28 Желтоқсан, 2011

Жер сілкінісінен сақтану жалпықоғамдық іс

5435 рет
көрсетілді
25 мин
оқу үшін
Осыдан шамалы уақыт бұрын туыс ел – Түркияның жері тулап, елінің басына үлкен ауыртпалық түсті. Бейқам жатқан бауырларымызда кісі шығыны да аз емес. Тәуелсіздігімізді тұңғыш мойындап, атажұрттағы қарашаңырақ иесі – қазақ халқымен қатар қуанған түрік туғанымызға Қазақ елі бауырластық қолын созып, шама-шарқынша көмек керуенін де аттандырып жіберді. Жаманаттың жаһанға жар салып келмесі анық. Дүниенің қай тұсын түртіп қалмаңыз, басына төтеннен табиғи қауіп төніп тұрмаған мемлекет жоқтың қасы. Заманынан көш ілгері озды деген алып елдердің техникасы да, экономикасы мен саясаты да алғы шепке шыққанымен, өзі еміп отырған Табиғат-Ананың алдында дәрменсіз. «Еліміз де, жеріміз де тыныш болса екен», деп көппен бірге тілеп отырған жай біздің де баста бар. Осы ретте, үлкен жер сілкіністері тарихында тіркелген Қазақ елінің қамы қандай деген сұрақ қай-қайсымызды да алаңдатпай қоймасы ақиқат. Бізді де азаматтық парызымыз жетелеп, жер сілкінісі қаупінің алдын алу шарасы қандай деңгейде екенін білмек ниетпен Қазақстан Республикасы Сейсмология институтының директоры Таңатқан АБАҚАНОВҚА бірер сауалымызды қойған едік. – Таңатқан аға, кейінгі кезде әлемнің әр нүктесінде табиғи зауалдар белең алып кетті. Оның ішінде су тасқыны мен жер сілкінісі алдыңғы қатарда тұр. Алғашқы сұрақ, осы жер сілкінісі бірден бола салмайды ғой, оның да басталу, даму, шарықтау және бәсеңсу сатылары бар екені анық. Әлемде және Қазақ­станда болған жер сілкіністерінің та­рихы­на аз-кем тоқталып өтсеңіз. – Қазіргі таңда дүние жүзінде сейс­ми­калық жағдайдың үдегені байқалуда. Бұл үдеуді жобамен 1995 жылдан басталды деуге болады. Өйткені, сол жылы Жапонияда «Кобе жер сілкінісі» болды. Ол сілкіністің соншалықты орасандығына қарамастан, жапондардың құрылыс салу тәжірибесінің жоғарылығы мен сапасын байқадық. Сондай дүлей күшпен сілкінгеніне қарамастан, Жапониядағы кісі шығыны алты мың адам­нан асқан жоқ. Сонымен салыстыратындай жер сілкінісін айтар болсақ, ол Арме­ния­дағы 1988 жылғы 7 желтоқсанда Спитак қаласында болған жер сілкінісі. Онда кейбір деректер көрсеткендей, 41 мың адам қаза тапты. Бұл жерден нені байқауға бо­лады? Сол кезде Спитактың сейсмикалық болжау картасын 7 баллдық сілкініске есеп­теп жасалғандығы анықталып отыр. Ал сілкініс күші эпицентрде 9 баллдың үстінде, тіпті 10 баллға дейін жетіп жығылды. Қала мүлдем қирап қалды. Ал жапондар сейсмикалық болжау картасын нақты есепке жүгініп жасайды. Сол Спитак оқиғасынан кейін жер-жерлерде сейс­микалық картаны жасау шұғыл қолға алына бастады. Егер, құрылыстарды 9 баллдық күшке есептеп соқсақ, ол құрылыстар 9 баллдық жер сілкінісіне шыдайды. Құрылыстардың көбісі «жер сілкінісінің күші төмен бо­ла­ды-ау» деген жобамен салынған­дықтан да қирап қалады. Тағы бір себеп, құрылыс материалдарының сапасы және жобаның есебі. 1999 жылы да Түркияда үлкен жер сілкінісі болды. Онда жер сілкінісі орасан болатын себебі, ел «Анадолы жарығының» бойында орналасқан. Ол өте қатерлі ай­мақ­қа жатады. Және түріктерде қирандының көп болатын тағы бір себебі, Түркияның құрылыстары жерасты суларының деңгейі жоғары жерлерге салғандықтан болып отыр. Ал Орталық Азия бойынша ең күшті жер сілкінісі Алматы қаласы орналасқан Алатау бөктерінде болған. 1887 жылғы жер сілкінісі соның айғағы. Оның ошағы қаланың дәл шетінде болды. Сол сілкі­ніс­тің күші тоғыз баллға жуықтады. Одан кейінгі сілкініс Шелек өзені маңындағы «Шелек сілкінісі» 1889 жылы болды. 1911 жылы болған «Кемен сілкінісі» ошағында он баллға дейін жетті. Бұл екеуі де ең үлкен сілкініс ретінде тіркелді. Бізде жер сілкінісін зерттеу жұмыстары тек соңғы жылдары ғана қолға алынып отыр. Көршілес Қытайды алар болсақ, олар­да 3000 жылдан бері бұл табиғи құбы­лыс тіркеліп келе жатыр. Мұның өзі де гео­логиялық есеп бойынша аз уақыт. Ал Қа­зақ­станда болса 200 жылдан бері қарай тір­келіп келеді. Қытайдың өзі жер сілкі­нуі­нің қайталану жиілігін есептей алмай отыр. – Көктемде көпшілікті сабырға шақыру үшін «Жетісудағы жер дүмпуі Жапониядағы сілкіністің әсерінен» деген мәлімдеме жасалды. Жапония мен Қазақстандағы жер сілкінісінің байланысы бар ма? – Жоқ, ол екеуінің байланысы жоқ. Екі ел бір-бірінен тым алшақ орналасқан. Бірақ қазір дүние жүзінде жер сілкінісінің үдеуі күшейіп келе жатыр. Біздің және басқа да дүниежүзілік ғалымдардың бол­жамы бойынша, бұл үдеу үдерісі 2025 жылға дейін дамып, одан кейін тоқтауға тиіс. Нақтылап айту өте қиын болса да, осындай болжам бар. 2003 жылы Иранда 30 мың адам опат болған «Бам сілкінісі» деп аталған үлкен жер сілкінісі болды. Индонезияда 2004 жылы 300 мың адам опат болған сілкініс және 2009 жылы қыркүйек айында Суматра аралында алапат үлкен жер сілкінісі бол­ды. 2008 жылғы Қытайдың Си-Чуан провинциясында болған сілкініс өте күр­делі түрде болды. «Жұт жеті ағайынды» демекші, сол кезде әлгі провинцияда 4 күн бойы ұдайы қатты нөсер жауып тұрды. Соның салдарынан көптеген су бөгеттері бұзылып, көшкіндер орын алды да, оның арты кісі шығынының артуына алып келді. – Сілкіністерден сақтанудың ғылы­ми жолдары бар ма? – Сейсмикалық қауіптен сақтанудың сан түрлі жолдары бар. Сейсмологиялық тұрғыдан қарасақ, біріншіден, аймақтың сейсмикалық қаупін зерттеу, яғни қауіп-қатерді алдын ала бағалау. Әр түрлі карталар жасау, күллі Қазақстан мен әрбір облыстың сейсмикалық картасын жасау. Қауіпті аймақтарда орна­лас­қан қалалардың микроаудандау карталарын жасау. Ондай аймаққа Алма­ты қаласы жатады. Екіншісі – жер сілкінісін болжау. Сілкіністің нақты болатын жері, уақыты және күші, осы үшеуін жақсы болжай білсеңіз, сіз үлкен қауіптің алдын алдым дей беріңіз. Болжаудың тағы да 3 түрі бар: ұзақ мерзімді болжау, орта мерзімді және қысқа мерзімді болжау. Ұзақ мерзімді болжау дегеніміз – 5-7 жылға дейін қандай аймақтарда жер сілкінісі қаупі бар деген мәселені анық­таймыз. Осы ұзақ мерзімді болжау кезінде сейсмикалық карталар жасалып, бар­лық күш пен мүмкіншілікті жұмсай оты­рып, келесі орта мерзімді болжауға көше­міз. Орта мерзімді болжауда соңғы бір жыл шамасында қай аймақта орасан сілкініс болуы ықтимал екендігі анықталады. Ал, үшінші, қысқа мерзімді болжауға сілкі­ністің ықтималдығын тәуліктер мен сағаттарын болжау жатады. Алдыңғы ұзақ және орта мерзімді болжаулар біраз жерде шешілген және жолға қойылған. Біз қазір болуы ықтимал он сілкіністің жетеуін анықтап отырмыз. Ал қысқа мерзімді болжау дегеніміз ол – ғылыми болжау. Ол – ұзақ жылдарғы тәжірибенің нәтижесінде жүзеге асатын шара. Алайда болжаудың осы соңғы түрі дүние жүзінің еш жерінде толық жұмыс істеп тұрған жоқ, ондай мүмкіндікке әлемнің ғалымдарының да күні бүгінге дейін қолы жетпей отыр. Тек мұндай нәтижеге қол жеткізуге жақындап келе жатқан мемлекеттің бірі – Қытай. Ол елде бірнеше сәтті тәжірибелер бар. Олар 1975 жылы тура болжау арқылы өздерінің бір қаласын сақтап қала алды. Бірақ та келер жылы басқа аймақта орасан жер сілкінісі болып, бір провинция күйреуге ұшырады. Қытайлар 1997 жылы Қашқар жерінде болуы ықтимал орта және үлкен әсердегі жер сілкінісін болжады. Одан өзге дәлме-дәл болжады деп айтуға ешбір дәлел жоқ. Рас, жер сілкініп болғаннан кейін «мен тура болжап едім» деп жататын «көріпкелдер» өте көп. – Құдайға шүкір, қазір қаламызда зәулім құрылыстар күн санап көбейіп келеді. Түрлі суыт хабарды естіген сайын бой­ын үрей билейтіндер де биік үй тұр­ғындары. Қандай құрылыстар қауіпсіз? – Ғимараттар мен құрылыстардың сейсмикалық қауіпсіздігіне баса назар аударған жөн. Жапония, Америка сияқты ғы­лымы дамыған мемлекеттер осы мәсе­леге қатты мән береді. Өйткені, олар «Жер сілкінген аймақтарда түбі жер сілкінеді» деген қағиданы ұстанады. Сондықтан да халықтың қауіпсіздігі үшін дұрыс құрылыс салу керек деп есептейді. Мәселен, Американың Калифорния штатында Спитакта болған жер сілкінісінің күшіне тең дүмпу болса да кісі шығыны өте аз болды. Халық саны соншама көп бола тұра небәрі жүзге тарта адам шығыны тіркелді. Оның сыры, Американың ғимараттары мен тұрғын үйлері үлкен тәжірибемен, арнайы сынақтармен соғылған. Ал біздің елімізге көз жүгіртсек, бізде жүз жылдық ғимарат­тарды қауіпсіздендіруге мүмкіндігіміз жоқ. Тек, кейінгі жылдары салынған жаңа құры­лыстар ғана сейсмикалық қауіпсіздікке сай деуге болады. Мысалға, Алматы қаласы 1911 жылдан кейін үлкен жер сілкінісі болма­ғандықтан, жүз жылдан бері салы­нып келе жатыр. 