Қазақстан • 13 Қыркүйек, 2018

Абырой биігінде

444 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Еліміздегі химия ғылымының дамуына ғұмырын арнаған, бірнеше жылдан бері қажырлы еңбек етіп, аянбай тер төгіп келе жатқан Еренғайып Мәлікұлының атқарған қыруар ісінің ел болашағы үшін маңызы зор. Бір бойынан ғылымға сүйіспеншілік, қоғамдық жұмысқа жауапкершілік қатар табылатын көрнекті ғалым, химия ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА академигі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Алматы қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еренғайып Шайқұтдіновтің есімі елімізге ғана емес, алыс-жақын шетелге де жақсы таныс.

Абырой биігінде

Е.Шайқұтдінов 1933 жылдың 10 мамырында Солтүстік Қазақстан облысы Преснов ауданы Октябрь ауылында дүниеге келген. Балалық шағы Ұлы Отан соғысының ауыр жылдарымен тұспа-тұс келген Ерен­ғайып Мәлікұлы аштық пен суыққа төзе жүріп, тез есейді. Зұл­мат жылдардың қиындықтары аз болған жоқ. Орта мектепті күміс медальмен бітіріп, 1951 жылы Ке­ңес Одағындағы үздік жоғары оқу орындарының бірі – Мәскеудегі М.Ломоносов атын­дағы химиялық технология институтына түсіп, сәтті аяқтады. Қарағандыдағы син­­те­ти­калық кау­чук зауытында екі жыл­дай ауысым бастығы болған ол хи­миялық өндірістегі тәжірибелі, білікті инженер-технолог болып қа­лыптасты. Дегенмен, ғылымға деген құштарлық оны қайтадан Мәскеу химиялық технология инс­­титутына алып келеді, 1958 жылы осы оқу орнының аспиранты атанады. 

Ол 1963 жылы кандидаттық дис­сер­тациясын қорғаған соң бірден С.Киров атындағы Қазақ мем­лекеттік университетіне жоғары молекулалық қосылыстар кафедрасына шақырылды. Аталмыш кафедраны осы жылы химия факультетінің деканы, профессор Б.Бірімжанов пен ҚазКСР ҒА академигі С.Рафиков құрған болатын. Бұл білім және ғы­лым ордасы осы бағыттағы Кеңес Ода­ғындағы Мәскеу және Ленин­град университеттерінен кейін құ­рылған үшінші кафедра еді. Жаңа кафедраның аяғынан тік тұруында, әрі дамуында, оқу үдерісі мен ғылыми зерттеулерін ұйымдастыруда Еренғайып Мәлікұлының үлесі орасан зор. Е.Шайқұтдіновтің қызметтік жолының алғашқы сатысынан-ақ жас ғылымды, кенжелеп қалған әрі елімізге таңсық ғылымды дамытуға аянбай кірісіп кеткенін замандастары мақтанышпен айтады. Бұл қасиет бүгінгі ұрпаққа зор үлгі.

Академик Б.Жұбановпен бірге Е.Шайқұтдінов, алдымен С.Киров атындағы ҚазМУ-да, одан кейін В.Ленин атындағы ҚазПТИ-да жас полимерлі ғылымның негізінде оқытудың әдістемелік қағидаларын жетілдіруге, материалдық базасын жасақтауға және шығармашылық ұжымын қалыптастыруға белсенді атсалысты. Бұл салада 50 жыл үздіксіз қызмет етіп, маңдай терін төкті, аға оқытушылықтан бастап университет ректоры қызметіне дейінгі баспалдақтардан өтті.

1978 жылы Е.Шайқұтдінов В.Ле­нин атындағы Қазақ политех­ни­калық институтының проректоры қызметін атқарса, 1992 жылы осы оқу ордасына басшы, ал 1994 – 2000 жылдар аралығында Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ ректоры болды. 1989 жылы Е.Шайқұтдінов Ұлттық ғылым акаде­миясының корреспондент-мүше­сіне сайланса, 1994 жылы толық мүшесі атанды. Жоғары молеку­лалық қосылыстар химиясы кафедрасы құрылғаннан бастап Еренға­йып Мәлікұлының ғылыми-педаго­ги­калық және қоғамдық қызметтері әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-мен үздіксіз байланыста келеді. 

1971 жылдан бастап 1978 жылға дейін ол кафедра меңгерушісі, ал 1972 жылы С.Киров атындағы ҚазМУ қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы болды. 1972 және 1999 жылдар аралығында ҰҒА Химия институты мамандандырылған ғы­лыми кеңесіне және әл-Фараби атын­дағы ҚазҰУ-дағы химия ғылым­дарының докторы және кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін диссертацияларды қорғау жөніндегі ғылыми кеңесіне мүшелік етті. Бірнеше жылдан бері ол органикалық заттар химиясы мен технологиясы, табиғи қосылыстар және полимерлер кафедрасының профессоры. 

Академик Е.Шайқұтдінов жас әрі талантты ғылыми кадрларды даярлауға ерекше көңіл бөлді. Оның жетекшілігімен 40 шақты кан­ди­даттық және 15-тен аса докторлық диссертация қорғалды. 

Ғалымның көп жылдық ғылыми қызметінің нәтижелері 900-ден аса ғылыми еңбекте, соның ішінде 8 монография және 6 оқулық, КСРО-ның 124 авторлық куәлігінде, Қазақстан Республикасының патенттерінде және халықаралық патентте анық көрінеді. Еренғайып Мәлікұлы Қа­зақстандағы жоғары молекулалық қосылыстар химиясының негізін салушылардың бірегейі. Жоғары молекулалық қосылыстар химиясы саласында іргелі және қолданбалы зерттеулері халықаралық жоғары дәрежеде мойындалған танымал ғылыми мектептің қалыптасуы ғалым еңбегінің нәтижесі. 

