Әлемде киімге деген сұраныс артуда
Тіпті, бүгінгі киім нарығының шарықтау шегіне жеткені сондай, «брендтік», «люкстік киімдер» деп екшеленіп, құны алтыннан да бағалы бола бастады. Бұл үдерістен қазақ дизайнерлері де қалыс қалған жоқ. Отандық өнімнің жарнамасы жер жарып тұрмаса да, бағасы шетелдік киімдермен бірдей. Себебі отандық бренд қалыптастырушылар матадан бастап, қажетті жабдықтардың барлығын сырттан алдырады.
Таяуда түрік лирасының долларға шаққандағы бағамы 27 процентке құлдырап, рекордтық көрсеткіш орнатты. Бұл жағдайды туристер тиімді пайдаланып, қоржындарын түрік тауарларына толтырып үлгерген. Әсіресе, Chanel, Louis Vuitton бутиктерінің алдында Азия мен Араб елдерінен келген туристердің қарасы қалың. Осыған орай, Блумберг агенттігі сараптама жасап, Түркиядағы сауда-саттық өткен жылдың жаз мезгілімен салыстырғанда 30 процентке артқандығын анықтады. Кемердегі әшекей бұйымдар сататын дүкеннің иесі Эрол Калачтың айтуынша, лира бағамының өзгеруі сауда-саттықтың, оның ішінде косметика, әшекей бұйымдар мен киімдердің көптеп сатылуына әсер еткен. Оның үстіне тауарлардың барлық түрін түріктердің өздері өндіретін болғандықтан өнімге қосылатын процент мөлшері кеміп, бағасы да арзандай түседі. Осыдан барып, өнім өндіруде шикізаттың елімізде өңделуі, оны сұрыптап дайын өнім шығаруға ұсынатын шағын цехтардың көптеп ашылуы аса маңызды екенін түсінеміз.
Қазір қажетті материалдардың сырттан әкелінуі экономикадағы қалыпты үдеріске айналып отыр. Әлбетте, бұл жалпы сатылымдағы бағаның аспандап кетуіне негізгі себеп болмақ. Ал шикізатты сырттан алып, одан дайын материал жасап, оны еселеп қайта сыртқа шығару арқылы пайдаға шаш етектен кенелген дамыған мемлекеттер аз емес.
Оның өзінде сауда нарығында шикізаттың құны соншалықты қымбатқа түсе қоймайтыны белгілі. Мысалы, Еуропа елдері, оның ішінде сәнді киімнің отаны саналатын Италия мен Франция қара қойдың жүндерін арнайы тапсырыспен алдырады. Олардың талабы бойынша шикізат тасымалдайтын елден жүнді жуып жіберуге қатаң тыйым салынған. Еуропалықтарда жүнді тазартудан бастап, мата жасауға дейінгі кезеңді қамтитын арнайы цехтар жұмыс істейді. Яғни шикізаттан қандай жағдайда сапалы материал алуға болатынын жақсы меңгерген. Сол үшін де өздерінде бекітілген ереже бойынша жұмыс жүргізіп отыр. Бүгінде еуропалықтардың сәнді, сапалы маталарына сұраныс жоғары, оның бағасы да арзанға түспейді. Соған қарамастан, қоғамда дайын маталардан брендтік киім тігіп, оған «отандық өнім» деп атау беріп, саудасын қыздырып жүрген сәнгерлер де, тігіншілер де, кәсіпкерлер де жетерлік.
