06 Қыркүйек, 2018

Назарға алар жайттар бар

631 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Редакцияға арыз хат жолдаған Гүлмира Қалдыкөзова өзінің қызмет­тен себепсіз шығарылғанын жазыпты. Әрқашанда халықтың тыныс-тір­ші­­лігін, мұң-мұқтажын, құқы мен қа­мын назарда ұстайтын ел газеті бол­ған­дықтан біз бұл жайға да бейжай қарай алмадық. Сондықтан арыз­да­нушының «қызметтен себепсіз шыға­­рылып отыр­мын» дегеніне баса мән бердік. 

Назарға алар жайттар бар

Соған орай қажетті құжаттарды да алдырттық. Ал арызданушы хатында былай дейді: «Мен, 2015 жылдың ақпан айында аталған әскери бөлімге келісімшарт арқылы 3 жылға әскери қызметке алындым. Әскери қызмет атқару кезінде басшылық тарапынан бірнеше рет марапаттарға ие болдым. Тәртіп бұзған, не теріс қылық жасаған кез­дерім болған жоқ. Бірде-бір рет тәр­тіптік жауапкершілікке тартылған жоқпын. 

2017 жылдың қыркүйек айын­да Түркістан (бұрынғы ОҚО) облысының Төлеби ауданы­на қа­расты Әскери бөлім бастығы Р.Джаппаров жазбаша түрде «Ескерту хабарлама» беріп, онда келі­сімшарт мерзімі 2018 жылы ақпан айында бітетіні жөнінде ескерте отырып, келісімшартты ұзарту, әлде ұзартпау жөніндегі баяна­тым­ды ұсынуымды сұрады. «Ескер­ту-ха­барламада» егер, басшылық баяна­тымды қабыл алып, келісім­шарт­ты ұзартуға келісім берген жағдай­да, медициналық комиссиядан өтуім қа­жеттігі туралы көрсетіліпті. Мен хабар­ламаны алған мезетте, келісім­шартты ұзар­ту­ға келісетінім жөнінде өтініш білдіріп, баянатымды әскери бөлім басшысына жолдадым. Сонымен 2018 жылдың қаңтар айында мені кадр бөлімі шақырып, қолыма жолдамамды ұстатып, әскери медициналық комиссиядан өтуге жіберді. Демек, басшылық маған қызметті әрі қарай жалғастыруға рұқсат берген. Содан әскери комиссиядан өтіп, соңғы сатысы терапевт қалғанда, кадр бөлімінің басшысы мені өзіне шақырып: «Басшылық, әйел адамдардың келісімшартын ұзарт­­­­паймыз деп жатыр, қайталап баянат­ жазыңыз, – деген соң сол ақпан айын­да, келісімшарт мерзі­мін ұзартуын сұрап қайталап бая­нат жазып бердім. Сөйтсем, менің медициналық комис­сиядан өткеніме, жұмыс істеуге ынта­лы екеніме қарамастан, жаңа­дан келген әскери бөлім басшысы 2018 жылдың ақпан айының 20 жұл­дызында келісімшарттың ұзартыл­майтыны жөнінде бұйрық шығарып, қызметтен босатты. Өзім жалғыз бас­ты анамын. Мектеп жасында бір балам бар. Ешқандай да тәртіп бұ­зып жауап­кершілікке тартылғаным жоқ. Ден­саулығым жақсы. Бірнеше мақтау қа­ғаздарым бар. Екі ортада не себепті далада қалып қойғанымды түсінбеймін. Мені жұмыстан шығару үшін бір себеп болу керек еді ғой?».

Біз, бұл хатты оқи отырып, «Әс­кери қызмет және әскери қызмет­шілердің мәртебесі туралы» Заң мен одан туындайтын тиісті Ере­желерге сүйеніп, қолда бар құжат­тарды саралауды жөн деп шештік.

Сонымен, Г.Қалдыкөзова 2017 жылдың қыркүйек айында бас­шылық тарапынан хабарлама алған соң, өз тарапынан келісімшартты ұзарту туралы баянат жазып, кадр бөліміне тапсырады. Әскери бөлім басшысының келісімін алғаннан соң, кадр бөлімі 2018 жылдың 29 қаңтар күні Г.Қалдыкөзоваға жолдама беріп, ол 2018 жылдың қаңтар айында әскери дәрігерлік комиссиясынан өте бастайды. Содан кенеттен ақпан айының басында кадр бөлімінің бастығы Г.Қалдыкөзованы шақырып алып, «басшылық әйел азаматшалардың келісімшартын соз­байтынын мәлімдеді» деп ауыз­ша айтып, қайта баянат жазуға үгіттейді. Г.Қалдыкөзова ақпан айының 10 күні қайталап баянат жазып келісімшартты созуға қайтадан қолдау білдіруін сұрайды. Оған шекара заставасының бастығы келісімін білдіргенімен, әскери бөлім басшысының орнына келген жаңа басшы Д.Абсаматов келіспейтінін мәлімдеп 2018 жылы 20 ақпанда келісімшартты ұзарт­пау туралы бұйрық шығарып, Г.Қалды­көзованы қызметтен босатады.

