаған болатын. М.Горбачев «біздің қолымызда елдің тұтастығын сақтайтын барлық тетіктер бар» дегенді қайталап айта бергенімен, іс жүзінде оның қолынан бәрі де сусып кеткендігі көрініп тұратын. Оның үстіне Ресей Федерациясындағы нақты билік өз қолына шоғырланған Б.Ельцин М.Горбачевтің ықпалымен жүретін және оған бағынғысы келген адам емес-ті. Керісінше, ол Горбачевтің билігін мой­ын­дамай, құрық әкетіп, асаусып жүре­тін. Сөйтіп, КСРО-ның болашағы ба­рын­­­­ша бұлыңғырланып тұрған кез еді ол. Әрине, елдегі империяшыл күштер тізеге салып, қолда бар мүмкін­ші­лік­термен КСРО-ны сақтауды талап етіп-ақ бақты, ал бұл уақытта, халықтың ба­сым көпшілігінің қолдауына ие болып, әбден күшіне мінген демократияшыл бағытта­ғы жұрт ондайға жібермеуге тырысты. Елдің ішіндегі саяси дағдарыс осы­лай, шегіне жетіп тұрған тұста Ресей Фе­дерациясының Президенті Борис Ель­цин Белоруссияға ресми сапармен барған. Осы күні белгілі болған ақпа­рат­тарға қарағанда, бұл сапардан жұрт ешқандай ерекше оқиға күтпеген-ді. Бірақ мәселе, түрлі ойлар мен барынша батыл саяси болжамдардың күткенінен әлдеқайда асып түсіп, дүние жүзі қо­ғамдастығы көлеміндегі күрделі оқиға болып шықты. Сөйтіп, осында ұлы өз­герісті тудырған дүниежүзілік маңызы аса зор тарихи оқиға болды. ...1991 жылдың 8 желтоқсанында Беларусь Республикасының сол кездегі басшысы, Жоғарғы кеңес төрағасының Беловеж орманындағы Вискули атты үкіметтік резиденциясында Ресей президенті Борис Ельцин, Украина президенті Леонид Кравчук және Беларусь президенті Станислав Шушкевич – үшеуі Тәуелсіз Мемлекеттер Достас­ты­ғын құру жөніндегі келісімге қол қойды. Осы келісімге қол қоюшылардың бірі С.Шушкевичтің айтуына қарағанда, мұндай құжатқа қол қою алдын ала ойластырылмаған екен. Келісімде КСРО-ның халықаралық құқықтың субъектісі ретіндегі заң күші бар құқы тоқталатындығы жарияланып, өз халықтарының саяси, экономикалық, мәдени, білім беру, денсаулық сақтау, қор­­шаған ортаны қорғау және т.б. салаларда өзара тең құқылы және пайдалы ынтымақтастықтарды дамытатындығы атап өтілді. Әрине, КСРО-ны 1922 жыл­ғы 30 желтоқсанда құрушы құрылтай­шы­лар ретінде Ресей, Беларусь және Украинаның мұндай құжатты қабылдау құқысы болған (Бірақ онда төртінші рес­публика, яғни кейін Әзербайжан, Ар­мения, Грузия республикаларына бөлініп кеткен Қап тауында құрылған ЗСФСР де болған еді. Бірақ ЗСФСР-дің ізбасары ретінде олардың бірі де сол сәтте бол­ма­ғандығына ешкім назар аударған емес). Сонымен бірге, ТМД-ны құру құжа­тын­да оның қатарына КСРО-ның құра­мында болған басқа республикалардың да енуіне жол ашық деп жазылды. Сөйтіп, Тәуелсіз Мемлекеттер Дос­тас­тығын құру туралы алғашқы келісімге 1991 жылдың 8 желтоқсанында қол қойылды. ТМД құрылғаны туралы осы келісімді Б.Ельцин АҚШ президенті Д.Бушқа, ал С.Шушкевич М.Горбачевке хабарлайды. Алғашқысы мұны қуаныш­пен қабыл алса, соңғысы, әрине, қатты күйзеліспен естиді. КСРО-ның тарих сахнасынан мүлде кеткендігі туралы хабарды қабылдауға барлық халық бірден сене алмады. Әлі де бір өзгеріс болар, мызғымастай бо­лып көрінген империя бір-ақ сәтте, бір оқ шығармай жоқ болуы мүмкін емес деген секілді күпті ойлар көп еді. Дәл сол күндері Мәскеуде болған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа жур­налистердің «енді Горбачевтің күні не болады, ТМД-да ол қандай қызмет атқарады деп ойлайсыз?» деген сұрағы да осындай ойлардан төркіндейтін. Ал Н.