Джина МУН, «Нью-Йорк Таймс»
Перри КЛАСС, «Нью-Йорк Таймс»
Бірақ кейбіреулер қазіргі мәдениетіміз ойнауға қолайсыз болуынан және балалар оның қыр-сырына толық қанып үлгермеуі мүмкін екенінен қауіптенеді.
Америкалық педиатрлар академиясы таяуда жариялаған бағдарлық мәлімдемесінде ойынға ынталандыратын, белсенді қимылдатып, өздері үшін шаттанарлық жаңалық ашатын әрекет ретінде анықтама береді.
Ғылыми еңбекте ойынға даму мен неврология бойынша қарқынды зерттеу жүргізілгені айтылып, «Жасырынбақ» (қайталанатын ойындар болжам жасау мүмкіндігін береді) және «Ұшты-ұшты» (импульстік бақылау және орындаушылық қабілетті шыңдайды) ойындарының нақты дамуға әсерін анықтауға тырысады. Сондай-ақ онда дәрігерлер сәбидің алғашқы екі жылдық өмірінде ата-аналар мен балақайларға «ойнаудың рецептін» жазып беріп, ойын арқылы үйренуге ынталандыру қажеттігін айтады.
«Балалар ойнаудың XXI ғасырдағы тәсілдерін меңгереді», дейді Массачусетс штатындағы «Маунт Оберн ауруханасы» амбулаториялық педиатрия бөлімі басшысы және мәлімдеменің авторы Доктор Майкл Йогман. Оған әлеуметтік және сезім тәсілдері, орындау қабілеті кіреді. М.Йогманның айтуынша, мұндай әдістер жаңа экономикаға бейімделуге, ынтымақтасуға және инновация енгізуге көмектесу тұрғысынан үлкендер үшін де аса маңызға ие.
Оның сөзіне қарағанда, педиатрлық алғашқы көмектің басты міндеті – балалар мен ата-ана арасындағы қарым-қатынасты күшейту және бұл тұрғыдан алғанда ойнаудың да мағынасы зор.
Ол мұның тіпті жаңа туған нәресте үшін де маңызды екенін айтады. «3 айлық сәби күлсе, оған ата-анасы да күлімсіресе, мұндай қарым-қатынастың мәні зор ғана емес, тілді үйрену, әлеуметтік және сезім машығын, сондай-ақ қарым-қатынас жасауды дамыту үшін де маңызды», дейді М.Йогман.
Кейінгі зерттеулер ойнау барысы мидың дамуына, оның құрылымы мен қызметіне әсер етіп, оның молекулярлық және жасушалық деңгейде көрінетін өзгерістерді бақылауға мүмкіндік беретінін көрсетті. Ойын арқылы үйрену жас балалардың оқуға деген ішкі ынтасын оятады.
Нью-Йорк университеті Медицина мектебі даму және мінез-құлық педиатриясының директоры Доктор Бенард Дрейердің айтуынша, ата-аналар балаларының «құрылыс сатысына» көмектесуге әрдайым дайын болуы қажет. Мұның мағынасы мынада. «Балаңыздың не ойнап жүргенін бақылап отырмайсыз, бірақ олар келесі кезеңге өтуге әзір болғанда көмектесуіңіз керек», дейді ол.
Осындай түрлі пікірлердің бәрін біріктіретін елеулі тақырыптар бар. Олар: балалармен өзара әрекеттесудің маңызы, олардың өтініштері мен сұрақтарына жауап беру, құрдастарымен және ата-аналармен бетпе-бет әңгіменің құндылығы, экранға телміруден басқа да түрлі тәжірибелерді табуына көмектесудің мәні.
«Ойнау – балалық шақтың ең маңызды сәті. Бұл олардың сезімдік, когнитивтік және тілдік тұрғыда дамуына әсер етеді», дейді Доктор Дрейер.
© 2018 The New York Times News Service
Мақаланы аударған Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»