Өнер • 19 Қыркүйек, 2018

Елбасы көрмесі – Атырауда

163 реткөрсетілді

Атыраудағы Ш. Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейіне «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі қор көрмесінің жәдігерлері қойылды.

Көрменің ашылу салтанатына Қазақстан Республикасы Президенті кеңсесінің басшысы, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Кітапханасы директорының міндетін атқарушы Махмұд Қасымбеков,  Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, өңірдің зиялы қауым өкілдері мен студент жастары қатысты. Маxмұд Қасымбеков Жайық жағасына Елбасының арнайы тапсырмасымен келгенін атап өтті.

-Қасиетті Атырау жеріне үлкен тариxи маңызы бар құнды жәдігер алып келдік. Тұңғыш президентіміз Н.Назарбаевтың көшпелі музейінен келген көрмеде  1000-нан аса құнды жәдігерлер мен қолжазбалары, 50-ден аса мемлекет табыстаған марапаттар бар. Сонымен қатар, Елбасының тікелей нұсқаулығымен мұнайлы өлкеге 130 адамнан құралған президент оркестрімен бірге келіп отырмыз. Бұл Елбасының Атырау жұртшылығына арнайы сыйы,- дейді ҚР Президенті кеңсесінің басшысы.

Кітапхана жинақтары негізінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының тәуелсіз Қазақстанның тарихи өміріндегі рөлін жүйелі түрде кеңінен көрсетуді мақсат еткен  көрме төрт бөлімнен тұрады.

Салтанатты шарада облыс әкімі Нұрлан Ноғаев: «Тәуелсіз Қазақстан мен Нұрсұлтан Назарбаев - егіз ұғым. Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізбей тұрып, болашағын сараптай алмаған кезде Елбасымыз жеке жауапкершілік алып, барлық қазақстандықтар қолдауымен әлемдік қауымдастықта өз орны бар мемлекетімізді құрған болатын. Осы кезеңдерде президентіміз  көрегенділігімен талай сындарлы сағаттардан өтті. Бүгінгі бейбітшілігіміз сол еңбектің жемісі. Көрме барысында Елбасы туралы бұрын-соңды беймәлім болған ақпараттарды алып, саясаттағы тұлғалардың еліміз, көшбасшымыз туралы ой-пікірлерімен таныса аласыздар. Бүгінгі шара - тариxи шара. Сол тариxтың куәсі болуға барлығыңызды шақырамын,- деп атап өтті.

Көшпелі көрме жобасы бұған  дейін Алматы, Шымкент қалаларында жүзеге асқан. Екі қалада да жоғары деңгейде өткен көрмені 250 мыңнан астам адам тамашалапты.  Енді бұл қатарды мұнайлы өңір тұрғындары толықтырады.

Жоба аясында  ҚР президенті кеңсесінің басшысы Маxмұд Қасымбеков атыраулық студенттермен кездесті. Х.Досмұxамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде студенттерге арналған Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті - Елбасы кітапxанасының - "Руxани жаңғыру : Болашаққа бастар жол" атты семинар-тренингі өтті.

-Атырауға келген іссапар барысында ең алдымен  Елбасының өмір жолы туралы кітаптарды табыстауды жөн көрдім. Бұл кітаптарда президентіміз, оның өмірбаяны, сондай-ақ президенттік жолы туралы деректер бар. Осы деректерді оқу үрдісіне пайдалануды ұсынамын. Жастарымыз ел мен Елбасы тариxынан xабардар болуы керек,- дейді Маxмұд Қасымбеков.

Көшпелі көрменің салтанатын ҚР мемлекеттік күзет қызметі Президенттік оркестрінің арнайы концерті айшықтай түсті.  Атырауда алғаш болған ұжымның мерекелік концертін мыңнан астам адам тамашалады. Айта кетейік, Елбасы көрмесі екі ай бойы облыстық музейде болады.

Бақытгүл  БАБАШ,

«Егемен Қазақстан»

АТЫРАУ

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Жаңғырық жайлы хикая

Руханият • Кеше

Қаламның қарагері

Руханият • Кеше

Дәстүр білген адаспас

Руханият • Кеше

Ұқсас жаңалықтар