Парламент • 11 Қыркүйек, 2018

Жол түзелді, мердігер, сен де түзел

376 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Мәжіліс Төрағасының орынбасары Владимир Божконың төрағалығымен өткен Үкімет сағатында «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде автомобиль жолдарын дамыту» мәселелері кеңінен талқыланды. 

Жол түзелді, мердігер, сен де түзел

Аталған мәселе бойынша Инвестициялар және даму ми­нистрі Жеңіс Қасымбек баян­дама жасап, депутаттарға еліміз­де қазіргі заманғы кө­лік инфра­құрылымын қалып­тастыру және оны халықаралық көлік жүйесіне интеграциялау, сонымен қатар Мемлекет басшысының бастамасымен қабылданған 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту мемлекеттік бағдарламасы ая­сында Қазақстан арқылы өтет­ін транзит ағымын ұлғайту жұ­мыс­тары жайында айтып берді. 

Ақылы жолдар әлі аз

В.Божко өзінің кіріспе сө­зін­де Мемлекет басшысы тран­зит­тік түсімді 2020 жылға қарай 5 млрд теңгеге жеткізуді тап­сыр­ғанын және Президент тапсыр­маларының орындалуы Мә­жілістің бақылауында екенін атап өтті. Оған қоса, 2017 жы­лы еліміз арқылы өткен жүк тран­зиті 17 процентке өсіп, 17 млн тоннаға жеткеніне тоқталды. 

– Сарапшылардың дерек­теріне қарағанда, жергілікті жолдар, жол инфрақұрылымы нашар болса, халыққа көрсетілетін қызметтер бағасы екі-үш есе қым­бат болады. 2018 жылы жергі­лікті жолдар желісін жөн­деуге республикалық және об­лыс­тық бюджеттерден 145,9 млрд теңге бөлінді. Бұл сала­ны қаржыландыру 2017 жылмен салыстырғанда 58,9 млрд теңгеге артты. Демек, Мемле­кет басшысының Қазақстан хал­қына Жолдауында көрсетіл­ген жергілікті жолдарды қар­жы­ландыру көлемін 150 млрд теңгеге жеткізу тапсырмасы орын­далды. Жол бойы инфрақұ­ры­лымдарын жетілдіру амалдары да жүргізілуде, – деді ол.

Мәжіліс Төрағасының орынбасары, сондай-ақ саладағы жү­йелі кемшіліктерге назар ау­дарды. Атап айтқанда, жол бо­йында нысандар мен инфрақұ­рылымдар салу мен пайдалануға беру, сондай-ақ рес­публикалық маңызы бар авто­көлік жолда­ры­на ақылы жүйе енгізу уақы­тының кешік­ті­рілуіне байланысты алаңдау­шы­лығын білдірді. 

– Жоспар бойынша 2015 жылы – 211 шақырым, 2016 жылы – 469, 2017 жылы – 5296, ал 2018 жылы тағы да 480 ша­қырым жолға ақылы жүйе енгі­зілуі тиіс еді. Бұл салада қа­лып­тасқан оң тәжірибе бар. Қазіргі кезде «Астана–Щучинск» жолы­ның 250 шақырымы ақылы, бұл учас­кеден ғана жыл сайын 1,5 млрд теңге жиналуда, – деді В.Бож­ко. Оған қоса, Мәжіліс Төр­аға­сының орынбасары биыл «Қаз­­автожол» компаниясы Ал­ма­ты-Қапшағай, Алматы-Қор­ғас, Астана-Теміртау бағытын­да­­­ғы жолдарға ақылы жүйені ен­­гі­­зуді уәде еткендігін еске салды. 

3 жылда 1,8 мың шақырым автокөлік жолы

Үкімет сағатының белгі­лен­ген тақырыбы бойынша сөз алған Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасым­бек Мемлекеттік бағдарлама аясын­да 2015-2017 жылдары ха­лықаралық және республикалық маңызы бар автожолдардың құрылысы мен реконструкция­сына 932 миллиард 4 мил­лион теңге, оның ішінде Ұлттық қор­дан – 472,8 млрд теңге бөлін­генін айтты. 

– Бөлінген қаржы еліміздің барлық аймақтарында 5,6 мың шақырымнан астам жолға құрылыс жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік берді. 3 жылдың қорытындысы бойынша 1,8 мың шақырым жолда қозғалыс ашылды. Барлық жобаға 80 мыңға жуық адам тартылды. Отандық өндірушілер материалдарының үлесі 95 проценттен асады. 2016 жылы аяқталған «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізі мемлекет экономикасына оң әсерін тигізді, – деді Ж.Қасымбек.

Оның айтуынша, жүк тасымалдау көлемінің (33 млн тонна) және транзиттің (900 мың тонна) 2,5 есеге артуы есебінен жинақталған жылдық орташа экономикалық пайда 190 млрд теңгені құраған. Жолда жүру уақыты 2 есеге, жол-көлік оқиғалары 27 процентке, өлім-жітім 35 процентке қысқарған. 