Көрдіңіз бе, жағдай қалай өзгер­генін. Егер Қалдыкөзова кадр бөлімі бастығының үгітіне ермей екінші қай­тара баянат жазбағанда ше? Онда ол дәрігерлік комиссиядан толыққанды өтіп шығып, қызметін жалғастыруға кірісер еді. Неге оны кадр бастығы ша­қырып алып, қайта баянат жаз дейді? Не себеп болды? Нақты себеп жоқ. Тек шекара заставасының бас­­тығы қарсылық білдірмегенімен, әске­ри бөлім басшысының орнына жаңадан келген басшы қарсы екен. Неліктен? Жаңадан келген басшы бөлімдегі барлық қызметкерлерді жақ­сы біле қоймайтыны секілді, Г.Қал­дыкөзованы да жете біле қоймайды. Ал сөйте тұра оның бұ­рынғы озық істеп жүрген қызметін жалғастыруына қарсы болыпты. Бұл Г.Қалдыкөзованы жұмыстан шығаруға себеп болып табыла ма? Бірақ соған қарамастан бұл істі талқылаған Шымкент гарнизоны әскери соты былай деп ұйғарыпты. 

«Сот мәжілісінде анықталғандай, 26 қыркүйек 2017 жылы талапкер, Ереженің 16-тармағына сай, келісімшарт бойынша әскери қыз­метін одан әрі өткеруге ниет біл­діріп баянат келтірген. «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңның 2-тар­мағы 1-тармақшасына сай, келісім­шарт ерікті түрде Қазақстан Респуб­ликасының заңнамасына сәйкес екі тарап арасында жазбаша жасалады және өз қолданысын мерзімінің өтуі бойынша тоқтатады. Сонымен қатар, жоғарыда көрсетілген Заңның 26-бабы 1-тармағы 3-тармақшасына сай, келісімшарт мерзімінің аяқта­луы әскери қызметтен шығаруға не­гіз болып табылады» деп жазыпты сот.

Ал 2017 жылдың 14 қараша ­айында берілген «Хабарламаға» көз жүгіртсек, онда келісімшарттың уақыты 2018 жылы 20 ақпанда біте­тінін ескертіп, жаңа келісімшартты жасау немесе бұзу жөнінде баянат жазу керек екенін, егер 2018 жыл­дың 20 ақпанына дейін жаңа ке­лісім­­шартқа отырған жағдайда, әскери дәрігерлік комиссиясынан өту ке­ректігі анық айтылады. Сөйтіп алғаш­қы баянат мақұлданады. 2017 жылы 14 қарашада хабарландыру бе­ріледі. Кадр бөлімімен 2018 жыл­дың 29 қаңтар күні әскери қыз­метші Г.Қалдыкөзова әскери дә­рігерлік комиссияға жолдама арқы­лы жіберіледі. Соңында мәселе аяқ ас­ты­нан күрт өзгеріп, 2018 жылы 10 ақ­пан­­да қайта үгіттеп жазылған баянат өті­­ніші мақұлданбай, 20 ақпанда Г.Қал­дыкөзова жұмыстан босап қалады.

Қазақстан Республикасы Прези­дентінің 2006 жылғы 25 мамырдағы №124 санды Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасының Қа­рулы Күштерінде, басқа да әскер­лері мен әскери құрылымдарында әскери қызмет өткеру ережесінің» 4-тара­уы­ның 16-тармақшасына сәйкес, келі­сімшарт бойынша әскери қызмет мерзімін ұзартудан бас тартылған жағдайда әскери қызметшінің назарына бас тарту себептері көрсетіле отырып, жазбаша хабарламаға қолын қойғызып жеткізіледі деп көрсетілген. Енде­ше Г.Қалдыкөзова тәр­тібі жағы­нан жақсы мінезделсе, тәр­тіп­тік жауапкершілікке тартылмаса, басшылық тарапынан бірнеше марапаттарға ие болса, денсаулығы сыр бермесе, әскери бөлім басшысы оны неліктен шығарады деген сұраққа жауап берілуі керек емес пе еді? Сондықтан сот Г.Қал­дыкөзованың осы конституциялық құқығының таптал­ғанына назар аударғанда, жоғарыда атал­ған Ереженің 4-тарауының 16-тармақ­шасының талабына сәйкес, Әскери бөлім басшысы тарапынан, әске­ри қызметші Г.Қалдыкөзоваға келі­сімшартты ұзартудан бас тартуы­на нақты қандай себептер болғанын анықтауға да мүмкіндік болар ма еді деп ойлаймыз.

Сонымен қатар сот, осы атал­ған Ереженің 37-бабы 2-бөлімі 1-тар­мағына сәйкес, келісім­шарт­тың мерзімі өтуі бойынша тоқтаты­латы­нын ескеріп, осы баптың 3-бөлі­мінде көзделген, келiсiмшарт талап­тарында Қазақстан Респуб­лика­сы­ның заңнамасында белгі­ленген же­ңілдіктер, кепiлдiктер мен өтем­ақылар алуды қоса алғанда, адам­ның өз құқықтары мен оның отбасы мүшелерi құқықтарының сақта­лу құқығы көзделеді деген тала­бын қаперге алғанда жалғыз басты ана Г.Қалдыкөзованы жұ­мыс­сыз қал­­дырмай, оның заңды құқығы­ның бұ­зыл­ғанына да назар аударуы мүмкін бе еді дейміз. Сол кезде осы Ереженің 38-бабында көз­дел­ген, яғни келiсімшарт бо­йын­ша әске­ри қызметке кіретін адамдарға қо­­йы­латын талаптардың бір де бі­реуі Г.Қал­дыкөзова тарапынан бұ­­­зыл­ма­ғанын, оның тек жақсы жағы­­нан мінезделетінін, бірнеше мара­пат­тарға ие екенін, ешқандай тәр­тіп­тік жауапкершіліктерге тар­тыл­ма­ған­дығы да ескерілуі де мүм­кін бе дейміз. Г.Қал­ды­көзо­ваның бар үміті енді жоғары тұрған сот саты­сына артылып тұр. Демек, бұл мақа­ланың жалғасы болатыны да анық. 

Александр ТАСБОЛАТ,

Абдулмахмут ПОШАТАЕВ,

«Егемен Қазақстан»