Қазақстан • 13 Қыркүйек, 2018

Бірқатар заң жобалары мақұлданды

288 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен палатаның жалпы отырысында депутаттар «Авторлық және сабақтас құқықтарды ұжымдық негізде басқару тәртібі туралы» және «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің терроризмге және экстремизмнің өзге де зорлық-зомбылық көріністеріне қарсы күресті жүзеге асыратын құзыретті органдарды материалдық-техникалық қамтамасыз етудегі ынтымақтастығы туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобаларын өндіріске қабылдау туралы қаулы қабылдады. 

Бірқатар заң жобалары мақұлданды

Сондай-ақ еліміздің шекарасын шегендеу мен белгілеуге қа­тысты заң жобаларын ма­құлдады. Атап өтерлігі, шекараға байланыс­ты бұл құжаттар елі­міздің шекара сызығын түпкілікті белгілеуге мүмкіндік бермек.

Қазақстан мен Қырғыз­стан­ның арасындағы шекараның ұзындығы 1257,07 шақырымды құ­райды. Екі мем­лекет ара­сын­дағы шекараны де­ли­митациялау жөніндегі келіссөз­дер процесі 2001 жылы халықара­лық тиісті шартқа қол қою арқылы басталған. Ал өткен жылы Қыр­ғыз­стан Президентінің Қазақстанға рес­ми сапары кезінде мемлекеттер басшы­лары Қазақстан-Қырғызстан шекара­сындағы шекара сызығын халық­аралық құқықтық тұрғыда бекіту туралы құжаттарға қол қойған. Қол қойылған келісімдерге сәйкес, Қа­­зақ­стан-Қырғызстан-Қытай ше­ка­ра­ларының түйісу нүктесі – шека­раның бастапқы нүктесі, ал Қазақ­стан-Қыр­ғызстан-Өз­бекстан ше­­карасының түйісу нүктесі – шека­раның соңғы нүк­тесі болып белгі­ленген. 

Аталған мәселелерді депу­тат­тарға баяндап берген Сырт­қы істер министрінің бірінші орынбасары Мұхтар Тілеуберді еліміздің шекараларын демар­кациялауға байланысты сауал­дарға жауап берді. 

Оның айтуынша, еліміз 2010 жылы – Қытаймен, 2017 жылы – Тү­рік­менстанмен арадағы шек­араларды шегендеп алған. Қазіргі уақытта осындай жұмыстар Өзбекстанмен арадағы шекараға қатысты жүргізілуде. Осы ретте, Сыртқы істер министрлігінің өкілі әлем бойынша құрлықтағы ең ұзын шекара – Қазақстан мен Ресей арасындағы шекара­ны шегендеу әлі 5-7 жылға созы­латындығын атап өтті. 

Осы орайда, депутат Зәуреш Аман­­жолова көптен бері көпші­ліктің көкейінде жүрген мәселені көтерді. Депутаттың айтуынша, Қазақ­стан-Қырғызстан ше­ка­ра­сының бойында 8 шека­ралық өткізу бекеті бар. Сонымен қатар Қордай және Қарасу бақылау бекеттерінде жыл сайын жо­лаушылар мен көлік ағыны өсіп келеді. Әсіресе, мұндай көлік ағыны ку­рорттық маусымда арта түседі. Мәселен, жолаушылар мен автокөлік­тер­дің жаз мезгіліндегі өту қарқыны екі есе ұлғаяды. Соның салдарынан екі елдің азаматтары ұзақ кезекте тұруға мәжбүр. 

Бұл мәселеге байланысты тү­сі­нік берген ҰҚК төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің директоры Дар­хан Ділманов, Қазақстан-Қыр­ғыз­стан шека­ра­сын­дағы 8 шекара беке­тін­ің не­гізгілері Қордай, Ауқатты және Сор­­төбе бекеттері екендігін айт­ты. 

– Жаз мезгілінде шекара бе­кет­тері, оның ішінде Қор­дай шек­ара бекеті толық қуа­тын­да жұмыс іс­тейді. Соңғы ескер­ту­лерді ескере отырып, төлқұ­жат тексерушілердің са­нын көбейт­тік. Енді келушілердің құжат­тарын 18 бақылаушы, кету­ші­лердің құжаттарын 18 бақы­-

лау­шы тексереді, – деді Д.Діл­манов.

Дәл осы жерде Шекара қыз­меті директорының сөзін бөлген Мәжіліс Төрағасы бұл мамандар шекарада кептеліс туғызбауға жеткілікті ме, деп сұрады. 

– Жеткілікті, – деді Д.Діл­манов. 

– Шекара бекетінің кеңей­тіл­гендігін БАҚ жарыса жазды, үлкен басшылар сұхбат берді. Алайда шек­арада биыл да ұзын-сонар кезек қалыптасты. Бұл мәселені барлық деңгейдегі басшылар жақсы біле тұра, жылда шекарадан өтетін халық қиын­шылыққа кезігуде. Осы мәсе­ле бо­йынша кешенді шара қабыл­дап, соңына дейін жеткізу керек, – деп ескерту жасады Мәжіліс Төрағасы. 

Жалпы, баяндамашылар қа­лып­тасқан геосаяси жағдайларда шекараны шегендеудің жа­қын мерзімдерде аяқталуы мем­лекетіміздің аумақтық тұ­тас­тығына, шекараның мызғы­мас­­­тығына оң ықпалын тигі­зетінін, ел еге­­мен­дігіне төне­тін ықтимал қауіп-қа­терді бол­дыр­майтындығын жеткіз­ді.

Депутаттар «Қазақстан Рес­публикасы мен Қырғыз Рес­пуб­ликасы арасындағы Қазақстан-Қырғызстан мемлекеттік шек­арасын шегендеу туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасын талқылай келе, құжатты толық мақұлдады. 

Жалпы, отырыс барысында ма­құл­данған құжаттың бірі – «Қазақстан Республикасы, Түрікменстан және Өзбекстан Республикасы арасындағы үш мемлекеттің мемлекеттік ше­к­а­раларының түйісу нүктесінің ауданы туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасы. Шарттың басты мақсаты – үш мемлекеттің шекараларының түйісу нүктесінің орналасқан жерін айқындау болып табылады. 

Отырыс соңында депутаттар – А.Нұркина, Ш.Нурумов, Б.Смағұл, К.Мұ­сырман, Т.Сыз­дықов, Е.Ники­тин­ская, А.Ко­ңы­ров бірқатар мем­ле­кеттік орган­дардың басшыларына депу­таттық сауалдар жолдады.

Серік ӘБДІБЕК,

«Егемен Қазақстан»