Қазақтың қаракөз ұл-қыздары ерліктің ерен үлгісін көрсетіп, тіпті қыршынынан қиылса да, өзгелер алдында туған елінің мерейін мәңгілікке көтеріп кетті, жатқа қазақтың батыр халық екенін дәлелдеп берді. Маңғыстау өңірінің перзенттері – Жұмағали Қалдығараев, Мәди Бегенов Кеңес Одағының Батырлары атанса, Берлинді алғаш бомбалаған қазақ – ұшқыш Біләл Қалиев Батыр атағына ұсынылғанмен, кезекті сапардан оралмай оққа ұшуына байланысты атаққа қол жеткізе алмай кетті. Сол секілді айрықша батырлығымен жоғары марапатқа ұсыныла тұрып, ататегіндегі ақтаңдақтар салдарынан аталмыш атақты ала алмаған, бірақ өз ерлігін дәлелдеп «Даңқ» орденінің толық иегері атанған Кемер Оңғалбаев, Ленин орденді Исатай Сүйеубаев, Бас қолбасшыдан 13 рет алғыс хат алған, I, II дәрежелі «Отан соғысы» орденінің, III дәрежелі «Даңқ» және «Қызыл жұлдыз» ордендерінің иегері, ұшқыш Бегейбай Ахметов ел мақтаныштарына айналды. Олардың бірқатары Маңғыстау даласындағы аласапырандарға байланысты көрші түрікмен жерінен соғысқа аттанғанмен, Маңғыстаудың төл перзенттері болатын.
Ал Маңғыстаудың өзі де соғыс даласынан алшақ жатқан аймақ болып қала берген жоқ – соғыстың алғашқы жылдарында фашистердің ішке дендей енуі салдарынан, яғни майдан шебінің Еділ, Кавказға дейін жетуіне орай бұл өңірдің маңызы арта түсті. Деректер соғыс жүріп жатқан өңірлердегі балық консервілеу және жүзбелі балық өңдеу зауыттары, балық майын өндіретін станса және кеме жөндеу зауыты секілді қорғанысқа, майданға қажетті кәсіпорындардың Маңғыстауға көшірілгенін айтады. Балыққа қатысты зауыттарға майданға азық дайындау міндеттелсе, кеме жөндеу зауыты Каспий акваториясындағы зақымданған кемелерді жөндеумен айналысқан. Тіпті деректер ел аузында «Малютка» атанған шағын торпедолық кеме жасайтын әскери зауыттың Маңғыстауда оңаша қойнауда орналасып, кеме құрастырғанын алға тартады. «Малюткамен» жауға атойлай ұмтылып, көк айдын үстінде аласапыран айқасқа кірген ердің бірі – маңғыстаулық Қалмағанбет Қалақауов.
Маңғыстау ауданының Жармыш ауылында 1923 жылы дүниеге келген Қалмағанбеттің ата-анасы Қалақау мен Шүрек 1931-1932 жылдардағы дүрбелеңде Түрікменстанға қоныс аударады. Оқу-білімге құштар, зерек Қалмағанбет алдымен Ашхабадтағы жұмысшы факультетін үздік бітіріп, 1939 жылы осы қаладағы ауылшаруашылық институтының құрылыс-механика факультетіне оқуға түсіп, екінші курста оқып жүргенде әскер қатарына шақыртылады. 1941 жылы Қ.Қалақауов Ленинград майданына түсіп, «Старая русь» ұрыстарында шайқасады. Соғыстағы қайтпас батылдығы, шеберлігі мен ерлігі үшін «Даңқ», «Қызыл жұлдыз» ордендерімен марапатталады. 1943 жылы көзге түскен ширақ та жалынды жас Жоғарғы Бас штабтың бұйрығымен Баку жоғарғы әскери теңіз флоты училищесіне жіберіледі. Училищені бітірген соң Қызыл Тулы Балтық флотына басшылық қызметке жұмсалып, туған жері – Қазақстанда, оның ішінде Маңғыстаудағы Саура жерінде жасалған «Малюткамен» Ленинград майданын бетке алады. Соғыстың қиян-кескі күндеріне, Ленинградты азат етуге бастан-аяқ қатысқан теңізші офицер Қалақауов Жеңіс мейрамын Одер сағасында қарсы алады. Жеңісті асыға күтіп, жалаулата қарсы алғанмен, елге қайтпай әскер сапында қалған Қалмағанбет Ленинградтағы Жоғары әскери теңіз академиясын үздік бітіріп, Солтүстік Мұзды мұхит бассейнінде, Қара теңізде әскери флотилияда жоғары қызметте болады. Сухуми, Батуми, Мурманск қалаларындағы әскери теңіз флоттарында басшылық қызмет атқарады, әскери қызметті Севастополь қаласындағы Жоғары Әскери теңіз училищесінің кафедра меңгерушісі болып аяқтаған, қазақ, орыс, түрікмен, неміс, ағылшын тілдерінде сөйлейтін, сауатты азамат Қалмағанбет Қалақауов отбасымен Севастополь қаласына тұрақтап, зайыбы Шархат екеуі қала халқының сыйлы азаматтары атанады, қыздары Дина мен Жібекті қатарынан кем қылмай өсіреді. Қалекең тегі маңғыстаулық қыз Шархат Бисенқызымен 1948 жылы отасады, ата-анасының қуғынға ұшырауына байланысты балалар үйінде тәрбиеленген Шархат Ашхабад университетінің орыс тілі мен әдебиеті факультетін бітірген ұстаз. Бірінші рангты капитан Қ.Қалақауов 70 жасқа толғанда «Севастополь қаласының құрметті азаматы» атағы беріледі, арада төрт жыл өткенде, яғни 74 жасында қазақтан шыққан алғашқы жоғары білімді әскери теңізші офицер, бірнеше жауынгерлік марапаттардың иегері, контр-адмирал Қалмағанбет Қалақауов өмірден өтеді.
Өмір жолынан тағдырдың желі Қалмағанбетті қаңбақтай қақпақылдап, айдаудай-ақ айдағанын аңғарамыз. Өндірдей жас кезінде туған елден түрікмен еліне кеткен ол ары қарай қан майданға аттанып, «баспаған жері, бармаған тауы» қалмайды. Шөлде туылған бала теңіз тарланына айналады және теңізші әскери мамандарды дайындаушы жоғары шенді офицер атанады. Бес жыл бойы қан майданда арпалысып, ерлікке толы соғыс жолдарынан өткен батырлығы тағы бар. Қазақ жат жерде, қиын кезде өзінің ғана емес, халқының абырой-беделін биік ұстап өткен Қалмағанбет Қалақауов сынды ұлдарын мәңгі мақтаныш етуге тиіс, алайда өмірі жат жерде өрілген контр-адмиралдың есімі барша қазақ түгілі маңғыстаулықтардың өзіне етене таныс еместігі өкінішті. Өзге елден майданға аттанып, жат жерде еңбек етіп, шет жұрттан топырақ бұйыруы – тағдыр, оны ешкім сұрап алмайды, ең бастысы – азаматтық атына, ел-жұртының абыройына кір келтірмей өтуі.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы