28 Желтоқсан, 2011

Алдымызда ағалар бар ай маңдай

918 рет
көрсетілді
44 мин
оқу үшін

(ЭССЕ)

Бұл эссені жазу ниетінің оқыстан пайда болуына белгілі әдебиетші, ға­лым, қоғам қайраткері Мыр­­затай Жолдас­бе­ковтің ел газеті «Егемен Қазақ­станның» бетінде соңғы уақыттарда жариялан­ған «Кісілік», «Қазақ жырының Хан­тә­ңірі», «Дін – ұстай білсең қасиетің, ұстай білмесең қасіретің» дейтін тол­ғаныстары себеп болды. Оларды оқыған кезде мен өзінің де тұла бойы толған кісіліктен, халқына деген сүйіспен­ші­лік­тен тұратын, жаны таза, жүрегі адал абзал ағамыздың елді ұйытар есті сөз­дерінен оның өзінің де шуақты, ішкі жан сарайын қалтқысыз аңғарғандай, сыр­ласқандай болып, ұлты­мыздың мерейі қайтсе артады, халқы­мыздың жан дү­ниесі қайткенде тазарып, асқақтай түсе­­ді, өзінің үздіксіз даму жолында екі мыңыншы жылдың биігіне шығып, одан әрі де шарықтап биіктей түсуді ниет еткен, ғылым да, өнер де, техника да, технология да дамудың жемісті жаңа белестеріне бет алған бүгінгі заманда «қазақ қайтсе қалады қазақ болып» деп тол­ғанған ағаның шынайы жан сырына ортақтасқандай болдым. Қазақстанның, қазақ халқының бүгі­­ні мен болашағы. Өзінің елі мен жерін, тілі мен ділін, тарихын сүйетін, баба­лары мен даналарының үлгісін, өнеге­сін, өсиетін, аруақтарын қастерлейтін ұлтжанды әрбір азамат бұл жөнінде ойланбауы мүмкін емес. Осы тұрғыдан алғанда, тәуелсіз­дігіміздің жиырма жыл­дығы қарсаңында қоғамымыздағы қазір­гі орын алып отыр­ған көптеген ахуал­дарды ой елегінен өткізіп, ақыл сара­­бына салған ағамыздың жүрекжарды лебізі, алаңдаушылығы көкі­­­регінде сәулесі бар әрбір жанды еш­қандай енжар қал­дырмасы және анық. Аға сөзіне құлақ салайықшы: «Мәңгілік ел орнатамыз деп өмір кешкен, сол үшін заманының ұлы импе­риясы Түрк қағанатын құрып, дүниенің төрт бұрышына иелік еткен, келешекке осыншама байтақ жерді, таусылмайтын байлықты, тозбайтын дәстүрді қалды­рып кеткен Бұмын, Істемі, Елтеріс (Құтлығ) қағандар да, Тоныкөк те, ай­бынды Күлтегін де – бәрі де біздің кісілікті баба­ларымыз болатын. Байырғы түрік дана­лары иелік еткен жер де, байлық та, қалыптасқан дәстүр де, ой-сана да, ең алдымен, қазаққа мирас болған. Түрк қағанатының қарашаңы­рағы да қазақта қалған. Біз әлі осының да қадірін білмей келе жатқан секілдіміз». Мұндай сөздерді оқығанда қалай­ша селт етпессіз. Сол ерте-ерте ертедегі кездерден, көнеден, ата-бабалардан жеткен көп қа­сиеттен, салт-дәстүрден, қазақы дана­­лық, шешендік, ойшылдық болмысы­­мыздан да, тарихи тұрпатымыздан да, ата тарихы­мыздан да, ұлт рухы – тілімізден де көз жазып қала жаздадық. Соңғы үш ғасырда тарихымыз тәлкекке ұшы­рады. Саясатқа, келекеге айналды, та­бан­­ға тапталды. Ата салты, әдет-ғұрып, руханият күйреді деп күйзеледі қадірлі ағамыз. Мұның да айдай ақиқат, шүбәсіз шындық екеніне күмән жоқ. Мырзе­кеңнің сөздері сізді де еріксіз ұйытып, туған ел, туған жер, сүйікті Отан деген қасиетті ұғымдар төңірегінде ой тербеуге еріксіз жетелейді. Ұлттығымыз­ды ұлық­тау, дәстүрімізді дәріптеу, әулетті ба­ғамдау, ата-ананы ардақтау, үлкенді сый­лау, кішіні құрметтеу – қазақ ара­сында қайта қалыптасып, бұлжымас заңға айналса екен деп ағамен бірге сіз де арман­дайсыз. Мен бұл жерде Мырзекең жазған, жоғарыда аталған мақалаларды тегіс қай­­талап, мазмұндап шығу ниетінен аулақ­пын. Жалғыз кәміл сенерім – ол мақа­лалар өзінің туған елін, жерін, халқын, ұлтын үлкен жүрекпен құлай сүйетін абзал азаматтың көңілінің те­реңінен шы­мырлап шыққан шынайы сырлары, уайым-қайғылары, толғаныс­та­ры, ойлары екендігі. Оларда елдігі­міздің, ұлттығы­мыз­дың, тәуелсізді­гі­міз­дің, жастар тәр­биесінің ең өзекті, өткір мәселелері сөз болатыны. Осы тұста Мырзекеңнің олардан да бұрын жазған, тарихымыздың, әдебиетіміздің, мәде­ние­ті­міздің, болмы­сы­­­мыздың кө­кей­­тесті, өзекті мәселе­леріне арналған, «Егемен Қазақстанда» жарық көрген, көңілімізде ұмытылмастан қалып қойған «Сөзді ұғатын кез келді», «Айтысты аласартып алмайық», «Абайша сүйіп, Абайша күйіп жүрміз бе» деген сияқты мақалалары да еріксіз еске түсті. Осы­ларды ой елегінен өткізе келе, соңғы ширек ғасырдай уақыт мұғдарында Мыр­­­зекеңді танитын, білетін, сыйлай­тын, қадірлейтін інілерінің бірі болып, ма­ңайында жүргендіктен, Мырзекең туралы өз білетіндерімді көңілде қай­тадан қаузап, тірілтіп, соларды неге қағаз­­ға түсірмеске, газет арқылы көп­шілік на­зарына неге ұсынбасқа деген ниетке табан тіредім.

* * *

2000-шы жылдың көктемінде «Аста­надағы Еуразия университетіне Мыр­затай Жолдасбеков ректор болып келіпті» деген хабар тарады. Мырзекеңді білетіндер соған дейін республикадағы көптеген оқу орындарының қатардағы жай ғана бірі сияқты болып келген университеттің бағы енді шынымен-ақ жанатын шығар деп қуанды. Кейінірек солай болды да. Мен өзім КазГУ-ды бітіргендіктен, он екі жыл «Лениншіл жас» газетінде қыз­мет істеп, алғаш­қы­дағы әдеби қыз­мет­керден редактордың орын­ба­сары дә­режесін қо­са алғандағы са­ты­­лар­дың бар­лығының «қы­зық-шыжы­ғын» кө­ріп, екі жыл «Социалистік Қазақ­стан» газетінің әдебиет және өнер бөлімін басқарған­дықтан, КазГУ-ды бізден бұрын бітіріп, аспи­ранту­ра­сында қалып, кан­ди­дат­тық диссер­та­­ция­­сын өте сәтті қор­ғап, сонда ұстаз­дық қыз­мет атқарып жүрген Мырзекеңді сырт­­тай едәуір білетін едім. Бі­рақ ол кезде та­­ныс­ты­ғымыз, ара­лас­ты­ғы­мыз болған жоқ. Мырзекеңнің «Орхон ескерткіштері және оның қазақ әдебиетіне қатысы» атты диссертациясы сол жылдардағы «қазақ әдебиетінің тарихы он сегізінші ғасырдан басталады» деп жоғары оқу орындарында айтылып, оқытылып жүрген үрдіске оқыс­тан қатты соққы беріп, қазақ әдебиетінің тарихын бір мың екі жүз жылдай ілгері жылжытқан керемет айтулы еңбек болды. Сөйтіп, Мырзекең өзінің сүйікті ұстазы Бейсенбай Кенжебаевтың Қазақстан Ғы­лым академиясының 1959 жылғы конфе­ренциясында «қазақ әдебие­тінің тарихын VІІІ ғасырлардан бастау дұрыс болады» деп алғаш рет айтқан батыл пікірін, па­йымын, ұсынысын өзінің ғылым­дағы ерлікке барабар еңбегімен әдеби, ғылыми, зерттеушілік тұрғыдан мейлінше орнықты дәлелдеп шықты. VІІІ ғасырдағы тасқа қашалып жазылған Орхон ескерткіш­тері­нің түркі жұртына, қазақ әдебиетіне ортақ­тығын жан-жақты дәлелдеді. Мұны­мен ғана шектеліп қалмай, Күлтегін, Тұй-ұқық (Тоныкөк) кешені мәтіндерінің бүгінгі қазақ тіліндегі әдеби-мағыналық аударма­­сын жасап, «Ертедегі әдебиет нұсқалары» кітабында жариялады. «Бұл кітаптың шығуына орай қазақ әдебиеті тарихының көкжиегі он екі ғасырдай әріге кеңейді», – деп жазды Мәскеудің аса беделді «Во­просы литературы» журналы өзінің 1968 жылғы № 3 санында. Мырзекеңнің осы зерттеулері енген «Асыл арналар» кітабын оқыған қазақ әдебиетінің аузы дуалы абыз ақса­қалы Әбділда Тәжібаевтың «Мына Мыр­затай бір өзі бір институттың жұмы­сын жасап жүріпті ғой» деп қуанып, «Қазақ әдебиеті» газетіне үлкен мақала жазғанын да білетін едік. Әбекең Мырза­тайдың қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірінің бастапқы кезеңдерінің ескерткіштерін (VІІ ғ.) қазақ әдебиеттануында тұңғыш рет ар­найы, терең зерттегенін аса риза көңіл­мен айта келе: «Көп еңбектенген талантты ғалым Мырзатай Жолдасбеков өз кіта­бында ІХ ғасырдағы «Оғызнаманы» да терең талда­ған. Бір дәуірдің алып шығар­масындағы бүкіл түркі тілдес халықтарға ортақ қасиеттерін құптай отырып, бүгінгі қазақ жерімен жерлестігін, қазақ тілімен тілдестігін де дәлелді сипаттайды», – дейді сүйсі­ніп. Университетте сабақ берген жылда­рында Мырзекең «Қазақ әдебие­тінің ежелгі дәуірі», «Жамбыл және халық поэзиясы», «Көне түркі әдеби ескерткіш­тері» деп аталатын дәрістік курстарды негіздеп, олардың оқу бағдарламаларын жасады, ежелгі Орхон-Енисей ескерткіш­терінің қазақ тілінде тұңғыш рет өзі жүзеге асыр­ған толық аудармасын, жыр нұсқаларын қазақ әдебиетіне арналған оқу­лық-хресто­матияға енгізді. Оның осын­­дай еңбекте­рінің арқасында қазақ әдебие­тінің тарихы көп жылдардан бері рес­публикадағы бар­лық жоғары оқу орын­дарында көне түркі жазба ескерткіштерінен бастап оқытылып келе жатқанын бүгінгі таңда ризалықпен айтуға болады. Осы орайда көңілімізге келіп қалған мынадай ойды да жасырғымыз келмейді. Халқымыздың мерейін өсіруге, уақыт тереңінде бұлдырап қалып қойған ақиқат, шын тарихымызды танып-білуге, туған әдебиетіміздің тамырын екі-үш ға­сыр­ға емес, атандай бір мың екі жүз жылға терең­детуге сіңірген Мырзекеңнің ерлікке барабар еңбегін жұрттың бәрі біле бермейтіні. Олар жөнінде ағаның өзі «мен өйттім, мен бүйттім» деп жар салып айта бермейді, ол кісінің өзінен дәріс, үлгі, өнеге алған өзіне ұқсаған кішіпейіл шәкірттері де бұл туралы жарнамалап, жариялап жатпайды. Мырзекеңнің өзіне алда-жалда осы туралы айта қалсаң «Қазақ әдебиетінің тарихы тым-тым тереңнен, мың жыл бұрынғы Түрік қағанаты дәуірінен, Орхон-Енисей жазба ескерткіштері кезінен бастау алады дегенді алғаш айтып, мені де осы арнаға бағыт­таған марқұм, ұлы ұстазымыз Бейсенбай Кенжебаев еді ғой», деп өзінен бұрын ардақты ұстазын алға тартады. Адамдар әр түрлі ғой. Қазақта кей­біреу­лер туралы «жүрген жеріне шөп шық­пай­ды» дейтін, ренішпен айтылатын сөздер бар. Мырзекең керісінше, жүрген жерін гүлдентіп, құлпыртып, түрлендіріп жүре­тін адамдардың сойынан. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дағы декандық қызметі­нен кейін, сол кезде құрылғанына әлі бес жыл да толмаған, қазақша айтсақ «буыны қатпа­ған» Талдықорған педагогикалық инс­титутына ректор болып барып, сонда қызмет атқарған он жыл ішіндегі жүзеге асырған істері де осының дәлеліндей. Сонда ол не тындырды? Сол кездерде Мырзе­кеңді білген адамдардың пікіріне сүйеніп, қысқа ғана тұжырымдап айтып көрейік. Институтқа ректор болып келген бойда ол оқу орнының материалдық-оқу базасын жақсартуды, кеңейтуді, ғылыми-педагоги­калық кадрларын күшейтуді, оқыту сапасын арттыруды ең алдымен қолға алады. Бүгінге дейін жұмыс істеп тұрған бас корпустың ғимаратын, жатақ­хана үйлерін салдырады. Институтқа халқымыз­дың аяулы ақыны, жыр дүлдүлі Ілияс Жансүгіровтің есімі берілуіне мұ­рын­­дық болады, алты жүзден аса экспо­наты бар ақын мұражайын ұйымдас­тырады, институт жанынан фольклорлық «Жетісу» ансамблін құрады, оның атағы дүрілдей шығып, Испания, Германия сияқ­ты тағы басқа Еуропа, Азия елдеріне концерттік бағдарламамен шығып, қазақтың ұлттық өнерін шет елдерге паш етеді. Ансамбльге «халықтық» деген жоғары атақ беріледі. Институт қол жеткізген табыс­тары бойын­ша бұрынғы Кеңес Одағын­дағы айтулы, елеулі оқу орындарының қатарына қосы­лады. Осының бәрі өзінен- өзі бола қалмағаны, жігерлі еңбектің нәтижесі екені түсінікті ғой. 1982 жылы рес­публика­мыз­дың бірінші басшысы Дінмұхамед Қонаев­тың институтқа назар аударып, жетістіктеріне сүй­сініп, атбасын оған әдейілеп бұруы да оқу орны ұжы­мының мерейін зор биікке көтерген естен кетпестей оқиға болған еді. Мырзекеңнің Талдықорғандағы өзі барғанға дейінгі бұйығы ғана ғұмыр кешіп келген қоңыртөбел жас инсти­тутты сол жылдарда Қазақстандағы ғана емес, Одақ­тағы ауыспалы қызыл туды да жеңіп алған айтулы оқу орын­дарының біріне айнал­дырған еңбегі елеусіз қалмай, оның Оқу министрі болып тағайындалуына жол ашты. Сол кезден бастап ол халқын сүйген қайраткер ретінде қиядан қияға өрлей берді. Жұрттық, ұлттық мүддені бәрінен жоғары қоятын, шын мәніндегі елім деп еңіреген азамат­тың иығына зіл батпан ауыр салмақ түсті. Бұл жылдар бұрынғы мәңгілікке мызғы­мастай көрініп келген Кеңес Одағының ыды­рауға бет алған, 1986 жылғы КПСС Орталық комитетінің Қазақ­­стан сияқ­ты үлкен республикаға елдің де, жердің де жайын білмейтін көлденең көк аттыны басшы етіп жібергеніне қазақ жастары нара­зылық, қарсылық көрсетіп, алаңға шық­қан, қан төгілген әйгілі Жел­тоқсан көте­рілісінен кейінгі әлеуметтік, саяси жағ­дайдың мейлінше ушығып тұр­ған кезеңі еді. Өзге жұрт өкілдеріне қабақ шытып көрмеген кеңпейілдігімен, адамгершілігімен, бауырмалдығымен та­ныл­­ған қазақ халқына «ұлтшыл» деген жалған айып тағылды. Талай адамдар орынсыз қуда­лауға ұшырады. Қазақстан­ды Колбин басқарған, Мәскеудегі Одақ басшылары Қазақстанға қырын қарап, қаһарларын төгіп тұрған осындай қиын кезеңде республика Министрлер Кеңесінің тізгінін ұстаған Нұрсұлтан Назарбаевқа, Орталық партия комитетінде идеология саласын­да хатшы болған Өзбекәлі Жәнібековке, сол Орталық комитеттің идеология бөлі­мін басқарған Мырзатай Жолдасбековке, олармен қатар республика мен облыстар дең­гейінде, әр салада өз елінің сенімін арқа­лап, басшылық, жауапты қызметте жүрген абзал азаматтарымызға лапылда­ған оттың ішінде жүргендегідей жағдайда өз жұрты­ның, өз ұлтының мүддесі үшін күресу жеңіл болмағаны түсінікті. Олар­дың сол кезеңдегі жанқиярлық еңбектері арнайы зерттеп, әңгімелеуді қажет ететін, кейінгі ұрпақтарға үлгі шашар тақырып. Жиырмасыншы ғасырдың басында дүниені дүрліктіре келіп, ірге көтерген, жер шарының елеулі бөлігінде, Еуропа мен Азия кеңістігінде қанатын кеңге жайып, әлемдегі ең қуатты, ең ықпалды елдердің біріне айналған Кеңес Одағы ғасырдың аяғына, мыңжылдықтар тоғы­сына жете алмай күйреп тынды. Хал­қымыздың ежелден бергі ең асыл арманы – тәуелсіздікке қолы жеткен жұлдызды сәті мен сол тәуелсіздікті сақтап қала аламыз ба, жоқ па деген сын сағаты қатар келген қиын кезеңде Мырзе­кең Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың жанынан табылып, Президент Кеңесінің мүшесі, республика әлеу­меттік даму мәселелері бойынша Мемлекеттік кеңес­ші, ҚР Премьер-министрінің орынбасары, ҚР Президентінің кеңесшісі қызметтерін атқарып, Елбасы көтерген ауыр жүкті бірге көтерісуге