Назарбаевтың «ТМД-да енді Горбачевке орын жоқ» деген сөзі КСРО-ның іс жүзінде тарағандығын дуалы ауызбен айқындаған кесім болған сияқты көрін­ді. Көптеген халық, КСРО жанашыр­ла­ры осы сәттен бастап қана оның тарих сахнасынан шынымен кеткеніне көз жетк­ізе бастағандай еді. Беловеж орманында болған кездесуге Қазақстан Президенті Н.Назар­баев­тың да шақырылғандығы туралы Б.Ельцин де, басқалар да өздерінің мемуар­ла­рында жазды. Бірақ, Н.Назарбаев Бело­рус­сия­ға бармаған. Осы оқиғаға қара­­­май, славян республика­лары мұ­­­­­­сыл­ман­­­­дық Шығысты жалғыз тастап, КСРО-дан өз алдына бөлініп шықты деген дақ­пырттар қаптап берді. Енді мұ­­­­­сылман республикалары да өз­ара бірігулері керек деген алыпқашпа әңгімелер КСРО республикаларын кон­фессиялық және этностық айырмашы­лық­тарына қа­рай бір-біріне қарсы қой­ып, жағ­дай­ды ушық­­тыруға тырысты. Осы кезде барынша салиқалы саяси ұстаным керек болды. Қазақстан мен Орталық Азия рес­пуб­­ликаларының басшылары болған оқи­ғаны талдап, ортақ шешімге келу үшін Ашғабад қаласына жиналды. Мұн­да олар ортақ ұстаным танытып, ТМД-ны бұ­рынғы КСРО-ның тұтас аумағында құру туралы келісімге келді. Қазақстан Президенті Н.Назарбаев КСРО-ның барлық республикаларының басшысын 21 жел­тоқсанға Алматыға ТМД құру туралы келісімге қол қоюға шақырды. ТМД-ны құру туралы құжатқа қол қою үшін Алматыға КСРО-ның құра­мын­да болған 11 республиканың бас­шы­лары жиналды. Балтық бойындағы үш республикадан басқа оның құра­мы­на енуден Грузия басшылығы бас тарт­ты. Қалғандары тегіс жаңа ұйымды қол­дап, қол қойды. Сөйтіп, КСРО құра­мын­да болған елдердің өзара ынты­мақ­тас­тығын реттеуді мақсат еткен халық­­­аралық аймақтық ұйым ретінде ТМД Қазақстанның сол кездегі астанасы Ал­маты қаласында тұсауын кесті. Ұйым шеңберіндегі елдердің іс-әрекетін үйлестіруді реттейтін Достас­тық­тың ең үлкен органы – Мемлекет басшыларының кеңесі мен Үкімет бас­шыларының кеңесі де осында құрылды. Сонымен қатар өз аумақтарында КСРО-ның ядролық арсеналын сақтап келген Қазақстан, Ресей, Украина және Беларусь мемлекеттерінің басшылары олар­ға қатысты Бірлескен шаралар туралы келісімге қол қойды. Сөйтіп, Тәуелсіз Мемлекеттер Дос­тас­тығы алғаш рет Қазақстанда 1991 жылғы 21 желтоқсанда іс жүзіндегі өз әрекетін бастады. Ол посткеңестік ке­ңіс­тікте бұрынғы КСРО құрамына енетін республикалардың өз тәуелсіздігін құру жолындағы үдерісін аяқтап, олар­­­ды іс жүзіндегі дербес мемлекеттерге айнал­­дырды. Алматы Декларациясын барлық республикалардың парламенттері де бірден бекітті. Ең соңғылар бо­лып 1993 жылдың 24 қыркүйегінде Әзер­байжан және 1994 жылдың 8 сәуі­рінде Молдова парламенттері ратификациялады. ТМД ұлттық көлемнен жоғары құ­рылым емес және оның құрамына ену әркімнің өз еркінде. Міне, биыл оның әлемдік қоғамдастықтың табалдырығын аттағанына 20 жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде ол КСРО-ның бейбіт жолмен ыдырау барысындағы өзінің аса қажетті құрылым болғандығын көрсет­­­ті. Біз төменде оның қилы-қилы тағ­ды­рына қысқаша шолу жасап өтпекпіз.