Әлемдік киім нарығының қалыптасу дәуірі дамыған елдерде шарықтау шегіне жетті десек, артық айтпаған болар едік. Оған дәлел Forbes келтірген мына бір ақпарат. Бүгінде Gucci, Louis Vuitton, Burberry, Chanel, Versace, Prada, Dior, Alexander McQween, Giorgio Armani, Ralph Lauren, Hermes, Dolce & Gabbana, Salvatore Ferragamo, Dunhill, Calvin Klein сынды брендтер шартарапты жаулап үлгерді. Оның бір көрінісі мынада. Соңғы екі жылда сәнге сауаттылығы артқан қауымның қарасы қалыңдап, киім алушылар саны 3,5-тен 4,5 процентке артып отыр. Егер бұған дейін киім нарығы Еуропа мен Солтүстік Африкада қарқынды дамыса, бұл үдерістің соңғы екі жылда географиялық орны өзгеріп, Азия мен Оңтүстік Америка елдеріне қарай ауысқан. Десе де, әлемдік деңгейдегі брендтік киім индустриясында мәселелер де бар. Бұл туралы таяуда McKinsey және Company агенттіктері сараптама жасап, цифрлы технологиялардың сән саласына енуі арқылы екі есе пайда табуға болатынын, бірақ бұл мәселеге келгенде оқ бойы озық тұрған брендтердің өзі ақсап тұрғанын жазады. Бүгінгі цифрлы дәуірдің алпауыттары Alibaba және Amazon сынды корпорациялар жоғарыда аталған сән индустриясының өкілдерін бірлесе жұмыс істеуге, әр тауар өндірушінің коммуникациялық арнасын қалыптастыруға үндеп отыр. Алдағы екі жылда цифрлы әлемге қосылу арқылы өнімдерін насихаттауға ниет білдірушілер саны 75 процентке жетеді деген болжам бар.
Шетелдік материалдардан жасалған «отандық өнім»
Соңғы уақытта Қазақстанда отандық өнімдердің үлесі артып, жеңіл өнеркәсіпті дамытуда сең қозғала бастағандай. Киім, тоқыма өндірісі өткен жылмен салыстырғанда 15,5 процентке артқан. Оның ішінде республикалық көрсеткіштің 51 проценті Алматы облысына тиесілі. Бұл өңірде елге танылып үлгерген «GLASMAN», «Арлан 777», «ТФ Ажар», «Медиатекс-Н», «Texti Market» сынды брендтер бар. Киім өндірісі бойынша екінші орында Қарағанды облысы тұр. Аталған өңірдегі киім өнеркәсібі жалпы көрсеткіштің 16,1 процентін құрайды. Онда сыртқы киім шығаратын «Temirtau assoclates and ancillarles» компаниясы және арнаулы киімдер шығаратын «Ютария LTD» ЖШС жұмыс істейді. Ал үздік үштіктің қатарына кіретін Алматы қаласына жалпы көрсеткіштің 14,6 проценті тиесілі. Дегенмен, елдегі жеңіл өнеркәсіп, оның ішінде киім өндірісі енді қарқын ала бастаған салалардың қатарында. Себебі, елімізде сырттан келетін дайын өнімдердің үлесі басым. Мысалы, тоқылған жемпірлер мен кеудешелердің 98,9 проценті сырттан әкелінсе, бар болғаны 1,1 проценті отандық өнім. Сыртқы киімдердің 97,9 проценті шетелден келсе, 2,1 проценті қазақстандық өнім, ал спорттық киімдердің 83,1 проценті импорттық тауарлар болса, 16,9 процент отандық өнімнің үлесі. Шұлық сынды тоқыма өнімдердің 80,7 проценті сырттан келетін тауарлар, ал 19,3 проценті өзіміздің өнімдер.
Отандық өндірушілердің нарықты толық қамтамасыз етуге әлеуеті жеткіліксіз болуына қандай себеп түрткі екенін білу үшін бірнеше киім шығаратын фабрикалар мен шеберханаларға хабарласып көрген едік. Kazakhstan Brand Incubator-дың негізін қалаушы Айка есімді дизайнердің айтуынша, соңғы жылдары отандық киім шығаратын ірілі-ұсақты фабрикалар мен жеке дизайнерлер Қазақстандағы киім индустриясын ілгерілетіп, тың жаңалықтар әкелуде. Көпшілігі әйелдерге арналған киімдер мен аксесуарлар және ерлерге арналған костюмдер мен балалар киімін өндіруді қолға алған. Десе де қазақстандық брендтердің сапасы әлемдік деңгейге жете алмай отыр. Отандық киімдер сыртқа экспортталған кезде тұрақты түрде ауқымды көлемде тауар жеткізу мүмкін емес. Бізге бүгінгі таңда ішкі нарығын жаулаған Италия, Түркия, Оңтүстік Корея, Қытай сынды алпауыт мемлекеттердің тауар айналымын қалыптастырудағы жүйесі үлгі болуы тиіс. Аталған елдерде экспорт мәселесі мемлекеттік деңгейде реттеліп отырғандықтан, бұл саланың дамуы ерекше байқалады. Екіншіден, әлемдік стандарттарға сай келетін коллекциялар құрып, соңғы трендтердің негізінде киім үлгілерін жасай білуге үйрететін оқу орындары бар. Онда өнімнің шикізат күйіндегі дайындалуынан бастап, дүкен сөрелеріне жайғасуына дейінгі кезеңдер толық қарастырылады. Дизайнердің ойынша, кезінде италиялықтар мен франциялықтар ойлап тапқан киім үлгілерінің бүгінде Түркия, Польша, Румыния, Қытай, Үндістанда балама нұсқалары тігіледі. Айта кетерлігі, көшірме көпшілікке қолжетімді болғанымен де ерекшеленіп отыр. Ал таза италиялық, иә болмаса франциялық киімдердің сапасы жоғары бағаланып, құны да қымбат болады. Әлбетте «люкс киімдерді» киюді кез-келгеннің қалтасы көтере бермейтіні ұғынықты. Сұраныс жоқ болғаннан кейін елімізде ресми түрде еуропалық бренд киім сататын бір ғана дүкен тіркелген.
Дизайнер Айка қазақстандық бренд қалыптастырушылардың жиі ұшырасатын мәселелерін жіпке тізіп берді. Ол мәселенің мәнісін былай түсіндіреді:
− Біріншіден, киім тігуге қажетті материалдың барлығын өзге мемлекеттерден алдырамыз. «Бізде неліктен отандық өнімнің бағасы қымбат?» деген сұрақ жиі қойылады. Алдымен, киім құнына жолға кететін шығындар мен кедендік салықты қосамыз. Оның үстіне Түркия, Қытаймен салыстырғанда елімізде тігінші, иә, болмаса өзге де қызметкерлерге берілетін жалақы қымбат және жалға алатын орын құны да аспандап тұр. Қажетті заттарды сырттан алатын болған соң, доллармен сауда жасайтынымыз түсінікті. Бұл да отандық өнімдердің қымбатқа бағалануына тікелей әсер етеді. Мысалы, Италия, Қытай, Түркия, Ресейден иірімжіпті де, былғарыны да, жібекті де алдырамыз. Сонымен қатар өзге елдердегі тігін шеберханаларынан әлдеқайда үнемді, қаржылық тұрғыдан тиімді әдістерді көрдім. Оны елімізге енгізу қажет деп санаймын. Тағы бір мәселе, әлі күнге дейін сән индустриясын сала ретінде оқытатын мамандық жоқ. Бұл әуесқой тігіншілердің саны басым болғанымен кәсіби тұрғыдан кенже екендігін көрсетеді, – деді. Мәселенің мән-жайына қанық болғаннан кейін ақыры сырттан келетін дайын өнімге киім тігетін болсаңыздар, оның несі «отандық өнім» деген сыңайдағы қыңыр ойымызды жасыра алмадық. Сөйтсек, қазақстандық дизайнерлер ойдан шығарған туындыларын, яғни образдарын жасап, идея Қазақстанда туғандықтан киімге «отандық» деген атау береді екен. Көбіне шеберлер образдарын қазақы нақыштағы оюлармен өрнектеп, сәндеу арқылы өз брендтерін ерекшелейді. Айка ханымның айтуынша, тым қазақы, яғни бұрынғының кимешегі мен комзолдарын күнделікті тұрмысқа ешкім кие қоймайды. «Тек санамызға сіңіп кеткен еуропалық киім үлгілеріне кейбір ұлттық нақыштағы өрнектердің ұшқынын көрсету арқылы сауданы жүргізуге болады» дейді ол.
Біздегі брендтің жағдайы қандай?
