28 Желтоқсан, 2011

Бөкейдің оралуы

376 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Деректі фильмнің тұсаукесерінен кейінгі ой

Иә, тәуелсіздік бір-ақ күнде, көзді ашып-жұмғандай өте қысқа уақыт аралығында орныға қалмағаны белгілі. Бұл ата-бабаларымыздың еркіндік пен азаттық жолындағы ғасырлар бойғы күресінің, осы жолда төгілген тері мен қанының нәтижесі. Сондай-ақ тарих толқынында халқын көшпенділіктен отырықшылыққа, прогрессивті даму бағытына үндеп, бұл ойын нақты істермен айғақтай білген хандарымыздың да тәуелсіздікке жетуге, тұтас елдікті сақтап қалуға қосқан үлесі бар екені талассыз. Солардың бірі де бірегейі Бөкей хан десек, тарихи шындықтан алшақ кетпейміз.

Ұлан-ғайыр жағрафия­лық кеңістікті алып жат­қан Еділ мен Жайықтың ара­лы­ғында Бөкей ханды­ғы­ның құрылғанына биыл 210 жыл толды. Осынау та­рихи дата Тәуелсіздіктің 20 жыл­ды­ғымен тұспа-тұс келуінің айтар­лықтай нышандық мәні бар деуге болады. Биыл күзде Бөкей ханның мәңгілік дамыл­даған топырағында, Ресейдің Астрахань облысы, Краснояр ауданы, Кіші арал ауылында оған келісті кесене орнатылды. Бұл рәсім қос мемлекет президенттері мен шекаралас об­лыстар басшыларының Ас­траханьдағы кездесетін күніне сәйкестендірілді.

Тарихи тұлғаның рөлін бағалау мен қалыптастыру жөніндегі осындай ізгі шара жыл аяғында «Бөкейдің оралуы» атты деректі фильммен толықтырылып отыр. Бұл туынды батысқазақстандық кәсіпкер Мұрат Жәкібаев пен ресейлік режиссер Лев Вахитовтың ортақ шы­ғар­машылық қызметінің нәтижесінде көрермендерге жол тапты. Мұнда Бөкей ордасының құрылуы, қазақ даласының батыс өңіріне қоныс тепкен ата-бабаларымыздың Еділ мен Жайықтың аралығына қайтадан қоныс аударуы секілді қилы кезеңдер мен оқиғалар нақты тарихи және ғылыми деректер негізінде көрініс тапқан.

– Біз бұл фильмнің жарық көруі үшін бір жылға жуық уақытымызды сарп еттік. Соның ішінде үш айға жуық мерзім Қазақстан мен Ресей архивтеріндегі Бөкей ханға қатысты құжат­тар­ды іздестіріп іріктеуге жұмсалды. Картина қазақ және орыс тілдерінде түсірілді, – деді газет тілшісіне продюссерлік орталықтың жетекшісі Мұрат Жәкібаев.

Аталған деректі фильмнің құнды­лығы неде? Иә, мұндағы ленталардың барынша шынайылығы, ата-баба­лары­мыздың бірыңғай көшпенді тұрмыстан біртіндеп отырықшылыққа ауысуын­дағы Бөкей ханның прогрессивті рөлі нақты тарихи деректер негізінде бейнеленуі туындының туын биікке көтеріп тұрғандай. Бүгінгі ұрпақ бұл тарихи шындықты білуге тиіс. «Ханда қырық кісінің ақылы бар» деген нақыл бар халқымызда. Бұл тіркесті Бөкей ханға қатысты қолдануға да әбден болады.

Сондай-ақ фильмде оның басты кейіпкерінің алысты болжай білетін көреген басқарушы бола білгені, Еділ мен Жайық аралығындағы кең жазықтықта хандық құруының өзі түгін тартса майы шығатын осы шұрайлы жерді келімсектердің таптауынан аман сақтап алып қалу ниетінен туындағаны нанымды суреттелген. Сонымен бірге картинада Бөкей ханның айрықша мәмілегерлік қасиетін ашу үшін де батыл шығармашылық қадамдар жасалғаны қуантады. Ең бастысы, Бөкей халқымыздың болашақ тағдыры үшін дер уақытында қажетті шешім қабылдай білгені деректі фильмнің өн бойына үзілместей желі болып тартылған.

Тәуелсіздіктің жиырма жылдығына байланысты Астанадағы тәуелсіздік сарайында өткізілген салтанатты жи­ынды сөйлеген сөзінде Астана қала­сының әкімі Иманғали Тасмағамбетов Елбасы Астананы Алатаудан Арқаға көшірмегенде, қазақ ендігі Еділді емес, Есілді жоқтап қалар ма еді. Осы тарихи шындық үшін ғана қазақ халқы Елбасының алдында мәңгілік қарыздар деген еді.

Сөз жоқ бұл жаны, негізі бар, құптауға да, қолдауға да тұрарлық құн­ды пікір. Иә, қазақ жеріне көз алартушылар тек Бөкей заманында ғана емес, күні кешегі Горбачев кезеңіне дейін жалғасып келді. Осыдан-ақ біз сонау XIX ғасыр басында Бөкей хан қабылдаған тарихи шешім мен қазақ жерінің аумақтық тұтастығын сақтап қалу үшін XX ғасырдың аяғы мен XXI ғасыр басында Қазақ мемлекетінің басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қабыл­да­ған шешімдердің өзара тарихи сабақтастығы бар екенін көреміз.

Тағы бір айта кетерлік мәселе, деректі фильмді жасаушылар бұрыннан қалыптасып қалған кейбір түсініктерге тың да тосын жаңаша көзқарастар тұрғысынан келе білген. Айталық, бұған дейін Еділ мен Жайық аралығын мекендеген қазақтар мен казактар тек теке тіреспен ғұмыр кешіп келгені жөніндегі дерек әлі де үстем тұр. Расында да солай ма? Жоқ олай емес, казактардың арасынан да осы топы­рақтың ежелгі тұрғындары қазақтарға бүйрегі бұрған, олардың әділетті ұсы­ныстарын орындаудан бас тартпағандар  жиі кездескен. Тіпті олардың арасында кәдімгідей адами достық қарым-қаты­настар орныққанын тарихи деректер растай түседі.

Осы тарихи шындық жаңа фильм туындысында Бөкей ханның Астра­хань­дағы казактар полкының коман­ди­рі Павел Поповпен достығы тұрғы­сы­нан тарқатылған.  Картинада ол қазақ­тардың Еділ мен Жайық аралығына қоныс аудару үдерісінің қолдаушысы әрі қорғаушысы ретінде көрінген. Міне, «Бөкейдің оралуы» атты жаңа деректі фильмнің тұсаукесерінен кейінгі көкейге келген кейбір ойлар осындай.

Темір ҚҰСАЙЫН.

ОРАЛ.