ТМД-ның қадамдары

ТМД-ның өмірге келуінің бірінші кү­нінен бастап Қазақстан Президенті Нұр­сұлтан Назарбаев оны барлық тарап­­тар­ға да тиімді экономикалық интеграция­лық құрылымға айналдыруға күш сал­ды. 1992 жылғы ТМД туралы айтқан сө­зінде-ақ ол: «Мен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығындағы мемлекеттердің күш­те­рін біріктіруінен, Достастық шеңбе­рін­де Еуропа Одағының құрылымда­ры­на сәйкес келетін ұлттық көлемнен тыс үйлестіру құрылымын құрудан үмітімді үзбеймін. Өйткені, оларсыз Достастық дегеніміз бос сөз, нақты мазмұны жоқ әдемі әшекей күйінде ғана қалмақ. Тарих көрсеткеніндей, империялардың ыды­рауында объективтік сипат бар. Алайда, дүниежүзілік бірлестіктің инте­грациясын тереңдете түсуге кедергі жа­сауға тырысу – тарихтың дөңгелегін кері айналдыруға әрекет жасаумен пара-пар», деген еді («Тәуелсіздігіміздің бес жылы», А., «Қазақстан», 1996, 43 б.). Қазақстан Президенті өзінің осы ұс­танымынан ешқашан тайып көрген емес және оның экономикалық инте­гра­циялық құрылымдар жасау туралы идея­лары сатылап іске асып жатыр. Өмірдің өзі олардың қажеттілігін қаты­сушылардың бәріне тәжірибе жүзінде көрсетіп берді. Шүу дегенде ТМД-ның өзіне күдікпен қарап, оның тәуелсіздік мұраттарын шектеуінен қауіптенген елдер де қазір экономиканы интегра­ция­лау­дың озық әдіс екенін мойындап келеді. ТМД-ның құрылуы оңай іс болмаса, қалыптасу, даму қадамдары да күрделі сындарға ұшырап отырды. Әуелі, 1992 жылы Молдова мен Грузияда ұлтаралық қақтығыстар орын алды. Осы екі елдің басшылары да ұлтаралық қақтығыс­тар­ды реттеуге саяси көрегендігі мен ерік-жігерлерінің әлсіз екендігін көрсетіп алды. Алақандай Молдовада орыс, украин тұрғындары тығыз қоныстанған Днестр өзенінің сол жағалауында 1991 жылдың аяғында Приднестровье респу­б­ли­касы пайда болды. Ешкім танымаса да іс жүзінде ол әлі күнге өз алдына дербес мемлекет болып отыр. Грузияда ұлттық саясатты әділетті жолмен дұрыс жүргізе алмаудың салдарынан Абхазия мен Оңтүстік Осетияда осы күнге дейін созылып келе жатқан кикілжіңдер пайда болды. Грузияның бұл аймақтары 2008 жылдан бері тіпті Ресей Федерациясы таныған дербес мемлекеттер ретінде өмір сүріп отыр. Осының өзі 1993 жылы ТМД-ның қатарына кірген Грузияны бұл ұйымнан 2009 жылы қайтадан шығуға мәжбүр етті. ТМД-ның алғашқы жылдарындағы мемлекет басшыларының саммиттері кө­­­бінесе ұйымдық мәселелермен ғана шектелетін. Соның ішінде, Алматыдан кейін, 30 желтоқсанда Минск қаласын­да болған кездесуде Мемлекет басшы­ла­ры мен Үкімет басшылары туралы уа­қыт­ша келісімге қол қойылды. Онда әр­бір қатысушы мемлекет бір дауысқа ие болатындығы, ал шешім консенсус тәртібімен қабылда­на­ты­ны айтылған. Сонымен