Қазақстан • 13 Қыркүйек, 2018

Алапат қуат пен әлеуетті биліктің қыр-сыры

551 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Бұл туындысында автор АҚШ-тың бүгінгі таңдағы рөлі­не, атап айтқанда үлкен қар­қын алып келе жатқан ақ­парат революциясы мен жаппай жаһандану дәуіріндегі ішкі-сыртқы саясаты мен мақсат-мүдделеріне, сон­дай-ақ сол елді күтіп тұрған сан алуан сынақтарға терең бойлап, байыпты талдау жасайды және сыңарполярлық билік тізгінін уысынан шығарып алмау үшін ендігі жерде АҚШ қандай геосаясат жүргізуі қажет деген мә­се­ленің төңірегінде көкейге қонатын дәйекті пайымдарын ортаға салады. 

Алапат қуат пен әлеуетті биліктің қыр-сыры

АҚШ-тың бүгінгі таңда қай тұрғыдан болмасын әлемдегі ең алпауыт держава екеніне ешкім шек келтіре алмайды. Өйткені бұл – шындық. Сосын әлгі шын­дықты күллі әлем мойындайды десек, артық айтқандық емес және мұның дәлелдері жетіп ар­ты­лады және олардың бір пара­сы төмендегідей.

Әлемге әйгілі ағылшын тілді «The Economist» журналы «Рим империясынан бергі заманда Америка Құрама Штаттары се­кіл­ді бірде-бір мемлекет өзге­лер­ге шекеден қараған емес және бұл АҚШ-тың өктемдігі тек биз­нес саласында ғана емес, сау­да-сат­тық, коммуникация, сон­дай-ақ экономиканың өзге сала­­ларында да, тіпті әскери сала мен халықаралық дипло­ма­­тия саласында да белең алып отыр», деп атап өтсе, Фран­ция­ның бұрынғы сыртқы істер министрі – Губерт Ведрин (Hubert Vedrine) 1999 жылы Америка Құрама Штаттарының XX ғасырдағы болмысын былайша сипаттапты: «АҚШ-тың бүгінгі басымдығы мен мық­ты­лығы оның алпауыт эконо­микасынан да, қаржы саласынан да, қарулы күштер саласынан да, өмір салты мен тілі­нен де, тіпті мәдениет саласынан да мен­мұн­­далап тұр. Бұл шын­дық­ты бү­гінде оның достары ғана емес, жау­лары да жаппай мойын­дай­ды». Ал Германияның жаңа­лық­тар тарататын күллі әлемге әй­гілі «Der Spiegel» жур­налы жо­ға­ры­дағылардан да асып түсіп, «Америка идолдары мен икон­дары Катмандудан Кинша­саға дейін, тіпті Каирден Кара­кас­қа дейінгі әлемді түгел жаулап алған. Сосын жаһан­дану­дың бүгінгі белгісі «Америкада жасалған» деген эмблемамен айшықталады», – депті. 

Әрине солайы солай болған­мен, сәуегей ғалымдардың және бір тобы: «АҚШ-тың сыңар­поляр­­л­ық басымдығы тек Кеңес Ода­ғы күйреп қалған соң ғана пай­­да болд­ы және бұл басым­дық­­­тың ғұм­ы­ры алысқа ұза­май­­ды», де­ген кереғар пікір білдірген. 

Джозеф Най соңғы пікір­мен санасу керектігін ескертеді. Себебі ол бүгінгі таңдағы зама­науи ақ­парат технологиялары мен жаһан­дану үдерістері тек АҚШ-ты ғана күшейтіп отыр­­ған жоқ, сонымен қатар Жапония, Қытай, Ресей және Үндістан сияқты іргелі мем­лекет­­тердің әлеуеттерін де қоса ны­ғайтып, халықаралық на­рық­­т­а соңғылардың АҚШ-пен бәсе­кеге түсе алатынын жоқ­қа шы­ғар­майды. Сөйте тұра, Джозеф Най кез келген мемле­кет­­тің саяси билігінің қуат­ты­лығы, ең алдымен он­дағы халық санының молдығы­мен, тер­ри­тория­сының көлемділігімен, табиғи ресурстарының байлы­ғы­мен, сондай-ақ экономикалық әлеуетінің биіктігімен, қарулы күштерінің тегеуріндігімен және саяси билік жүйесінің тұрақ­­ты­лы­ғымен айқындалатынын көл­денең тарта келіп, кәдімгі кар­та ойынындағы секілді, кімнің қолы күшті болса, соның мысы ба­са­тынын ескертеді. Әрине бұл тұс­та ғалымның бүйрегінің қай мем­лекетке бұрылып тұрғанын айт­пасақ та түсінікті.

Дегенмен, Джозеф Най кез келген мемлекет қуатының және бір маңызды қырына жете мән береді. Ғалым былай дей­ді: «XXI ғасырдағы мемлекет қуат­тылығы үш іргетасқа негіз­деледі. Олардың біріншісі – қуатты қарулы күш; екіншісі – қуатты экономика; үшіншісі – қуат­ты жұмсақ күш, яғни мә­дени, адами және ғылыми-техно­ло­­гиялық құндылықтар. Егер біз­­дер бүгінгі таңда жоғары­дағы­­лардың тек бір өлшемі­не ғана басымдық беріп, тек қару­лы күштерге ғана иек артатын болсақ, ең үлкен қателікке ұры­на­ты­нымыз сөзсіз. Өйткені біздер қуат­тылығымызды тек қару­лы күш немесе ядролық қару ғана қамтамасыз ете алмайтынын мойындауымыз қажет».

Туынды авторының бұл пайымымен толық келісуге болады. Өйткені ол дана халқымыздың «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» деген аталы сөзін қайталап тұрғандай әсер қалдырады.

Джозеф Най одан әрі қуаты­ның үш іргетасы тұрғысынан, XXI ғасырда АҚШ-қа бәсеке туды­руы мүмкін Қытай, Жапо­ния, Ресей, Үндістан және Еуропа Одағының әскери, экономи­калық және мәдени (жұмсақ күш) әлеуеттеріне де сындарлы талдау жасайды. Сонымен қатар ғалым үстіміздегі ғасырға тән ақпарат дәуіріндегі мемлекеттер қуатының ауқымын сипаттайтын статистикалық сараптамаға да сілтеме жасайды. Онда АҚШ, Жапония, Германия, Франция, Британия, Ресей, Қытай және Үндістан сынды мемлекеттердің жер көлемі, халқының саны, халықтың сауаттылығы, қарулы күштері (ядролық оқтұмсықтар саны, әскери бюджеттің көлемі, қарулы әскер саны), эконо­мика­лық көрсеткіштері (Ішкі жалпы өнім, жан басына шаққандағы ішкі өнім, өндіріс өнімдерінің жалпы құны, жоғары технологиялар экспорты, мың адамға шаққандағы жеке компьютерлер саны) сияқты нақты статис­тикалық көрсеткіштерге сілтеме жасайды. Онда автор АҚШ-тың әскери бюджетінің өзінен ке­йін­гі сегіз мемлекеттің жиын­тық бюд­жетінен де асып түсетінін, Америка Құрама Штаттары­ның өз­гелерді шаң қаптыратын цифр­­лы технологиялармен жа­рақ­­танған әскери саладағы басым­дығын; экономикалық тұр­­ғы­дан, әлемдік жиынтық өнім­­нің 27%-і, әлемдегі 100 алпауыт компанияның 59-ы, сол сияқ­ты, әлемдегі 500 жаһандық ком­­панияның 219-ы, сондай-ақ Бри­таниямен салыстырғанда АҚШ-тың әлем экономикасына салған инвестициясының екі есе артық екенін, сол сияқты әлемдегі ең қуатты 10 инвес­ти­циялық банктің де АҚШ-қа тиесілі екенін, алпауыт мем­лекет­тің жұмсақ күшінің де өзге мемлекеттерден оқ бойы озық тұрғанын сипаттап өтеді.

Ақпарат революциясының бүгінгі екпінді динамикасын ес­­кере отырып, Джозеф Най осы­­­дан төрт ғасыр бұрын өмір сүр­ген британдық философ Фрэнсис Бэконның «Ақпарат – билік» деген қанатты сөзіне сілтеме жасай отырып, XXI ғасырда әлем халқының басым көпшілігі ел ішінде ғана емес, сыртында, яғни шалғайда жүрсе де әлгі ақпарат-билікке иелік етіп отырғанын көлденең тартады. Сонымен қатар ғалым бүгінгі ақ­парат революциясының аса қуатты техникалық жабдықпен, нақтырақ айтқанда, заманауи компьютерлермен жарақтанып отырғанын және бұл үдерістің ақпаратқа кететін шығын мөл­шерін соншалықты арзандатып жібергенін, сондай-ақ 1954 жылдан бері қарай, жаңа компью­терлердің бағасының әр жыл сайын 20%-ке арзандап келе жат­қ­анын да, сонымен қатар АҚШ-та ақпарат технологияларына бө­лінетін инвестицияның 7%-тен 50%-ке дейін өсіп кет­ке­нін, сондай-ақ компьютер қуа­­­­ты­­­ның соңғы 30 жыл бойы әрб­ір 18 айда екі есеге артып оты­­­р­а­­­­тынын, ал таяу болашақта бұл үде­­­ріс­тің одан да жылдам өсеті­н­­ін және соның арқасында 1970 жыл­дары ақпарат алмасу шы­­­ғын­­д­арының бір ғана про­­­­цент­­­­т­і құ­рағанын, сосын 1993 жы­лы күллі әлемде 50-ақ ғалам­­­­тор болса, 2000 жылдың басын­­­д­а олар­дың санының бес мил­лион­ға жет­кенін де тілге тиек етеді. 

Ең ғажабы 1980 жылдары теле­фонның мыс сымдарының қауқары бір секундта бар бол­ғаны бір бетке сиятын ғана ақпа­рат өткізе алса, бүгінгі таңда оп­ти­калық талшықтар технологиясы бір секундта 90000 бетке тең ақпарат өткізе алатынын және 1930 жылдары телефонмен үш минуттық ақпарат алмасу 250 долларға түссе, 2000 жылы ол шығынның бір доллардан аспайтынына таңғалады. Сондай-ақ 1980 жылдары бір гигабайт ақпаратты сақтау үшін бақандай бір бөлмеге тең кеңістік керек болса, бүгінгі таңда қалтаға салып қоятын кредит картасының көлеміндей ғана кеңістік қажет екеніне де назар аударады. Мұ­ның сыртында әрбір адам­ның қалтасында жүрген заманауи ұялы телефондардың шексіз мүм­­кіндіктерін де алға тарта­ды. Сосын кейбір ғалымдар­дың жоғарыда аталған ақпа­рат революциясын «үшінші индус­трия­­лық революцияға» теңеп жү­р­генінің мүлде негізсіз емес екеніне де назар аударады. 

Индустриялық революция демекші, туынды авторы адамзат өркениеті XVIII ғасырдан бермен қарай басынан үш ин­дуст­рия­л­ық революцияны өт­кізіп, енді төртіншісіне де аяқ ба­сып отырғанына сілтеме жасайды. 

Автор туындысынан кезінде қирап қалған Рим империясының тағдыр-талайы да тыс қалмаған. Джозеф Най Америка Құрама Штаттарын Рим империясымен бірнеше рет салыстыра келіп, сол империяның соншалықты мықты болғанына қарамастан, кешірілмес қателіктерге бой алдырып, соның салдарынан мүлде жойылып кеткеніне саналы түрде сілтеме жасайды. 

Айтса айтқандай-ақ, Рим империясының күйреуіне негіз болған себептер аз болмапты. Әсіресе ұлы империяның өз ішінде орын алған шиеленістер мен қайшылықтар ондағы саяси-эко­но­микалық, идеологиялық және діни бірліктің негізін шай­қап, алапат дағдарысқа ұшы­рауына әкеліп соққан. «Іштен шыққан жау жаман» демекші, Рим империясын іріткен сырттан келген жау емес, керісінше, императорлардың ішкі саяса­тының осалдығы болған. 

Екіншіден, алып империяның саяси-экономикалық билік жү­йесі әрі әлсіз, әрі тұрақсыз бол­­ғандықтан, тек император­лар ғана емес, ұлан-байтақ им­пе­рия­ның алыс-жақын аймақтары мен провинциялары­ның басшылары да жиі-жиі алмасып отырған. 

Үшіншіден, империя аума­ғын­дағы көпұлтты және полиэтносты халықтардың мәдени деңгейі мен білім сауаты төмен болғандықтан, олардың арасынан жасақталған армияның қуаты да төмен болған. 

Төртіншіден, аталған кемші­ліктердің салдарынан әлсіреп, титықтаған империя халқының демографиялық әлеуеті де күрт төмендеп кеткен. 

Бесіншіден, Рим империясы­ның күй­реп қалуына сол дәуір­дегі құл иел­енушілік қоғам да ті­­ке­­­­лей се­беп болған. Мұның сал­­­­­дары, өз кезегінде, күллі им­­­­­пе­­­­рия­­­­­ның эко­номикасы мен сая­си жү­­­йе­­с­і­нің шек­сіз құлды­ра­уы­­­на және ы­д­ы­рауына әкеліп соққан. 

Алтыншыдан, күш-қуаты кеміген мемлекет осы тығырық­тан шығу үшін, халықтан алынатын салықтың мөлшерін шамадан тыс шарықтатып жіберген. Өз кезегінде мұның салдары инфляцияны молайтып, күллі халықтың империя билігіне деген наразылығын өршітіп, төңкеріске тікелей жол ашқан. 

Жетіншіден, империя аума­ғындағы мемлекеттік қыз­мет­кер­лердің саны шамадан тыс көбе­йіп, күллі қоғамды бюрократия мен жемқорлық жайлап кеткен. 

Сегізіншіден, жоғарыда атал­­­ған се­беп­тердің салдары­нан мә­де­­ниет атаулы жаппай кері ке­тіп, өнер, білім, әде­биет, архи­­тек­­ту­ра тү­г­ел­дей дағ­да­рыс­қа ұшыраған.

Тоғызыншыдан, Рим импе­рия­сының біржолата күйреуіне діни қайшылықтардан туында­ған ішкі шиеленістердің жиілеп кетуі де үлкен себеп болған.

Әккі саясаткер Джозеф Най­дың жоғарыда аталған сынақ­тарды тізбектеп отырғаны бекер емес. Өйткені бүгінгі әлемнің теңдесі жоқ алпауыты – АҚШ ендігі жерде құрдымға кеткен Рим империясы ғана емес өзге им­пе­рия­лардың тағдыр-тала­йы­нан ешбір сабақ алмаса, я бол­маса әлемдік халықаралық аре­на­да өзге мемлекеттермен тара­зы ба­сын тең ұстап, олар­мен сын­дар­лы саясат жүргіз­бей­тін болса, тек Рим империя­сы­ның ғана емес, тарих қойнауын­да күй­­­­реп қал­ған өзге де импе­рия­­­­л­ар­­­­дың кебін киюі де әб­ден мүм­­­кін деген пайымды тұспал­дап отыр. 

Сонымен қатар автор АҚШ-тың Республикалық партиясы болсын, Демократиялық партиясы болсын елдің ішкі саясатына көбірек басымдық беріп, халықаралық қатынастар мен сыртқы саясатқа мүлде нем­құ­райды қарайтынын, соның сал­дарынан АҚШ Конгресінің өзге мемлекеттерге санкция салу­ға мүм­кіндік беретін заңдар шы­ғару­ға тым әуестеніп отыр­ғанын және соның салдарынан кейін­гі кездерде ондаған халық­ара­­лық конвенциялар мен келісім­­шарт­тарды ратификациялаудан бас тар­тып, тіпті БҰҰ мен өзге де ха­лық­­аралық институттарға жыл сайын төленетін міндетті жар­­­­на­­­­л­ардың да көлемін жөн­сіз қыс­­­қартып тастағанын әділет­ті сы­нақ­­қа алады. Сосын бұл орай­­­да автор өзінің жалғыз емес еке­нін білдіріп қана қоймай, мұ­ның нақты дәлелдеріне де дәйекті сілтемелер жасайды.

Елбасы ұсынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы қолға алынып, аударылған алғашқы еңбектер бүгінде оқырман қолына тигені белгілі. Осы орайда Ұлттық аударма орталығы АҚШ-тың ХХI ғасырдағы геосаясатын терең де түбегейлі зерттеген америкалық ғалым Джозеф С.Найдың (Joseph S. Nye) «Оксфорд» баспасынан 2002 жылы жарық көрген «Америка билігінің оғаш сыры» («The Paradox of American Power») атты бағалы монографиясын  да ағылшын тілінен қазақ тіліне тікелей аударып, халықаралық қатынастар және дипломатия мамандықтарын таңдаған жастарға хрестоматия ретінде ұсынса, артық болмас еді деген ой туады. 

Әділ АХМЕТОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық жоғары мектеп Ғылым академиясының академигі