Әрбір адам жеке тарих. Кезінде әлемдік рекорд орнатқан Ыбырай Жақаев, малшылардың маршалы атанған Жазылбек Қуанышбаев, даңқты қызылшашы Мәрзия Ибрагимова сияқты қаншама Еңбек Ерлері қазақ топырағынан шықты. Сонымен қатар, Ағаділ Сухамбаев, Баубек Бұлқышев, Абдолла Жұмағалиев сынды талай боздақ Отан үшін от кешті.
Тарихи тұлғалар ұмытылмауы тиіс. Қазақтың әрбір өлкесі қасиетті, қастерлі. Алайда әрбір өңірдің өзіндік ерекшелігін танытатын деректер болады. Мәселен, Жамбыл облысының Талас ауданынан кезінде 2 Кеңес Одағының Батыры мен 59 Социалистік Еңбек Ері шықты. Бәрі де кезінде Таластың колхоздарында еңбек етіп, қазақтың ежелгі кәсібі мал шаруашылығын дамытуға үлес қосқан азаматтар. Олардың арасында Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде 1943 жылы Лоевоның оңтүстік-батыс жағындағы 138,6 метр биіктікке алдымен жетіп, төбесіне ту тіккен Сәду Шәкіров, 708 саулықтың әр жүзінен 115-тен төл алған Иманбек Аманкелдиев, Үшарал ауылындағы ферма бойынша әрбір жүз аналықтан 113-тен төл алып, қаракөл елтірісінің сексен бес процентін бірінші сортқа жеткізген Әбдір Сағынтаев, әр жүз аналық бастан 112-ден төл алған Қасым Сәмбетов және өзге де Еңбек Ерлері мен Кеңес Одағының Батырлары бар.
Бүгінде Талас ауданының орталығы Қаратау қаласында, аудандық әкімдіктің қарсы алдында осынау азаматтардың барлығының да жекелеген бюстері орнатылып, есімдері жазылған. Ал оның жанында Ұлбике ақын атындағы мәдениет үйі орналасқан. Аудан әкімі Досмаханбет Әлиев ұлылардың ұлағаты әрдайым халқының жадында екенін айтады. «Ұлыдан ұлағат – ұрпаққа аманат. Біздер әрдайым Таластан шыққан тарландарды қадірлейміз. Сонымен қатар бұл аллея ұрпақтар сабақтастығына да жол ашады», дейді ол.
Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы