25 Желтоқсан, 2011

Кім кінәлі?

509 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Редакцияға әуелі Фузаилов Мерилхамнан арыз келіп түсті. Жеті айға жуық тергеу изоляторында отырған, кейін сотта ақталған жігіт жаланың құрбаны болғанын, денсаулығынан айырылып, дүйім жұрттың алдында абырой-беделінің түскенін жазады. Алаяқтық әрекеттен зардап шеккен Фузаилов «Егеменнен» араша  сұрайды. Осы хаттың ізін ала редакцияға Мубарак Ирисметова деген азаматша арыз алып келді. Ол да өзінің хатында алаяқтықтың құрбаны болғанын, өзінің інісі мұның атынан құжат толтырып, белгілі бір банкке қарыздар етіп қойыпты. Және ол аз ақша емес. Бұл арыз иелерінің, Фузаиловтың да Ирисметованың да шағымданып отырғаны бір адам – Ниязов Еркін. Ол кім? Айыпсыз айыпты Шымкент қаласына іссапар кезінде Мерилхам Фузаиловпен кездестік. Жабылған жаладан жаны жараланған жігіт өзінің басынан кешірген азап пен қиыншылықтары есіне түсті ме, кім білсін бір сәтке көңілі босап, булығып қалды. – Жасым 50-ге келгенде ұры атанып, түрмеге тоғытыламын деп ойламаппын, – деді ол сәл үзілістен кейін әңгімесін қайта жалғап. «Жала күйдірмесе де, күйесін жағады» деген сөз бар ғой. Сол күйеден қалай арыламын деген сұрақпен-ақ басым қатты. Көпшілік таныстарым осы мәселе бойынша «Егемен Қазақстанға» арыздануымды айтып еді. «Мен 2001 жылы Шымкент қаласындағы М.Мәметова көшесінен үй сатып алдым. Мұхаббат Ниязова және оның екі ұлы Еркін мен Ұлықбек көршілерім болатын. Көресіне осы көршімнен көрдім. М.Ниязованың алдында не жазып қойғанымды білмеймін, кездескен сайын мені және менің отбасымды балағаттаумен болатын. Қолы бос адам күн ұзақ айқай салып, ұрыс шығарудан шаршамайтын. Бірде тіпті екі баласының атын атап, «Еркін, Ұлықбек мына көршінің көресісін көзіне көрсетіңдер» деп айғайлағанын да құлағым шалды. Бірақ мен бұл әңгімені ұмытуға тырыстым. Сөйтсем, өз-өзімді бекер жұбатыппын. Еркін анасының «тапсырмасын» бұлжытпай орындады. Оқиға былай болған еді. 2010 жылдың 7-8 желтоқсан күндері менің үйімнің қақпасы алдында «Опель» көлігі тұрды. «Айна» базары жақын болған соң соған келген біреу уақытша қойып кеткен болар деп ойладым.  9 желтоқсан күні таңертең жұмыспен кетіп, біраздан кейін айналып келсем, әлгі мәшине сол орында әлі тұр екен. «Үш күннен бері біздің үйдің алдында тұрған мәшиненің иесін білмейсің бе?» деп әйелімнен сұрадым. Ол бұл көлікті көршіміз Еркін Ниязовтың қойып кеткенін айтты. Мен көшеге шығып, үй алдындағы қарды тазалауға кірістім. Ниязовтың қойып кеткен көлігі тақау тұрғандықтан оның айналасындағы қарды да тазалап шықтым. Жұмысты бітіріп, жылыну үшін үйге кіргенім сол еді ізімнен Еркін Ниязов кіріп келіп жағама жармасты. «Кілттерді бер, құжаттарды қайтар, ақшаны тап» деп айғай салды. Түкке түсінбеген мен «неғылған кілттер, қандай құжаттар, қандай ақша» деп сұрасам, «Сен мәшиненің терезесін сындырып, менің заттарымды ұрладың» деп жала жаба бастады. Сол мезетте ол мені сүйреген күйі үйіне апарды. Төргі бөлмедегі бейнекамераны көрсетіп, «Міне, мына мәшиненің қасындағы сенсің, ұрлық жасаған өзіңсің» деп жеңістік берер емес. Расында да менің үйімнің алдындағы мәшине бейнекамерадан көрініп тұр, менің қар тазалап жатқаным да түсірілген. Бірақ терезе сындырып, ұрлық жасап жатқаным көрінбейді. Сонда да болса да Еркін жеңістік берер емес. Нәтижесінде полиция шақыртты. Тергеуші Р.Қонарбаев менен түсінік жазуды талап етті. Мен барлық жағдайды көрсетіп, түсінік жазып бердім. Тергеушінің кабинетінде өзін қожайындай сезінген Еркін Ниязов маған «екі сағаттың ішінде 50 мың доллар тауып берсең, арызымнан бас тартамын, олай болмаған жағдайда өзіңнен көр» деп қоқаңлоққы жасады. «Өзіңді түрмеде шірітемін, үйіңді, мәшинеңді тартып алып, бала-шағаңды қаңғытып жіберемін» деп айқайлады. Менің ол мәшинеге тиіспегендігімді, терезесін сындырмағандығымды, ақша ұрламағандығымды айтып ақталудан басқа амалым қалмады. Екі-үш күннен кейін ішкі істер бөліміне қайта шақырып, түрлі сұрақтар қойды. Осындай тергеуге қатысты күндер жиі қайталанатын еді. 27 желтоқсан күні тергеуші Б.Нышанбаев мені тағы да шақырып алды да үш сөткеге қамайтынын ескертті. Изоляторда отырған кезімде де Ниязов қайта-қайта келіп, менен ақша талап етуін жалғастыра берді. Мен әрине оның бопсалауына берілмедім, өзімнің таза екенімді дәлелдейтінімді айтудан тамбадым. Бірақ ол «уәдесінде» тұрды. 2010 жылдың 28 желтоқсанынан 2011 жылдың 28 шілдесіне дейін қамауда отырдым». Әрине ашынған адамның айтары көп. Айыпсыз айыпты болған Мерилхамның ісін қараған Шымкент қаласы Еңбекші аудандық соты оның әрекетінде қылмыстық құрамның болмауына байланысты сот залынан ақтап шығарды. Еркін Ниязовтың Фузаиловтан талап еткен 4 миллион 570 мың 640 теңге туралы талап-арызы қанағаттандырылған жоқ. Бірақ Е.Ниязов аудандық соттың бұл үкіміне қанағаттанбай, облыстық сотқа апелляциялық шағым түсірді. Осы шағым бойынша Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының аппеляциялық алқасы 2011 жылдың 14 қыркүйектегі қаулысымен М.Фузаиловқа қатысты шығарылған Еңбекші аудандық сотының үкімін өзгеріссіз қалдырды. «Інімнің айтқанына сеніп қалдым» Үш баласы бар жалғызбасты ана Мубарак Ирисметова сонау Шымкенттен Астанаға арнайы келіпті. Өзінің айтуынша, ол алаяқтықтың құрбаны болған екен. Сенгіштігінің арқасында өзінің інісінің алдауына түсіп, қарызға белшесінен батқан. Түсінікті болу үшін Мубарактың «Егеменге» жазған арызын сол күйінше беруді жөн көрдік. «2007 жылдың қыркүйек айында інім Ниязов Еркін келіп, банктен несие алуға ұсыныс жасады. Сол ақшаға үш баламмен маған жеке үй алып беретінін айтты. Мен келістім. Өйткені, өгей шешем Мұхаббат Ниязова көптен бері үйді босат деп мазамды алып жүретін. Егер інім өз ойлағандай ақшаны банктен алып, маған үй сатып алып берсе, үш балаңды алып өз алдыма шаңырақ болып шығатыныма қуанғаным да дас. Бір аптадан кейін інім Еркін екеуміз оның таныс нотариусы Кемелова Ақмаралға келдік.  Сол жерде Сауран есімді тағы бір жігіт бізге қосылды. Інім Еркін мен Сауран нотариуске бірге кіріп кетті. Кейін мені ішке шақырды. Бір құжаттарға қол қойдырды да мені қайтадан сыртқа шығарып жіберді. Көңілімдегі сұрақтарды қойғым келіп еді, Еркін тіпті құлақ аспады. «Ешнәрседе шаруаң болмасын» деп шорт қайырды. Келесі күні Желтоқсан көшесіндегі «Нұр Банк» ғимаратына келдік. Есік алдында бізді Жасұлан деген жігіт күтіп тұр екен. Бәріміз бірге ішке кірдік те, мені жеке кабинетке алып барды. Сол жерде отырған бір қызға маған қатысты құжаттарды тезірек толтыруға тапсырма берді. Жасұлан шығып кеткеннен кейін ол қыздан рұқсат сұрап, құжаттарға көз жүгірттім. Байқағаным, «Ақжол» дәмханасын кепілге қойып, мен 12 миллион теңге несие алуым керек екен. Сол кезде кабинетке Еркін кіріп келді де менің қолымдағы құжаттарды жұлып алды. Әлгі қызға құжаттарды көрсетпеу туралы тапсырма берді. Кейін Еркін мені тағы бір кабинетке ертіп келді. Бұл осы банктің төрағасының кабинеті екені байқалады. Сол бастыққа кіріп, несие алудан бас тартуға ұйғардым да, ашық қалған есіктен інім Еркіннің сыныптасы Әлімжанды көріп, көңілім жайланғандай болды. Кейін мені кассаға ертіп барып, құжаттарға қол қойдырды да мені шығарып жіберді. Ақшаны алып шыққан Еркін маған енді үйге қайта бер деді де, өзі басқа жақа қарай бағыт алды. Мен үйге қайттым. Арадан екі жыл өтті. 2009 жылдың көктемінде Қаржы полициясынан телефон шалып, жоғарыда аталған банкке менің 36 миллион теңге несиеге қарыз екенімді ескертті. Екі жылдан бері ешқандай ақша төленбеген екен. Төбеме жай түскендей болды. Тез арада Еркінді тауып алып, жағдайды айттым. Жарты жылдан кейін бірнеше рет сотқа шақырылдым. Еркін болса, менің ешкіммен араласпауымды, ешкіммен кездеспеуімді талап етті. Арадан біраз уақыт өткеннен кейін мені тағы да Қаржы полициясына шақырды. Мен ол жерде барлық мән-жайды жазып бердім. Мұны білген Еркін менің жер-жебіме жетті. Кейін сабасына түскен соң «бәрін де өзім шешемін» деп көңілімді жұбатқандай болды. Бірақ мен оның сөзіне сене қоймадым. Айтқанымдай-ақ, бірнеше күннен кейін ол маған келіп, «несиені жаба алмасақ сені соттайды. Бірақ саған көп жыл бермейді. Үш балаңның барын ескеріп, аз мерзімге отырып шығасың» дейді ұялмай. Мен оған не жауап қайтарарымды білмей, тілім байланып қалғандай болдым. 2010 жылдың 27 тамызында осы қарызға байланысты інім екеуміздің арамызда тағы жан-жал болып, шешеміз мені және үш баламды үйден қуып шықты. Мен бүгінгі күні әркімнің қуысында пәтер жалдап тұрып жатырмын». Не істеу керек? Екі бірдей тағдырды тәлкекке ұшыратқан Еркін Ниязовтың әрекетіне баға беруден аулақпыз. Оған құзыретіміз де жүрмейді. Мақаламыздың тақырыбын «Кім кінәлі?» деп қойдық та, соған жауап іздеуге тырыстық. Екі арызбен танысып, шағым иелерінің өздерін сөйлеткеннен кейін барып, сол сұраққа жауап табылғандай болды. Екеуі бірдей – Мерилхам Фузаилов та Мубарак Ирисметова да өздеріне зәбір көрсеткен адамның атын атап, түрін түстеп отыр.  Енді не істеу керек? Бұл сұрақтың басы ашық. Әзірше. Шарафадин ӘМІРОВ Астана – Шымкент – Астана.