Қазақстан • 13 Қыркүйек, 2018

Тегін дәрі-дәрмекті бөлу жүйесі ашық

611 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кеше Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелері бойынша және еліміздегі фармацевтикалық саланың жай-күйі мен дамуы туралы әңгімеледі.

Тегін дәрі-дәрмекті бөлу жүйесі ашық

Қазіргі уақытта түрлі созылмалы сырқаттармен диспансерлік есепте тұратын азаматтар тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіледі. Е.Біртановтың айтуынша, елімізде тұрғындарды дәрі-дәрмекпен тегін және жеңілдікпен қамтамасыз ету жүйесі Денсаулық сақтауды реформалау мен дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 2005 жылдан басталған. Бүгінде дәрілік заттардың 400-ден аса түрі 49 нозология бойынша жүзеге асырылып, дәрілік заттардың жалпы нарығы жиынтығында 2017 жылы 458,6 млрд теңгені құраған көрінеді. Атап өтер болсақ, оның ішінде 181,2 млрд теңге немесе 40 проценті республикалық және жергілікті бюджет қаржыландырылатын тегін медициналық көмек көрсету үшін дәрілік заттар сатып алуға жұмсалған. 2010 және 2018 жылдар аралығында ғана медициналық препараттарды бірыңғай дистрибьютор арқылы сатып алу 31,3 млрд теңгеден 196,6 млрд теңгеге дейін өскен. Министр брифинг барысында 2018 жылға дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды орталықтандырып сатып алудың мәртебесіне тоқталып өтті. 

 Мәлім болғандай, дәрілік препараттармен қамтамасыз етуші бірыңғай дистрибьютордың 2018 жылға арналған тізімінде дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың 1 117 атауы болса, оның ішінде 633 атауы стационарлық көмек көрсетуге, ал 484 атау амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге қарастырылған көрінеді. Осылайша, барлығы «СҚ – Фармация» ЖШС қоймасына кешегі күнгі жағдай бойынша дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың 1069 атауы жеткізілген. Бұл ретте, С вирустық гепатитін емдеуге арналған «Софобувир» препаратын жеткізу осы препараттың БҰҰ Даму бағдарламасы арқылы сатып алынуына байланысты қыркүйек айында күтілуде. «2018 жылға арналған амбулаториялық деңгейдегі дәрілік заттарды жіберу 8 өңірде, атап айтқанда, Атырау, Алматы, Қарағанды, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарында, Астана және Алматы қалаларында медициналық-санитарлық алғашқы көмек мекемелері жанындағы дәріханалар арқылы жүзеге асырылуда. Бұл дәрілік заттардың қолжетімділігін қамтамасыз ету және халықтың медициналық көмекпен қанағаттану деңгейін арттыру саясатына сәйкес келеді. Қалған 8 өңірде препараттарды босату, дәрілік заттарды есепке алу және іске асыру қызметін сатып алу тетігімен бөлшек сауда дәріханалары арқылы іске асырылады. Дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды халыққа МСАК ұйымдары жанындағы дәріханалар арқылы босату бюджет қаражатын 6,0 млрд теңгеге үнемдеді. Тиісінше, халықты тегін медициналық препараттармен қамту ұлғайды», деді ведомство басшысы.

Брифингте қант диабетімен сыр­қаттанатын ауруларды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін Бірыңғай дистрибьютордың 2018 жылға арналған тізіміне дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдардың 48 атауы кіретіні белгілі болды. Бүгінгі таңда қант диабетімен сырқаттанатын адамдарды емдеу үшін дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдардың барлық атауы сатып алынғаны айтылды. Министрдің сөзіне қарағанда, жыл соңына дейін 3,5 млн науқас тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілуі тиіс. Бұл орайда өткен жылдан бас­тап, бүкіл тегін дәрі-дәрмекті сатып алу процесі орталықтандырылып, барлық дәрілер «СК-Фармация» компаниясы арқылы сатылып алынатын болады. «Бірнеше техникалық мәселелер шешіліп, конкурстарды онлайн түрде ашық өткіздік. Ашықтық негізінде бағалар төмен түсті. Нәтижесінде, 26 млн теңге үнемделді. Бұл қаражат қосымша дәрі алуға жұмсалды және қосымша 20 мыңнан астам науқасқа тегін дәрі-дәрмек берілді. Бірыңғай дистрибьютордың 2019 жылға арналған тізімі 2018 жылғы шілдеде бекітілді. Тендер мемлекеттік сатып алу порталында жарияланды және электронды форматта жүргізіледі. Сатып алу қорытындысы биыл 17 қазанда жасалады және бірыңғай дистрибьютордың қоймасына жеткізу қараша-желтоқсан айларында күтілуде. Қазіргі заманғы емдеу схемасына сәйкес туберкулез, АИТВ нозологиялары бойынша дәрі-дәрмектің жаңа атаулары қосылды», деді министр. Осы ретте дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдардың сапасын бақылаудың халықаралық стандарттарға сәйкестікпен аккредиттелген Дәрілік-заттарды сараптау ұлттық орталығының зертханаларында жүзеге асырылатынын атап өткен жөн. 

Брифингте журналистер ведомство басшысына тегін дәрі-дәрмектің халыққа жеткізілмей қалу себептері жайлы сұрақ қойды. Е.Біртанов денсаулық сақтау басқармалары мен емханалар дәрі-дәрмек көлемін дұрыс жоспарлай алмай, науқастардың азаюы немесе көбеюі факторын ескермегендігін алға тартты. Дәрілік заттардың тауарлық атауының өзгеруі, тұрақты түрде қайта тіркеуден өтетіні де назарға алынбаған. Осыған байланысты өңірлер дәрілерге дұрыс тапсырыс бермеген. Қазіргі уақытта барлық емханалар электронды жұмыс форматына ауысып жатыр және министрлік науқастардың нақты саны мен қажетті дәрілерін онлайн бақылауға алды.

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»