жанын салды. «Осы тұста халқымыз жоғалтып алған наурыз мерекесі, айтыс, терме өнерлері қайта тірілді, – деп жазады Мырзекең. – Халықтың құндағында туған төл өнері сол халықтың жүрегінде, жанында сақталады екен. Өлмейді екен. Жұрттың есінде болар, айтыс өнері алғаш әлжуаз балапандай қанат қағып басталса, небәрі екі-үш жыл ішінде қанаты қатайған қырандай шарық­тап, самғап өсті емес пе? Тағы бір үлкен мәселе тіл болды. Бұл майданда талай найзалар сынды... Бөгенбай, Қа­бан­бай, Сырым, Сыпа­тай­­лар кімнен кем еді?! Халықты осы сынды алыптарынан айыру, мәңгүрт ету емес пе?! Егер де хал­қымыз өз күшімен, өз ық­тиярымен баба­ла­рына ас беріп жатса, оның несі артық. Өйт­кені, ол астар 200-300 жылдардан бері жи­нақ­талып қалған рәсім­дер еді ғой. Осынау ұлттық са­наның оянуының нә­тижесінде, бүкіл рес­­публика болып Дү­­ниежүзі қазақ­та­ры­ның І құрыл­та­йын өт­кіздік. Бұл ұлт өмі­ріндегі тарихи оқиға – белес болды. Осы үш-төрт жыл көлемінде мәдени өміріміздегі тағы бір жалпы ұлттық шара деп ұлттық мектеп, балабақшалар са­нының күрт өсе бастауын айтар едік. Кейбір мектептердің ашы­луына, мысалы, Алма­тыда ашылған № 2 интернатты жал­пы республикалық әдеби талантты балалар мектебіне айналдыруға араласуы­мызға тура келді», – деп еске алады Мырзекең. 1993-1996 жыл­да­ры Мырзекең тәуел­сіз Қазақстанның Иран Ислам республика­сындағы алғашқы елшісі болды. 1997 жыл­дың басынан елімізде тұңғыш ашыл­ған Ди­пломатиялық акаде­мия­ны өзі құ­рып, басқарды. Астанаға қызметке шақы­рылғанға дейін ол осындай өмір жол­дарынан өткен еді.

* * *

Бір жолы орайы келіп, сәті түскенде Мырзекеңнен Алматыдағы көңіліне ұнай­тын дипакадемиядағы ректорлық қызметін тастап, Астанаға қалай келгенін сұраған едім. – Ойламаған жерден болды ғой, – деді Мырзекең. Содан соң өткендегі біраз жайларды еске түсіріп, әңгімелеп айтқан еді. – Екі мыңыншы жылы Әбіш Кекілбаев, ол кезде Мемлекеттік хатшы, маған звондады: «Мырзеке, сағындым, көп бол­ды көрінбей кеттің. Сәбит Мұқановтың жүз жылдығына орай Музакадемияда жиын болады. Конференция болады. Сен соған келсейші. Сосын, бірге бір шай ішейік», – деді. Келдім. Таңертең тұрып, жуы­нып-шайынып, Президенттің іс басқару­шы­­­сы Темірхан Досмұхамедовке бардым. Көңілі жақын азамат қой. Кабинетінде отырып әңгімелестік. Жаңағы жиын сағат 15-00-де басталады. Мен соған кеттім. Ал Темірхан болса сағат бірде Президентпен бірге түскі ас ішеді. Президентке: «Мыр­зе­кең маған соғып кетті, сізге сәлем айтып жатыр» деп айтады. «Қайда?» дейді Президент. «Осы жерде». «Шақыр» дейді Президент. Мен Музакадемияның ішіне кіріп бара жат­қанмын, Темірхан ұялы телефо­ныма звон­дады: «Мырзеке, қайдасыз, осындасыз ба? Тез жетіңіз, үлкен кісі іздеп жатыр» деп. Президентке кірдік. Әңгі­меле­­­сіп біраз отырдық. 20 минуттық екі деректі фильм көрсетті. «Мына, мен туралы түсірілген кейінгі фильмдер» деді. Жақсы түсіріліпті. Маған ұнады. Сосын айтты: «1997 жылы шақырдым, келме­діңіз, осындағы универ­ситеттің жұмысы жүрмей жатыр. Сіз келмесеңіз болмайды» деді. Сосын, енді мен ойлағаным жоқ қой, аяқ астынан мұндай ұсыныс болады деп. Бірақ бірден есімді жиып алдым да: «Президент айт­қанда қайта-қайта бас тартуға болмас, батыр­ға да жан керек қой» дедім. Күліп жіберді. Өзі де күтсе керек осындай бір жауапты. «Бірақ университетке жағдай жасау керек шығар. Қолыңызда ғой. Егер қолдасаңыз» дедім. «Қолдаймыз, қолдан келгеннің бәрін жасағымыз келіп отыр» деді. Сөйтті де, қолма-қол Білім және ғы­лым министрі Қырымбек Көшербаевқа телефон соқты: «Мырзекең барады, бұйрық шығар, апарып орнына отырғыз», деп. Мамырдың 20-сы күні. Табан астында Сәбит Мұқановтың 100 жылдығына келген адам едім, университеттен бір-ақ шықтым. Опай-топай болды университет. Ешкім ойлаған жоқ қой. Ес шығып кетті. Бір ай зерттедім. Алқам-салқам, адам­­дардың да әлпеті, реңі келмеген, бір түрлі, студенттер де бір түрлі, киім киістері де, жүрістері де бір түрлі. Көктем еді... абыр-сабыр... Жаңа корпустың құрылысын бітіріп кірдік... Құдай салмасын, университет айналасы белден батпақ, аудиторияларды аралап қарадым, парталардың беттерінің бәрі шимай, қаламмен жаза берген, бір бос жер жоқ. Дәретхананың бәрі былығып жатыр. Түгел аралап шықтым. Жұмыс тәртіптен басталады ғой. Реттеймін деп бір ай жүрген шығармын. Ит сілікпем шықты. Балалармен жеке-жеке сөйлестім. Ұлдарға қатты айттым. «Не деген сұмдық! Әжетханаға бармай көрші, шыдап көрші, өлдің ғой, бармасаң. Сенің әжетіңді ашып отырған жер ғой. Сенен кейін басқа адам барады. Бұл патшаның жаяу баратын жері ғой, басқа жердің бәріне көлікпен бара­ды... Неге қорлайсың әжетхананы». Мұға­лімдермен де, қыздармен де сөйлестім бөлек-бөлек. «Шырақтарым, әжетхананы да ардақтай білу керек. Баяғы қазақ емессің, шекпенді түріп тастап, даланың кез келген жеріне отырып-тұрып жүре беретін. Мынау не, әкелеріңнің не ақысы бар, не өштерің бар мұнда? Президент мынадай жаңа ғима­ратты не үшін салып беріп отыр? Сендерді осылай былықтыр­сын деді ме? Астананы да салып жатыр ғой. Біз қалай үлгі боламыз өзгелерге. Кез келген мемлекеттің астана­сындағы университет сол мемлекеттің айнасы. Ертең қонақ келеді, қайтіп қарсы аламыз. Қай бетімізбен қарсы аламыз», – дедім. Шаруа­шы­лық жағынан проректор Мұхтар Оразалинді ертіп алдым жаныма, ол әлі жұмыс істейді. «Парталардың не жазығы бар. Қолдарың қышып бара жатса, мені шақы­рыңдар, мен арқамды тосып тұрам, менің арқама жазыңдар. Партаға жазбаңдар, ол мемлекеттің мүлкі, ол саған қызмет етіп отыр, содан басқа айыбы жоқ» дедім. Содан студенттер каникулға кетті ғой, сонда парталардың ауыстыратынын ауыстыр­дым, тазалайтынын тазалаттым, сосын «бар­лық аудиторияға бейнебақылау қоя­мын, жазғаныңды бірден оқудан шыға­рамын, сөйлеспеймін» деп жарияладым. Өткенде, 1 қыркүйекте университетке лек­ция оқуға бардым, сонда Мұхтар ай­тады: «Баяғы сіздің әңгімеңізден кейін бір бала партаға жазбайтын болды», деп. Екіншіден, университеттің айналасы батпақ болып жатты дедім ғой, сондықтан аяқ киімге бахил дегенді алдырдым. Үй­ден бір аяқ киімді пакетке салып алып келіңдер дедім. Шамамен 15 күннен кейін соған көштім. Сырттан келген лас аяқ киіміңді пакетіңе саласың да, екінші аяқ киіміңді киесің, мынаның ішінде туфлимен жүрің­дер, туфлиің жоғың маған айтыңдар, мен әперем дедім. Бір адам туфли сұраған жоқ, бәрі екінші аяқ киімін әкелді, гардеробқа өткізеді, ғимараттың ішінде таза туфлимен жүреді. Сөйтіп, тазалыққа үйреттім. Ал енді мұғалімдердің сапасын байқап қарасам, көңіл толмайды. Енді қалай қылам? Нұрекеңе барып ақылдасып, келістім. Бұл университет баяғы пединститут дәрежесінде қалған екен. Сіз маңдайалды еуразиялық университет жасаймын деп отырсыз. Сондықтан көмектесіңіз, маған көп пәтер керек, мен Қазақстандағы маң­дайалды мұғалімдерді шақыруым керек. Пәтер бермесем, келмейді,» – дедім. «Бол­ды, келістік!», – деді. Содан соң ая­ғым­нан тозып Қарағандыдағы, Алматы­дағы, Шымкенттегі барлық белгілі университеттерді аралап шықтым. Кадрларымен та­нысып, мынаны аламын, мынаны ала­мын деп таңдадым. Қарағанды университетінде Ақылбаев Жамбыл деген азамат ректор еді, қайтыс болып кетті, иманды болсын, жарықтық. «Ей, Жамбыл, сен де іргелі университет болып қалдың, еншімді бер, астана Алматыдан көшкенде, Алма­ты­дан парламент кетті, президент кетті, үкімет кетті, барлық министрлік кетті, Алматы сонда да күнін көріп жатыр ғой. Сен де күніңді көресің, жәрдем бер», – дедім. Бақандай 20 профессорын алдым. Жам­был шыдады соған. Кейінірек, ең соңында жаңағы, өнер­ді айтып жатырсың ғой, соны дамытамын деп, көп адаммен, ішінде атақ­ты археолог Кемел Ақышев ағам бар, Ақселеуім бар, Рымғалиым бар, Қойшы­ғара бар, басқа мамандар бар, «ал­тын шыққан жерді белден қаз» дегендей, кездесу өткізуге келдік деп, Қарағанды университетіне қайта барып, айтыс өне­рінде жарқырап көзге түсіп жүрген Аманжол Әлтаевқа құда түсіп, өйтіп-бүйтіп, Аман­жолды тағы алып қайттым. Аманжол да сол Қарағанды университетінде жұмыс істейтін. Сөйтіп, ұмытпасам, сырттан, әр сала­дағы ғылымның көш басында жүрген­дерден 77 профессор шақырдым. Келешегінен үміт күттіретін, докторлығын жазып бітірген, отыздан аса ғылым кандидатта­рын шақырдым. Шетте кім бар деп, Санкт-Петербордан 33 жасында профессор, техника ғылымдарының докторы болған қа­зақ жігіті Тұрлыбек Мұсабаевты шақырт­тым, мамандығы – инженер-құрылысшы. Мұх­тар­бай Өтелбаев, атағы әлемге әйгілі белгілі математик, профессор. Асқар Арын­ғазин, ол да жас, физика ғылымда­рының терең білгірі, докторы. Қалдыбек Дөңбаев, физика-математика ғылымының докторы, бірқатар озық шетелдерге барып, баяндама жасап жүрген белгілі ғалым. Асқар Жүнісбеков пен Ербол Темірбеков, алғыр жігіттер, техника ғылымдарының доктор­лары, бірнеше шет ел тілдерін мең­герген. Мәскеуге өз бетінше барып, оқуға түсіп, университетті де, аспиранту­расын да үздік бітірген, ғылым кандидаты, 26 жасар Байділда Тұрышбаев деген жігітті шақыртқан едім. МГУ-дің ректоры, академик В.А.Садовничий маған хат жазып жіберіпті: «Жүрегімізден үзіп бергендей беріп отырмыз, бұл жігіт әлі-ақ бәрімізді басып озады. Математиканың ең жаңа саласынан кандидаттық қорғаған еді. Болашағы өте зор», – деп. Осындай-осын­дай мамандар келді. Нұрекең Жақсыбе­ковке тапсырма берді. Бір жарым жылдың ішінде университет ұстаздарына 200 пәтер бөлін­ді. Әрине, мұның барлығы Прези­дент­­­тің қолдауының арқасында болып отыр ғой. Дегенмен, «жыламаған балаға емшек бермейді» деген де бар. Содан, осында менің өсек айтатын бауырларым бар емес пе? Олардың ішінде қайсыбір үлкен қызметтегілердің әкелері бар... қолдары бос...пенсияға шыққан. Содан бір күні Президент Әкімшілігінің бастығы шақырады. «Аға, жұрт шулап, күңкілдеп сөз қылып жүр, «Жолдасбеков келіп, ойына келгенді істеп жатыр, жер-жерден, Қазақстанның тұс-тұсынан өз туыс­тарын  жинап жатыр» деседі. Сіз не істеп жүрсіз?» дейді маған. «Мен, мына бала оқытатын мұғалім жинап жүрген жоқпын ба? Адам жинап жүрмін мен», – дедім. «Әрқайсысы әр жерден бе?», – деп сұрады. Мен: «Иә», – деп жауап бердім. 2001-2002 жылдары астаналық газеттің бірінде өзім шақырған барлық профес­сорларды, мұға­лім­дерді – кім, қайдан келді, мамандығы қандай, т.с.с. деректерімен қоса түгел жарияладым. Бұл тарихта болмаған нәрсе. Сондай дауға да қал­ғанмын. Газетте жарияланғаннан соң бәрі тыншыды. Мұғалімдердің келген жерлері Қара­ғанды, Петропавл, Семей, Шымкент, Алма­ты, Ресейден еді. Көбі Алматы мен Қара­ғандыдан болатын. Мықты мұғалім­дер жиналды. Енді осы мұғалімдерден тәлім алатын студент керек қой. Ұстаздар­ды осылай сайлап алған соң, екінші кезекте, студенттің сапасын арттыруға көңіл бөлдім. Оқытатын мұғалім бар, енді оқитын жастар іздедім. Білім министр­лігінің қабылдау комиссиясы 40 балл жинаса, ақылы бөлімге студенттерді ала беретін. Ал мен болсам Еуразия университеті үшін талапты бірден 60 балға бір-ақ көтердім. «Сырттай оқу бөлімін жаба­мын» дедім. Жасыратын не бар, сырттай бөлімде оқу сапасы төмен ғой. Бағаны жалынып-жалпайып жүріп қойды­рады, сөйтіп, диплом алады. Бүйтіп біз мектепті құртамыз. Сөйтіп, сырттай бөлім­ді жаптым. Ал, жақсы балаларды қайдан жиямыз? Өзім қызметке алған профес­сорлардың бәрін еліне жібердім. Облыс­тық, қалалық білім департаменттеріне, мектептерге барыңдар, алтын медальмен бітіретін оқушылардың тізімін алыңдар, соларды бізге оқуға шақырыңдар деп. Өзім бірнеше мектепке бардым. «Аста­наны, мына Еуразия университетін сендер үшін салып берді Назарбаев. Сендер үшін студенттер үйін са­лып жатырмыз. Алтын белгі иелері, түгел бізге келіңдер» деп шақырдық. Табаны­мыздан тозып жүріп, іссапарға ақшаны шашып жүріп, сол жылғы алтын белгімен бітірген­дердің тең жартысын біз алдық. Содан бері дәстүр қалыптасты, жылда алтын белгі иелерінің ең көбін Еуразия уни­версите­ті алады. Университет ұстазда­ры маған: «Аға, сіз салған жол» деседі әлі күнге дейін. «Алтынның аты – алтын, мыстың аты – мыс. Алтын балаларға лайықты жағдай жасайық» деп Президенттен ақша сұрап алып, «Студенттер үйін» салдым. Қазақ­станда маған дейін оқу орындарының бәрін­де тек жатақханалар болатын. – Бәріміз де студенттер жатақха­­насында жатып оқыдық қой, – деп сөз қосып жібердім осы жерде. – Алты бала, сегіз бала бір бөлмеде жататынбыз. Тамақ істейтін, киім үтіктейтін жері жоқ. Жаңағы өзіңіз айтқан әжетхана да әр қабатта бір-бірден, жалпыға ортақ, сұрықсыз. – Осы өзің айтқандай, жатақханалар «студенттерді қорлау» деп, студенттер үйінің жобасын тапсырыс беріп, өзім жасаттым. Әр студентке жеке секция: ұйық­­тайтын, лекцияға дайындалатын бөл­месі, жуынатын бөлмесі, кіреберісінде кішкене ғана ас бөлмесі, жеке әжетханасы бар етіп жасаттым. Бірінші қабатын ата-аналары келгенде жатсын, балаларының қасында болсын, мауқын бассын деп, арзан мейманхана етіп қойдым. Кілем төсет­кізіп тас­тадым. Қазір Қазақстанда оқу орын­дарының бәрі бұрынғы жатақхана­ларын «студент үйі» деп атап кетті. Маған дейін ешкім олай атаған жоқ болатын. Оның ашылған күні де есімде. Құдайдың құді­реті, жаңбыр құйып тұр, аспаннан нұр жауып тұр. Президент, Премьер-Министр Иманғали Тасмағамбетов екеуі келіп, «Студенттер үйін» аштық. Сонда ең жоғар­ғы қабатқа шыққан кезде, аулаға қарап тұрып Президент маған: «Баланы осылай қадірлеу керек. Алтын баланы алақанға салу керек. Мен әлемнің бәрін аралап көргенмін ғой. Барлық жерде көбіне университеттерге барамын. Студенттерге арнап мынандай үйді салғанын көргенім жоқ», – деді. – Сіздің арқаңыз, Нұреке. Сіз осыны жасап отырсыз, – дедім. Иманғали да риза болып, таңғалып қарап тұр. Мұның өзі басқа университеттерге үлгі боларлықтай оқиға болды. Университетке мұғалімдер болашақта да келеді ғой деп, тұрғын үй салуды ойластырдым. Университет аумағында ла­йықты бір жер бар еді, оны бөгде бір адам меншіктеп алып қойыпты. Қала әкімі Жақсыбековке барып, табандап қоймай оты­рып, сол жерді қайтартқызып алдым, тұрғын үй салдырдым, бірақ оны өзім бітіріп, бөлген жоқпын. Мен кеткен соң ор­ныма келген Әбдіманапов бөлді. Оның жанында тағы бір үй салынып жатыр. Сөйтіп, мұғалімдер университеттің өз аумағында, жанында тұрады. Нұрекең бірде «МГУ-дің филиалын ашсақ қайтеді» деген жақсы идея айтқан. Сол сөзді аяқсыз қалдырмай, Мәскеуге бардым. МГУ-дің ректоры Виктор Садовничиймен кездесіп, келісіп, келісім-шарт­қа қол қойып, МГУ-дің филиалын аштық. Ол үшін жаңа корпустың бір бөлігін жаз бойы дайындатып, жөндетіп бердім. Кейінірек жеті қабатты жаңа ғимаратымыз біткенде соған көшірдік. Өйткені, қолдан­балы математика, информатика, халық­аралық эконо­мика, халықаралық құқық сияқты әртүрлі мамандықтар бойынша лекция оқуға МГУ-дің атақты, беделді, тәжірибелі мұғалім­дері келеді, мен олар­дың білімін пайдаланайын дедім. Жас университетке бұл керек еді. Филиалдың ди­ректоры Сидорович, эко­номика ғылым­да­рының док­то­­ры, кейінірек бір барға­нымда айтады: «бұл филиалдың әкесі – Жолдасбеков» деп. Мен оған «жоқ, оның әкесі – Назарбаев, сол кісінің ұсынысымен болған шаруа» дедім. Биыл филиалдың 10 жыл­дығы. Қазір біздің жастар, Қазақ­стан­ның жас­тары Мәскеуге бармай-ақ, өз үйін­де оқып, МГУ-дің ди­пломын ала береді. Осындай шаруалардың бәрін елімізде, әр облыста жаппай аты бар да заты жоқ, материалдық базасы, білімі-ғылымы жоқ, саны бар, сапасы жоқ, 3-4 бөлмеде академия дейтіндер ашылып жатқан кезде жаса­­­дым. Менің осы масқара үрдіске қарсы сол кездерде жазған мақалаларым өте көп. Мен келгенде университетте 8 мыңнан аса студент оқитын. Қазір он бір мыңнан асты ғой. Бытыраңқы факультеттері көп, декандықтың өзі 13 екен. Әуелі универ­ситеттің басқару жүйесін жетілдіру, сонан соң білім мазмұны мен ғылыми ізденісті тереңдете түсу үшін декандықтарды ірілендіріп, 6 институт жасадық. Университет жанынан «Еуразия гуманитарлық ғылыми-зерттеу орталығын» аштық, оның аясында үш зертхана әр бағыт бойынша жұмыс істеуге кірісті. Бұл орталыққа ғылымның әртүрлі салаларындағы бұрын­ғы таптаурын болған қағидалар шеңбе­рінен шығып, жаңа бағыттағы ізденістерімен көзге түсіп жүрген мамандар топтас­тырылды. 50 кафе­драны ірілендіріп, са­нын 37-ге түсірдік. Оқу мазмұнын елеп-екшеп, өмір талабын ескеріп, сұранысы жоқ мамандықтарды қысқартып, елге қа­жет, ертеңімізге, мем­лекетіміздің дамуына қажет деген, жаңа алдында айтып кеткенімдей, информатика, қолданбалы математика, механика, радиофизика, электроника сияқ­ты тағы басқа жаңа мамандықтарды аштық. – Мырзеке, бұрынырақта, бір әңгіме­лескенімде Ақселеу ініңіз сіздің оны қызметке қалай шақырғаныңызды айтқан еді. Сіз оған университетіміз «ұлттық» атанғанымен, ұлттық сипатқа ие бола алмай жатыр депсіз. Студенттердің оқуына да, тәрбиесіне де ұлттық мазмұн дары­тайық, тек қана әр саланың мамандарын ғана емес, елін сүйген, ұлтын сүйген мамандар тәрбиелейік депсіз. – Иә, менің университетке алғаш бұй­рықпен жұмысқа алған адамым – Ақселеу болатын. Ол маған университетке құтты болсын айта келіпті. «Қайдасың» десем, «осындағы мәдениет орталығындамын» дейді. Содан, жаңағы өзің айтқандай, жұмысқа шақырдым. Азамат қой, сөзімді жықпады, келді. Ақселеудің астанаға келген соң мемлекеттік қызметкер ретінде алған пәтері бар екен. Соны қайтарып аламыз деп, соңынан қалмай, әурелеп жатқан соң, сол кездегі Мәдениет ор­талығының директоры болған Ибрагимовке университеттің 4 бөлмелі пәтерін бергізіп, Ақселеудің пә­терін өзіне қалдырттым. Өйткені, Ақселеу сол отыр­ған пәтерінен кеткісі келмеді. Қой­шығараны да қыз­метке шақырып алған­мын. Сол кезде мүмкіндіктерімнің аза­йып қалған кезі еді. Қарағандыдан шақырып әкелген Аман­жолға пәтер берем дегем, оған бере алмай қалдым. Сөйтсем, бір күні Аманжол келіп: «Аға, мені Қарағандыға шақырып, облыс­тық газетке редактор бол деп жатыр. Рұқсат беріңіз, мен барайын», – деді. Мен: «Тыныш отыр, сен мені масқара қыласың ғой. Ел: «көп адаммен әдейі Қарағандыға келіп, Аман­жолды өзі қолқалап шақыртып алып, енді пәтер бермей, қаңғыртып жіберіпті демей ме?», – дедім. Сосын бизнесмен інілерім бар еді. «Аға, бір керегіміз болған кезде айтарсыз» деген. Сол екі бизнесмен інілерімді шақырып алып, екеуінен қы­рық-қырық мың доллардан алып, шаруа­шылық жөніндегі проректорыма беріп, Қой­­шығара мен Аманжолға пәтер әпергіздім. – Мырзеке, өмірде өзіңізден көп тәлім-тәрбие алған шәкірттеріңіздің бірі, талант­ты ақын Несіпбек Айтұлы сіздің аз ғана уақыт ішінде Еуразия университетін мүл­де жаңа сатыға көтергеніңізді, ұстаздары мен білім беру дәрежесі, студенттерге жағдай жасалуы жөнінен Қазақстандағы маңдай­алды оқу орнына айналдырғаны­ңызды айтып, Мырзекеңнің келуін күтіп тұр­ғандай, Астананың рухани-мәдени әлемі сол кездерде түрленіп, түлеп сала берді. Университетте астана жұртшылы­ғының басын қосатын, пікір алысатын орны «Зиялылар клубы» құрылды. Маңа­йына өнер-мәдениет, әдебиет қайраткер­лерін де топтастырды. Университет Аста­наның бас­ты руханият орталығына айнал­ды. Онда әртүрлі халықаралық конференциялар өтіп жатты. Елімізге шет елден келген мәртебелі қонақтардың университетке атбасын бұрмай кеткені жоқ. Көптеген елдің президенттері, Рим папасы келді дегенді мақтанышпен айтқан еді бір жолы, – дедім Мырзекеңнің осы тақы­рып­та да азырақ әңгіме айтып беруін қалап. – Мен келгенде университетте бір ғана шағын ансамбль болды, – деді Мырзекең. – Мен студенттердің тек сапалы білім алып қана қоймай, ұлттық өнеріміздің қайнар-бұлағынан сусындауын, тарихы­мыз­ды, салт-дәстүрімізді, рухани байлық­тарымызды қадірлейтін, сүйетін мамандар болып шығуын қаладым. Бірде маған Иманғали: «Дәулескер күйші Секен Тұ­рыс­­бековтың оркестрін осында алдырса жақсы болар еді», – дегенді айтқан. Ал Нұрекеңнің өзі: «Еуразиялық мәні бар қазақтың ұлттық университетін жасау керек. Астанада, білесің ғой, қазақ аз, басқа халық көп. Сондықтан бұл университет қазақтың мәдениетін, рухын, дәстүрін дамытатын университет болуы керек», – дегенді қоса айтқан. Сөйтіп, Секеннің оркестрін түгел осында алдырдым, студенттерін орналастырып, бәріне жағдай жасадым. Біраз әншілерді қоса шақыр­дым. Сонан кейін, менің үнемі көңілімнің бір бұрышында жүретін мәселе – айтыс қой, сол себепті айтыскерлерді жинадым. Университетте «Қазақтың дәстүрлі өнері» деген жаңа факультет, мамандар дайын­дайтын айтыстың мектебін аштым. Бір айтыста қазылар алқасында отырып, Айбек Қалиев деген жігітті көрдім, жылқыны сипаттаған айтыс еді, айтқандары маған қатты ұнады. Сол жерде өзіне жолықтым, сөйтсем ауыл шаруашылығы институ­тын­да жұмыс істейді екен. Бірден айттым, ол институтта сен бітіретін ешнәрсе жоқ, маған кел, Еуразия университетіне жұ­мыс­­қа аламын, екі бөлмелі пәтер беремін дедім. Сөйтіп, әлгі сөздерді халықтың ал­дын­да да айтып, ертеңіне жұмысқа алып, пәтер бердім де жібердім. Университеттің жа­нынан Қытайдан келген жұлдыз қы­зымыз Шұғыланың би мектебін аштым. Оған Қазақстанның түкпір-түкпірінен та­лантты балалар жиналды. Ақтөбеден дарынды Әсел деген биші қызды шешесі алып келіпті. Шешесі ауру-сырқаулы, қызы – бетіне қараған жалғызы екен. Соларға бір бөлме үй, шешесіне жұмыс бердім. Қазір ол қыз атақты биші. Бір жолы Ресейге конкурсқа барғысы келетінін, бірақ ақ­шасы жоқ екенін айтты. Талабы қайт­пасын деп өз қалтамнан ақша бердім. Сенімді ақтап, Гран-при алып қайтты сол жолы. Ертеде кітап қорының байлығы жөнінен әлемде екінші орын алатын кітапхананың өзіміздің Отырарда болға­нын ескеріп, университет жанынан кітап қоры мейлінше мол «Отырар кітапха­насын» ұйымдастырдық. Оған Иманғали кө­мек жасады. Белгілі жазушы, ұлтжанды ғалым Тұрсын Жұрт­байды директор етіп отыр­ғыз­дық. Атақты шах­матшы Дәрмен Сә­­дуақасов та біздің уни­верситеттің тү­ле­гі, аспиранты бо­ла­тын. Бұл салада да талантты жастар тәрбие­лейік деп уни­верситет жаны­нан Дәрмен­нің шах­­мат мектебін аш­тым. Онда шах­матты сүйетін әуес­қой студенттермен бірге талай бүлдір­шін дәріс алып, оқып жүр, оларға атақты шах­матшы­лар сабақ береді. Құдай қаласа, бола­шақ әлем чемпион­дары осы мектептен шығады деп үміттенемін. Бірде Зерендіге бардым. Зерендіде құрылысы Кеңес өкі­меті тұсында бас­талып, кейін ая­ғына жетпей тұрып қалған керемет ем­ханасы бар екен. Соны универ­си­тет­тің балансына ал­дым. Ұстаздар дем алатын профилакторий етіп жасат­тым. Университет оқытушылары әлі күнге дейін сонда барып демалады, – деген еді ол. Мырзекең ректор болып тұрғанда оның ұйытқы болып, Елбасымыздың қол­дауы, тапсыруымен, Иманғали Тасмағам­бетовтің басшылығымен Жапонияның жоғары білікті мамандары арнайы тапсы­рыспен даяр­лаған Күлтегін ескерткішінің дәлме-дәл, ғылыми көшірмесі әкелініп, университет ғимаратының бірінші қабаты­на, көрнекі, қолайлы орынға орналасты­рыл­ғанын айтпай кетуге болмас. Газеттер сол кезде мұны «араға ғасырлар салып бабалар рухының Отанға қайта оралуы» деп жазып жатты. Ескерткіш қойылған залға жалғастырыла көне түркі жазу мәде