бірге, осы кездесуде әскери күштер мен шек­ара­­­­лық әскерлер туралы да келісімге қол жеткізілді. Ұйымдық шаралар кезеңі 1993 жылғы Минскідегі кездесуде ұй­ым­ның жарғысын қабыл­дау­­мен аяқталды. Барлық қиын жағдайда да Қазақстан Президенті ТМД-дағы әріптестеріне өзара интеграцияның тиімділігін дәлел­деумен болды. Оның бастамасымен 1994 жылы Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан республикалары арасында Біртұтас экономикалық кеңістік (БЭК) құрылды. Нұрсұлтан Әбішұлы оның интеграциялық үдерістерін негізгі үш кезеңге бөлген еді: 1.Сауда одағы; 2.Қаржы-валюталық және экономикалық одақ; 3. Әскери-саяси одақ; Осы құрылым туралы ойларымызды тұжырып, оның кейінгі тағдырын да айта кетелік. Әуелде жақсы ниетпен құ­рылған ұйым қатысушы мемлекеттердің ішкі жағдайындағы түрлі кедергілердің кесірінен тиімді жұмыс істей алмады. 1998 жылы оның құрамына Тәжікстан да қосылған еді, сол кезден бастап ол Орталықазиялық экономикалық қауым­дастық (ОЭҚ) деп аталды. Ал 2002 жылы ол Орталық Азия ынтымақ­тас­ты­ғы (ОАЫ) болып өзгертілді. 2005 жылы ЕурАзЭҚ қосылып, бір ұйымға айн­ал­ды. Жалпы, ең маңызды мақсаты Арал теңізін құтқару болып құрылған ұйым бірқатар жақсы шараларды да іске асыр­ғанын айта кету керек. Соның іш­ін­де ұйым шеңберінде Аралды құтқару жөніндегі халықаралық қор құрылды. Ол БҰҰ тарапынан да қолдау тапты. Ұйымның негізгі мақсаттары қата­ры­на саяси, экономикалық, экологиялық және басқа да салалар қатарындағы ын­тымақтастықтармен қатар, қатысушы мемлекеттердің ортақ экономикалық кеңістік шеңберіндегі дамуына қолайлы ықпал ету жатады. Сонымен бірге, ТМД елдері азаматтарының құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету, өзара құқықтық көмек көрсету, таласты жағ­дай және кикілжің болған жағдайда оларды бейбіт жолмен шешу істері де ұйымның негізгі мақсаттары болып табылады. Ал сыртқы саяси іс-әрекетті үйлестіру, бірлескен экономикалық ке­ңіс­тікте біртекті кедендік саясат ұстану, экономиканың түрлі салаларында, со­ның ішінде көлік және байланыс сала­ла­рындағы ынтымақтастық, адамдар­дың денсаулығы мен қоршаған ортаны сақтау, ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес, қорғаныс саясаты мен шекараны күзетудегі ықпалдастықтар ұйымның бір­лескен іс-әрекеттерінің басым ба­ғыт­тары. Бірақ ТМД халықаралық ұйым ретінде қатарындағы қатысушы мемлекеттерін өзара тығыз қарым-қатынасқа ұй­ыстыра алмайды. Сондықтан да оның шеңберінде нақты істермен айналы­са­тын және ықпалды күші бар интегра­циялық құрылымдар қажет болды. Бұл туралы Қазақстан Президенті Н.На­зар­баевтың 1992 жылы-ақ айтқанын жоға­ры­да келтірдік. Өмірлік тәжірибе Н.