25 Желтоқсан, 2011

Кедендік қызмет кемелденіп келеді

520 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Елдің елдігі шекарасын аттағаннан-ақ білінеді. Сондықтан кеден саласында кемдік болмауы шарт. Өйткені шет жұрттықтар бізге сол арқылы баға береді. Ал биыл Қазақстанның кеден саласының құрылғанына жиырма жыл толады. Тәуелсіздікпен бірге толысып келе жатқан кеден саласында да жаңалықтар жетерлік. Онда да бірқанша реформа жүрді. Биыл Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарының кедендік бақылау департаменттері бір шаңырақтың астына біріккен. Кейіннен оның тиімсіз екеніне көз жеткесін, екеуі қайта бөлінді. Біз бүгін қайта бөлек отау болған Қызылорда облысы бойынша Кедендік бақылау департаменті бастығының міндетін атқарушы Нұрлан Отаровпен сұхбаттастық. – Нұрлан Махмұтұлы, кедендік бақылау қызметінің қиын сала екені белгілі. Дегенмен мемлекет үшін табысы да аз болмауы керек. Осы орайда биылғы жетістіктеріңізбен бөлісе отырсаңыз... – Қызылорда облысы бойынша Кедендік бақылау департаменті 2011 жылдың 10 айында мемлекет бюджетіне 14 миллиард 132 миллион 595 мың теңгенің кедендік баждары мен салықтарын құйды. Бұл берілген тапсырма 120,8 пайызға орындалды деген сөз. Түскен қаржының басым бөлігін тауарларға салынатын қосымша құн салығы және әкету кеден бажы құрап отыр. Өткен жылы жүргізілген кедендік аудит өңіріміздегі ірі мұнай өндіруші компаниялар «ҚуатАмлонМұнай» және «ҚазГермұнай» бірлескен кәсіпорындары, сонымен бірге  «Уранэнерго» ЖШС-нің бюджетке бермей қалған төлемдерін анықтаған болатын. Аталған компаниялар қарызын бюджетке қайтарды. Олардан өндірілген сома 3 миллиард  393 миллион 616 мың теңгеге тең. Бұл да ел бюджетіне қосылған қомақты қаржы болып отыр. – Сонда біздің аймақта заң бұзушылықтар көп тіркеле ме? – Биыл кеденшілер құқық қорғау бағытында 6 қылмыстық, 389 әкімшілік заң бұзушылық бойынша іс қозғады. Қылмыстық істер бойынша 7 миллион 646 мың теңге көлемінде қаржы қайтарылып отыр. Ал әкімшілік құқық бұзушылықтарға жол берген тұлғаларға салынған  35 миллион 891 мың теңге көлеміндегі  айыппұл жергілікті бюджет есебіне өндірілді. Экономикалық құқық бұзушылықтардың негізін кеден төлемдерінен жалтару және ірі көлемде мемлекетке залал келтіру (біздің жағдайда шикі мұнайды шығарумен байланысты) құрайды. Ал әкімшілік құқық бұзушылықтың сипатына жасалған талдау оның басым бөлігін тауарларды декларацияламау және декларациялау барысындағы мәліметтерді бұрмалаушылыққа жол беру, кеден төлемдері мен салықтардан жеңілдіктер берілген тауарды пайдалану ережесін бұзу, кеден одағы аумағында бұрын енгізілген тауардың белгіленген мерзімде қайта шығарылмауы, сонымен қатар кедендік тексерулер нәтижесімен анықталған құқық бұзушылықтардың уақытылы жойылмауы сияқты әрекеттер құрайтынын көрсетіп отыр. Басқа құқық қорғау органдарымен бірлескен рейдтік шаралар кезінде есірткінің заңсыз айналымына қатысты 15 факт анықталған. Олар бойынша есірткіні сату, есірткі егісімен айналысу және дайындау, сақтау, өңдеу  әрекеттері тіркелген. – Заң бұзушылықтарға жекелей тоқтала аласыз ба? – Қызылордалық кеденшілердің «Атамекенбалықөнеркәсібі» ЖШС-нің заңсыз әрекеттерімен күрескеніне 4 жылдан асты. Олар 2007 жылы аталған серіктестікке Оңтүстік Кореядан әкелген жабдықтарын кедендік декларациялаудан өткізбеген. Тиісінше, кеден қызметкерлері тексеру жүргізіп, мемлекет бюджетіне