Әдебиет • 13 Қыркүйек, 2018

Заманауи әлемдегі оқу мәдениеті

1052 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Астанада Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Қа­зақстан Республикасының елордасы – Астана қаласының 20 жыл­дығына орай «Заманауи әлем­­дегі оқу мәдениеті» тақы­ры­бын­дағы ІІІ Халықаралық оқу конгресі өтті. 

Заманауи әлемдегі оқу мәдениеті

Конгресс – кітап оқуды насихат­таудың әлемдік тәжірибесін талқылау, мәдени құзыреттілікті жақсарту, интеллектуалдық әлеуетті арттыру, кітапханалардың әлеуметтік-мәдени мекеме ретінде қызметін жетілдірудің пікірталас алаңы. Іс-шараға Януш Вишневский, Георгий Пряхин, Дулат Исабеков, Бексұлтан Нұржекеев, Байбота Қошым-Ноғай, Маралтай Ыбыраев және Бақытжан Қанапиянов сияқты белгілі жазушылар мен республикамыздың шартарапынан жиналған қаламгерлер мен кітапханашылар қатысты. Кон­гресс аясында пленарлық отырыс және секциялардағы жұмыс, сондай-ақ көпшілік алдындағы дәрістер, тақырыптық талқылаулар, тренингтер мен шеберлік сыныптары өтті. 

«Кітап оқу мәдениетінің әлем­дік тәжірбиелерін бөлісу және кітап­ханалардың әлеуметтік мәдени институт ретіндегі қызметін жетілдіру бойынша сұхбат алаңында бас қосқандарыңыз – игі іс. Елордамыздың мерейтойына орай қазір көптеген мәдени іс-шаралар Қазақстанның барлық қалаларында өтуде. Осы жиындардың ішіндегі орны бөлек бұл конгрестің өзіндік жауабы да, шешімі де айырықша болмақ. Бүгінгі шараның мақсаты – кітапхананы халықаралық ынтымақтастық пен бірлікті, ұлтаралық келісімді нығайту мақсатында заманауи үлгіде қызмет ететін маңызды қоғамдық орын ретінде таныстыру. Оқуды насихаттаудың әлемдік тәжірбиесі, тұлғаның рухани дамуындағы кітап оқу мәдениетінің рөлі талқыланып отырған жиында әрбіріміздің үйренер нәрсеміз мол», деді Тілдерді дамыту және қоғамдық саяси жұмыс комитетінің төрағасы Қуат Бораш.

Әлемдегі оқу мәдениетінің бет алысы, жеке тұлға боп қалыптасудағы кітаптың маңызы, әдебиеттегі жаңа үрдістердің ерекшеліктері мен себептері, қоғамдық-рухани құндылықтардың адам тіршілігіндегі маңызы, ұлттық интеллигенцияның қоғам дамуындағы орны ерекше сөз болды. Түркиядан келген қандасымыз, ғалым Әбдуақап Қара: «Кітап оқу азайып бара жатыр, бұл үлкен трагедия. Осы трагедияға ем табайық, шешім табайық деп осында жиналып отырмыз. Кітапты насихаттау тек қазақтардың емес, әлемнің проблемасы. Астана 20 жылда бейбітшіліктің, бірліктің, ғылым мен білімнің насихатшысына айналды. Осы жиын – соның айғағы. Қоғамның кітапқа деген қызығушылығын оятуға іскер азаматтар да ат салысу керек. Бір данышпан адамзатты екі категорияға бөліпті. Жас болсын, кәрі болсын. Ер ме, мейлі әйел ме, айырмашылық жоқ. Кітап оқитын және кітап оқымайтын адамдар деп бөлген. Сонда қарап отырсақ, кітап оқитын адамдар зерек, алғыр келеді. Жұмысында табысты болады. Табысты адам – бақытты. Егер біздің әлемде кітап оқитын адамдар көбейсе, әлем бақытты болады. Бақытты адамдар бейбітшіл келеді. Бұл жиын адамзаттың бақыты жолына сіңірген Қазақстанның бір еңбегі», деді. 