Назарбаевтың пікірін іс жүзінде дәлел­деді. Сөйтіп, ҰҚШҰ, ЕурАзЭҚ және онымен қанаттас Кеден одағы, Біртұтас экономикалық кеңістік, ШЫҰ сияқты ұйымдар өмірге келді. Ұжымдық қауіпсіздік шарты туралы ұйым (ҰҚШҰ) 1992 жылы қол қойыл­ған Ұжымдық қауіпсіздік туралы келі­сім­нің негізінде 2002 жылғы 14 мамыр­да Мәс­кеуде құрылған әскери-саяси ұй­ым. Қазір оның құрамына Қазақстаннан басқа Беларусь, Ресей, Қырғызстан, Армения, Тә­­­­жік­стан, Өзбекстан сияқты ал­ты мемлекет кіреді. Алдымыздағы жы­лы ол өзінің 10 жылдығын атап өтеді. Жуырда, Мәскеуде болған ҰҚШҰ саммитінде осыған бай­ланысты жасалатын шаралар белгіленді. Оның қатарында Қазақстандағы ҰҚШҰ полигонын жа­рақтауды жетілдіру қарас­тырылған. Сон­дай-ақ осы кездесуде ҰҚШҰ-ға енетін мемлекеттер аумағына үшінші жақ­­­тың әскери нысандарын енгізу тек бар­лық мүшелердің келісімімен ғана мүм­кін болатындығы келісілді. ТМД шеңберіндегі экономикалық ин­теграцияны тиімді жүргізіп келе жат­қан ұйым ЕурАзЭҚ. Ол 1992 жылы келісілген, бірақ жұмыс істемеген Кеден ода­ғынан бастау алады. 2000 жылы ол бес мемлекет – Қазақстан, Беларусь, Қыр­ғыз­стан, Ресей және Тәжікстанның қат­ы­суы­мен құрылды. 2003 жылы оған БҰҰ Бас Ассамблеясының жанындағы бай­­қау­шы мәртебесі берілді. 2006 жылы ЕурАзЭҚ-тың құрамына Өзбекстан да енген еді, бірақ ол 2008 жылы өзінің қа­тысуын доғарды. 2006 жылғы ЕурАзЭҚ-тың мемлекетаралық кеңе­сінде Кеден одағы Қазақстан, Беларусь және Ресей арасында құрылатыны белгілі болды. 2010 жылдың желтоқсан айында ЕурАзЭҚ-тың саммитінде Кеден одағы құрылған­нан кейін Біртұтас экономикалық кеңіс­тік негізінде 2015 жылы Еуразиялық одақ құру туралы келісім жасалды. 2012 жылдың 1 қаң­тарынан БЭК өз күшіне енеді, осыған байланысты ЕурАзЭҚ ар­тық құрылым­ға айналып отыр. Жуырда болған Мә­с­кеу саммитінде ол бола­шақта жойы­ла­тындығы жарияланды.

Соңғы жылдары ТМД-ның тиімділігі туралы сын пікірлер көп айтылды. Соның ішінде 2004 жылы РФ Президенті болған кезінде В.Путин оны реформалау қажеттігі туралы пікір білдірген. Болмаса бұл ұйым өзінің қажеттілігін жояды, деді ол. Одан әрі 2005 жылы ол ТМД тек КСРО-ның бейбіт жолмен тарауына ғана қызмет ете алды, қалғаны «бос әңгіме» деген сөздер де айтты. Осындай сындар көп айтыла берген соң Қазақстан Президенті Н.Назарбаев 2006 жылы ТМД-ны реформалаудың өз нұс­қа­сын жасап, оның қажеттілігін әріп­тес­теріне мойындата алды. Оның ұсынған реформалары бойынша Ұйым келісілген миграциялық саясат жүргізу, бір­тұ­тас көлік коммуникациясын дамыту, ғы­лым-білім және мәдени-гуманитарлық саладағы өзара ықпалдастық, транс­шек­ара­лық қылмысқа қарсы күрес бағы­тын­да ынтымақтасуы керек болды. Қа­зір осы бағыттардағы ынтымақтас­тық­тар біршама жақсы жолға қойылған.

