27 Желтоқсан, 2011

Тәуелсіздік төріндегі театр

2459 рет
көрсетілді
30 мин
оқу үшін

Бүгіні және келешегі

Өзгелермен  терезесі тең тәуелсіз ел болу ата-бабаларымыздың сан ғасырлардан бері жал­­ғасып келе жатқан қасиетті де асыл ар­маны еді. Бұл арманды жүзеге асыру жолында хал­қы­мыздың басынан қаншама аласапыран уақи­ғалар өтті, қаншама ұлтжанды арыстар өз өмір­лерін құрбан етті. Міне, енді жиырма­сын­шы ғасырдың соңғы сәтінде қазақ халқы өзі­нің осы аңсаған арманына жетті. Ежелгі қазақ елінің көгінде Тәуелсіздіктің көк туы желбіреді, бос­тан­дықтың арайлы алтын таңы атты. Бү­кіл әлемдік қауымдастықтың төріне жер жүзі түгел мойындаған ұлы қайраткер Нұр­сұл­тан Назарбаев кө­те­рілді. Сөйтіп, өткен та­рихы аса бай, мекендейтін жері ұшан-теңіз кең, бірақ бодандық­тың сал­­дарынан осыған дейін өзінің ұлттық ерекшелігі мен қадір-қасиетін ешкімге көрсе­те алмай келе жатқан қазақ халқы аңыз-жыр­лар­дағы ұзақ ұйқыдан оянған алып батыр­лардай дүр сілкіне тұрып, ілезде бүкіл әлемге таны­мал болды. Дегенмен, тәуелсіздікті жаңа­дан ал­ған кез-келген  жас мемлекеттің бола­шақ тағ­дыры, келешек өсіп-өркендеуі тек ха­лық­­аралық аре­на­­­дағы жеңіс­тері мен жетістіктеріне ғана бай­­ланысты емес екендігі де ежелден белгілі. Бұл ретте елдің ішкі саяси жағ­дайы мен эко­номи­калық өсу көрсеткіші, хал­қының тұрмыс дең­­гейі көп мәселеге өз ықпа­лын жасайтыны анық. Міне, осындай жағдайда жас Қазақстан Рес­­публикасы тәуелсіздік алған күннен бастап өзінің басқаларға ұқсамайтын ерекше жолын таңдай білді. Яғни, біздің еліміз хал­қының ба­рынша көп ұлтты, жерінің өте ұшан-теңіз кең екендігіне қарамастан,  қы­сыл­таяң кезден ба­рынша бейбіт жағдайда аман-есен өтті. Осы­ған орай қазақ елінің сол бір қиын кезеңнен көшкен жүгін аударып алмай өтуі ең алдымен Елба­сының ерен еңбегі екендігін осын­­дайда тағы бір қайталап айту біздің азаматтық пары­зымыз. Міне, осының нәтижесінде Қазақстан республи­касы тәуел­сіздіктен кейінгі соқтық­палы соқпақ­сыз қи­ын жолдан аман-есен өтіп қана қойған жоқ, сонымен бірге тарих үшін қас-қағымдай болып есептелінетін жиырма жыл­да эконо­ми­касы дамыған алдыңғы қатарлы танымал мемлекеттердің біріне айналды. Бірақ сонымен бірге кез-келген елдің даму дәрежесі оның экономикалық-әлеуметтік дең­гейі­мен ғана емес, мәдени-рухани саладағы жетістіктерімен де өлшенетінін ешқашан да ұмыт­паған жөн. Ал бұл саланың ең бастыла­­рының бірі – театр өнері. Өркениетті елдердің бәрі өздерінің мәдени-рухани саладағы жетістіктерін ең алдымен ұлттық театрының шыққан биігі мен көтерілген деңгейі арқылы өлшейді. Осы тұрғыдан келгенде, қазақ елінің де бүгінгі таңға дейін қол жеткізген жетістігі баршылық. Бұл ретте, өткен ғасырдың сонау отызыншы жылда­рының алмағайып, ең қиын күндерінің өзінде Темірбек Жүргенов, Жұмат Шанин сияқты ұлттық өнердің шынайы жана­шырлары іргесін қалап, шаңырағын көтерген қазақ театр өнері­нің өзіндік мектебі бар екендігін атап айтқан жөн. Міне, сол асыл азамат­тардың өлшеусіз еңбегінің нәтижесінде қазақ театрының сахна­сынан Қалибек Қуанышбаев, Құрманбек Жандарбеков бастаған қаншама өнер жұлдыздары жарқырап көрінді. Әзір­байжан Мәмбетов сын­ды ұлттық режиссерлеріміз өз кезеңінде бүкіл Кеңес Одағына таны­мал болды. Еліміз өз алдына жеке шаңырақ көтергеннен кейін күн тәртібінде ұлттық сахна өнерінің осы биік деңгейін төмендетіп алмай, одан әрі дамыта беру міндеті тұрды. Бұл міндетке еліміз тәуел­сіздік алған алғашқы күннен бастап айрықша көңіл бөлді. Бұл ретте, Кеңес Одағы тұсында қазақ театрлары, негізінен, республикамыздың қазақтар көп шоғырланған оңтүстік өңірлерінде шаңырақ көтергенін де айта кеткен жөн. Ал оның есесіне теріскей облыс­тарда қазақ театр­лары мүлдем дерлік ашыл­мады. Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін осы кемшіліктерді түзе­ту тез арада қолға алын­ды. Соның нәтижесінде  бұдан бұрын қазақ театрлары мүлдем болмаған және  болуы да мүмкін емес сияқты өңірлердің бәрінен ұлттық сахна өнерінің ұжымдары шаңырақ көтерді. Қазір есептеп отырсақ, тәуелсіздіктен кейін дүниеге келген мұндай театрлардың  жалпы саны оннан асады. Оның ішінде жаңадан бой көтерген екі опера және балет театры да бар. Және мұның бәрі Елбасының ұлттық театр өнеріне деген   шынайы жана­шыр­лығының нәти­жесі еді. Өйткені, ол уақыт­та еліміз өтпелі кезеңнің неше түрлі қиын­дығын бастан кешіріп жатқан. Міне, сондай жағдайда жаңа театрлар ашу ешқандай қисын­ға келмейтін іс сияқты болатын. Бірақ біртіндеп өтпелі кезең де артта қалды; қиындықтар да ұмытылды; ал оның есесіне республика­мыздың көптеген өңір­лерінде Тәуелсіздігі­міздің салтанатты белгісіндей болып  жаңадан ашылған қазақ театр­лары бой түзеп тұр. Міне, осының нәтижесінде бүгін республи­­ка­мыздағы қазақ театрларының саны 31-ге   жетті. Мұның сыртында онға жуық қуыршақ театрлары жұмыс істейді. Сондай-ақ, бізде орыс театрларының ежелден қалыптасқан ерек­шелігі, өзіндік мектебі бар. Қазір олардың саны – 16. Бұл орыс театрларының біразы республика­мыздың өз ішінде ғана емес, сырт жерлерге де жақсы танымал. Ұйғыр халқының бүкіл дүниежүзі бойынша бірден бір жалғыз театры – біздің Қазақстанда. Корейлер мен немістердің де тарихи отанынан  сырт жерлердегі театры – Алматы қаласында орналасқан. Оңтүстік Қазақстан облысынан ашылған өзбек театры туралы да осыны айтуға болады. Соңғы кезде жекеменшік театрлар да біртіндеп көбейе тү­суде. Яғни, бүгінгі таңда еліміздегі театр­лардың жалпы саны 60-тан асып кеткендігі анық. Бұл өте үлкен күш. Әрине, жаңа театрларды ашумен бар мәселе шешілмейді, бұдан кейін күн тәртібіне оларды бүгінгі заманға сай ғимараттармен, қажетті құ­рал-жабдықтармен, жеткілікті қаражатпен қам­та­масыз ету міндеттері алға  қойылады. Бұл жөнінде де Қазақстан Республикасы тәуелсіз­діктен кейін  өзгелерге үлгі боларлықтай жақсы шаруалар тындырды. Бұған дәлел ретінде соңғы жи­ырма жыл көлемінде театрларға ар­налып он төрт жаңа ғимарат салынып, пай­далануға берілгенін айтсақ та жеткілікті. Күр­делі жөнделген театрлар да көз қуантады. Жа­қын арада Қостанай қаласындағы І.Омаров атындағы қазақ театры­ның  жаңа ғимараты есігін айқара ашпақшы. Сондай-ақ, бізде театрларды қажетті мамандармен қамтамасыз ету де жүйелі түрде жолға қойылған. Бұл ретте Т.Жүргенов атын­дағы Қа­зақ ұлттық өнер академиясы жемісті жұмыс істеп келеді. Соңғы кезде Астанадағы Өнер академиясы да бұл іске белсенді түрде атсалыса бастады. Бірақ сонымен бірге театр өнері үшін ең бас­ты көрсеткіш материалдық, қаржылық жағдай емес,  шығармашылық мәселе екендігін де айта кеткеніміз жөн. Бұл ретте, ең алдымен театр­лардағы жаңа қойылымдардың сапасы қай дең­гейде; көрермен қауымның оларға деген ынта-ықыласы қандай; режиссура саласында жақсы жаңалықтар көріне ме; актерлердің шеберлігі көңіл қуанта ма, ұлттық драматургиядан соны серпін сезіле ме деген сияқты сансыз сұрақтар бой көтереді. Осы тұрғыдан келгенде, көңілді алаңдататын  біраз мәселелер бар. Жалпы, театр – үзбей ізденуді, тынбай еңбек етуді талап ететін өнер. Және ол  еңбек пен ізденістің нәтижесі  дер кезінде тәуелсіз сарап­шылар мен маман сыншылардың талқысынан өтіп, нақты бағасын алып отыруы керек. Егер бұл шарт орындалмаса театр тоқырауға ұшырап, тығырыққа тіреледі. Өкінішке қарай, қазір Қазақстан театрларының басым көпшілігі шы­ғар­­машылық салада осындай күрделі жағдайды бастан кешуде. Олардың басым көпшілігінің шығармашылық деңгейлері, жасырмай айтқанда – көрген кісіні ұялтып, төмен қаратады. Бұған нақты дәлел келтірейік. Бізде жыл сайын республикалық театр фестивалі өтеді. Міне, осы фестивальге келетін қойылымдардың басым көпшілігінің көркемдік сапасы өте төмен. Мы­салы, жақында ғана  осындай өнер байқауы Ал­маты қаласында өткізілді. Театр сыншылары фестивальге қатысқан қойылымдардың кемінде жартысының көркемдік сапасы кәсіби театр деген атаққа мүлдем сәйкес келмейтіндігін ашық айтты. Мұның алдында Тараз қаласында өткен театр фестивалінде де тура осындай сын айтылған еді. Қазір Қазақстанда 45 жасқа дейінгі көзге түсіп жүрген жас режиссерлер мен жас драма­тургтердің мүлдем жоқ екендігі осының айқын дәлелі. Яғни, еліміздегі театр өнері құлдырауға бет алып барады десек, бұл артық айтқандық болмайды. Ал сонда мұндай қиын жағдайдың орын алуының басты себебі неде? Бұл сұраққа жауап іздесек, негізгі  мәселе театрлардың жұмысын ұйымдастырып, басшылық жасауға келіп тіреледі. Осыған орай мына жағдайды қадап айт­қымыз келеді. Қазір Қазақстанда әлеуметтік-экономи­калық және басқару жүйесінің барлық саласында түрлі жаңарту мен реформа қызу жүруде. Бұдан тек театрлар ғана шет қалған. Яғни, театр жұмысын басқару мен үйлестіруге реформа жасап, қайта құру мүлдем қолға алынған емес. Бұл сала баяғы 1990 жыл­дар­дағы қалпынан ешқандай өзгермеген. Кеңестік идео­логияның үрдісімен келе жатқан театр­ларды басқару жүйесінің, яғни көркемдік жетекші, бас режиссер деген қызмет-лауазым­дардың әлдеқа­шан уақыты өткен. Жанашыр­лықпен тереңірек ойлағанда, бұл жүйе шығар­машылық ұжымның шынайы өнер жа­сауына үлкен кедергі келтіреді. Дәлеліміз төмен­дегі­дей. Әдетте, бұл лауазым­дарға режиссерлер тағайындалады да, театрдағы эстетикалық, ре­пертуарлық, ерікті актерлік ойын мен құлашты режиссураның дамуына тосқауыл қойылады, түптеп келгенде бүкіл бір театр сол режиссер-бастықтың жеке амбициясы мен өре-қарымы­ның құрбаны болып қала береді. Себебі, олар тек өз қалауы бойынша репертуар таңдайды, өздеріне ұнаған актерлерге ғана рөлдер мен атақтар «бұйырып», талап-талғамы мен шы­ғармашылық мүмкіндіктері әрқалай өнер иелерін әділетті басқаруға қолдары қысқалық етеді. Бастық өзі режиссер-қоюшы болғандықтан, қандай да бір тәуірлеу режиссерлік жұмыстың өзінен асып кетпеуіне бар «күшін» салады. Тіпті «көз қылып» сырттан режиссер шақырса да өзінен төмен суреткерді таңдайтыны аян. Рольдер де бастықтың төңірегіне жиналған жандайшаптау актерлерге тиеді. Осыдан барып, орташа спектакльдер, қызықсыз рольдер пайда болады. Сондай-ақ, бас режиссерге немесе көркемдік жетекшіге бағынышты режиссердің суреткерлік еркіндігінің аяқасты болып, құқығына қол сұ­ғылуы бүгіндері барлық театрларда әдетке айнал­ған. Бәрімізге белгілі, баспасөз беттерінде де, өнер адамдары арасында гу-гу әңгіме болған кейбір театрлардағы айтыс-тартыстардың төр­кіні де  басқару тәсілінің осындай  ескіргендігінен болып отыр. Мысалы, Ж.Аймауытов атын­дағы Павлодар облыстық қазақ театрындағы шығарма­шылық ұжымның 90 пайызы белгілі режиссер Ерсайын Тәпеновтің басқару стиліне, суреткерлік қарымының бірқалыптылығына, ұжымға жаңа леп, соны үрдіс, өзгеше режиссерлік қалып әкелудегі енжарлығына қарсылық еді десе де болады. Ал Е.Тәпенов мырза ұжым мүшелерінің шығармашылық «аштықтан» туындаған талап-тілектерін түсінгісі келмей, шамшылдық танытып, өзі арыз жазып, театрдан кетті. Мұндай жағдай республикалық Қ.Қожамияров атындағы ұйғыр театрында да кездескендігінен хабар­дармыз. Басқа театрларда да осындай мәселе ушығып тұрғаны хақ, көбінің үндемей тыныш жатуы – ол театрдағы шығармашылық ахуалдың жоғарғы деңгейде екендігінің көрінісі емес, керісінше «күл болмасаң, бүл бол» дейтін немкеттілік, немесе қазақы кеңқолтықтықтан туын­дайтын «бір мәнісі болар» деген ой. Театрлардағы мүлгіген тыныштықтан қорқу керек, тіпті содан сақтанған дұрыс шығар, өйткені сілтідей тыныштық тек қабірстанға жа­расқан. Ал нағыз, ізденгіш шығармашыл ұжым дуылдап, биіктеп, аспандап, арғы-бергі фестивальдер мен бәйге-жарыстарға қосылып, жанартауша атқылап жатуға керек-ті. Осы тұрғыдан келгенде, қазақстандық театрлардың қайсы­сының шетелдік жарыстарға қатысып, жүлде алғанын көрдіңіздер?! Жоқ! Өзіміз мақтанып көпіргенмен, ондай жетістіктердің төбесі көрін­­бей тұр. Театрлардың жұмысын ұйымдастыру мен басқаруға реформа жасау керектігі де осыдан туындап отыр. Осыған орай,  Елбасы театрлардың жұмысын жаңа заманға бейімдеу керек деген мәселені  үнемі айтып келеді. Мысалы, Президент 2009 жылы Алматыда театр қайраткерлерімен арнайы кездесіп, сахна өнерін өркендету жөніндегі негізгі міндеттерді белгілеп берген болатын. Сон­дай-ақ Елбасы Қарағандыдағы қазақ театры­ның жаңа ғимаратын ашу салтанатында сөйлеген сөзінде де, Астана күніне орай бір топ зиялы қауым өкілдерімен кездескенде де бұл мәселеге нақты тоқталды. Өкінішке қарай, Президен­тіміздің бұл тапсырмаларының жүзеге асуы көңіл көншіт­пейді. Нақты  дәлел келтірейік. Осы­­дан бірер жыл бұрын көрнекті жазушы-драматург Әкім Тарази баспасөз бетінде театр өнерін жандандыру керектігін айтып мәселе көтерді. Соған орай, Елбасы театрларды нарық заманына бейімдеу керек деп нақты тапсырма берді. Бұл жөнінде Мәдениет министрлігінің Мәдениет комитеті арнайы талқылау өткізіпті деп естиміз. Талқы­лауға қатысқан бірді-екілі «азу­лы» театрлардың әрі директор, әрі көркем­дік жетекші, әрі бас режиссер ретінде үш бірдей тақта бір өздері отыратын басшылары театр­ларды нарықтық қатынастарға бейімдеуге үзілді-кесілді қарсы болған көрінеді. Сөйтіп бұл мәселе әлі күнге жабулы қазан жабулы күйінде қалып отыр. Әрине, екі-үш лауазымды қызметті қатар ат­қа­рып, театрды бір өзі билеп-төстеп басқаруға үйренген театр басшыларының бұл салаға өзгеріс жасауға ешқашан да ықыласты болмай­тыны біз айтпасақ та түсінікті. Ал бірақ Мәде­ниет комитеті сияқты мемлекеттік мекемелердің бұл мәселеге соншама селсоқ  қарауы өте таңқаларлық жағдай!.. Әрине, бүгінгідей әңгімеде театр өнерінде түк жоқ деп ауызды қу шөппен сүртуге де болмайды. Өйткені, бізде талантты режиссерлер, жүйрік актерлер, шүкір, баршылық. Мыса­лы, Тараздағы Қуандық Қасымов, Астанадағы Нұрқанат Жақып­баев, Алматыдағы Болат Атабаев, Қостанайдағы Ерсайын Төлеубаев, Ақтау­дағы Гүлсина Мерға­лиева жаңа қалыптағы, ерекше эстетикалық өлшемдегі суреткерлер,  алайда олардың көбі көр­кемдік жетекші бас­қаратын театрлардан азар да безер болған. Назар салып қарасақ, шынында да көркемдік жетекші немесе бас режиссер басқаратын театрларда көбіне басқаша ойлайтын, немесе жаңа келген жас режиссердің үні шық­пайды, табаны тұ­рақтамайды, сондықтан да олар бір театрға бастық болып барып, ойларындағы өзге па­йымды қойылымдарын жүзеге асырғысы келеді. Ал мұндай дәрежеге жеткенше олардың шы­ғармашылығы шау тартып, үміті жіңішкеріп, қажыры қартайып қалатыны да шындық. Бұл ретте бір режиссердің екінші  режиссерге бас­тық болып, қойылымды олай емес, былай қою керек деп, өз ойы мен талғамын таңуы – қай жағынан алсақ та, ақылға сыймайтын нәрсе. Суреткерлік деген оқшау әлем, оған өзгенің араласуы әдеп­сіздік, әрі кеткенде әпербақандық. Сондықтан, нарықтық қатынастарға көшудің тиімді жолда­рының бірі – театрлардың жұмысын ұйымдас­тыру мен басқарудың жаңа ережесін жасау. Театр сияқты шығармашылық ұжымды басқару – ой-өресі биік, менмендіктен ада тұлғаларға ғана жарасады. Ал режиссер тек қана жеке суреткер ретінде бағаланып, реті келсе оған басшылықтың тізгінін бермеген абзал. Ол тек өз қойылымының ғана «бастығы» болғаны жөн. Оның өзімен мұраттас актерлермен бірігіп, қауымдасып, шы­найы шығармашылық жұмыс­пен айналысуы үшін осы жүйе дұрыс. Сонда ғана режиссердің басқамен шаруасы болмай, тек қойылымының көркемдік сапасын ғана ой­лайтын болады. Театрды кімнің қалай басқаратынын да ойластыру керек. Батыс елдеріндегі үрдісте, ондай басқарушыны «интендант» деп атайды, бізше театр төрағасы десе дұрыс болатын сияқты. Онда басқадай  қосарланатын басшылық болмауы керек. Режиссерлікке «бас» деген тіркесті қосақ­тағаннан ол режиссердің таланты тасып кетпейді, талант пен суреткерлік қарым – я бар, я жоқ, ол болмаса, жай әншейін қанатсыз маман, шанаға жегілген жабы тектес ортақол орындаушы ғана. Ал, жүйріктің аты жүйрік, оған алтын алқа, немесе қарапайым кендір жүген сал, бәйгеден бәрібір  бірінші келеді. Сондықтан театрда бас режис­сердің емес, жүйрік режиссердің жұмысы құнды, бағалы болады. Ал көркемдік жетекші деген лауазым да  ақылға салып бажайласақ, тіпті ерсі. Көркемдікке жетекші не үшін керек? Көркемдік дейтін өнер категориясына жетекшілік жасау ақылға қонбайтын нәрсе екенін мойындайтын уақыт жетті. Сондықтан жалпы басшылықты режиссерге емес, басқа кез-келген суреткер тұлғаға тапсыр­ған ақыл. Ол актер бола ма, драматург бола ма, әлде мәдениеттанушы ма – бәрібір. Тек іске жаны ашитын, өнердің парқын терең түсінетін адам болса болды. Иә, театрдың төрағасы мемлекеттік құзырлы мекемемен келісім-шартқа отырып, ұжым өмірінің барлық саласына жауап беретін бірден-бір тұлға болуы тиіс. Оған ауқымды түрдегі басқару мүмкіндігін берген жағдайда одан мемлекеттік сұраныс пен талап та жоғары болады. Сонымен бірге, ең маңыздысы – театр режиссерлерін әлеуметтік жағынан қорғау керек, яғни авторлармен жұмыс жасауда, тақырып таңдауда, көркемдік өресі өзге, әрі ерекше спектакль қоюда шығармашылық еркіндігінен айыр­май, өзінің қойылымының авторы ретінде ба­ғалап, тиісті жалақысынан бөлек гонорар төлеу­ді заңдас­тырған абзал. Сонда оның  шығар­машылдық құ­қығы қорғалып, суреткерлік ынтасы ұлғая түседі. Бір театрда кем дегенде 3-4 тең құқылы режиссер келісім-шартпен жұмыс істеуі тиіс. Сонда ғана олар бір-бірімен шы­ғармашылық бәсекеде болып, қайткенде де жоғарғы деңгейдегі қойылым қоюға тырысады. Мұндай жағдайда, ұжым артық адамдардан арылады, бос селтеңбайлық, орынсыз міндетсіну де сап тиылады. Сондай-ақ, актерлерге деген көзқарасты да түбегейлі өзгерткен жөн. Бүгінде актерге бәрі қожа – есік көзіндегі вахтердан бастап, төбедегі дөкей бастыққа дейін қожаңдап, қол шошай­татыны жасырын емес. Ал театрдың негізгі еңбекқоры, режиссердің ой-қиялының дұрысы мен бұрысының орындаушысы, оның көрермен алдындағы ұяткері мен жауапкері – бәрі-бәрі актер! Яғни, театрдың негізі актер! Сөйткен азапкер актер айына отыз рөл ойнаса да алатыны бір жалақы. Он емес-ау, анда-санда бір-екі рөлді зорға орындайтын маңғаз актердің да алатыны сол бір жалақы. Әділет қайда сонда, еңбегіңе қа­рай көретін зейнетің қайда? Сондықтан актер­лерге еңбекақы төлеу үрдісін де түбегейлі өзгер­тетін кез жетті, яғни жалақы мөлшері еңбегіне, оның сапасы мен психо­логиялық салма­ғына сай бағаланып тағайын­далуын заңдастыру қажет. Басқаша айтқанда, қойылымның көркемдік жүгін көтеріп тұратын басты немесе негізгі рөл атқар­дың ба, сол қызметіңе лайықты жалақы ал. Кішігірім эпизодтық рөлдерге жегілдің бе, театрдың ағымдағы репертуарының көбінен боссың ба, онда тұрақты белгіленген еңбек­ақыға риза бол. Бұл жерде кезінде жасаған еңбегің үшін берілген атақ-даңқтың буын ор­таға салу­дың жөні жоқ. Қазіргі еңбегіңіздің са­пасы мен нарқы қандай? Айына отыз рөл ойнап театрдың негізгі шығар­машылық жүгін көтеріп жүрген жас актердің жазығы қайсы? Яғни, театрдағы жалақы төлеудің ит жылғы ескі түрі, бәрін бірдей теңгерме­шіл­­­дікке таңған атамза­ман­ғы әділетсіздіктің тамы­­рына балта шабатын уақыт әлдеқашан жетті! Иә, айта берсең, актер жайлы мұң мен жыр таусыл­­майды. Мысалы, қазіргі кезде Қазақстан­дағы театр актерлерінің орташа жалақысы жиырма бес-отыз мың теңге көле­мінде ғана. Баспана мәселесінде де өте күрделі жағдай қалып­­тас­қан. Мысалы, Аста­надағы К.Байсейітова атын­­дағы опера және балет театрында 117 артист үйсіз жүр. Басқа театрлардың да жағдайы осыған ұқсас. Жоғарыда айтылғандардың тікелей әсері­нен аймақтардағы театрларда кәсіби маман тапшы­лығы ушығып тұрғаны жасырын емес. Бәрінде дерлік өрелі режиссер, талантты актерлер, басқа да кәсіби мамандар жеткіліксіз. Өйткені, жоғары оқу орнын бітіргендер ол жаққа ат ізін салмайды, бәрі Алматы мен Астананы төңіректеп, той-томалақтарды жаға­лап жүр. Облыстық әкімдіктер театрды, әсіресе оның зәулім ғимаратын, режиссері немесе актерлерін тек өздерінің жиылыстары мен мәдени шарала­рын өткізу кезінде ғана қажетсінеді. Тіпті олар шығармашылық ұжымның репер­туарында қандай пьесалар бар, олай қалай қойылып, оны қай актер қайтіп орындап жүр деген мәселелерге мүлдем бас ауыртпайды. Және ол мәселені айқындап, саралап бере алатын облыстық мәдениет департаментінде кәсіби мамандар ешқашан болған емес. Бүгіндері театрлардың бәрінде дерлік «Көр­кем­дік кеңес» деген құрылым бар, ол, әрине, ақылдасу ретінде ғана құзырға ие. Алайда, кейбір театр басшыларына ол кеңес өздерінің шамшыл, жеке бастың тізелі шешімдерін өткі­зу үшін пайдаланылатын «жамылғы». Бұны да түбірімен өзгерту керек. Оның орнына ақыл­дастар алқасы не тәуелсіз сарапшылар тобы құрылғаны жөн. Сөз реті келгенде, Театр қайраткерлер ода­ғының қазіргі жағдайы жөнінде де бір-екі ауыз сөз айта кеткеніміз жөн. Өйткені, театр өне­рінің бүгіні мен  болашағы белгілі бір дәре­жеде осы  Одақтың  жұмысына да тығыз бай­ланысты. Кезінде бұл Одақ республика­мыз­дағы мүмкіндігі барынша мол,  қаржылық-материалдық жағы ең мықты ұйымдардың бірі болған еді.    Бірақ қазір ол күш-қуатының бә­рі­­нен дерлік айырылған. Бұған кімдер кінәлі – ол өз алдына жеке әңгіме. Біз әзірше тек шет жағасын ғана айтайық. Мысалы, кезінде Президентіміздің жеке  ұйғарымымен Одаққа тегін берілген Алматының Желтоқсан көше­сіндегі көп қабатты көрікті ғимарат қазір қолды болған. Бір кезде тәп-тәуір тірлік жасап, еліміздегі барлық дерлік театрлардың киім-кешегін, жасау-жабдығын пішіндеп-тігіп, оқа-түйме та­ғып, түгендеп отырған кішігірім тігін фа­брикасы да ізім-қайым құрдымға кеткен. Біздер бірін біліп, бірін білмейтін нешеме меншіктер, гараждар, көліктер, жер телімдері де жоқ болған. Одан беріде Жібек жолы көше­сінің бойынан бұйырған бұзылған моншаны пана­лаған Одақ бес-он жылдай бұйығы өмір кешкен екен. Қазір бұл шаңырақтың орнында үңірейген ор жатыр. Өзінің жеке ғимараты жоқ, бұрын­дары меншігінде болған барлық дүние-мүлкі ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп ысырап болған, бюджеттен бір тиынға да қаржыландырылмайтын, баспанасыз Қазақстан театр қайраткерлері одағының бүгін­гі жайы, міне, осындай. Соған қарамас­тан, басқаға қол созып сұраншақтанып, бай­лар­­дың есігін күзе­тіп жүріп, «Театр.kz» жур­налын шығарып, тұңғыш рет сцено­граф­тардың көрмесін ұйым­дастырып, каталог дайындап, жыл сайын  халықаралық Театр күні берілетін республи­калық «Еңлікгүл» атты кәсіби сый­лық беруді жүзеге асырып жүрміз. Телефондық байланыс­тарымызға қаражат таппай қиналсақ та, орталық офисі Парижде орналасқан, мү­шелігіне 100-ден аса мемлекеттер кіретін халықаралық Театр институтымен байланыс жасап, кеше ғана Қытайдың Чунцин қаласында құрылтайы өткен Азия Театрларының альян­сына Қазақстанның абыройы үшін толық мүше болуға талпынып отырмыз. Қазақстан сынды қарқара елімізге, елдің маңдайына біткен әлемге әйгілі Елбасына сүйеніп, халықаралық Азия театрларының алғашқы фестивалін әсем елордамыз Астанада өткізейік деп те айтып қалдық.  Әйтсе де екіұдайдамыз, өйткені Мәс­кеудегі ТМД елде­рінің Театр одақтарының халықаралық конфе­дерациясына жетім мүше екеніміз елдің бәріне аян; өйткені жылына бір рет төленетін 700 еуро жарнаны төлей алмай, жерге қараймыз. Төл министрлігіміздің анда-санда өткізіп тұратын коллегия-жиылыс­та­ры­ның біріне де Театр Қайраткерлер одағы ша­қырыл­майды; театр фестивалін бірігіп қолға алайық, әр аймақтардағы театрлардың басын қосып, форумдар өткізіп, мастер-кластар жасайық; актер, режиссер, суретші, жарықшы, тіпті жас драматургтерді жинап алып, алыс-жақын елдердегі сол өнердің озық үлгілерімен сусын­дататын, үйренетін әрекеттер жасайық деген ықыласты талпыны­сымыз әлі күнге  еленбей келеді. Ізгі баста­маларымыз бен ниеттерімізге қолдау сұраған өтініш хаттарымыз ұшты-күйлі жауапсыз қа­лады немесе «бұған қаражат қарасты­рылмаған» деген салқын сөзбен ғана  шектеледі. Дегенмен, бұған қарап болашақтан мүлдем түңіліп отырмыз деп және айта алмаймыз. Керісінше, алдағы уақыттан үлкен үміт күтеміз. Оның нақты жақсы себептері бар. Мысалы, жақында ғана Елбасының Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедті қабылдап, министрлік зиялы қауыммен байланыс жасауды ны­ғайтып, шығармашылық одақтармен бірлесіп жұмыс істеуді жетілдіруі керек деп тапсырма бергеніне теледидар арқылы куә болдық. Осы­ған орай, Театр қайраткерлері одағы Мәдениет министрлігімен, басқа  да тиісті мемлекеттік ресми орындармен бірлесіп біраз жұмыстарды қолға алуды жоспарлап отыр. Сөзімізді қорытындылай келе айтарымыз, бүгінгі тәуелсіз Қазақстан экономикасы дамы­ған, халықаралық қауымдастықтағы абыройы биік мемлекеттердің бірі болып отыр. Осыған орай біздегі театр өнері де еліміздің осы биік деңгейіне, атақ-абыройына сай жоғары дәре­жеде болуға тиіс. Және бұған толық мүм­­кіндік бар. Ендігі жерде осы мақсатқа жету үшін қажетті мәселелерді жү­йелі түрде қолға алып,  нақты іске кірісуіміз керек. Тұңғышбай әл-ТАРАЗИ (Жаманқұлов), Қазақстан Театр қайраткерлері одағының төрағасы, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор.