27 Желтоқсан, 2011

Ынтымақтастықтан халық пайда көреді

273 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Парламент­ара­лық Ассамблеясының Санкт-Петербургтегі он үшінші отырысына қатысқан Қазақстан Парламенті Сенатының Төр­ағасы Қайрат Мәми бастаған парламенттік делегация бірнеше тұрақты комиссияда бас қосып, біздің ел тарапынан көте­ріл­ген мәселелер бойынша көзқарастарын білдірді. Санкт-Петербургтің көрнекті жерінде орналасқан Таврия са­райы тарихтың қойып кеткен қа­ма­лы ма дегендей. Сарай сыр­тын­дағы «Бұл жерде Ресейдің I, II, III Думасының отырыстары өт­кен» деген жазуды көріп, халқымыздың Әлихан Бөкей­ха­нов, Ахмет Бірімжанов, Шәй­мер­ден Қосшығұлов, Мұхамеджан Тынышбаев сынды ардақты ұл­да­рының табаны тиген, елдің сөзін сөйлеген қасиетті орын екен-ау, деп ішіне енгенде бұл сарайда тарих жылнамасының жазылуын жүрісінен жаңылдырған Ленин­нің «Апрель тезистері» де осын­да жарияланғандығы да жа­зы­лыпты. Екінші Екатерина пат­шайы­мның заманында оның әлпештеушісі граф Потемкинге арнап архитектор И.Старовтың жобасы­мен салынған сарай ауасымен тыныстағаныңызда, көңіліңіз тарих қойнауына еріксіз дендей береді. Таврия сарайы сол тыны­сы­нан әлі де жаңылмаған қалыпта. Жаңылмағаны емей немене, арада талай ондаған жылдар тарих қойнауына енгенімен, ЕурАзЭҚ Парламентаралық Ассамблеясы­ның штаб-пәтері осы сарайға қо­ныстанған. Қ.Мәми бастаған Серік Ақыл­бай, Болат Жылқышиев, Михаил Бортник, Нұрлан Сүлейменов сынды депутаттардан құралған де­легация сапар барысында жо­ға­рыда айтылған отырыстармен бірге, бірнеше тұрақты комис­сия­лардың жұмысына қатысты. Аг­ро­өнеркәсіптік саясат, табиғатты пайдалану және экология жөнін­дегі тұрақты комиссия отыры­сы­на қа­ты­сып шыққан сенатор Б.Жылқы­шиевті сөзге тартқаны­мыз­да, ол:  «Бүгінгі Тұрақты комис­сия­ның отырысына ЕурАзЭҚ-қа мү­ше елдер парламенттерінің өкіл­де­рі тегіс қатынасты. Оның ішінде өндірістегі апаттарды болдыр­мау, алдын алу, сақтану секілді мәселелермен қатар, өнеркәсіптік қалдықтардың табиғатқа тигізетін кері әсерлеріне қатысты типтік заңдарды қарастырдық. Және де Ресей, Қазақстан, Беларусь ара­сындағы Кеден одағына бай­ла­нысты осы елдердің ауыл ша­руашылығына берілетін мемлекеттік көмекті шектеу мәселе­ле­рін талқыладық. Мәселен, біздің елімізде бұл көмек 4 пайыз шегінде болса, Ресейде – 6, ал Беларусьте ол 18 пайыз көлемінде. Негізінен ол көмекті 10 пайыз көлемінде көрсетілу келісілген, алайда, қазір ол бірдей деңгейде болмай отыр. Сондықтан, Қазақ­стан мен Ресей 10 пайызға дейін көтеруі қажет те, Беларусь оны кемітуі тиіс. Ал ол үшін оларға бір өтпелі кезең беріліп отыр. Және де депутаттардың назарын ерекше аударған мәселенің бірі РФ-ның БСҰ-ға кіруіне қатысты болғанын айтқан жөн», десе, депутат Михаил Бортник: «Қарал­ған мәселелер өте кең ауқымды қамтыды. Оның ішінде алдағы жылдан жұмысын бас­тай­тын Экономикалық одаққа қатыс­ты осы елдердегі заңнамаларға қажетті өзгерістер енгізу, бір мемлекеттен екінші мемлекетке қоныс аударатын адамдардың аза­мат­тық­тары мен еңбек ми­гра­ция­сы сияқ­ты заңдарды үйлес­ті­ру кеңінен әңгімеленді. Сонымен қатар, транс­ұлттық өзендер мен Каспий, Арал секілді теңіздерді пайдалану жайы да депутаттар назарында болды. Әрине, тек бір ел ғана емес, бірнеше мемлекет пайдаланатын су көздеріне қа­тысты бірыңғай заң болуы қажеттілік», деді. Құқықтық, кедендік үйлестіру мен шекаралық саясат, сауда және халықаралық ықпал­дастық бойынша Тұрақты комиссияның отырысынан шыққан сенатор Серік Ақылбай: «Комиссияның аты айтып тұрғандай, қаралған мәсе­лелердің дені заңдарымызды бір-біріне жақындату тұрғысында болды. Әсіресе, бірыңғай эконо­ми­калық кеңістікті құрудың негізінде заңдарды біріздендіру, одан соң осы жұмысты үйлестіру ту­ра­сында кеңесілді. Сонымен бірге, азаматтарымыздың шекарадан өтулерінде биометриялық мәлі­меттер турасындағы заңдары­мыз­дың бірдейлігі, сот шешім­дерінің орындалуында біркелкілік жайы айтылды. Мысалы, біздің елімізде тұрып жұмыс істеп, осында жауапқа тартылып, сот шешімі шыққан жағдайда, қо­ныс аударып немесе еліне қай­та кеткен азаматтардың сұрау салыну бойынша заң алдында жауапқа тартылуы, соны барған жерінде орындау турасындағы мәселелер қаралды», деді. Отырыстардағы үзіліс кезінде Ресей депутаты, өзімізбен көрші жатқан Қорған облысының өкілі Олег Пантелеевті әңгімеге тарт­тық. Олег Евгеньевич: – Жалпы, ынтымақтаса жұмыс істеу, инте­грацияға ұмтылу ал­ды­мен қарапайым халыққа өте пай­далы, – деп сөз бастаған. – Мәселен, Кеден одағы жұмыс істей бас­тауымен Орталық Азиядан, Ба­тыс Сібірден Ресейдің ішкі жа­ғына өтетін пойыздар жүрісі әжеп­тәуір жылдамдады. Бұрын сағаттап кедендік тексеруден өте­тін халық енді оған алаңдамайды. Қазір шекарада бұрынғыдай тұру жоқ. Ал бүгінгі отырыстарда, Еур­АзЭҚ-тың тұрақты комис­сия­ларында маңызды мәселелерді сөз еттік. Экономикалық ықпал­дас­тықтың қай елдің де халқына тигізетін пайдасы мол. Оған оның жұмысына қатысқан бар­лық депутаттар келіседі. Әрине, барлық мәселелерде бірден бір­ауыздан келісімге келдік деп айтуға бол­май­ды. Алайда мұның барлығы жұмыс барысында шешілетін дүниелер, – деп  ой бөлісті. ЕурАзЭҚ Парламентаралық Ассамблеясының кезектен тыс он үшінші отырысы аяқталып, оған қатысқан депутаттар міндет жү­гін арқалап қайтты. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.