28 Желтоқсан, 2011

СӨЗСОЙЫЛ

398 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

БІРДЕ…

Жазушылар одағының шұ­ғыл тапсырмасымен Қадыр Мыр­залиев және Азат Сүлеев екеуі Ғабиден ақсақалды іздеп Қарғалыдағы қасиетті құтты­ха­насына барса, ағамыз аула ішінде қой жетектеп жүр екен. Аман­дық-саулық сұрасып бол­ғаннан кейін:

– Жақсы келдіңдер ғой тіпті. Қой соя білесіңдер ме өздерің? – дейді Ғабең.

– Білгенде қандай! – дейді Азат білегін сыбанып.

Сонымен қуырдаққа тойып, шайға қанып, тапсырмаларын орындап, екеуі Жазушылар ода­ғына оралады. Арада бір жыл­­­дай уақыт өтеді, «Жұлдыз» жур­налының редакциялық ал­қа­сында кездесіп қалған Ғабең Қадырға:

– Неге хабарласпайсың? Осы сендер ағайынды сағын­бай­сыңдар ғой деймін! – дейді ренжи сөйлеп.

– Сағынғанда қандай, Ғабе?! Сағынамыз! Тек мазаңызды алу­дан қаймығамыз. Әйтпесе, қой жетектеген ағамыз түгіл, ағамыз жетектеген қойдың өзін аңсап жүрміз! – дейді Қадыр өткен жылғы дархан дастар­­қанды еске түсіріп.

 – Ә-ә, қу бала, мұныңа енді сенем! – дейді Ғабеңнің өңіне жылу жүгіріп. – Ол қойды мен өзім де аңсап жүрмін бүгінде!

 *  *  *

– Пәленшекең соңғы кезде айт­пасты айтатын болыпты. Сірә, алжыған-ау деймін! – дейді бір тойда Әбділдә ақсақал өзінің ескі бір досы, құрдасы хақында.

 – Әбеке, сіз қателесесіз! – дейді ақын ағасын құлақ қойып тыңдап отырған Қадыр Мыр­­­залиев. – Ол кісінің алжуы тіптен мүмкін емес!

 – Неге мүмкін емес?

 – Алжу үшін адамда ал­­дымен ақыл болу керек қой. Сол таусылған кезде ғана адам алжи бастайды. Ал сіздің құр­да­сыңызда, кө­ңіліңізге кел­ме­сін, сол ақыл о баста болып жа­рытпаған-ау, сірә!..

 *  *  *

Мәскеуде кеңес жазушы­ла­ры­ның кезекті бір съезі өтіп жатса керек. Ертеңгі мәжіліске барарда буфетте тамақ ішіп отырып, Қалижан Бекхожин:

– Түнімен қақсап ауырып шыққан соң, таң атпай дәрі­гер­ге барып едім, екі тісімді жұ­лып тастады. Жұлғанымен қой­май, әрқайсысына үш сомнан ақша алды! – дейді.

– Қа-а-ап! – дейді сонда Қадыр Мырзалиев. – Азулы ақынымыздың әр тісін алтынға балап, бекерге алданып келіп­піз-ау! Мұндай арзан екенін білгенде, өзіміз-ақ қағып тас­тай­тын едік қой!

______________________

МЕН ЖАЗАМЫН ТАҚПАҚ…

Мен жазамын тақпақ,

Әкімдерді мақтап,

Бір жағымда – дағдарыс,

Бір жағымда – жанбағыс.

Дағдарыста қаңқ етем,

Жанбағыста саңқ етем,

Әкімдерді сынасам,

Көп ұзамай жалп етем.

Оны жақсы білемін,

Төрелердің алдында,

Жалбаңдаймын, күлемін.

Тағы жаздым тақпақ,

Әкімдерді жақтап,

Шенеунікке соқтықпай,

Жүрмін жанды сақтап.

Бір жағымда – нарығың,

Бір жағымда – халқым,

Нарығыңа былқ етем,

Халқыма күңк етем.

Оны жақсы білемін,

Ел алдында қалқайып,

Кісі болып жүремін.

* * *

ЖАСАСЫН ДАҒДАРЫС!

Япыр-ай,

Мына дағдарыстың келгені,

Бір есептен жақсы болды,

Мешіттен қуылған молдалар –

Мазар жағалаған бақсы болды.

Парамен ұсталған сотыңыз –

Бүгін кәсіпкер.

Прокурорың – әкім,

Әкімің жоғарылап өсіп кетті.

Мансаптан күдер үзгендер

Бір түнде шетел асып,

Сәмөлетпен көшіп кетті.

Рахат!

Кілең тоқты-торым,

Бақылдаған текелер қалдық.

Елдің қазынасын өз алдымызға

Жекелеп алдық.

Ендігі ойымыз –

Ел түсінбейтін қоғам құрсақ

дейміз.

Бүгін – мынаның,

Ертең – ананың ауызын

Жақсылап тұрып ұрсақ дейміз.

“Ұлтым” деп ұлығандардың

Езуін жырып жібереміз.

Тізгінге таласпаңыз,

Әйтпесе,

Сізді де ұрып жібереміз!

Қанат ЕСКЕНДІР.

Алматы.

 __________________

Мәтіні майысқан мәтелдер

Енеге туған күн,

Келінге де туады.

* * *

Бастықты алтынмен аптасаң да,

Жырымдап жеуін қоймайды.

* * *

МАИ-дан қорыққан,

Мәшине мінбес.

* * *

Сұрамаған басшыға –

Пара бермейді.

* * *

Екі бастықтың құйрығы –

Бір креслоға сыймайды.

* * *

У ішкен бір өледі,

Арақ ішкен мың өледі.

* * *

МАИ-дан құтылсаң –

Алдыңнан кеден шығады.

* * *

Тақ – оттан да ыстық.

* * *

Екі тентек таласса –

Полицияға «жем» түсер.

* * *

Депутат дауыс жинарда шынығады,

Мәжіліс отырысында тынығады.

* * *

Парақорға бәлеқор жолығады.

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ. АЛМАТЫ.

________________________

«ЖАМАНҒА СӘЛ ЖАЛ БІТСЕ…»

Пайдасын білген ақыл-ай,

Тұлпар мінген мақұл-ай.

"Джип" мініп жарлыға,

Жоламай кетті Жақыбай.

"Жаманға сәл жал бітсе,

Жанына торсық байлатпас".

Деген қайран қазақтың,

Айналайын, нақылы-ай!

* * *

«ҒАШЫҚТЫҚ»

Болды әніне шет елдің бала ғашық,

Әніне де, сәніне сана ғашық...

Қалмасақ жарар еді жұрдай болып,

Қазақылық ғұрыптан қара басып.

Шет елдің "шірігіне"бала ғашық,

Санаға кетті бәрі араласып...

Жан-дүниесін жаралап кетпесе екен,

Жазылмайтын жұқпалы "жара" басып!

Қазыбек ӘШІРБЕКҰЛЫ.

ҚЫЗЫЛОРДА.