төленбеген 34 миллион 743 мың теңгенің кеден төлемдері мен салықтары бар екенін анықтаған. Сонан соң, ҚР кеден заңдылықтары талабымен, бұл төлемдерді мәжбүрлеп өндіру шаралары қарастырылған. Нәтижесінде, 2009 жылы серіктестіктің екінші деңгейлі банктердегі шоттарына инкассалық ұйғарым қойылған. Алайда, «Атамекенбалықөнеркәсібі» ЖШС-і одан кейін «Казкоммерцбанктен» пластикалық кәртішкесін, «Қазпоштадан» жинақтау шотын, «ҚазақстанХалықбанкінен» есеп айырысу шотын ашқан. Осы шоттар арқылы түрлі қажеттіліктері үшін аударым операцияларын жүргізіп отырған. Бірақ мемлекет бюджетіне қарыз сомасын қайтаруға еш әрекет жасамай отыр. Осы негізде жинақталған құжаттамалық дәлелдер бойынша Қызылорда облысы бойынша Кедендік бақылау департаменті «Атамекенбалықөнеркәсібі» ЖШС-нің лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық іс қозғады. Қылмыстық кодексте аталған бап бойынша жауапкершілік белгілі бір экономикалық қызмет түріне және кеден ережелеріне қол сұғушылықпен байланысты  болып табылады. Сондай-ақ, «Керуен Модус трейд» ЖШС-нің директорына қатысты ҚР ҚК-нің 213 бабымен қылмыстық іс қозғалды. Қылмыстық кодекстің бұл бабы өзге мемлекеттен шет ел валютасымен қайтарылуы тиіс ірі көлемді қаржының ҚР құзырлы банктеріне түспегені үшін ұйым немесе мекеме басшысының жауапкершілігін қарастырады. Яғни, аталған серіктестік «экспорт» кеден амалымен ресімдеп, 300 тонна «сұйық отын» тауарын  (мұнай) Ферғана мұнай өңдеу зауытына жөнелткен. Кеденшілердің сұранысы бойынша Өзбекстан Республикасы кеден органдарынан алынған құжаттарды салыстырып тексергенде мына жайттар анықталды. Тауарды сатып алушы өзбекстандық компания «Amer Al Falah CO Limited» ол үшін төлем жасамаған, ал жөнелтілген тауар партиясының кедендік құны 129 000 АҚШ долларына тең. Сатушы «Керуен Модус трейд» ЖШС-нің директоры бұл қаржыны қайтаруға еш әрекет жасамай отыр. – Осы Қызылорда облысы сыртқа зат экспорттай ма? Импорты қанша? Осы төңірегінде айтыңызшы... – Жыл басынан бері 3379 тауар декларациясы ресімделген, олардың 841-і экспортталған, ал 2431-і импортталған тауар ретінде тіркелген.      Өңірімізден сыртқа шығарылатын тауарлардың басым бөлігін шикі мұнай өнімдері құрайды. Оның жалпы көлемі 93 пайызға жетіп отыр. Сонымен қатар мұнай өнімдері, түрлі газдар, күріш, тұз, металл қалдықтары да экспортталады. Бұл тауарларды тұтынушы елдерге келсек, Италия, Қытай, Швейцария, Румыния, Украина, Өзбекстан, Түркменстан т.б. мемлекеттер. Италия барлық экспортың 51,6 пайызын тұтынады. Одан кейін Қытай, Швейцария болып кете береді. Импортталатын тауарларға да талдау жүргізіп көрдік. Негізінен, біздің тұтынушылар Қытайдан механикалық қондырғылар, түрлі трубалар алдыртады. Сондай-ақ, көлік құралдарының кран, жүк көлігі сияқты түрлерін, оптикалық, фотографиялық дәл өлшем құралдары мен аппараттарды, тұрмыстық техниканы және жиһаздар әкеледі екен. Екінші кезекте Жапониядан тұр. Ол жақтан да осыған ұқсас заттар кіреді. Италиядан келетін тауарлар сипаты да дәл осындай, тек оларға қоса итальяндық спорт тауарлары және керамикалық бұйымдар сұранысқа ие екені көрінеді. Мұнан басқа импортталатын тауарлар географиясы Германия, Литва, Түркия, Голландия, Швейцария, АҚШ болып жалғасады. – Кеден саласында тағы қандай жаңалықтарыңыз бар? – Қазіргі кезде Үкімет «Экспорт-импорт операциялары бойынша бір терезе» жобасын қолдап, оны 2011-2013 жылдарда