Министрдің баяндауынша, еліміз бойынша өте ауқымды Орталық-Батыс жобасы жүзеге асырылуда. Бұл бағыт арқылы Астана-Арқалық-Торғай-Ыр­ғыз-Қандыағаш, Ақтөбе-Аты­рау-Астрахань, Атырау-Бей­неу-Ақтау арасындағы көлік тора­бы жақсара түспек. Оған қоса Астанадан шығып, Арқа­лық пен Торғай арқылы өтетін жол Ақтөбе, Атырау және Маң­ғыстау облыстарының қолда­ныс­тағы жолдар желісін жаңар­туға септігін тигізбек. Қазір­дің өзінде Атырау-Бейнеу-Ақтау бағытындағы жол то­лық жаңғыртылған. Ал Қанды­ағаш-Мақат жолындағы жұмыстар жалғасуда. Өйткені минис­трлік бұл бағыттағы жолды жаң­ғыр­туда Ислам даму банкінің қара­жатынан бас тартып, қаржы­ландыру көзін өзгерткен. Сол себепті Ақтөбе-Қандыағаш (60 км) және Атырау-Астрахань (60 км) бағытындағы жолды жөндеуге республикалық бюд­жет қаражаты жұмсалуда. Жал­пы бұл бағыттағы жұмыстар 2021 жылға қарай аяқталмақ. Ал ке­лесі жылы Астана-Арқалық-Тор­ғай-Ырғыз-Қандыағаш ба­­­ғы­ты бойына жобалау жұ­мыс­тары аяқталып, 2020 жылы жол салу жұмыстары басталады. 

– Биыл алғашқы ірі кон­цессиялық жоба «Үлкен Ал­маты айналма автомобиль жолын» салу жұмысы басталды. Ол транзиттік ағынның Ал­ма­­ты қаласының сыртымен ай­налып өтуіне және қала­ның эко­логиялық ахуалына оң әсерін тигізетін болады. Рес­­пуб­­ликалық маңыздағы авто­жол­дарды жөндеу мен күтіп ұстауға биыл 76,9 млрд теңге қарастырылған. 2018 жылдың соңында Денисовка-Қарабұтақ (40 км), Кеген-Жалаңаш-Сәтті (35 км) және Ақсу-Курчатов (24 км) автожолын пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, күрделі жөндеу жұмыстары аясында 33 апатты көпір мен өтпежолдар, 17 жаяу жүргіншілер өтетін жол жасалады. Сондай-ақ 5 шека­ралық бекет өткеліне күр­делі жөндеу жұмыстары жүргізілді, – деп толықтырды Инвестициялар және даму министрі. 

Жеңіс Қасымбектің баян­дамасында «Нұрлы жол» инфра­құрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде автомо­биль жолдарын дамыту» мәселелеріне байланысты саладағы ең өзекті жұмыстар да ескерусіз қалмай, жобаларды жүзеге асырудағы қиындықтар ашық айтылды.

Салынған жолдың сапасына кім жауапты?

Мәжілістің жаңа сессия­сын­дағы алғашқы Үкімет сағатына келген Инвестициялар және даму министріне депутаттардың сауалдары көп болды. Алдымен қосымша баяндамашы депутат Нұртай Сабильянов жолдың са­па­сына теріс әсер ететін фак­­тор­ларды тізіп, бірқатар ұсы­ныс­тарын жеткізді. Жолдың сапасы депутаттар сауалының өзегі бол­ған­дығын да айта кеткен жөн. Осы орайда, Жеңіс Қасымбек бүгін­де республикалық жолдар желі­сінің сапасын қадағалау тетігі көп сатылы деңгейде жүргі­зілетіндігін атап өтті. Мәселен, авторлық және техникалық бақылау жолға қойылған. Ал ха­лықаралық қаржы ұйымдары үлес қосқан жобаларды ха­лық­аралық тәжірибесі бар беделді ұйымдардың тәуелсіз сарапшылары бақылайды. 

Сонымен қатар жүзеге асы­рылған жобалардың 3-4 жыл­дық кепілдік мерзімі қатаң сақ­талатындығына және осы уақыт аралығында анықталған ақауларды қалпына келтіруге компанияларға кепілдік қара­жат арқылы ықпал етуге бола­тын­дығына тоқталды. 

Осы орайда министр «Егер аталған кепілдікті мерзімде жолда ақаулар анықталса, онда компания өзінің жеке қаржысына толықтай жөндеу жұмыстарын атқаруы қажет. Бұл тұрғыда тап­сырыс берушіге нысанды жаңа­дан тапсырады. Сонымен бірге қосымша кепілдікті мерзімдер ұзартылады», деп атап өтті. 

Депутаттар тақырып бойынша талқылауларға да белсене қатысып, Инвестициялар және даму министріне ұсыныстарын жеткізді.

Серік ӘБДІБЕК,

«Егемен Қазақстан»