– Жеңіс құтты болсын, Ділдәш!
– Рахмет, аға! Бұл бәріміздің ортақ жеңісіміз. Әсіресе самбошылар қауымы қатты қуанып жатыр. Себебі спорттың бұл түрі жазғы Азия ойындарының бағдарламасына тұңғыш рет еніп отыр. Индонезия астанасында қыздар 48 және 69 кило, ал ерлер 58 және 90 кило салмақтарда белдесті. Алдағы уақытта Азиадада салмақ дәрежелері артса, қазақстандық самбошылардың жеңіп алған жүлделері әлдеқайда көп болатынына сенімдімін.
– Джакартадағы жарыс қалай өтті? Қандай мықты қарсыластармен кездестің?
– Тұсаукесер кездесуде Қырғызстаннан келген қызды «ауырту» әдісімен ұттым. Келесі кезең өте ауыр болды. Жапонияның балуаны өте мықты екен. Ұзақ уақыт екеуміз бір-біріміздің осал тұсымызды таба алмай, әбден қара терге түстік. Десек те оңтайлы тұста бір ұпай олжалап, жеңісті қарсыласымның уысынан жұлып әкеттім. Жартылай финалда Моңғолияның және ақтық сында Өзбекстанның өкілінен айламды асырып, алтын тұғырға көтерілдім.
– Жеңіс тұғырына көтерілгенде ерекше күй кешкен боларсың...
– Әрине оны сөзбен жеткізу қиын. Төрт жылда бір өтетін осындай дүбірлі додада ел үмітін ақтап, қазақтың әнұранын шырқата алғаныма қатты қуандым, айрықша шаттандым, кеудемді мақтаныш сезімі кернеді.
– Осы спорт түрін қай жерде меңгердің? Балуандық өнердегі ұстазың кім?
– Өзімнің туып-өскен өлкем – Алматы облысы, Кербұлақ ауданының орталығы Сарыөзек кентінде самбоның қыр-сырына қанықтым. Алғаш рет жаттығу залына келгенде 13 жаста едім. 12 жыл бойы бұл өнерге мені елімізге еңбек сіңірген жаттықтырушы Бақыт Қоқысбеков баулыды. Кезінде ол кісі шағын ғана Қоянкөз аулынан Берік Жетпісбаев пен Мейіржан Қашағанов сынды әлем және Азия чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін шығарды. Уақыт оза осындай білікті бапкерден тәлім-тәрбие алу бақыты маған да бұйырды. Қазір де Бақыт ағаның қол астында жаттығамын.
– Ділдәш, Азия ойындарына дейін де көпшілік назарында жүрдің. Осы спорт түрінде қол жеткізген табыстарың жайында қысқаша баяндап берсең?
– 2013-2016 жылдар аралығында әйелдер арасында өткен әлем чемпионаттарында төрт мәрте жеңіс тұғырына көтерілдім. Санкт-Петербург, Касабланка және Софияда қола медаль алсам, Наритада күміс жүлдеге қолым жетті. Қатарынан төрт рет Азия біріншілігінде жеңімпаз атандым. 2013 жылы Дүниежүзілік Универсиадада үшінші тұғырға табаным тисе, 2017 жылы жабық ғимараттағы Азия ойындарында алтыннан алқа тағындым. Басқа да халықаралық және республикалық жарыстарда жеңіп алған жүлделерім тағы бар.
– Ендігі арманың қандай?
– Самбодан әлем чемпионатында төрт рет жеңіс тұғырына көтерілгенімен, бас жүлдеге әлі де қолым жетпей жүр. Сол белесті бағындырғым келеді. Дзюдо күресінен де бақ сынап, Олимпия ойындарында атой салуды армандаймын.
– Көп рахмет, Ділдәш! Алға қойған мақсатыңа қол жеткізуіңе тілектеспіз.
Әңгімелескен
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Егемен Қазақстан»