27 Желтоқсан, 2011

Ассамблеядағы ақылдасу

375 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Кеше Тәуелсіздік сарайында Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаевтың қатысуымен Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің отырысы болып өтті. Отырыста Ассамблеяның еліміз Тәуелсіздігі мен бірлігін нығайтудағы рөлі қаралып, осы ұйымның парламенттік өкілдігінің қызмет тәжірибесінің қорытындылары шығарылды. Кеңес жұмысына ҚХА мүше­лері, Сенат депутаттары, министрліктер мен ведомстволар бас­шы­лары, республикалық және ай­мақтық этномәдени бірлес­тік­тердің өкілдері, ЕҚЫҰ/ДИАҚБ және ТМД байқаушылары мен бұқаралық ақпарат құралдары­ның өкілдері қатысты. Алдымен сөз алған Қ.Саудабаев былай деді: «Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың кемеңгер басшылығының арқасында Қа­зақ­стан бұрынғы Кеңес Одағы республикалары ішінде пост­ке­ңес­тік кеңістіктегі неғұрлым жемісті және екпінді дамуға қол жеткізген мемлекеттің біріне және халықаралық қоғамдас­тық­тың құрметті әріптесіне ай­налды». Мемлекет басшысының жаңа Қазақстанды құру жолындағы стратегиялық және жасампаз қыз­меті бүгінде әлемде «Қазақ­стан­ жолы» деген атпен таны­мал болып келеді. Бұл демо­кра­тиялық реформаларды жүргізуге, тиімді нарықтық экономиканы құруға және қазақстандықтардың өмір сүру деңгейі мен сапасын арттыруға мүмкіндік береді. «Осындай толымды жетістік­тер­дің негізінде Нұрсұлтан Назар­баев­тың этносаралық толерант­ты­лық пен қоғамдық келісім үл­гісі тұр. Бұл үлгі бүгінде БҰҰ мен ЕҚЫҰ-да кеңінен мойын­да­лып, бүкіл әлемде көшбасшы­лар­дың, қоғамдық-саяси қайраткер­лер­дің, ғалымдар мен сарап­шы­лардың қызығушылығын туды­рып, жоғары бағасына ие болуда», деді Қанат Бекмырзаұлы. Төртінші шақырылған Парламент Мәжілісінде Ассамблеядан сайланған 9 депутаттың жұмыс тәжірибесі де назардан тыс қал­ған жоқ. Мемлекеттік хатшы сол сайланған депутаттар көптеген бастамаларға негіз болғандығын тілге тиек ете кетті. Атап айтқан­да, «Қазақстан халқы Ассам­блея­сы туралы» заң әзірленіп, қа­былданғаны белгілі. Бұдан басқа ассамблеялық депутаттар тағы 4 заңдық құжаттың әзірленуіне бас­тамашы болды. Сондай-ақ, олар 185 депутаттық сауал жолдап, аймақтарда 60 мыңнан астам адамды қамтыған 900-ден аса кездесулер өткізген. 2000-ға жуық азаматты қабылдағаны тағы бар. Премьер-Министр мен Үкімет мүшелерінің атына 884 хат бағыттаса, соның барысында бірқатар маңызды мәселелер шешімін тапқан. Бұл Қазақстан халқы Ассамблеясының саяси тиімділігін айқын дәлелдейді. Осы ретте Ассамблея Кеңесі оты­ры­сын модератор ретінде ҚХА Төр­ағасының орынбасары – Хат­шы­лық меңгерушісі Ералы Тоғжанов жүргізіп отырғандығын айта кеткен жөн. Кеңесте, сонымен қатар, ҚХА Төрағасының орынбасары – Қазақстан ұйғырларының рес­пуб­ликалық мәдени орталы­ғы­ның төрағасы Ахмеджан Шардинов пен IV шақырылған Парламент Мәжілісінің депутаты Роза­құл Халмұрадов баяндама жасады. Оның барысында Жаңа­өзен­дегі жағдайды тұрақтандыруға қа­тысты шаралар Ассамблея та­ра­пынан қолдауға ие болғандығы ерекше аталды. Елбасы тапсыр­ма­сына орай Ассамблея әлеумет­тік жауапкершілік форумын өт­кізсе, онда 109 жоба көпшілік назарына ұсынылған болатын. Аталған шара аясында Ассамблея кәсіпкерлерінің ассоциациясы құ­рылғаны да белгілі. Түрік қау­ымдастығы тарапынан 480 орындық қазақ-түрік лицейі де са­лынғаны аталып кетті. Сол­түс­тік Қазақстан облысының Айыр­тау ауданы аумағында этноауыл өмірге келгені және өзге де жобалар Ассамблея жұмысында оң қорытындылар болғанын көр­сетеді. Жалпы, Ассамблеяның мерей­тойына арналған 471 шараның жер-жерде өтетіні белгілі болды. Қазақстан халқы Ассамблеясы­ның тәжірибесімен терең танысу үшін 15 елдің журналистері мен ғалымдары ұсыныспен шыққан­ды­ғы да назардан тыс қалған жоқ. Е.Тоғжанов Ассамблея аты­нан депутаттыққа кандидат­тар­дың тізімін Кеңес отырысына ұсынды. Ол бойынша «Тұрақты Қазақстан» қорының басшысы Жұматай Әлиев, төр­тін­ші ша­қырылымдағы Парламент Мәжі­лісінің депутаты, рес­публикалық ұйғырлар орталы­ғы­ның басқарма мүшесі Мұрат Ахмадиев, сол шақырылым депу­та­ты, Қазақстан немістерінің «Возрождение» ұйымы кеңесінің мү­шесі Егор Каппель, Қазақстан корейлері ассоциациясының жетекшісі Роман Ким, «Вайнах» чешен-ингуш халықтары мәдение­тін дамыту ассоциациясы» ЗТБ тең төрағасы Ахмед Мұрадов, ҚХА Төр­ағасының Жамбыл об­лысы бойынша орынбасары Надежда Нестерева, «Таң» татар-баш­құрт этномәдени бірлесті­гі­нің төр­айымы Зухра Саялова, ҚХА Төрағасының орынбасары, Қа­зақстан украиндарының «Рада» одағының төрағасы Юрий Тимошенко және төртінші ша­қы­рылымдағы Парламент Мәжі­лі­сі­нің депутаты Розақұл Халмұ­ра­дов тізімге енген. Хатшылық мең­герушісі Ералы Тоғжанов жұмыс тобы өңірлердің қам­ты­луы мен гендерлік теңдіктің сақталуына, депутаттық және ірі этностық топтардың өкілеттігін қалдыра отырып, тізімнің жан-жақты пысықталғандығымен бө­ліс­ті. Енді ҚХА-ның сайлауға бай­ланысты кезектен тыс оты­ры­сы 16 қаңтарда өтеді деп күтілуде. Отырыста, сонымен қатар, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына жыл бойы еліміз Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойымен 9536 құттық­тау келіп түскендігі белгілі болды. Бұл хаттар Мемлекет бас­шысына тапсырылып, Асса­м­блея­ның «Біз – Қазақстан халқы­мыз!» атты кітабына енгізілмек. Отырыс барысында Қазақстан халқы Ассамблеясының арнайы естелік белгілері таныстырылды. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.