5-6 баллдық сілкіністер болып тұрады. Біздегі көп кездесетін қателіктер, сейсмикалық қауіпсіздіктен хабары жоқ, тұрмысы орташа кісілер Алматыға көшіп келіп саз балшықтан немесе сабан қабырғадан арзанқол үйлер тұрғызып жатыр. Кейбіреулері балшық үйлердің төбесін бетон плитамен жауып, екінші қабатты көтерген жағдайлар да көптеп кездеседі. Міне, бұл үйлер қауіпті құрылыс болып есептеледі. Тағы бір ескере кететін жәйт, қайта құру және мемлекетіміздің алғашқы тәуел­сіздігі жылдары сейсмикалық қауіпсіз құ­ры­лыс шарасы күн тәртібінен тысқары қалған кез болды. Құдайға шүкір, қазір елі­міздің экономикалық ахуалы түзелгелі бері бұл шаруа шешімін тапты десе де болады. Мемлекеттік тұрғыда қазір әрбір әкімдікте арнайы тұрғын үй департаменттері бар, солар құрылыс жұмыстарына бақылау жасайды және сейсмикалық қауіпсіздікке сай жобаларды салуды міндеттейді. – Алматыдан өзге еліміздің тағы қай аймақтары арнайы бақылауға алынып отыр? Жалпы, қатер күтпеген жақтан келуі мүмкін ғой. – Алматы аумағы жер сілкінетін ық­ти­мал аймақ екенін бәріміз біліп отырмыз. Енді бір көңіл аударатын аймағымыз – Шы­ғыс Қазақстан облысы екенін естен шы­ғармауымыз керек. 1990 жылы 8 бал­лдық «Зайсан сілкінісі» болды, сол оқиға­дан кейін ғана біз Өскемен аумағын зерттеу­ге ала бастадық. Зерттей келе, Алтай өңірінде өте дүлей сілкіністердің бола­тынын, Моңғолияның аумағында 1957 жылы «Гоби-Алтай жер сілкінісі» болған­дығын анықтадық. Оның сілкіну күші біз­дің «Кемен сілкінісінен» де күшті бо­лыпты. Жердің қақ айрылу жарығының ұзындығы 500 шақырымға дейін жеткен. Ал жер жарығының көлденең есебі кей жерлерде 20 метрді құраған. Сондай-ақ, жер сілкінісі болуы ықти­мал аймаққа Оңтүстік-Шығыс пен Оңтүс­тік облыс аймақтары да жатқызылады. Мәселен, Жамбыл облысы мен Оңтүстік Қазақстан облысы аумағында 8 баллға дейін жер сілкіну қаупі жо­баланғанын жасырмау керек. 1971 жылы Тараз қала­сында, бұрынғы Жамбыл қаласында 8 баллдық «Жам­был жер сілкінісі» тір­келді. Сол кезде ауылдық жерлердегі ғимараттар мен жекеменшік үйлер сейсмикалық талапқа сай салынбағаны анықталды. Сонымен қа­тар, қазір Батыс Қазақстан облысында көптеген өнді­ріс ошақтары ашылып жа­тыр. Олар – мұнай-газ, бас­қа да оттегі өнімдерін өндіру ошақтары. Сол жерлерде техногенді, яғни «жасанды жер сілкіністері» болу ықтималдығы артып келеді. Ол дегеніңіз, жер астынан өнім алғаннан кейін қанша жерден босап қалған жер қуысын сумен толтырсаңыз да, ол бәрібір табиғи қалпын келтіре алмайды. Адам қолымен жасаған әрекеттер табиғи сығымдылықты сақтай алмайды да, жер астында бос кеңістіктер пайда болады, кейіннен сол кеңістіктер опырылу арқылы жер сілкінісіне әкеліп соғуы ықтимал. Сонымен қатар, тау-кен өндірісі бар жерлерде де сондай бос кеңістіктер пайда болуда. Атап айтқанда, Жезқазған айма­ғын­дағы Сәтбаев кен орнына жақын маң­да 1994-2005 жылдары сондай жасанды жер сілкіністері тіркелді. Ондай ықтимал­ды­лықтан қаптаған шахтасы бар Қара­ған­ды қаласы да қашық емес. Жер астынан кен қазып алғанда немесе газ бен мұнайды сорған кезде жер қыртысының физика-механикалық жағдайы өзгереді, жерасты қабаттарының қысымы өзгереді. Ондай жер сілкіністерді сыртқы әсерден болған сілкініс деп атайды. 2008 жылы 26 сәуірде Батыс Қазақстан облысы Шалқар көлінің маңындағы сілкіністі сондай «сыртқы әсердің» себебінен болған жер сілкінісі деп болжадық. – Өзіңіз басқарып отырған ғылыми институт шет елдердің іргелі ғылыми ор­талықтарымен, ғалымдарымен бай­ла­ныса отырып жұмыс істеуде. Техни­касы қарыштап дамыған мына заманда өзгенікі бар, өзіміздікі бар, бүгінгі ғалымдар Қазақстанда болуы ықтимал нақты жер сілкінісін болжай ала ма? – Ондай нақты түрде 100 пайыз болжау мүмкін емес. Ел аймағында болып жатқан барлық жер тербелістерінің көрсеткіші бізге келіп түседі. Сол қолға түскен мәлі­меттерге сүйеніп қана біз тек Алматы қа­ласы маңындағы сейсмикалық жағдайдың болжамын бере аламыз. Ал басқа жер­лер­дің болжамын жасауға бізде техникалық жүйелер жетіспейді. Қазір бізде Жамбыл облысы аумағында 2 сейсмикалық станса бар, Шығыс Қазақстанда екеу, Оңтүстік Қазақстанда үш сейсмикалық жүйе бар. Болжау параметрі деген болады. Ол судың деңгейін, су құрамындағы газды өлшейді, содан кейін сейсмологиялық (яғ­ни, жердің әлсіз тербелістерін), геофизи­калық материалдар мен биологиялық стансалар бар, міне, солардың бәрі де компьютер арқылы қатаң бақылауға алынып, жетісіне бір рет тұжырым жасап отырамыз. Бір ескерер жәйт, болжау тек ірі жер сілкіністеріне ғана беріледі, ал баяу және майда дүмпулерге болжау жасалмайды. Осы тәжірибенің нәтижесінде біз Қазақстан бойынша жылына ірілі-ұсақты жеті мыңға тарта сілкіністерді тіркеп отырмыз. Алты баллға дейінгі сілкіністер адамға және оның мүлкіне ешқандай зардабы бол­май­ды. Мұндай мәліметтерді жария ету ешбір мемлекетте міндеттелмеген. Өйткені, ха­лықты бекерге дүрліктіру қажетсіз. – Мамырдың басындағы Алматы қаласындағы сілкініс туралы айтсаңыз. – Ол кезде болған сілкіністі «фон» деп атайды. Ол біздің аймақтың фоны дегенді білдіреді. Фонды көп адам түсіне бермейді. Магнитуда 5,3 деп айтылады, ол (магнитуда) ғылыми тілде жерасты қуаты дегенді білдіреді. Жердің үстіндегі сілкініс қуатын – балл деп атайды. Мысалы, магнитуда, яғни жерасты қуаты 6 болса да, жер бетіндегі сілкіну көрсеткіші 4 балл болуы мүм­кін. Кейде магнитудасы 5 болғанда, жер бе­тінің сілкініс күші  5 немесе 6 балл болуы мүмкін.  Бұл мәселе жердің сілкініс оша­ғы­нан ғимаратқа дейінгі ара қашық­ты­ғы  мен жер сілкініс ошағының тереңдігіне байланысты.  Соны түсінбестен кей азаматтар елді дүрліктіреді. Осы жайда жер бетіндегі балл арқылы өлшенетін тербеліс күшін ғана есепке алу керек. Кейде жұртшылық «неге алдын ала ескертпейсіздер?» деп талап етіп жатады. Қысқа мерзімді болжау жасау үшін біздің техникалық қуатымыз жетіспейді. Жапо­нияның бір өзінде 5000-ның үстінде сейс­микалық станса болса, біздің елімізде 53 станса бар екен. Енді екі мемлекеттің жер ауқымын ойша елестетіп көріңіз. Сол 53 стансаның 44-і Алматы аумағында орна­ласқан. Күндіз-түні бақылап отырған ғалымдарымыз, сөз жоқ, осы бақылаудың бір параметрі өзгерсе, тиісті орындарды хабардар етеді. Сондықтан да алдын ала халықты хабардар ету мәселесінде ешқандай кедергі де, кемшілік те жоқ екенін ескерген абзал. – Біз қазір қандай шараларды қарастыруымыз керек? – Біз ең алдымен халықпен тығыз бай­ланыста болып, ұдайы жұмыс жасауымыз керек. Ол үшін табиғи жер сілкінісі бо­ла­тын аймақтардың, атап айтқанда, Алма­ты­дан бастап, Тараз, Шымкент, Талды­қор­ған, Өскемен, Зырян, Риддер секілді хал­қы тығыз орналасқан қалалардың сейс­ми­калық микроаудандау карталарын жасай отырып, сол жерлердің халқымен қауіп­сіз­дік жаттығу шараларын өткізу керек. Осы мәселеге Елбасымыз мамырдың он екісіндегі кездесуде баса назар аударды және біздің алдымызға нақты міндеттер қойды. Мәселен, «Алматы қаласы мен облысының микроаудандау картасын жаңалау», «ха­лықаралық тәжірибелерге сүйене отырып ғимараттардың сейсмикалық төзімділігін күшейту жөніндегі шараларды әзірлеу» деген сияқты нақты тапсырма берілді. – Қазір қит етсе, саяси кеңістік пен табиғи құбылыстардың тағдырын сөз ететін «білгірлерге» жүгінетін болдық. Шындығын айтайық, кейбір БАҚ өкілдері де осы тақырыптарды қаузау арқылы нанын тауып отыр. Жердің сілкінетінінен халықты хабардар етуге асы­ғатын әуесқой «сейсмологтар» жаса­ған болжаудың дәл келген кезі болды ма? – Бүгін кім көп, отырып алып жердің сілкінісін болжаушы көп. Бізге осындай «көріпкелдердің» том-том «болжаулары» келіп түседі. Шынтуайтында, бұлардың мақсаты тек халықты үрейлендіру ғана. Қайткенде елді дүрліктіріп, өзінің атын шығаруды ғана көздейді. Ал олардың әрекетін тоқтататын заң жоқ әзірге. «Тисе терекке, тимесе бұтаққа» деп екі баллдық, үш баллдық сілкіністерді болжап таста­ғандар көп. Міне, 2010 жылдың маусы­мында Алматы қаласы жермен жексен болады деп дабыл қағып, тез арада шара қолдануымызды талап еткен «кереметтің» менде қолхаты жатыр. Ондай кісілерді қабылдап, барлық болжауларын, сызба­ларының көшірмесін қабылдаймын да, осылай өздерінің қолхатын алып қаламын. Кейбіреулері қолхат беруден бас тартады. Ал енді сондай алапат жер сілкінісі 2010 жылы болды ма? Болған жоқ! Кейбіреулері үкімет үйіне, министрліктерге хат жазады. Міндетті түрде бізге жоғары жақтан нұсқау келіп түседі де, біз әлгі кісілердің «жаңа­лығына» қыруар уақытымызды бөлеміз. Тағы бір айта кететін мәселе, кейбір БАҚ өкілдері арзанқол жаңалық іздеп, елдің ішін дүрліктіруге әуес келеді. Бізді радио, телебағдарламаларға шақырады, бара қал­саң, бізге қарсылас етіп бір көріпкел ме, емші ме, әйтеуір бір «кереметі» бар кісіні отырғызып қояды. Біз олардан қандай мәліметке немесе есепке жүгініп жердің сілкінісін болжап отырсыз десек, бірі түсінде аян көргенін, енді бірі жұлдызға, болмаса тағы бір «құпия ілімге» сүйенетіндігін айтады. Барлығының түп мақсаты тек әйтеуір қандай жолмен болса да танымал болу ғана! Міне, 1993 жылдан бастап О.