іске асыру жоспары жасалды. Бұл сауда және қатынас тараптарына бірыңғай ақпарат пен құжатты бір-ақ мәрте беру және өткізудің де біркелкі арнасын құру деген сөз. «Электронды кеден» ақпараттық жүйесінің  жаңа бағадарламаларын ендіру бойынша Қазақстан Кеден одағы құрамындағы өз міндеттерін орындауды да аяқтады. ТАИС (кедендік автоматтандырылған ақпарат жүйесі) бағдарламасының екінші кезеңі қосылды, яғни Кеден одағы нормаларына сәйкес электронды нысандағы кеден құжаттарының жаңа форматтары ендірілді, тәуекелді басқарудың селективті бақылау жүйесі қолданысқа енді. Кеден одағының сыртқы шекараларының Қазақстанға тиесілі аумақтарындағы өткізу пункттерінде кедендік бақылаудың заманауи, жоғары технологиялық жабдықтары қойылуда, жыл соңына дейін аяқталуы тиіс. Олар ірі жүктер мен көлік құралдарын, жеке тұлғалар мен олардың қол жүктерін адамның араласуынсыз бақылауды жүзеге асыратын рентгенді-сканерлі қондырғылар. Республика бойынша төрт нүктеде (Шымкент, Ақтау, Алматы, Астана қалаларында) жедел басқару  орталықтары жұмыс жасап тұр. Кеден одағының ішкі шекараларында кедендік бақылаудың алынуына байланысты Ресеймен шекаралас бірқатар кеден органдарында оңтайландыру шаралары аяқталды. Ол жақтағы қысқартылған кеден бекеттері қызметкерлері есебінен оңтүстіктегі сыртқы шекаралар нығайтылды. Қызылорда облысы бойынша Кедендік бақылау департаментінде де құрылымдық өзгерістер болды. «Байқоңыр» кедені дербес құзыретін тоқтатып, кеден бекеті болып біздің құрамға кірді. – Биыл ел Тәуелсіздігінің жиырма жылдығы. Оған қоса кеден қызметінің құрылғанына да осынша уақыт болып отыр. Осы орайда қандай іс-шаралар жасап жатсыздар? – Айтулы екі дата аясында кеден қызметкерлері өз қызметінің мазмұнын, қызметкерлердің белсенділігін ашатын бірнеше шараларды жоспарлап, жыл көлемінде атқарып келеді. Донор күні өткізілді. Бұл кеденшілердің 2004 жылдан бергі дәстүрлі шарасы. Тасбөгет кентінде орналасқан мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту орталығының тұрғындарына жыл басынан бері 2 мәрте жәрдем жасалды, қайтыс болған қызметкерлер отбасына көмек көрсетілді. Департамент құрылымдары өзара 4 ойын түрінен (футбол, волейбол, арқан тарту және пневматикалық қарудан ату) спартакиада өткізуде. Қаржы министрлігінің облыстық құрылымдары арасында футболдан турнирдің де бастамашысы мен жүлде қорының иесі – Қызылорда облысы бойынша кедендік бақылау департаменті екенін осы арада айта кеткен абзал. Желтоқсан айының басында 6-12 жастағы балалар арасындағы каратэ-додан дәстүрлі қалалық турнир өтетін болады. Облыс кәсіпкерлері өкілдерін кеңінен тартқан «дөңгелек стол» кездесуі өтті жақында. Кәсіпкер тұлғалар мен кеден қызметінің мақсаты бір. Онда кәсіпкерліктің дамуы мен экономиканың өрлеуіне екі жақты үлес қосудағы маңызды міндеттер мен түйткілді мәселелер талқыланды. Жергілікті кәсіпкерлерді ынталандыру, кеден маңындағы мамандардың кәсіби шеберлігін шыңдау мақсатында Департамент тарапынан жылдың «Ең үздік СЭҚ-ке қатысушысын», «Ең үздік кеден өкілін», «Ең үздік уақытша сақтау қоймасын» анықтау мақсатында конкурс жарияланды. Олар үшін байқауға қатысудың критерийлері белгіленді. Біз облысымыздағы сырт елмен байланысы бар тұлғалардың ішінен адал, сауатты, заң талаптарына құрметпен қарайтын кәсіпкерлерді көптеп көруге мүдделіміз. – Рахмет. Сұхбаттасқан – Ержан БАЙТІЛЕС, Қызылорда облысы. Сурет: mediaclub.kz