Еліміздегі химия-технологиялық мамандықтардың алғашқы бастауы да Еренғайып Мәлікұлының қолдауымен көрініс тапқан болатын. Инженерлік кадрларды даярлап, қанаттандыру жұмыстарына арқау болған да осы Еренғайып Мә­лікұлы. Академиктің іскер басшы­лығын дәлелдейтін бірнеше еңбек­терін атауға болады. Ол өз саласын отандық деңгейде ғана дамытып қоймай, халықаралық аренаға шы­ғарды. Ширек ғасыр бұрын әлем рейтингінен ойып тұрып орын алу, халықаралық байланысты дамыту күрделі шаруа еді. Ол зор қабілетті, терең білімділікті, іскерлікті қажет етті. Мұндай қасиеттерді бойына сіңіре білген Еренғайып Мәлікұлы отандық химияның салалық бағыт­тарын әлемдік деңгейге шығарды. 

Осы орайда ерекше айта кету керек, дүние жүзіне мойындалған Thom-son Reuters ақпараттық база­сы­ның мәліметінше, академик Е.Шай­құтдінов ғылыми мектебінің бірден үш өкілі (профессорлар Г.Мун, З.Нүркеева, В.Хуторянский) нано­ғылым және нанотехнологияны зерттеудің дәстүрлі нысаны болып табылатын интерполимерлі кешендер саласында ғалымдардың әлемдік рейтингісінің алдыңғы үш орынын иеленген. Мұндай көрсеткішке Қазақстан ғана емес, бүкіл ТМД бойынша өзге ешбір ғылыми мектеп қол жеткізбеген. Мұндай белесті бағындыру ғылымға адалдықты, табандылық пен талапшылдықты қалайды. Еренғайып ағамыз сол табандылығымен, талапшылдығымен ел ғылымын әлемге мойындатты.

Ғалым ағамыз іргелі зерттеулер, білім беру процестерін реформа­лау және жетілдірумен қатар эко­номикада маңызы басым тәжіри­бе­лік жобаларға зор көңіл бөлді. Про­фессор Е.Шайқұтдінов – көр­некті педагог, оқу-әдістемелік және тәрбие жұмысының іскер ұйым­дас­тырушысы, оқу процесіне жаңа кәсіби технологиялар мен әдістерді енгізуге ұйытқы болған білікті басшы. Ол дәстүрлі ғылым жолын заманауи талаптарға сай байланыста дамытып жүрген ғалым. 

Ғылымдағы ерен үлесі мен көрнекті еңбегі, сонымен бірге әлем­дік білім кеңістігіндегі өзекті мәсе­лелерді шешудегі салмақты еңбек­тері үшін академик Еренғайып Мәлік­ұлының есімі «1997 жылғы жеміс­ті еңбек иесі» Халықаралық био­гра­фиялық орталық кітабына (Кембридж, Ұлыбритания), сондай-ақ «Қазіргі заманда Кімнің кім екені ­туралы» библиографиялық көптомдық басылымының заманауи уақыт­тың 200 көрнекті қайраткері атты бөліміне енді.

Бір бойында педагогтық, басшы­лық әрі ізденімпаздық қасиеттерді, ұйымдастырушылық және жаңа­шылдық қабілеттерді игере білген Еренғайып Мәлікұлының өмір жолы шежіреге толы тарих. Дәстүр мен жаңашылдықты тоғыстыра білген, әлем талабын игерген Еренғайып Мәлікұлы әлі де өз идеяларын бөлі­суден, ой айтып, жөн сілтеуден шар­шаған емес. Бүгінге дейін әл-Фа­раби атындағы Қазақ ұлттық уни­верситетінен қол үзген емес. Өзінің төл кафедрасы органикалық заттар химиясы мен технологиясы, табиғи қосылыстар және полимерлер кафедрасында, жалпы университеттің тыныс-тіршілігінде ақылшы аға, қамқор ұстаз, ҚазҰУ Бақылау кеңесінің мүшесі.

Жемісті ғылыми, педагогика­лық және қоғамдық қызметі үшін акаде­мик Е.Шайқұтдінов «Құрмет», «Парасат» және «Барыс» ордендерімен, «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері», Ыбы­рай Алтынсарин медальдарымен, Қазақстан Президенті Н.На­зарбаевтың және Ресей Президенті Д.Медведевтің Алғыс хаттарымен марапатталды. 1991 жылы оған «Қа­зақ КСР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері» атағы берілді. 

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлт­тық университеті мемлекетіміз бен қоғамымызды өркендету жолында айрықша қызмет еткен, қажырлы еңбегінің арқасында халық­ара­лық кеңістікте Қазақстанның ғылы­ми бейнесін қалыптастыруға зор үлес қосқан ғылым мен білім қай­­раткерлерінің, аса көрнек­ті тұл­ғалардың өмірі мен шығар­ма­шылығын баяндайтын кітаптар топ­тамасын шығарып келеді. Сол «Өнегелі өмір» сериясының кезекті шығарылымы академик Е.Шайқұтдіновке арналып жарық көрді. Бұл Еренғайып Мәлікұлының өмір жолы жас ұрпақ, жаңа буынға өнеге болып қала­тындығының айғағы.

Академик Е.Шайқұтдінов Ота­нымыздың тәуелсіз таңында өзінің қажыр-қайратын аяп қалған емес. Ол қазақ жұртының Мәңгілік елге айналуына тілекші, баталы ұстаз әрі ел болашағына бек сенімді. Өз еліне, төл халқына қалтқысыз қызмет етуді өмірлік мұраты еткен ғалым ағамызға күш-жігер қосатын да осы сенім болса керек.

Ғалым МҰТАНОВ,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры