BBC агенттігінің Қырғызстандағы бюросы саммиттен жан-жақты ақпарат таратты. Арнаның хабарлауынша, іс-шара қорытындысы бойынша қабылданған құжаттардың маңызы зор.
«Шолпан ата шаһарында Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің VI саммиті өтті. Жиынды Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ашып, ұйым төрағалығын Қырғызстанға табыстады», дейді BBC Қырғызстан.
Агенттік жиынға қатысқан Венгрияның Премьер-министрі Виктор Орбанның сөздеріне ерекше назар аударған. Ол мажар ұлысы өз тілін, мәдениетін сақтап қалуға талпынып жатқанын, түркі тілдес мемлекеттермен жақын қарым-қатынас орнатуға әзір екенін жеткізді.
«Өзбекстанның ұйымға қосылуы туралы да мәселе көтерілген еді. Шавкат Мирзиёев Өзбекстанның Кеңеске кіруге ниетті екенін биыл Түркияға барған сапарында мәлімдеген», дейді BBC Қырғызстан.
Қырғызстан Президенті Сооронбай Жээнбеков Өзбекстанның ұйымға кіруін қолдайтынын жеткізді. Оның айтуынша, мұндай қадам Түркі кеңесіне жаңа серпін беріп, көптеген жаңаруға бастамақ.
Regnum.ru сайты Елбасы Н.Назарбаевтың «Түркі әлеміндегі 100 жаңа есім» жобасын ұсынғанына ерекше назар аударған. Агенттік бұған мысал ретінде Қазақстандағы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын келтіріп, соның аясында «Қазақстанның 100 жаңа есімі» мен қазақ әліпбиінің латын графикасына ауысуына тоқталған.
«Н.Назарбаевтың пайымдауынша, осыған ұқсас жоба басқа да түркі тілдес мемлекеттерге қажет. «Тағылымы мол тарихымызда әл-Фараби, Ясауи, Абай, Юнус Эмре, Низами, Физули, Ұлықбек, Айтматов секілді ірі тұлғалар бар. Осыған байланысты Түркі кеңесі аясында «Түркі әлеміндегі 100 жаңа есім» жобасын әзірлеуді ұсынамын» деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сонымен қатар Қазақстан Президенті Түркі кеңесі жастарының құрылтайын, ғылыми конференциялар, семинарлар, тарихи орындарға экспедициялар ұйымдастыруды ұсынды», дейді Regnum ақпараттық агенттігі.
Сондай-ақ Regnum.ru сайты саммит қорытындысы түркі әлемінің ынтымақтастығын нығайтып келе жатқандығын көрсетеді деп есептейді. Агенттіктің пайымдауынша, Венгрия Премьер-министрі Виктор Орбанның жиынға қатысуы Будапешттің болашағын Еуропамен емес, Тұранмен байланыстыратынын аңғартады.
Daily Sabah-тың хабарлауынша, Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі саммитінде ұйымға мүше мемлекеттердің әріптестігін нығайта түсу мәселесі көтерілген. Агенттік жиынға қатысқан мемлекеттер басшылары ұйым жұмысын одан әрі дамытудың маңыздылығына ерекше назар аударғанын жеткізді.
«Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Кеңеске мүше мемлекеттер арасындағы екіжақты тауар айналымы 22 пайызға артқанын, ендігі мақсат осы жетістікті келешекте одан әрі арттыру қажеттігіне тоқталды. Н.Назарбаев Түркі кеңесіне мүше елдер Шығыс пен Батысты, Солтүстік пен Оңтүстікті жалғастыратын көпір іспетті екенін жеткізді» дейді Daily Sabah.
Ал Венгрия үкіметінің ресми сайты мажар ұлысының түркі тілдес мемлекеттермен ынтымақтастығын жаңа деңгейге көтеруге ниетті екенін жазады.
«Премьер-министр Венгрияның бұған дейін де түркі тілдес мемлекеттермен тығыз әріптестік орнатып келгенін айтты. В. Орбан мажарлардың өздерін ғұндардың, Еділдің (Аттила) ұрпағы деп есептейтінін, ғұн-түркі байланысы мығым екенін, түркі тілдерімен туыстас екенін атап көрсетті. Ол шыққан тегін мақтанышпен айтатын ұлттың үлкен күшке ие болатынын жеткізді», дейді үкіметтің ресми сайты.
Саммит барысында В.Орбан түркі тілдес мемлекеттердің зор табысқа қол жеткізгенін, Венгрия халқы өздерінің шыққан тегі түркілер екенін мақтанышпен айтатынын мәлімдеді. Соңында Премьер-министр венгриялық Eximbank-тың түркі тілдес мемлекеттермен экономикалық ынтымақтастықты нығайту үшін 1,5 миллиард несие беріп, инвестиция салатынын айтты.
«Вечерний Бишкек» басылымына шыққан мақалада Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі күшейе түскені айтылып, осы бағытта Қазақстанның атқарған жұмысына оң баға берілген.
«Мемлекет басшысы Сооронбай Жээнбеков Қазақстан тарапына алғысын білдіріп, атқарылған жұмыстарды жоғары бағалады. «Ең әуелі, Қазақстанға және құрметті Нұрсұлтан Әбішұлына Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінде сәтті төрағалық еткені үшін ерекше алғысымды айтқым келеді. Осы уақыт аралығында Қазақстан Түркі кеңесінің абыройын асқақтатып, мүше мемлекеттер арасындағы маңызды келісімдерді жүзеге асыру бойынша ауқымды жұмыс атқарды. Қазақстан тарапының атқарған жұмысына алғысымыз зор», деді Қырғызстан басшысы. С.Жээнбеков биылғы саммиттің ерекше форматта өтіп отырғанына тоқталды. Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев пен Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбанның іс-шараға келуі Кеңестің ауқымы кеңейе түскенін көрсететінін айтты», дейді «Вечерний Бишкек».
Сондай-ақ С.Жээнбеков Өзбекстанның Түркі кеңесіне мүше ретінде кіруге талпынысын жоғары бағалайтынын, Венгрияның ұйымға бақылаушы мәртебесіне ие болғанын, жастар арасындағы байланыстарды нығайтуға шақырып, экономикалық және гуманитарлық бағыттағы арнайы жобаларды бірлесе атқарудың қажеттігін жеткізді.
Шолуды дайындаған
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»