­В.Мар­ты­нов деген Ресейдің профессоры Қа­зақ­станның сейсмологиялық институтын әбден қырына алып, мүдделі түрде мазалап келе жатыр. Өзінің жазбаған жері, айт­па­ған орны қалмады. Тіпті, кешегі Кеңестер Одағы құлаған кезде оның болжамдарына, әрбір сөзіне мән де берілді. Алайда, оның жұмыстары ғылыми түрде де, тәжірибелік тұрғыда да еш дәлелденбеді. Тағы бір В.М.Инюшин деген биолог бізді көп мазалады. Оның да дәлелі тек сандырақ болып шықты. Ол бізбен шектеліп қалмай, тұп-тура Ресейдің Кузбасына болжам жасап 2010 жылғы 21-31 желтоқсан аралы­ғын­да үлкен жер сілкінісі болады деген. Сол екі арада Кузбастың шахталары жұ­мыс­тарын тоқтатып, орасан зор шығынға батты. Енді ресейлік ғалымдар бізге ресми хат жолдап, өздерін тасқа отырғызған қа­зақ­стандық «көріпкел» туралы мағлұмат беріп отыр. Сондықтан да халыққа айта­ры­мыз, тек қана ресми дерекке сүйенген дұрыс. Ешбір мемлекет өз халқын ықтимал қауіп-қатерден хабардар етпей, шындықты жасырып қалмайды! Біздің институтта 87 ғылыми маман, ал сейсмологиялық тәжірибе-методологиялық экспедицияда 296 маман жұмыс істейді. Жүзге тарта білікті шет ел ғалымдары бізбен тығыз қарым-қатынаста еңбек етуде. Осынша арнаулы білімі бар ғалымдарға емес, қалайша «жалған жорамалшыларға» елдің сеніп қалатыны қайран қалдырады. – Мамыр айындағы Алматы қала­сын­дағы жердің діріліне қайтып ора­лай­ық, рас, қала жұртшылығын әжеп­тәуір дүрліктіріп тастады. Алайда, міне, содан кейін қара халық та, құзырлы орындар да көктемде Жетісу жері жұл­қынбағандай тым-тырыс күйге қайта көшті. Біз осы бейқамдығымыздан бо­ла­шақта таяқ жемейміз бе деген сұрақ туады? – Көктемгі болған діріл ірі сілкініске жатпайды. Ол жердің сілкінісі емес, тек қана қозғалыс қабілеті. Ондай бір сәттік дірілге бола дүрлігудің қажеті жоқ. Жапон халқының сабырлылығы, сауаттылығы әлем жұртшылығын қайран қалдырып келеді. Оларда жылына бірнеше мәрте үлкен сілкіністер болса да, дүрлікпей, аса сабыр­лы­лық­­пен отбасын, қоршаған ортасын аман сақ­тай білуде. Біздің халыққа да сондай сауат­­тылық керек. Әрбір қазақстандық өзі­нің жақынына жер сілкіне қалғанда қан­дай шара жасау керектігін ескертіп оты­руы керек. Ақпараттық және оқу-жаттығу жұмыстары ұдайы өткізіліп тұрғанда ғана халықтың санасы түзеліп, қоғам болып өзін сақтап қалуға қабілеті артады. Бұл, әрине, бір күнде шешіле салатын мәселе емес. Осы жолда тұрақты жұмыс істеуіміз керек.

Әңгімелескен Қанат ЕСКЕНДІР.

АЛМАТЫ.