Сананы тұрмыс билеген қоғамда ақша табудың сан түрлі заманауи жолы қалыптасып келеді. Бұрынғының сал-серілері мен жезтаңдай әншілері өнер саласында жүріп атағын мал табуға пайдалануға болатынын білсе, бүгінгі ұрпақтары алтынға малынып отырмас па еді. Қазіргі қоғамда «атақ» деген инвестиция салудың бір түріне айналып барады. Оған мысал, ел таныған тұлғалар жеке кәсіп ашып, жүрген жерінде жарнамалайтынын жиі естимыз. Солардың бірі «Мен сыйға тартқан орамал» әнімен елге танылған Роза Әлқожа. Әншінің 2 дизайнер, 6-7 тігіншіден құралған шағын шеберханасы орамал шығарумен айналысады. Орамалдарын Оңтүстік Кореядан, арасында Қытайдан 2-3 млн теңгеге алдырып отырады екен. Ал тігін машиналарын Ресейден әкелген. Бұл кәсіптің басы-қасында жүрген ұйымдастырушылары әзірге түсетін табыстың 60 проценті шикізат алуға жұмсалатынын айтады. Орамалдан соншалықты табыс кіріп отырмаса да, болашақта қалыптасқан бренд болу үшін қам жасап отырғандарын жасырмайды. Ал «Suerte» деп аталатын әйелдер киімін шығаратын отандық бренд маталарды БАӘ, Түркия, Оңтүстік Кореядан алдырып, одан тігілетін киімдерге ең азы екі есе баға қосатындарын айтады. Сатылымдағы киімнің орташа бағасын сұрағанымызда, 35-40 мың теңге төңірегінде деп жауап берді. Қолдан жасалған әшекей бұйымдармен безендірілсе, 75-80 мың теңге көлемінде сатылады. Аталған брендтің дизайнері Әсел Рахатованың айтуынша, шеберханада 8 адам еңбек етеді. Ішкі нарыққа тауар ұсынып отырғандарына 5 жыл. Елімізде аяқкиім нарығында қалыптасып үлгерген Shoes Republic бренді қажетті материалдарды Италия мен Түркиядан алады. Ең төмен баға 13 мың теңгеден басталады. Балалар киімі мен мектеп оқушыларына киім тігумен айналысып келе жатқанына 9 жылға жуық уақыт болған сауда желісі «BMC Sales» компаниясының директоры Бейбіт Күлшікбаеваның айтуынша, бастапқыда мектеп формаларын дайын күйінде Түркиядан алып отырған. Мектепке арналған киімдердің үлгісін қазақстандық дизайнерлермен бірлесе дайындап, Түркияға жібереді. Аталған елде үш айдың ішінде көрсетілген үлгі бойынша киімдер тігілген. Кейін елімізде цех, фабрика ашып, бүгінде Астана қаласының мектептерін 80 процентке қамтамасыз етіп отыр. Компанияда жоғары мамандандырылған тігіншілер бар, бірақ аз. Сондықтан елде білікті мамандар дайындау қолға алынса, бұл саланың дамуы жаңа серпін алар еді деген пікірде компания директоры.
Киім нарығында қалыптасып келе жатқан дизайнерлердің бүгінгі жағдайы айға қолымыз жетсе, ертең күнге де қолымыз жетедінің кері. Біз хабарласқан киім өндірушілер сөз соңында «мемлекет тарапынан қолдау болса, отандық өнімдердің бағасы да қолжетімді болар еді» деген пікірлермен аяқталып жатты. Kazakhstan Brand Incubator-дың негізін қалаушы, дизайнер Айка сұхбатында 3-4 қазақстандық бренд өндірушілеріне сыртқы экспортқа тауар шығаруға көмектесетінін, бұл жобанының 50 процентін Еуразия қайта құру және даму банкі қаржыландырып отырғанын айтқан-ды. Расында, бүгінде аталған банк Қазақстандағы киім индустриясына 1,2 млн еуро инвестиция құйып отыр. 70-ке жуық отандық компания киім нарығына қызығушылық танытқан банкпен қоян-қолтық жұмыс істеу арқылы биік белестерді бағындыруды жоспарлауда. Еуразия қайта құру және даму банкінің Қазақстандағы өкілі Агриса Прейманиса, қазақстандық дизайнерлердің қарым-қабілеті еуропалықтардан артық болмаса, кем еместігін, тек бәсекеге қабілеттілікті арттырып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашу жетіспей тұрғанын айтты. Тек тиісті мәселелердің шешімі табылып, киім нарығы тұтастай жүйелендірілсе, ел экономикасына да зор пайда болмақ.
Еркежан АЙТҚАЗЫ,
«Егемен Қазақстан»