Жақсыбай САМРАТ.

_______________________

БЕЛОВЕЖ КЕЛІСІМІ: ОБЪЕКТИВТІ ҚАЖЕТТІЛІК ПЕ ӘЛДЕ...

Биыл Беловеж орманындағы келісімге 20 жыл толып, әлемнің саяси картасынан КСРО-ның кеткеніне де соншалықты уақыт болды. Оның дұрыстығы туралы қоғам күні бүгінге дейін бір тоқтамға келген жоқ. Социологтардың айтуына қарағанда, жыл өткен сайын империяның құлағанына өкінетін ресейліктер көбейіп келе жатыр екен. ТМД-ның құрылғанына 20 жыл толуына байланысты биыл көптеген кездесулер, форумдар, көрмелер, конференциялар мен семинарлар өткізілді. Соның бірі Душанбеде болған Мемлекет басшыларының кездесуі. Онда лидерлер ТМД туралы өздерінің нақты ойларын ортаға салды. Соның ішінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: «...бір уақыттарда тек жалқау ғана ТМД-ны нашар жұмыс істейді деп сынамаған шығар. Ондай пікірлер қазір де жоқ емес. Біреулер ТМД өзін өзі толық ақтап болды, енді оны тарату керек деп те айтты. Осындай пікірлердің бәрін ескеріп, біз ТМД-ны осыдан бес жыл бұрын реформалауды қолға алған едік. Сол істеріміз оң өзгерістер жасауға мүмкіндік берді. Біз Достастықтың барлық органдарының бөлімшелерін оңтайландырып, жұмыстарын біршама жетілдірдік. Және бұл жұмыстарды одан әрі жалғастырамыз. Біз ТМД-ның жұмысында кемістік барын ашық айтуымыз керек, сонымен бірге, бірлескен жұмыстарымыздың жақсы нәтижелері барын да көрмеуге болмайды. ТМД-ны кім қалай бағаласа да біз Достастық шеңберінде өзіміздің тәуелсіздігімізді нығайтып, бүгінгі күнге аман жеттік. Осының өзі біздің Достастығымыздың атқарған ең үлкен ісі», деді. Сонымен бірге, мемлекет басшылары болашақта экономикалық интеграцияны тереңдетудің қажеттілігі туралы көп айтты. Адамзат тарихында тиімді жұмыс істеген интеграциялар қатарында Еуропалық Одақты алдымен ауызға алу керек сияқты. Әлемдегі ең үлкен қанқұйлы соғыс аяқталғанына 12 жыл өткенде бұрын бір-бірімен үнемі соғысып келген еуропалық мемлекеттер өз әлеуеттерін біріктіру туралы шешім қабылдады. Сөйтіп, 1957 жылы қарапайым кеден одағы және тауарлар мен қызметтің, капитал мен адам ресурсының ортақ рыногы ретінде Еуропалық экономикалық қауымдастық өмірге келді. Тиісті саяси ерік-жігер мен экономикалық мүдделіліктің арқасында іс қайнап берді.

Ал енді кезінде одақтас болған ТМД елдеріне осындай жетістікке жетуге қандай кедергі бар? КСРО-ның кезінде солардың бәрі біртұтас болып, әлемдік рыноктағы бәсекелестікке төтеп бере алушы еді ғой. Бүтіннің мүмкіншілігі бөлшектен әрқашанда артық емес пе? Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың үнемі жариялап келе жатқан үндеулерінің түйіні де сол ғой. Ендеше... бір одақтың пайдасын көрген адамдар екінші одаққа аяқ басса несі айып. Еуразиялық одақтың болашағы зор болары күмәнсіз.

Сергей НИКОЛАЕВ, саясаткер.

* * *

ТІЛМЕН АЙТЫП ЖЕТКІЗГІСІЗ ҚУАНЫШ ЕДІ

КСРО-ның тараған кезі менің көз алдымда дәл бүгінгідей тұр. Біз өнер адамдары болсақ та сол кезде саясатпен айналысып кеттік. Тіпті, Одақ көлемінде саяси жаңалықтарға құлақ түрмеген адам қалмаған шығар. Өйткені, барлық ақпарат құралдарынан мәдениет те, әдебиет те, өнер де, өндіріс те, тіпті спорт та шамалы уақыт қана көрсетіліп, қалған уақыттың бәрі саясатқа арналатын. КСРО-ның ендігі тағдыры не болар екен деген алаң көңілмен жүргенімізде «КСРО-ны сақтауға қалай қарайсыз, әлде тәуелсіз ел болуды жақтайсыз ба» деген сұрақтар көтеріп, референдум өткізген Украина халқының 90 пайыздан астамы тәуелсіздікті жақтап дауыс берді. КСРО құрамында жүргенімізде барлық саясат Украинаны жақсы жағынан көрсетуге тырысып бағатынын көзіміз көрген. Оның әндерін, киносын, поэзиясын орталық өкіметтің насихат құралдары үнемі бас­қа­­лар­ға үлгі қылатын. Орыстар оларды «ең жақын туыс» деп санайтын және бұл ту­ралы да жиі айтылатын. Сол сияқты Грузия да тек ұнамды жағынан насихат­та­ла­тын. Басқа халықтардың акцентпен сөйлегенін ұнатпайтын орыс ағайындар грузин акцентіне қызығумен, тіпті сүйіспеншілікпен қарайтынын көзіміз көрген. Одақ кө­лемінде Украина мен Грузия елдің ең үлкен халқының еркетотайы болып саналды. Сөйтсек... Алдымен сол екі республика Одақты керек қылмаймыз деп шалқасынан түсті емес пе? Олай болса, Одақтағы өгей баланың күйін кешкен бізге не жорық? Тезірек тараса екен, тек тыныштықпен тынса екен деген сөздерді кездескен жерде бәріміз де бір-бірімізге айта беруші едік. Әрине, еліміздің солтүстігі мен шығысында басқа этностардың үлесі тым үлкен, әсіресе, сол аймақтарда тыныштық болса екен деп ойлайтынбыз. Сөйтіп жүргенде, Белоруссияның Беловеж орманында Ресей, Украина және Беларусь басшылары КСРО-ның өмір сүруін тоқтатып, ТМД деген ұйым құрып­ты деген хабар дүңк ете қалды. Шынымды айтсам, мен КСРО-ның біржола кеткеніне сен­ген жоқпын. Жау да алмайтын, құдай да алмайтын монстр жойыла қоюы мүмкін емес шығар деп ойлайтынмын. Тіпті, бұрын кетіп қалған Балтық елдері мен Гру­­­зияны да қайтадан қатарға қосып алатын шығар деп жүруші едім. Сондықтан да теледидар жаңалықтарынан көз алмайтын болдық. Бұрын да солай еді, енді тіпті көз алмадық. Әйтеуір, ол кезде жаңалықтарды тоқтаусыз әрі өте жылдам беріп жататын. ТМД туралы құжатқа қол қойылар-қойылмастан РСФСР парламенті оны ратификациялап үлгерді. Дәл сол күні Кремльдің үстінде желбіреп тұратын қызыл ту түсірілді. Енді КСРО парламенті де ТМД-ны мойындап, өзін өзі таратып жатты. Бәрі де рас, бәрі де көрген түстей бір күнгідей болмай, зырлап бара жатты. 16 желтоқсанда Қазақстан да өз Тәуелсіздігін жариялады. Ол күнгі қуаныш, енді, сөзбен айтып жеткізгісіз еді ғой... Содан бері, Құдайға шүкір, міне, 20 жыл өте шығыпты... Еркін КӘСЕНОВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.