Мемлекет басшысы татуластыру институттарын дамытуды алға қойған болатын. Өйткені, көптеген елдерде даулардың 50-60%-і бейбіт жолмен шешіледі. Бүгінде Жоғарғы сот бұл жұмысты екі бағытта жүргізуде.
Біріншісі – сотсыз татуласу. Бұл орайда әкімдердің, Қазақстан халқы Ассамблеясының, Кәсіподақтар федерациясының, Қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен татуласу орталықтары құрылуда. Бұлар алты облыста іске қосылды. Екіншісі – соттарда татуластыру. Оған арнайы судьялар бекітілді. Мәселен, Астана қаласы Сарыарқа аудандық сотында сондай судьяға жүгінгендердің 60%-і әрі қарай соттасудан бас тартқан.
Тағы бір маңызды іс, Жоғарғы сот Жоғары Сот Кеңесімен бірге жаңа судьяларды іріктеу жүйесін түбегейлі өзгертуде. Сол секілді судьялардың ауызша, жазбаша тілін жетілдіру ерекше назарға алынды. Себебі Елбасы айтқандай, мемлекеттік қызметшілер халықпен жеңіл, түсінікті тілде сөйлесуі керек. Бұл міндет судьяларға да қатысты. Сондықтан шешендік өнер саласындағы мамандардың қатысуымен өңірлерде тренингтер өтуде. Өйткені, 1 қыркүйектен бастап әрбір судья екі жаңа талапты орындауға міндетті болды, яғни Жоғарғы соттың нормативтік қаулысымен бекітілген сот шешімін, үкімін, қаулысын, құрылымын, сондай-ақ шешім, үкім жариялағаннан кейін неге сондай қорытындыға келгенін қарапайым тілмен түсіндіру қажет.
Бүгінде ақтау үкімдерінің саны 4 есе көбейді. 2017 жылғы 6 айда 28 болса, ағымдағы жарты жылда 101. Бұл жеке айыптау істерін қоспағанда. Бұрын ақтаулар, негізінен, онша ауыр емес және ауырлығы орташа істер бойынша болса, қазір жағдай өзгере бастады. Ауыр және аса ауыр істер бойынша ақтаулар көп.
Судьялардың VII съезінде Мемлекет басшысы бірыңғай сот практикасын қалыптастыруды тапсырған болатын. Осыған сәйкес, судьялардың бірыңғай сот практикасын ұстануына сәйкес IT-бағдарлама әзірленуде. Кез келген адам сотқа бармай-ақ дау бойынша қандай шешім қабылдауы мүмкін екенін IT жүйе арқылы көріп, алдын ала болжай алады.
Дамыған елдердің басым көпшілігі әлдеқашан әкімшілік юстицияны енгізген немесе енгізуде. Жоғарғы сот Әділет министрлігімен бірге сондай заңның жобасын әзірлеп, ол құжатты басқа мемлекеттік органдармен келісуде. Ал әкімшілік юстицияның мәнісі – жеке немесе заңды тұлға мемлекеттік органның шешімімен немесе оның әрекетімен/әрекетсіздігімен келіспесе, дәлел іздеуге міндетті емес. Мемлекеттік органның өзі сотта өзінің шешімін немесе іс-әрекетін негіздеуі тиіс. Бұл елдегі экономикалық, инвестициялық, бизнес-ахуалды жақсартады.
«Егемен-ақпарат»