Әлем • 07 Қыркүйек, 2018

Қ. Әбдірахманов БҰҰ-ның Арнайы өкілімен кездесті

262 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Астана қаласында өткен «Ауғанстандағы әйелдерінің құқығы мен мүмкіндіктерін кеңейту» аймақтық конференциясы аясында бірқатар кездесулер өткізді.

Қ. Әбдірахманов БҰҰ-ның Арнайы өкілімен кездесті

БҰҰ Бас хатшысының Арнайы өкілі, Орталық Азиядағы превентивті дипломатияның аймақтық орталығының басшысы Наталья Германмен кездесу барысында Қазақстан мен БҰҰ арасындағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды. Министр аймақтық қауіпсіздік, ынтымақтастық және тұрақты даму мәселелері Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ерекше назарында екендігін атап өтіп, өткізілген конференция бұған дәлел деп баса айтты. Қазақстан және оның халықаралық серіктестері Ауғанстан жөніндегі Астаналық форумның нәтижелерін жүзеге асыруда бірлесіп әрекет етеді. Осы тұрғыда Алматыда БҰҰ-ның аймақтық хабын құру мүмкіндігі қарастырылды, ол өз кезегінде Астана конференциясы барысында талқыланған жобаларды үйлестіру алаңы болмақ.

Тараптар Орталық Азия мемлекеттерінің соңғы жылдардағы көпжақты ынтымақтастығының оң нәтижелеріне қанағаттанушылық білдірді. Ағымдағы жылы өткізілген Орталық Азия елдері көшбасшыларының консультативті жұмыс кездесуі, Каспий теңізі жөніндегі, Арал теңізін сақтау жөніндегі халықаралық қор және Түркі кеңесі саммиттері аймақтағы әріптестікті нығайтты және Орталық Азия мен көрші өңірлермен өзара тиімді сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды тереңдетуге жол ашты. Біріккен Ұлттар Ұйымы өз тарапынан Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі жұмысын қоса алғанда, Орталық Азияның мүдделерін ілгерілету, бейбітшілік, қауіпсіздік және тұрақты даму мәселелері жөніндегі халықаралық бастамаларына қолдау білдіруде. Орталық Азия халықаралық қоғамдастықта табысты аймақтық ынтымақтастықтың үлгісі ретінде қарастырылады және Қазақстанның бейбітшілік үдерісін қолдау мен өңірлік тұрақтылықты нығайту мақсатында Ауғанстанды өңірге интеграциялауға бастамашылық етуі маңызды болып табылады.

Ауғанстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Аделя Разбен кездесу барысында екі ел арасындағы қарым-қатынастарды одан әрі нығайтуға мүдделілігі атап өтілді, сондай-ақ сауда-экономикалық ынтымақтастықтың өсімі байқалып, 2017 жылы тауар айналымы 564,7 млн. АҚШ долларын құрады. Қазақстан Ауғанстанға экономикалық көмек көрсету аясында өзінің халықаралық міндеттемелеріне бейілділігін білдірді. Тараптар дамуға ресми көмек көрсету ұлттық жүйесi шеңберiнде ауқымды жұмыстар жүргiзiлетіндігін мәлімдеді.

А. Раз Қазақстан тарапына аймақтық конференцияны ұйымдастырғаны, сондай-ақ еліміздің Ауғанстан әйелдерінің мәселелеріне аударатын назары үшін алғыс білдірді. «Біз Қазақстанның көмегін жоғары бағалаймыз, бұл біздің халқымыз үшін маңызды. Мыңдаған ауған студенттері Қазақстанда білім алды және қазіргі уақытта олар бар білімдерін және дағдыларын бейбіт Ауғанстанды қалыптастыру үдерісінде қолданып жатыр», - деп атап өтті ауған дипломаты.

Ауғанстанның мүдделері БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі жұмысында қазақстандық тараппен ескерілуде.

Екі елдің өзара әрекеттесуі АӨСШК, ИЫҰ, Біріккен Ұлттар Ұйымының Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасы, Орталық Азия өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығы сияқты алаңдарда өз жалғасын табады.

Соңғы жаңалықтар