___________________

АҚЫР-ТАҚЫР АҚЫЛ

Апақ-сапақта үйге жетіп келген інісіне Қилыбай: – Өңің өрт сөндіргендей, жайшылық па?! – деп жатыр. – Қайдан жәй болсын, баяғы келініңізбен барып-келіп... айт­па­ғанымыз жоқ, ажырасып ты­натын шығармыз, – деп, үйде ағасынан басқа пенде жоқ екенін байқап: – Жеңгем қайда? – деп қалды. – Жеңгеңнің барынан жоғы! Қолына тиын-тебен тиді бітті, түгесілмей ты­нышталмайды. Базар аралап кеткен! – деп кідіріп: – Не боп қалып еді? – деп інісіне сауал тастады. – Ұрыс-керіс, айғай-шу түбімізге жетті. Өзіңіз секілді ашу-ызамды іркімей ағыл-тегіл ағытамын кеп... Ол да осал емес, есе жібермейді – ақ ит кіргізіп, көк ит шығарады... Осы сіз де сөйт­есіз, бірақ былқ етер – «кетем де кетем!» деген жеңгемді көрмеппін. – Тартпасаң тумағыр... Ана алғашқы жеңгеңмен шат-шә­ле­кейіміз тура сенікіндей бол­ған... е, ол кезде ақыл айтар ақыл­ман болмай ажырасып тындық емес пе... – Қазір ше?! Қазір де айғай-шуларыңыз бар. Мен білетін ағамның арыны басылған емес. Сол баяғы былапыт сөз, сол бая­ғы боғауызды қардай бора­та­сыз кеп...? – Ал тыңда! Мәселе айта білуде... Ашулысың делік. Айтар сөзің ащы-тұщы, төбеден тү­сер­дей дөрекі... «Ауызға келген түкірік – қайта жұтса мәкүрік» дей ме, тоқтап қалма, іркіме, ай­тып қал... Тек, мынау есте бол­сын: осы мезет езуің ыр­жи­ып, көзің күлімдеп, бет-пішінің бейпілдіктен жұрдай болып, үнің үлбіреп шықсын... Ретін келтіріп, айғайың аспандап тұр­са да, ара-арасында «жаным, айым» деген тіркесті кірістір де отыр. Әсіресе, сөз аяғын сүмі­рейте, айтар ащы-тұщы біткен жерден мүләйімсіп мүді­ріп қал. Бұл – ортада ешкім болмай екеуара ғана жекпе-жектегі айғай-сү­рең. Ал арада көлденең көк аттылы болғандағы ұрыс-керіс тәсілі басқа­ша, – деп ақыр-тақыр ақы­лын сәл кідіртіп, інісіне, – соңғы ырың-жырың неден шықты? – деді. – Дүкен-мүкен деп кеткен. Бір інім келіп, ары отырдық, бері отыр­дық... Тостырып шыдам біткенде келіп тұр... Айда кеп ақырдым кеп... Ол да іркілмеді... інім кетті безіп... Айтар тау­сы­лып, осында келіп отыр­ға­­­ным, – деген мезетте есік шырылдап, базардан көтерген көп жүгі бар жеңгесі келіп кірді. Қилыбай ағасы бұған желкесін берген қалпы: – Қайда жүрсің-ей, қаңғып! Біз отырмыз омалып! Кергімей келетін мезгіліңді айтсаң қай­те­ді! – деп іркес-тіркес тікенек сөз­дерін төндіре бастағанда інісі сытылып шығып, жөніне кетті. Інісі кете сала Қилыбай: – Сөйдеп әкіреңдемесем қай­ның бүгін қонатын түрі бар. Баяғы келінмен ырың-жырың, бағанадан бері сонысын айтып миымды шірітті... Пәлі, көп зат әкепсің ғой. Айтпаймысың, аялдамадан тосып алар едім. Жаурап та қалған шығарсың, шәй қойып жіберейін, – деп апыл-тапыл ас үйден табылды.

Кенже ЕРКІН.

Алматы облысы.

_____________

ПОЛИЦИЯДАҒЫ «ПАЙ-ПАЙ!»

Көлік инспекторлары бекетінің жанында жол қарап тұрған маишниктің дәл жанына сиырын жетектеген бір кемпір келіп, оны арқандайтын қазығын қаға бастайды. Маишниктің көзі бақырайып: – Апа-ау, мұ­ны­ңыз қалай, бұл жер жайылым емес қой! – демей ме. – Ой, балам-ай, қайдан білейін. Былтыр сен ос­ын­да тұрғанда жіптіктей арық едің, – депті апасы.

 *  *  *

– Алло, айықтырғыш па? Менің күйеуім мас болып жатыр, алып кетсеңіздер еді! – Қайда, Бөгенбай батыр көшесінде ме? – Жоқ, Достық даңғылында. – Кешіріңіз, ол көше бізге қарамайды. Шамалы уақыт өткеннен кейін телефон тағы шырылдайды. – Алло, айықтырғыш па? Менің күйеуім удай мас, құдай үшін алып кетіңдерші. – Қай көшеде, Бөгенбай батыр көшесінде ме? – Иә, мен осы көшеге жаңа ғана сүйреп әкелдім.

 *  *  *

Жүргінші көшеде тұрған көлік инспек­торына: – Сіз осы бір­нәр­седен үркіп-қорқып жүр­­сіз-ау деймін, – дейді. – Е, жоғ-а! Олай деуіңізге не себеп?! – Әй, осы сен бір­нәрсе бүлдіргенсің-ау шамасы! Әйтпесе көшеде бұғынып, жасырынып, қайтадан қуыстан атып шығып адыраңдамас едің-ау!..

 *  *  *

Газет тілшісі таныс жол полициясына: – Айтшы осы, сендердің қолдарыңдағы таяқтарың неге ақ пен қара кезек алмасқан бояумен сырланған? – деп қалжыңдағанда, таныс полицей: – Шопырларда үнемі біз талап етер ақша бола бермейді емес пе... – деп әзілмен жауап беріпті. ___________________________ Мүйісті жүргізген Берік САДЫР.