Кітап – болашаққа адастырмай апарар жол, болашақ пен өткенді табыс­тырар парасатты дәнекер. Кітап деген тек әдеби шығарма емес. Кез келген білім кітап арқылы алынады. Конгреске жиналған ғалым, жазушылардың сөздері де осыған сайып отырды. Үндістандық ақын, сыншы Фэй Зин Эжаз: «Біздің оқырман Маркесті де, Хокингті (физик) де оқиды» деуінің сыры осы. Ал әдебиеттің өзінде әртүрлі ағымдар мен жеңіл оқылатын, сюжетті кітаптар көбейді. Алтын ғасы­ры бүкіл әлем әдебиетінің ортасынан ойып орын алған орыс әдебиеті туралы Дулат Исабековтің: «Ресейде көп оқыр­ман философиялық, ойлы шы­ғар­маға қарағанда конъюнктуралық шы­ғар­маларға бас қойғанын байқауға болады: Куприн, тіпті Чеховтың өзінің орнын Донцовалар басуда...» деген пікіріне келісуге де, келіспеуге де болады. Өйткені әдебиет қашаннан азшылықтың мүлкі болды. Бір кездері барлық ермекті кітап алмастырған заман болса, қазір гаджеттердің уақыты. Батыста көбінесе әйелдер кітап оқиды. Бірақ олар білім алу үшін емес, уақыт өткізу үшін оқиды. Ал осы кітап оқу мәдениеттің қайсысына жатады? Кесіп айту, шешіп айту қиын. Оқырмандардың өз талғамы, өз ықыласы бар. Бірақ кәсіби әдебиеттің оқырманы ешқашан жоғалған емес. 

Конгреске келген Қытай жазушысы Хуан Чжонсян қазақ тілінде баяндама жасап: «Мен он сегіз жасымда «Ботагөзді» оқыдым, қазақтың қисса-дастандарын қытайшаға аудардым» деді. Қазақ әдебиеті мен қытай әдебиетін, оқырмандарын салыстырып сөйлеген жазушыны Қазақстандағы оқу мәдениетіне көңіл аударып отырған жағдай толқытты. Кітаптың жолы бұрын қалыптасқан, даңғыл жол болса, оқырмандардың жолы да, тарихы да сондай ұзақ. Кітап пайда болғалы, оқырман да бар. Кітап жоғалмайынша оқырман жоғалмайды. Қазақша сөйлеген Хуан Чжонсян сөзінің аяғын: «Тақыр жерге самырсын ек, тақыр кедей болсаң, балаңа кітап оқыт» деп аяқтады. 

Бір айта кетерлігі, бұл жиынға келген шетелдік қонақтардың жөн сұрасарлық қазақшасы бар екен. Италиядан келген Эдуардо Канетта да ана тілімізде тіл қатып, Леонардо да Винчидің «Атланик кодексінің» түпнұсқадан көшірмесін кітапханаға сыйлады.

Сондай-ақ бұл жиында Шыңғыс Айтматовтың 90 жылдығына арналған дөңгелек үстел мәжілісі өтті. Соған арнайы келген Асқар Шыңғысұлы Айтматов: «Бұл жиынның тақырыбы бәрімізге қатысты. Әсіресе, біздің буынға. Біз әдебиетті сүйетін, кітапты сүйетін ортада туып-өстік. Кітапсыз, әдебиетсіз өмірімізді елестете алмаймыз. Бүкіл әлемнің мәдениеті кітап негізінде қалыптасты. Бүкіл өркениеттің діңгегі кітап болды. Бір кезде кітапты қалай сақтаймыз, кітап оқуды қалай жақсартамыз деген сауалға жауап іздейтін жиын болады деп ешқашан ойлаған емеспін. Бірақ осындай жиындар жаңа әдістер табуға жетелейді. 

Бүгінгі жиын мен үшін маңызды. Осы конгрестің аясында Шыңғыс Айтма­­­­­тов­тың шығармашылығына арналған дөң­­­­ге­­­лек үстелдің өтуі мен үшін қуанышты жағдай. Айтматов тек қырғыздың жазу­шы­сы емес, қазақ жазушысы да. Оның шы­ғармаларында қазақ ауылының, Қа­зақ­­станның алатын орны ерекше. Осы сәтті пайдаланып Айтматовтар әулетінің атынан алғыс айтамын. Қазақ халқы әкем­ді әрқашан өз туысындай жақсы көріп, әрдайым еске алып жүреді, рахмет!» деді. 

*   *   *

Кітап – өркениет. Кітап оқу – мәдениет. Кітапхана – осы асыл ұғымдар тоғысқан алтын орда. Уақыт керуені алға тартқан сайын осы үш ұғымның да қадірі артып, бағалана түспек. Білімді, бейбіт, бақытты ел болудың тағы бір жолын ұсынды конгреске қатысушылар. Ол – кітаптан қол үзбеу...

Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»