Медицина • 05 Қыркүйек, 2018

Түркістан облысында алғашқы үшем өмірге келді

564 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түркістан облысында жыл сайын орташа есеппен 7-8 үшем өмірге келеді. Соңғы 10 жылда 80-нен аса отбасыда үшем дүние есігін ашқан. Ал күні кеше облыстық №1 перинаталдық орталықта жарық дүние есігін ашқан үшем жаңа облыста алғашқы ретінде де ел есінде қалмақ.

Түркістан облысында алғашқы үшем өмірге келді

Сәбилердің қазіргі жағдайы жақсы. Бір мезетте ұл мен екі қызды босанған Келес ауданы Бірлік ауылының тұрғыны Аяжан Төленді осылайша 23 жасында «күміс алқа» иегері атанбақ. Олай дейтініміз, бақытты ананы үйінде үш ұлы күтіп отыр.

«12 апталығымда УЗИ-ге барып түстім. Дәрігерлер сонда шарананың үшеу екенін айтты. Алғашқыда сенбедім, қатты таңырқадым. Алла қолдап білікті дәрігерлердің арқасында аман-есен босанып алдым. Қазір өзімнің де, балалардың да жағдайы жақсы. Үлкенімнің салмағы 2 келі 300 грамм болса екінші сәбидікі 1 келі 900 грамм, ал үшіншісі 2 келі болды»,- дейді журналистерге ағынан жарылған Аяжан.  Перинаталдық орталықтың мамандары жаңа босанған анаға жеке мебдике тағайындапты. Үшем ай-күні жетпей туылғандықтан алғашқы медициналық  көмектің барлығы жасалған. Сәбилердің  әкесі жеке фирмада жұмыс істейтін көрінеді. Төленді әулеті үшемге Төрәлі, Фатима, Зәуре деп ат қойыпты.

Айта кетейік, №1 Түркістан облыстық перинаталдық орталықта жылына шамамен 9 мыңдай сәби дүниеге келеді.

 

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Түркістан облысы

Соңғы жаңалықтар