27 Желтоқсан, 2011

Салық төлеушінің мүлкін шектеу шешімі

381 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Салық қызметі органдарының Қазақстан Республикасы (Салықтар және бюджетке басқа да міндетті төлемдер туралы) кодек­­сі­нің 18-бабының 1-тармағының 1) тармақша­сына сәйкес басты міндеттерінің бірі са­лық­тар және бюджетке басқа да міндетті тө­лемдердің уақытылы және толық түрде түсуі болып табылады. Салық төлеушінің салық­тар және бюджетке басқа да міндетті тө­лемдерді төлеу бойынша салық міндеттемесін орындамау немесе уақытынан кейін орындау кезінде салық қызметі органдары салық міндеттемесін орындау әдісін қол­да­нуы міндетті және Салық кодексіне сәйкес салық төлеушінің салық берешегін мәжбүр­лі түрде өндіріп алуы керек. Салық ко­дексінің 609-бабының 1-тармағының 4) тармақшасына сәйкес салық берешегін мәж­бүрлі түрде өндіріп алу әдісінің бірі салық төлеушінің мүлкін шектеу шешімі болып табылады. Салық төлеушінің мүлкін шектеу шешімі салық қызметімен мынадай жағдайда жүр­гізіледі: 1. Салық берешегін өтеу туралы ха­бар­ламаны алғаннан кейін он жұмыс күні ішінде салық берешегін өтемеген жағдайда. 2. Мониторингке жататын ірі салық тө­леушіні қоспағанда, салық төлеуші салық­тық тексеру нәтижелері туралы хабарламаға және хабарламаға шағымды қарау нәти­желері бойынша шығарылған жоғары тұрған салық қызметі органының шешіміне шағым жасаған жағдайларда жүргізіледі. Cалық төлеушінің мүлікке билік етуін шектеу туралы шешім осы салық төлеушінің меншік құқығындағы немесе шаруашылық жүргізу құқығындағы, сондай-ақ балан­сын­да тұрған мүлiкке қатысты шығарылады. Мүлікке билік етуді шектеу туралы ше­ші­мнің негізінде салық төлеушіге мүлікті иелену, пайдалану және оған билік ету шарт­тарын бұзғаны үшін жауапкершілік ту­ралы ескертіле отырып, мүлік тізімдемесінің актісі жасалады. Билік етуі шектелген мүлік тізімдемесі салық төлеушінің бухгалтерлік есепке алу деректерінің негізінде айқындалатын ба­ланс­тық құны немесе нарықтық құны көр­се­тіле отырып жүргізіледі. Қазақстан Респуб­ли­касының бағалау қызметі туралы заңна­ма­лық актісіне сәйкес жүргізілетін есепте белгіленген құн нарықтық құн болып табылады. Билік етуі шектелген мүлік тізімдемесі уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген ны­санда екі дана етіп жасалатын актімен ресімделеді. Мүлік тізімдемесінің актісін жасау кезінде салық төлеуші мұндай мүлікке меншік құқығын және шаруашылық жүргізу құқы­ғын растайтын құжаттардың түпнұсқаларын немесе нотариат куәландырған көшірмеле­рін танысу үшін табыс етуге міндетті. Мү­лікке меншік құқығын және шаруашылық жүргізу құқығын растайтын құжаттардың көшірмелері мүлік тізімдемесінің актісіне қоса тіркеледі. Мүлік тізімдемесінің актісіне оны тол­тырған адам, сондай-ақ салық төлеушінің лауазымды адамы қол қояды. Мүлік тізімдемесі актісінің бір данасы салық төлеушіге тапсырылады. Мүлікке билік етуді шектеу туралы шешім мен мүлік тізімдемесінің актісін салық органында тіркеу бір нөмірмен жүргізіледі. Мүлік тізімдемесінің актісі соның негізінде жасалған салық төлеушінің мүлікке билік етуді шектеу туралы шешімнің күші жойылуымен бір мезгілде күшін жояды. Салық төлеуші иелік етуі шектелген мүліктің шектеу алып тасталғанға дейін сақталуын, оған тиісті күтім жасалуын қам­тамасыз етуге Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес міндетті болады. Салық төлеуші аталған мүлікке қатысты заңсыз әр­е­кеттері үшін Қазақстан Республика­сы­ның заңдарына сәйкес жауапты болады. Осы талаптарды сақтамаған жағдайда салық төлеуші иелік етуі шектелген мүлікті аукционға дайындау бойынша болған шы­ғын­дарды өтеуге міндетті. Салық берешегі өтелмеген және екі аукцион өткізілгеннен кейін билік етуі шектелген мүлік сатылмаған жағдайда салық орга­ны жаңа мүлік тізімдемесінің актісі жасал­ған күнгі салық төлеушінің дербес шотын­дағы салық берешегінің сомасы туралы деректерді ескере отырып, жаңа мүлік тізім­демесінің актісін жасау жолымен салық төлеушінің (салық агентінің) басқа мүлкіне тізімдеме жүргізуге құқылы. Уәкілетті органдарда тіркелуге тиіс мүлікке құқықтардың ауыртпалығын тіркеу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргізіледі. Салық органы салық төлеушінің (салық агентінің) салық берешегінің сомаларын өтегеннен кейінгі бір жұмыс күнінен кешіктірмей мүлікке билік етуді шектеу туралы шешімнің күшін жояды. Салық төлеуші салық берешегін өтемей мүлкін басқа да жолдармен есептен шыға­рып, мүлкін жасырған жағдайда Қазақстан Республикасының қылмыстық кодексінің 222-бабының 1-ші тармағына сәйкес қыл­мыс­­тық жауапкершілікке тартылады. Салық төлеушілердің назарына: Салық төлеушінің мүлкін шектеу шешімімен қатар салық органдары өкілетті органдарға жыл­жы­майтын мүлік, жер учаскелерін және кө­лік құралдар объектілерін тіркеу, қайта тіркеу және есептен шығару бойынша іс-әре­кет­терін тоқтату туралы хаттар жібереді, осыған байланысты салық төлеуші өзінің салық берешегін толығымен өтемегенше өз мүлкін сата алмайды. Осыған байланысты, салық төлеушілерге салықтар және бюджетке басқа да міндетті төлемдердің уақытылы және толық түрде төлеуін ескертеміз. Дәулет ТӨРЕҚҰЛОВ,  Астана қаласы Алматы ауданы бойынша Салық басқармасының мәжбүрлі өндіріп алу бөлімінің жетекші маманы.