Үш жылда 19 мыңнан астам артефакт табылды
Өскемен қаласындағы Орталық мәдениет үйінде өткен «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда Шығыс Қазақстанда үш жылға созылған археологиялық қазба жұмыстарының алғашқы қорытындылары шығарылды. Конференцияның ашылуында сөйлеген беташар сөзінде облыс әкімі Даниал Ахметов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынып, іске асырылып жатқан «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы халқымыздың бай мәдени мұрасын тануға жол ашқанын, бағдарлама шеңберінде еліміздің білікті археологтері Зейнолла Самашев, Әбдеш Төлеубаев пен Карл Байпақовтың жетекшілігімен облыс аумағында ауқымды жұмыс атқарылғанын атап өтті. Аймақ басшысының айтуынша, бағдарлама іске асырылған кезең ішінде, яғни үш жылда есімдері елге танымал археологтер Берел мен Елеке сазы, Шілікті қорғандарында, сондай-ақ Аблайкит будда ғибадатханасында қазба жұмыстарын жүргізіп, жалпы саны 19 мыңнан астам көне артефакт тауыпты.
Халықаралық конференцияда сөз алған Президент Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева бүгінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасының арқасында тек қазақ ұлтының ғана емес, түбі бір түркі жұрттарының тарихи және мәдени мұрасын сақтау, насихаттау бағытында жүйелі жұмыс атқарылып жатқанына тоқталды. «Шығыс Қазақстан облысында жүргізілген бірегей археологиялық қазба жұмыстары барысында табылған баға жетпес мол мұра ата-бабаларымыздың тұрмыс-салты, әдет-ғұрпы, мәдениеті, дүниетанымы, наным-сенімі туралы білімімізді тереңдетуге мүмкіндік береді. Біз осы басталған істі одан әрі жалғастырып, өзге түркітілдес елдермен арадағы қарым-қатынастарды нығайта беруіміз қажет. Қазақ Алтайынан табылған бұл көне мұралар тарих саласында сенсация жасап, төл мәдениетімізді байыта түскені анық. Десек те археологтеріміздің алдында әлі де атқарылар ұшан-теңіз жұмыс тұр. Жуырда Ыстықкөл жағасында өткен Түркі кеңесінің VI саммитінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ортақ тарихымызды түркітілдес елдердің бірлесе зерттеуі, мемлекеттер арасында мұрағаттық ақпарат алмасу жөнінде ұтымды ұсыныстар айтып, оны өзге әріптестері қызу қолдаған болатын. Сол себепті бұл іске шетелдік ғалымдардың жан-жақты атсалысқаны абзал», деді Аида Балаева.
Өскеменде Археология музейі бой көтереді
Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Киелі Қазақстан» жобасы аясында республика деңгейінде 100 орынның және жергілікті деңгейде 456 орынның таңдалып алынғанын, сол 100 орынның 13-і, ал жергілікті маңыздағы киелі орындардың 26-сы Шығыс Қазақстанда екендігін атап көрсетті. Сонымен қатар еліміздің құнды мұраларын дәріптеу бағытында өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға көңілі толатынын жеткізіп, осы үшін облыс әкімі Даниал Ахметовке алғысын білдіріп, «Рухани жаңғыру» төсбелгісін табыс етті.
Басқосуда «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов пен академик Ғарифолла Есім халықаралық конференцияның маңызы мен мәні жайында өз ойларын ортаға салды. Конференция барысында кезінде шетелден келген археологтер құнды баяндамалар жасады. Чехиялық Павел Флегонтов ғұндар мен түркілердің генетикалық туыстығы, германиялық Антон Гончаров қола дәуіріндегі Асқаралы кенішінің ерекшеліктері, түркиялық Эмре Севинч қорымдардағы жартас суреттер, франциялық Марк-Оливер Перу будда дінінің Алтайға жетуі туралы жеке зерттеулерімен бөлісті. Шара кезінде өңірде тағы да қазба жұмыстарын жалғастыру үшін 2019-2021 жылдарды қамтитын бағдарламаның екінші кезеңі жасалатыны, Өскемендегі облыстық тарихи-өлкетану музейінде қазба мұраларын түбегейлі ғылыми зерттеумен шұғылданатын заманауи зертхана құрылып, Археология музейі салынатыны жайында да айтылды.
Өскеменде өткен «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясынан кейін Президент Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева бастаған мәртебелі меймандар облыстық тарихи-өлкетану музейін аралап, ондағы құнды жәдігерлермен танысты. Мұнда келушілер назарына облыстың археология саласында үш жыл бойы жүргізілген ғылыми-зерттеу жұмыстарының кейбір нәтижелері ұсынылды. Мәселен, «Ата-бабаларымыздың алтыны» деп аталатын залда экспозицияға Шілікті, Берел, Елеке сазы қорымдарының, сонымен қатар Аблайкит ғибадатханасының орнынан олжаланған экспонаттар қойылыпты. Осы ретте Тарбағатай ауданының Елеке сазы жайлауындағы қазба жұмыстары кезінде табылған жәдігерлерге де тоқталған орынды. Бірнеше айға жалғасқан іздестіру жұмыстары нәтижесінде Елеке сазынан тоналмай сақталған «Алтын адам» табылған-ды. Қонақтарға осы құнды жәдігер жайында кеңінен баяндалды. Өз кезегінде өңір басшысы Даниал Ахметов сақ ханзадасының сүйегін реставрациялау жұмыстарына міндетті түрде қаржылай қолдау көрсетілетінін, алдағы жылы облыс көлеміндегі қазба жұмыстары бұдан да ауқымды болатынын жеткізді.
«Шілікті мәдениеті» ұғымын енгізуіміз қажет
Тамырлы тарихымыз бен құнды мұраларымызды ұлықтау мақсатында дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан маңызды жиын басталмас бұрын алыс-жақыннан ат арытып келген қонақтар облыс орталығындағы «Үлбі» мәдениет сарайында «Алтын адам» деген тақырыппен қойылған шағын көрмені тамашалады. Бұл жерде Зайсан ауданындағы Шілікті жазығынан «Алтын адам» тапқан археолог Әбдеш Төлеубаев конференция қонақтарына құнды жәдігердің жаңғыртылған көшірмесін көрсетіп, оның ерекшеліктерін әңгімелеп берді. «Бұл «Алтын адамның» бойында бірде-бір деталь ойдан құрастырылмаған. Барлық алтын бұйымдар қазба жұмыстары кезінде табылды. Еуразия кеңістігінде Шіліктінің «алтын адамынан» көне элитарлық қорым жоқ. Шіліктінің алтыны – құйма алтын. Мұнымен жасы бойынша шендесе алатын көне алтын тек Тыва жерінде табылған. Оның өзі Шіліктіден жеткен жұрнақ деуге болады. Берел, Пазырық қорымдары да, Қарқаралы мен Аралдан табылған қорымдар да, Жетісудың Бесшатыры мен Есік қорғаны да осы Шілікті мәдениетінің жемісі. Осыны ескере отырып, Еуразия тарихына «Шілікті мәдениеті» деген ұғым енгізуіміз қажет. Бұл «Алтын адамның» алғашқы көшірмесі Ұлттық музейге қойылған. Мынау одан да жетілдірілген түрі. Дәл осындай тағы бір көшірме Алакөлдегі музейге қойылады. Осы екі көшірмені Шығыс Қазақстан облысы өз бюджетіне жасатты», дейді археолог.
Бұдан кейін меймандарға Берел мен Аблайкиттен табылған жәдігерлер таныстырылып, облыстық туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Жасұлан Сәрсебаев «Рухани жаңғыру» және «Киелі Қазақстан» бағдарламалары аясында өңірде жүзеге асырылып жатқан туристік жобалар туралы жан-жақты мағлұмат берді. Оның айтуынша, құнды мұраларымызды жас ұрпаққа насихаттау мақсатында мектепке дейінгі балаларға Шығыс Қазақстанның киелі орындары туралы аңыз-әңгімелер жинағы құрастырылып, оқушыларға арналған туристік маршруттар дайындалыпты. Биыл жазда аймақтың 2500 оқушысы Жидебай, Шілікті секілді өңірдің киелі жерлерін аралады. Ал ересектерге арналған 20 туристік бағыт ашылды. Ж.Сәрсебаев сонымен қатар «Тарихи жол» деп аталатын мобильдік жүктеме әзірленгенін, бұл жүктемеде 20 туристік орын туралы барлық ақпарат берілгенін, осындай жұмыстардың арқасында өңірде туристер саны еселеп артып келе жатқанын, 2015 жылы бір ғана Берел қорымына 1,5 мың адам келсе, былтыр бұл көрсеткіш 10 мыңға жеткенін тілге тиек етті.
Туристік әлеует туралы әңгімені әрі қарай өрбіткен облыс әкімі Даниал Ахметов Алакөлдің жағалауы келешекте Түркияның жағажайларымен бәсекеге түсе алатынын айтты. «Біз Алакөлдің суын зерттеу үшін сегіз нүктесінен сынамалар алдық. Зерттеу нәтижесі бізді таңғалдырды. Алакөлдің суы түгел шипалы екен. Ондағы родон мөлшері емдік қасиетке ие. Енді тек адамдарға жайлылық ұйымдастыру ғана қалды. Бұл бойынша да қыруар шаруа тындырылды. Әлі де көп жұмыс істейміз. Келер жылы Алакөлге бір миллион турист тартсақ деп отырмыз. Оған толық мүмкіндік бар», деді өңір басшысы.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы