27 Желтоқсан, 2011

Жанданған Жаңаөзен жүректерге жылылық ұялата бастады

416 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін
Татулықты ту етейік Отбасы – мемлекеттіктің ал­­­­тын бесігі. Мұнда адам бой­ын­да­ғы асыл қасиеттер жарқырай кө­рініп, қалыптасады. Отанға деген ыстық сезім – жақындары мен туған-туысқандарына деген сүй­іс­пеншіліктен басталады. Күйрету, қирату, бүлдіру, өз қолыңнан шық­қан жасампаздыққа өзің қол көтеру сияқты әрекетке барғандар да бір ананың баласы емес пе?! Олар отбасының тірегі екенін ой­лағанда, жүрегіміз ауырып, сондай жолға түсу үшін қандай күш оларды бағыттап, ақыл берді, олар неге, кімге сенді деген ойлар бәрімізді мазалайды. Елбасы Маңғыстау облысында болған кезінде атап өткендей, бұл оқиға арандатушылардың әрекеті. Елдігімізді көре алмайтын, тұрақ­тылық пен ұлттық бірлігімізге қа­ра күйе жаққысы келетіндердің ісі. Қазақ ежелден ынтымақ пен ырысқа ұйыған, үлкенді тыңдап, кішіні сыйлаған, жаны дархан халық. Бүгінде лаңкестік пен зұ­­лымдықтан әлем тітіркеніп тұр­ған кезде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, тәуелсіздігі нығайып келе жатқан еліміздегі тұрақтылықты сақтау біздің жас­тардың негізгі мақсаты болғанын қалар едік. Ереуілмен, ерегіспен ешбір ел асқақ мұратына жеткен емес. Ежел­ден тыныштық аңсап өскен елдің баласы өзінің рухани іргесін сондай жат әрекеттерден қор­ғауға тырысуы керек еді. Ұлы философ Платон: «Ұлтыңды сақ­тай­мын десең, қызыңды тәрбиеле, ру­хыңды сақ­­­таймын де­­­сең, ұл­ың­­­ды тәр­­­биеле» де­­­ген екен. Ата-баба дәс­тү­ріндегі бала тәрбиесінің биік тұ­ғы­­­­­рын ала­сар­тып алма­сақ екен. Жас­­­тар тәрбиесін уысымыздан шы­ғарып алсақ, ертеңгі ұлт тағдыры не болмақ? «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дегендей, от­ба­сында ұлдар әкелері немесе ата­ла­рының бойындағы өнегелі қа­сиеттерді үлгі тұтып өссе ғана ел боламыз. Ертеңгі елдің тұтқасын ұстайтын азаматтарды тәрбие­лей­тін отбасында ата-әженің, әке мен шешенің тәлімін көріп бой тү­зе­се, сөздері мен істері, үйде де, түз­де де бір болса, бір біріне деген ыстық махаббат, жылдар бо­йы сыйластық пен туыстыққа айналса ғана үлгілі отбасы мем­ле­кеттің берік тірегіне айналады. Сондықтан да әрбір ата-ананың қоғам, мемлекет ал­дын­­­дағы жауапкершілігін көтеру жа­­­ғын тере­ңі­­­рек ойлас­­­тарған жөн бе деп ой­лай­­мын. Егемен ел болуы­мыз жас буын өкілдеріне білім мен ғылымды, кәсіпті игеруге кең жол ашты. Білім алып, еліне қызмет еткісі келетін жастарға еліміздің жоғары оқу орындарында ғана емес, президенттік «Болашақ» бағ­дар­­­ла­ма­сы бойынша да әлем­нің кез келген мемлекетінде бі­лім­ін шың­дауға жағдай жасалды. Жұмысшы кәсібін игерем дегендерге кәсіп­тік лицей мен колледж­дерге қоса мемлекет есебінен оқитын курстар ашылуда. Жастарымыз әр­­­­­­түрлі арандатушылықтарға ермей осы мүмкіндікті толығымен пайдаланса, бір мамандыққа ие бо­лып, жұмысқа орналасып немесе өз алдына бизнес ашып жатса, қоғамдағы мәселелер біртіндеп шешімін табар еді. Бізді жастар арасындағы жұ­мыссыздық, өз болашағына нем­құ­райлы қарауы, кейбір жастар­дың қылмыс пен нашақорлыққа үйір болуы қатты алаңдатады. Бі­рақ осындай ел шошырлық оқи­ғаны ұйымдастыру өрімдей жас­тардың қолынан келер іс емес. Бұл оқиғаның артында Қазақ елі­нің басындағы бақытын, жиырма жылдағы жеңістері мен жетістіктерін, талайды тамсандырған та­ту­лығы мен тұрақтылығын көре алмайтын қара қызғаныш тұрға­ны белгілі. Қоғам болып елдегі тұрақтылыққа, жастар тәрбиесіне зор көңіл бөлуіміз керек. «Егер бізде бейбітшілік пен бітім орнаса, онда біздің балала­рымыз да бақытты болады», деп атап көрсетті Мемлекет басшысы. Тәуелсіз елде өмір сүру, өз бо­лашағыңды өзің жасау, көптеген халықтардың несібесіне бұйыра қоймаған бақыт. Сол себепті тәу­елсіздігіміздің тұғырлы болуына Қазақстанның әрбір азаматы білімі мен білігін жұмсағаны жөн. Сүттей ұйып отырған ел тату­лы­ғына қол көтермей, асылымызды ардақтай білейік! Халқын сүйе­тін, елін, жерін қастерлейтін адам­ның жөнсіздіктерге бармай­тыны белгілі. Сондықтан, барша қазақстандықтарды татулықты ту етіп, тыныштық, сабырлылық сақтауға шақырамын! Шалқыма ҚҰРМАНАЛИНА, Батыс Қазақстан облысындағы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары директорлар кеңесінің төрағасы Орал.   Дұрыс шешім қабылдады Қапелімде шұғыл шешім қа­­­былдап, ел бірлігіне сына түсір­мейтін халқымыздың «Ақылды деме туысты, сасқанда ақыл таппаса», деген сөзі Жаңаөзен қала­сындағы тәртіпсіздік пен бұза­қы­лық орын алған сәтте ойға орал­ды. Оның үстіне қасиетті тәуел­сіздігіміздің мерейінде орын ал­ғаны тіпті, жан ауыртты. Мұны тағы да ұлтымыздың мына да­на­лығымен түюге тура келеді. Мұн­дайда: «Ашу тасыса, ақылы тө­гі­лер, ас тасыса, қатығы төгілер» демеуші ме еді. Теледидарлардан ашуға мін­ген­дердің бей-берекет бұзақы­лы­ғын көріп, бейқам елдің шырқын бұзғанына қынжылдық. Там-тұм­дап жинаған кәсіпкерлердің дү­кендерін талқандаумен бірге мемлекеттік мекемелерді қиратқаны жанға батады. Қасиетті қара ша­ңы­рақ саналған киіз үйді өртеге­нінің өзі нағыз бассыздық. Ша­ңырақ – киеміз емес пе еді. Абай бабамыз адамгершілік жайлы терең толғағанда қынжы­ла­тын сәті осы ғой. Ба­һадүр ба­ба­­­лардың әр сүйем жер үшін қа­сық қаны қал­­ған­ша кү­­ре­суі ар­қа­сын­­да бү­­гін­гі тәу­ел­­сіз­дік­­­ке қол жетті. Қа­зір­­гі кез­­де Ел­ба­сы Қа­­зақ­стан­­­ның өс­іп-өркен­де­уі мен ер­­те­ңі үшін тер төгіп, да­мыл таппа­ғанын көріп жүрміз. Еліміздегі осы жақсылықтарды жоққа шы­ғаруға ұмтылған топтардың «Өз­енмұнайгаз» компаниясы мен жұ­мыстан шығарылған мұнайшы­лар­дың арасындағы еңбек дауын ушықтыруын Жетісу жұртшы­лы­ғы батыл айыптайды. Қазақ – қашаннан ақкөкірек, бауырмал халық. Осы тұрғыдан алғанда қасиетті күні қару кезеніп, оқ ату ешбір көңілге сый­май­ды. Экраннан жапа-тармағай жұл­қыласқан бұзақылардың арасын­да балапанын қорғаған қарлы­ғаш­тай ақылға шақырған ақ жаулық­ты ананы көргенде жүрек сыз­дады. Бірақ, ашулы топ ана сөзіне құлақ аспады. Әрине өкінішті. Мемлекет басшысы Нұрсұл­тан Назарбаев осы оқиғадан кейін Маңғыстау өңіріне барды. Жаңа­өзендегі жұртшылықпен кездесті. Мұны да теледидардан көрдік. Елбасына көпті көрген қария қынжыла отырып, елдің атынан кешірім сұрады. Президент ха­лық­ты сабырға шақырып, тәуел­сіздігімізді бағалағанда ғана ұр­па­ғымыз бақытты болатынын қадап айтты. Дұрыс шешім қабылдап, халықты бірлікке жұмылдырды. Қандай қиындық болмасын, оны бейбіт жолмен шешуге бола­ды. Елі­міз еңсе көтеріп, енді ғана әл­ем­ге танылған тұста жік шы­ға­ру­дың еш реті жоқ. Халқымыз бұдан да қиын кезеңдерді басы­нан өткер­ген. Сол кездің өзінде өзге ұлт­тар­ды бауырына басып, бір күлше нан­ды бөліп жегенін қалай ұмытамыз. Жаңаөзендік бауырлар ақылға келіп, бейбіт өмір жалғасатынына сенемін. Елге іріткі салып, жы­мысқы ойын жүзеге асыруға жол бермейік. Елдің тыныштығы, жас ұрпақтың келешегі біздің қолы­мызда екенін ұмытпайық, ағайын. Әли АЛПЫСБАЕВ, «Құрмет» орденінің иегері, мәдениет қайраткері. Алматы облысы.   Тұрақтылықтан қымбат ештеңе жоқ Елбасы Нұрсұлтан На­зарбаевтың Жаңа­өз­ен оқиғасының зарда­бын жою мақсатында оны ал­ғашқы күннен өз ба­қылауына алғанын, кей­іннен сол қалаға ар­найы ба­рып, жұрт­шы­лықпен жүздесуін оң қа­дамға баладым. Себебі, сол сәтте Жаңа­өз­ен­дегі шынымен абдырап қалған халыққа мемлекеттің, Е­л­басының қолдауы қажет еді. Нұр­сұлтан Әбішұлы қиналған жұрт­тың көңіліне сенімділікті орнық­тырып, күнделікті тіршілік ағы­мына алаңсыз ілесуіне жол ашты. Елбасы Жаңаөзенге сапары ба­рысында елдің бірлігін сақтау қажеттігіне назар аударды. Өйт­кені, Қазақстанда тәуелсіздік ал­ға­лы бері ішкі тұрақтылық сақ­та­лып, халықтар арасындағы бір­лік­тің буыны беки түсті. Бұл – қа­зақ­стандықтардың ең басты жетістігі. Міне, осыншама жыл сақта­лып келген тұрақтылықты, бірлігімізді одан әрі нығайта түсудің маңызын әрқайсымыз түсінуіміз қажет. Жаңаөзендегі жұмыс берушілер мен мұнайшы­лар­дың еңбек дауын сыл­тау етіп, елдегі тұ­рақтылыққа сына қақ­қы­сы келетіндер қат­ты қателеседі. Ұрпа­ғы­ның келешегін ойлаған әр адам бүлік пен тәр­тіп­сіз­діктер ұйым­дас­тыр­ғысы келгендердің әре­кетіне ілеспейді деп ой­лаймын. Себебі, бізге ел­дің тұрақтылығынан қымбат нәр­­­се жоқ. Тұ­рақтылығы сақталған елде эконо­микалық өркендеу, әл­еу­меттік серпіліс болатыны даусыз. Тәубе деп айталық, тәуелсіз Қазақстанның жұрты бірлік пен тұрақтылықты басты құндылық деп біледі. Осынау басты құн­ды­лығымыз бұдан былайғы уақытта Жаңаөзенде де сақтала бергенін қалаймын. Жаңаөзен жарасы да жазылады. Енді мұндай оқиға қай­таланбаса деп тілейміз. Жаңа­өзенде еңбек дауы да болмасын дейік. Қысқартылған мұнайшы­лар көп кешікпей жұмысқа орна­ласатынына сенеміз. Өйткені, Ел­басы «ҚазМұнайГаз» компания­сы­ның жаңа басшыларына еңбек дауының оң шешілуіне тапсырма берді. Президенттің бұл тапсыр­ма­сы жаңаөзендіктер игілігіне даңғыл жол ашпақ. Вера ШИН, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің қызметкері. Атырау облысы.   Қазақстанның тұнығын ешкім шайқай алмайды Елбасының Маңғыстау облы­сындағы сапары талайдан шиеленіскен мәселенің түйінін тарқат­ты. Елде ұсақ-түйек дейтіндей, ер­теңге қалдыратындай мәселе болмауы керек. Үкімет уақы­тын­да бәрін реттеп отырса, мұндай ауыр оқиғалар болмас еді. Сон­дықтан Елбасының дереу қабыл­даған шешімдері көпшіліктің кө­ңілінен шықты. Қазақстанның бүгінгі жағдай­ын қой үстіне бозторғай жұмырт­қалаған заман деуге әбден бола­ды. Ең алғаш Тәуелсіздік алғанда елдің төл теңгесін Англияда бас­ты­руға қазынасынан қаржы суы­рып бере алмаған мемлекет ай­нал­дырған 20 жылдың ішінде кей­бір елдердің 100 жылда әрең жететін жетістіктеріне жетті. Халықта “ханда қы­­­рық кісінің ақылы бар” деген аталы сөз бар. Бір үлкен ақсақалмен әңгімеде Қа­зақ­стан­ның бүгінгі жетістіктерін айтып отырып: «Біздің Ел­ба­сыда елу кісінің ақылы бар», деп қалдық. Үлкен кісі түзетті. “Ке­ше­гінің хан­дарының бір елге ғана әмірі жүрді. Со­ғыста жеңді, же­ңілді. Ал, біздің Президентіміз кү­ні кеше ешкімге белгісіз, бо­дан­дық қамытын киіп, тағдыры қыл ұш­ында болған қа­зақ­ты дү­ние жү­зі­не әйгіледі. Қуа­тын арт­тырды. Сондықтан қырық-елу емес, жүз кісінің ақылы бар десең де артық болмайды”, деді. Отырғандардың бәрі әділ баға десті. “Бас жарылса бөрік ішінде”, деген бар. Жаңаөзен жарасы – бәріміздің жарамыз. Енді ондай оқиға қайталанбауы керек. Қазақ баласы ешкімнің айтағына ермесе екен деп тілейміз. Елбасы Маңғыстауда болған оқиғаға әділ баға берді. Салдарын анықтап, мұнайшыларды жұмыс­пен қамтуды комиссия төрағасы, Өмірзақ Шөкеевке тап­с­ырды. Өмірзақ Естайұлы күрделі мәсе­лелерді сәтімен шешетін мемлекеттік қызметкер екендігін сан рет танытқан. Сондықтан, Жаңа­өзенде бәрі қалпына келіп, Елба­сының тапсырмасы аяғына дейін орындалатынына сенеміз. Ғалымжан ЗИЯБЕКОВ, “Жастар дауысы” газетінің бас редакторы. Шымкент.   Бірлік – ел тірегі Елбасының Маң­ғыс­тау облысына, со­ның ішінде Жаңаөзенге арнайы барып, жергілікті жұртпен кездесіп, болған оқиғаға байла­нысты ашық әңгіме­ле­суі үлкен парасаттылықтың белгісі ретінде сүйсіндірді. Барша қа­зақстандықтар сияқты орын алған тәртіпсіздік пен басбұзарлық ме­нің де жаныма қатты батқан еді. Жастардың жат пиғылдылардың арандатуына ұрынуы өте өкінішті болды. Ортақ үйіміз, қасиетті қа­ра шаңырағымыздың тыныштығы мен бірлігіне ойда жоқта сына қағылуы қабырғамызды қайыс­тырып кетті. Бұл бәрімізге ащы сабақ болуға тиіс. Алдағы уа­қытта оның себеп-салдары терең зерттеліп, нақты қорытынды шы­ғарылуы керек деп білеміз. Жаңаөзендіктердің тағдыры мен мұқтажына мемлекет бас­шы­сының жаны ауыратынын мұнай­шылармен арадағы әңгімеде ай­қын сезіндік. Зардап шеккен ха­лықтың қайғысын бөлісу көң­іл­і­мізден шықты. Еңбек дауына қа­тысты мәселелерді шешу туралы тапсырмалардың тыңғылықты орындалатындығына сенеміз. Әрине, өмір жолы даңғыл бола бермейді. Бұралаң­дары, ауыр соқпақтары кездеседі. Ондайда өк­пе-реніш, сабыр­сыз­дық­қа ерік берілуі үл­кен қателікке апарып соқтырарын көрдік. Бұ­дан былайғы уақытта содан сақтану қажет. Әсіресе, қиын кезде шы­дамсыздау келетін жас адамдардың қоғам­ға жат әрекеттерге баратын жо­лын кесу керек. Қазіргі уақытта біз Елба­сы­ның еліміздің қарыштап дамуы жолындағы ерен еңбегін бағалай білгеніміз жөн. Елдіктің үлгісін осындай сәтте көрсетіп, ынтымақ пен бірлікті бекіте түсуге шақы­рамын. Мемлекет басшысының Ақтауда, Жаңаөзенде кездесулерде сөйлеген сөзі әрқайсымызға терең ой салуға тиіс. Еңбек дауларын ушықтырмай дер кезінде шешуді барлық ірі компаниялар есте сақтағаны жөн. «Ащу дұшпан, ақыл дос», дейді халқымыз. Осы асыл сөз жү­рекке тұтылуы қажет. Тыныштық, тұрақтылық – береке тірегі. Нұр­сұлтан Әбішұлы оны әрдайым жо­ғары қойып келеді. Оны мұ­най­шылар алдында тағы да атап көрсетуі халық тілегімен орай­ла­сып жатыр. Разақ ӘЛИН, «Аппаз» шаруа қожалығының жетекшісі. Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы.   Бірлігімізге сызат түспесін Мен Елбасы Нұр­сұл­тан Назарбаевтың Жа­ңаөзенге барған са­парындағы тұрғын­дар­мен кездесуде сөйлеген сөзін көңіл қойып тың­дадым. Себебі, мұндай келеңсіз оқиғаның арты не болып кетеді деп қауіптеніп жүр едім. Бұл жалғыз мен емес, көпті алаңдатқанында сөз жоқ. Нұрсұлтан Әбішұлы бұл жолы да қазақи қалып, үлкен парасаттылық көрсетті. Қақтығыс кезінде қаза болғандарға көңіл айтып, қайғыларын бөлісу үшін келгенін жеткізгенде әр қазақ­стандықтың отбасындағы қайғы-қасіретке бей-жай қарай алмай­тыны, өз жүрегінен өткізетіні та­ғы да аңғарылды. Өзге елдерден шоқтығы биіктеген елімізді көре алмайтындардың болатынын еске сала келіп, бұлай бірлігімізді сақ­тамасақ еңселі ел бола алмай­ты­нымызды қадап айтты. Қашанда халқының қамын жейтін Елба­сының ынтымақтың биігіне ұм­тылайық деген сөзі тұрғын­дар­дың қаяулы көңіліне сенім ұя­лат­ты. Осындай қайғылы жағдайға дейін оны ушықтырған компаниялар басшыларын ауыстырып, жағ­дайды түзейтіндей ауқымды жұ­мыстарды қолға алуы да күпті көңілдердің тұманын сейілтті. Жұрт жөн сөзге, жүйелі қолдау-көмекке негізделген шұғыл шара­ларға тоқтады. Президент мұндай келеңсіздіктерге ешқашан да жол берілмейтінін, кінәлілердің тиісті жазасын алатынын, ал жазық­сыз­дардың жапа шекпейтінін жеткізді. Шынында, қалың жұртты дүр­ліктіріп, өз­де­­рі тасадан тас ата­тын­­­дарға тос­қауыл қо­йы­­луы дұ­рыс. Әйтпесе, қа­­­ра ха­лықты аранда­тып жүр­гендердің есебі түгел­деніп кетуі бек мүмкін. Жалпы дау-дамаймен мә­селе шешілмейді. Бұл дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат. Нұрсұлтан Әбіш­ұлы, еш нәр­сені де күлбіл­те­ле­меді. Тіпті, өзін жағдай қалыпты деп ал­да­ғандар­­ды да көптің ал­дында ашық айт­­ты. Бұл Прези­денттің бар­лық мә­­­­селеде жария­лылық ұс­танатын қасиетін айқын аңғартты, қандай жағдайда ақи­қатқа жү­гі­нетінін көр­сетті. Ең бастысы, бү­лінген ны­­­сандарды қалтына келтіру бас­талды, зардап шеккендерге көмек көрсетілетін, жұмыстан шыға­рыл­ған жаңа­өз­ен­діктер үшін жаңа жұмыс ор­ын­дары ашылатын бол­ды. Әрбір жұ­мыссыз жаңа­өзен­дік­тің үде­мелі индустриялық-инно­вациялық даму бағдарла­ма­сы аясында аш­ылған кәсіпорын­дарға жұмысқа орналасуына жағ­дай жасалатын болды. Жалғыз жаңаөзендік­тер­дің ғана емес, бү­кіл елдің жү­ре­гіне салмақ түсір­ген күрделі жағ­дайдан шығудың сан түрлі ша­руалары басталып кеткенін кө­зі­міз көріп, Елбасына риза болдық. Халқымыз: «Бақ­тың барар жері – ынтымақ», деп тегін айтпаса керек. Ағайын, ынтыма­ғымызға ір­іт­кі түспесін, тәуелсіз­ді­гімізді көз­дің қара­шы­ғындай сақ­тайық дегім келеді сөзімнің соңында. Бұл ата-ба­ба­ларымыз ға­сырлар бойы аңсаған егемендігі емес пе. Олай болса, басымызға қонған бақтың баға­сын білейік. Гүлнар СЕЙТАЛИНА. Ақтөбе.   Ахуал жақсарып келеді Құқық қорғау органдарының жүйелі жұмысы, жергілікті билік, адал ниетті азаматтар Жаңаөзен қаласындағы жағдайды қалыпқа келтіріп, тұрғындардың қауіп­сіз­дігін сақтау жолында жұмыста­рын жүйелі түрде жүргізуде. Со­ның нәтижесінде барлық әлеу­мет­тік нысандар жұмыс істей бас­та­ды. Атап айтсақ, 9 наубайхана, 9 дәріхана, азық-түлік дүкендері мен базарлардың 70 пайызы ха­лыққа қызмет көрсетуде. Біраз ша­ғын аудандарда уақытша авто­дүкендер жұмыс жасап тұр. Олар азық-түліктің 13-14 түрімен қам­тамасыз етілген. Азық-түлік ба­ға­сының қымбаттауына жол бермей, бағаны тұрақтандыру үшін «Каспий» әлеуметтік-әріптестік кор­порациясының еншілес кә­сіп­орны «Берекет» серіктестігінің қоймасына азық-түліктің, еттің қоры жасақталып отыр. Қала әк­імдігінің ұйымдастыруымен кө­ше­лер мен қираған ғимараттарды қоқыстан тазарту жұмыстары жүр­гізіліп, оған 800-ге жуық тұр­ғын­дар тартылды. Бұл жұмысты «Та­залық» мемлекеттік-комму­нал­­­­дық кәсіпорны мен «Казавтодор» рес­публикалық кәсіпорны қызмет­кер­лері одан әрі жалғас­тыруда. Ұялы байланыс іске қосылды. Теледидар, пошта қызметі жүйеге түсті. «Рахат» шағын ауданында ғана біраз үйдің телефон байла­ны­сын қалпына келтіру жалға­су­да. Қираған нысандарды жөндеуді қолға алу үшін екі жобалық топ, олардың жобалық-сметалық құ­жат­тамасын жасауда. Жұма күн­нен бастап қалалық әкімдік үйіне күрделі жөндеу басталды. Өткен аптада қайғылы жағдай кезінде зардап шеккендерге көмек көр­сету мақсатында құрылған көмек қорына қаржы аударушылар қа­та­ры көбейе түскен. Іргелі өнер­кә­сіп орындары ішінен алғашқы болып «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ ұжымы өздерінің бір күндік ең­бек ақыларын бөлгені белгілі болды. Елбасы тапсырмасына орай Ө.Шө­кеев басқарған үкіметтік комиссия Жаңаөзен қаласын қал­пына келтіру, қаржы мәселесін шешу, қаланың тыныс-тіршілігін қамта­масыз ететін нысандарды тездеп іске қосу үшін жүйелі жұ­мыс істеуде. Жексенбі күні об­лыстың жаңа әкімі Б.Мұ­ха­мед­­жанов Жа­ңа­өзенге барып қал­адағы зардап шеккен нысандарды аралап, тұр­ғындардың жай-кү­йі­мен танысып қайтты. Қолға ал­ынған жедел іс-шаралар нәт­и­же­сінде «Өзен­мұ­най­газ» өндірістік филиалының қызметкерлері тү­­гелге жуық жұ­мысқа шығыпты. Өзен кен ор­нын­дағы жағдай тұ­рақталуына қа­рай, орта тәуліктік өнім де бір­қалыпты деңгейде ұс­талуда. Құ­қық қорғау органдары Жаңаөзен қаласында қалыпты өмірді қа­лып­қа келтіріп, тұр­ғын­дардың қау­­іпсіздігін сақтау жо­лында қа­жетті жағдайларды жасауда. Жа­ңа­өзен қаласы комен­датурасы шта­­бының бастығы, полиция пол­ковнигі А.Доса­ха­нов­­­тың ай­ту­ын­ша, демалыс күндері де тәр­тіп бұзушылық әре­кеттерге жол берілген жоқ. Қа­ланың өмір тіршілігі бір қа­лыпқа түсіп, тұ­рақ­та­лып келеді. Жоламан БОШАЛАҚ, Маңғыстау облысы.