28 Желтоқсан, 2011

Әзағаның көмекші хатшысы

383 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін
Автобустан түскен бойда Гулия зыр жүгіріп келеді. Баяғы совминнің ауруханасына. Өкпе­сін қолына алып, ұшып келеді. Әзағаңа! Жан­сақ­тау бөліміне түсіп қалыпты. Осы таң­ертең Алматыда Елбасының қолынан біраз зиялылар жылдық стипендия­ла­рын алған болатын. Шыққасын хабар­ла­са­мын деген. Қоңырауын зарығып күткен. Тағаты таусылып балаларынан білген. Инсульт! Алты рет жүрек талмасына ұшыраған зәрезап ағзаны бұл жолы миынан қысып жіберіпті... Ішке кіру оңай болмады. Жазушылар одағынан Әзағаңның алып берген: «Гулия Иманова – Ә.Нұршайықовтың көмекші-хатшысы», – деген куәлігін көрсетіп, жалынып-жалпайып, 3 минөтке әзер сұранып кірді-ау, әйтеуір. Есік айқара ашылғанда Гулия шатқаяқтанып, денесін ұс­тай алмай тәлтіректеп кетіп еді, дәрігер қолтығынан демеп, тіктеп қалды. Бұл не өзі? Қайда келіп тұр? Мына жат­қан кім? Әзағаңа ұқсай ма? Бет-аузын түрлі түтіктермен айқұштап таңып тастағаны несі? Көзі жұмулы. Ақылды кө­зі­нен нұр шашырамайды... Кең маңдайы жарқырап жа­тыр. Шапшаң, шалт қимылмен қолымен сипап еді, жұп-жұм­сақ, жып-жылы екен. Ернін тигізбекке еңкейді білем, дәрі­гер тежеп қалды. Алып жүрегі соғып тұр ма екен? Кеудесін тыңдаса ше? Тағы тосқауыл. Мониторға көзі түсіп еді, он­дағы ойнақшыған сансыз ирек: «әлсіз, әлсіз», дегендей, шап­шыған шимайларымен үрей­ін ұшырып жіберді. Еңі­реп қоя берді. Мұндайда жы­лауға болмайды ғой. Жылауды сұрап алып па? Жылады... Сыртқа шыққан соң қарағай бауырына тығылып отырып, ағыл-тегіл еңіреді... Мұның көз жасы аға жүрегінің қылын тербеп, әлсіз тамырларына қан жүгіртсе екен-ау... Әзағаң ешнәрсеге де оңай­лықпен берілмейтін. Бүкіл ғұ­мыры қиындықты жеңуге ар­нал­ғандай еді. Аштық жыл­да­ры­ның зобалаңына бала жү­регі шыдап бағыпты. Тұт­қиыл­дан соққан соғыс ала­паты. Айдаһар аранына жұ­тыл­май аман оралды. Курс­тағы отыз қыздың қара нанын кезек бөліп жеп жүріп, білім алды. Лауазымды қызметтер атқарған тұстағы етектен тарт­қан мысықтілеулердің мысын әділдікпен баса біліпті. Махаббат жыршысы атанды. Халқының сүйікті жазушысы болды. Халимасынан 80 жасқа енді сүйенерде көз жазып қал­ды. Кәрі жүректің сыңарынан айырылғандағы сыңсыға­ны­нан бетер жанды қарыр нендей үскірік-үн кездесер екен? Жо-жоқ, кездеспес... Қайғы қақпақылына мазақ болып қалыпты. Балаларының қанша мамық әлдиіне үйрен­ге­німен де жетім көңілденіп, бойы-басынан әл-қуат ысы­ры­лып, салы суға кеткендей сал­дырай бастағанын өзі сезеді. Қалам ұстайды, жазылмайды. Ойы көп, іске тамызық жоқ. Басылатын, қаралатын қол­жаз­балар шаш-етектен. Бұрын Халима екеуінен ештеңе ар­тыл­маушы еді. Бәрінің қиюы қашқандай. Оның үстіне Ха­лиманы ойлаумен ошарылып, опырылатын түрі бар. Бәтір-ау, қалай серпіледі? Ісі қалай өнеді? Жан күйзелісінің бір емі – ойға алған шаруасының желдіртіп жүріп беруі емес пе еді. Бір жөні болар ма? Қи­сы­ны келер ме? Халимасындай кім қолын ұзартар... Жәр­демші болар, жүйкесін жегідей жейтін жұмысын кім жүйелеп, жетелей түсер... Сөйтіп, ойы-бойын мұң торлап, қарадай шөге бастаған тұста, 2005 жылы Ақтөбеден қоңырау шалынды. Әйел бала екен. Көп оқырмандарының бірі. Гулия Имановамын деп таныстырды. «Мәңгілік махаббат жырын» оқып, жылы лебізін білдіріп жатыр. Дауы­сы ашық. Телефонның арғы жағынан жүрегі көрініп тұр­ған­дай: бүкпесіз жан екені сезіледі. Өз халін сұрағанда, неге екені белгісіз, Әзағаң бірден жан сырын жайып салды. Халима былайғы тіршілігін айтпағанда, әдеби өмірінің шам­шырағы екен-ау. Ерінің то­лассыз жазуының етек-жеңін қымтап, халқының кә­де­сіне үлгертіп жататын сүйік­тісінің жанкештілігін енді жете ұғына бастағандай ма? Қа­зір жапанда жалғыз жорытқан құландай екен. Елеңдейді. Ерін­бегенімен де елең еткізерліктей шығармалар тумай қойды. Қайда, қайда, баяғы тұлпар-ағын? Қайда екен, жанқалқасы – Халима-сағым?! Өнбей тұр, бар жұмысы. Күй­зелгендей бар тұрмысы. Осы қиналысы Гулияға салмақ сал­ғанын сезгендей еді. Оның дауы­сы барлығып шығып, әлде көмейге тығылған өксік пе, үні үзіліп-үзіліп әлсіреп, бәсеңдене өше түсіп, қайта серпілгендей қуатпен Алматы­ға бір барғанда әдейілеп аға­сына сәлем беретінін сыз­дықтап жеткізді білем. «Компьютерге жақсы басамын», дегені жазушының көкейінде әлсіз шоқты үрлеп, маздатқандай болды. Сол Гулия Әзағаның кабинетінде отыр еді. Жағалай кітап. Мұнша мол байлықты сирек ұшыратыпты. Ертегі әле­мі­не енгендей. Көркем үлкей­тіліп, төрге ілінген Халима апасының суретіне көзі түсіп кеткенде, өн бойы шым ете қалды. «Қызым-ау, менің Әзіл­ханыма қолғабыс етші»,– деп үкілі үмітпен жымия­тын­дай. Дәл осы тұста әңгіме ауа­ны да өрби келе, бір шешімнің шетін аңғартып тұрғандай-тын. Не істемегін ойша саралап отырған Гулия, әлгі көз­қарастан берік байламға тірелгенін, енді шегінерге жол жоқ екенін аңғарды. Сырттай ты­мырайып отырғанымен, «иә, иә, Халима апатайым, көмек­тесе­мін, көмектесемін», – деп іштей Әзағаң өтінішін қана­ғат­тандырып тастағанын бай­қа­мағандай. Үлкен жазушы­ның үлкен жүрегі аңғарымпаз ғой: «сөйткенің жөн, еңбегіңді жемеспін», дегендей, өзіне дәл қазір ықыласты сөз ар­на­ларын ой түйсігімен екшеген Әзағаң қарлығаштай қағылез өңді Гулияның жауабын тездетіп естуге құмарланғандай елгезек қалып танытты. Енді не шыдас бар? «Сізге жәрдемім тиіп жатса, бақыттымын, аға!», – деп Гулия жазушының қошеметшіл көңілін аспан­датып жіберді. Содан, Гулия балаларын ерітіп, Ақтөбеден Алматыға көшіп келген. Ендігі өмірін Ә.Нұр­шайықовтың көмекші-хатшысы болуға арнап, халық жазушы­сы­на дем беру, қол­жаз­басын басып, кітап қып шығару. Әй­теуір, зыр жүгіріп, түгесіл­мей­тін әдеби шаруасын түгендеуді мұрат етті. Әзағаң ыстық ықы­ласпен қарын­да­сы­ның қолын қысып ұстап, бұл шешіміне мейіріммен алғы­сын айтып тұр­ғанда: «Мой­ны­ңа қандай қамыт кидің, Гулия!» – деп өзін-өзі нық қа­дамға қақпақылдағаны да есінен кетпес. Жебедей суырылған уа­қыт­қа не шара? Араға алты жыл түсіпті. Гулияның еңбе­гіне Әзағаң еміреніп жүрді. Айт­қанын екі етпейтін, еңбек­шіл көмекшісіне әманда риза­шылығын білдіреді. Ісі де өнді. Баршасын тізбелеп жат­пай-ақ, 2010 жылдың өзінде ғана 12 кітабы баспалардан шық­қанын айтсақ, бәрі ұғы­нықты болар. Гулия көмек­тес­песе, бұлай болмасы анық. Онысына бұлданбайды да. Жазушы мен оқырман арасы­на дәнекер болса, діттегені сол ғой. Мемлекеттік тапсырыс­тан тыс шыққан кітаптарды таратып, сатудың машақатын айтпаңыз. Шынашақтай Гулия бәріне үлгереді. Ақшасын есеп­-шотқа құйдыртады немесе қолма-қол алып, иесіне табыстайды. Сондай бір кірісті кеште: – Байып кететін болдым ғой, Гулияжан!- деп Әзағаң жазуын доғарып, компьютерде отырған көмекшісін де сәл ты­ныстауға шақырып, әзіліне бас­ты. – Байып кетсем, саған балаларыңмен бірге кең орны­ғатын пәтер әперсем деймін... – Қиын соғады сізге. Жүрегіңізге күш түседі!– деп Гулия азар да безер болды.– Күнімді көрермін. Балаларым өссе, теңеліп кетермін. Жа­зуы­ңыздан басқаға еш алаңдамаңызшы. – Сонда да бір жөнін қарастыруым керек шығар, – деп Әзағаң жалдаулы пәтерде тұрып жатқан көмек­шісі­не жаны аши қарап қойды. Кейде еңбегіне дұрыс төлей алып жүрмін бе деп те күманданатын. Ақысын жемеуге тырысады. Пәтер демекші, Үкімет басшысына жолдана­тын өтінішінің сұлбасы да көкейінде жүр. Белгілі жазу­шы­ларға ақылы әдеби кө­мекшілерді бекітіп беру мемлекет тәжірибесінде бар ғой. Ұлы Жамбылға, бертінде Қа­сым Қайсеновке дегендей. Жасамыс біздерге де мүмкін етілер деген ойы оянған. Солай бола қалған күнде осы Гулияны көмекші-хатшы­лық­қа заңдастырып, бекітіп алар еді. Бұл сырын әзірге Гулияға айта қойған жоқ. Көмекші етіп ұстауды ауырсынып жүрген­дей болмайын деп, тежелген түрі. Бірақ көкейкестілік бұ­ғып қалмайды екен. Күн­дер­дің күнінде әлгіндей өтініш-хатты Гулияның өз қолымен тергізіп, жоғары жаққа салып жіберген. Ресми емес хатшы­сының аздаған қарсылығына қарамастан, әрине. Жауапты алаңкөңілмен күткен. Әлі де күте түскісі келеді. Күдер үз­бейді. Дәмелі. Сабырлы қал­пы­нан ішіндегі тылсым сырын аңғару қиын. Тұлғалар бұл жағына тұрлаулы болады екен ғой. Ішін өртесе де өр кеудесін ұшқалақтыққа басқызбайды. Ауруханадан қайтып келе жатып, жуан қарағайдың бау­ы­рында солығын басқан Гулия ширақ қимылдайды. Жыла­ған­нан дәнеңе өнбесін ойлап, Әзағаңның тезірек айығып кетуін Жаратқаннан жалбырына сұрады. Жүрекке түскен сал­мақтың талай құқайын көрген еді, тұрып кетеріне сенді. Со­ғыс қақтаған тарамыстай бол­мысы қайыспайтын шығар. Жо-жоқ, ессіз жата беруі мүм­кін емес. Ессіз жатқанын сезсе, екілене түсіп, атып тұрып кетер еді. Өз күйі өзіне беймәлім-ау, сірә. Әйтпесе... Әзағаң рухы мықты адам ғой, майыспас еді тағдыр тәлке­гіне. Әттең-ай, әттең, инсульт алғанын білмей жатыр-ау! Осын­дай күдікті де сезікті, тентек те тәккаппар ойлар Гу­лияны дедектетіп келеді. Үйіне жетіп әл жинап, ертең аурухана алдында таң атыруы керек... Таң елең-алаң кез. Дәрі­гер­лер ауысымы. Ақ желеңді­лер­ден аппақ елес тарап жатқан­дай. Зыр жүгірген оларға қа­рап отырып, Гулияның басы айналсын. Өмір арашашылары ғой, тыным таппайды. Қай­сы­бірі жансақтау бөліміндегі Әз­ағаңа да барып, дәйек болып жатқан шығар. Өзі де кіргісі келген. Жолатпайды бірақ. «Әзаға, тұрмыс күнделік­тері­ңіздің ара тісіндей қайшы­лан­ған мына тұсын баса берейін бе?» – деп құлағына сыбыр­латса ғой маған, ести қалса, ұшып тұрар еді-ау. Ой шіркін желікпе ғой, кей сәтте. Өткен жолы күнделік қолжазба­ла­рын басып отырып, Гулия: «Бұл жерін жұмсартсақ қай­теді? Аты-жөнімен бадырай­тып, бетіне басып айтыпсыз. Кейін бәлесіне қаларсыз. Ол аттан түскенімен, әлі күнгі әлдінің бірі емес пе?» деп, сақтық жасаған. Әзағаң қара көзілдірігін алып, жаңа көр­гендей өзіне жанарын тіктесін. Үнсіз. Абдырап қалған Гулия жер шұқып отыр. Ағаттық жасады-ау. Не түртті, жаз­ғанын түзетпек боп. Кейде сөзге, сөйлемге қатысты пікірін ашық айтқызып, «е, келістік» деп, еркіндік беріп қоя­тын кеңдігі болушы еді, соған дандайсығаны ма? Бұл жолғы белсенділігін белден сызып тастағандай етіп: «Жазыңыз! Жазыңыз!» – деді. Көзілдірі­гін қайта киді. Мәтін сол күй­ін­ше басылған. Батыл ойлары батпан жүгімен кете барған. Әзағаңның азаматтық көз­қа­расын өзгерту мүлде мүмкін емес еді. Дұрыс деп бекінді ме, қылдай қиянат жасат­пай­тын. Жұрт көңілін аулағыш еді. Артық сөзбен жүрегін сыздат­пайтын. Қатты бекемденіп, іш­тей тұрысқанымен де лезде жібіп, кірі кеткен жібек орамалдай тап-таза боп, желбіреп шыға келетін. Бірде өзінің жазғанын ауызша айтып тергізіп болған соң, үстел үстіне тілдей қағаз­ды елеусіздеу қалдырып, ты­ныс­тауға шығып кеткен екен. Гулия өзіне арналғанын біліп, оқып көрді. «Созсам – қолым­сың, Жүрсем – аяғымсың, Сүйенсем – тая­ғым­сың, Гулия! Бұрын осының бәрі – Халима еді. Айырылып одан Қасірет жұтып, Қайғы жедім. Сен маған, Оның орнына, Көк­тен түскен Халима ма дедім?!» Мәтіннің аяғына жетпей-ақ бе­ті­нің ұшы нарттай боп қызар­ды. «Ұят-ай! Мені Халима апайға теңей­тіндей сонша нендей еңбегім сіңіпті. Ұят-ай!», деп қалған сөздерді қома­ғай­ла­на оқып шықты: «Сен менің: Халимамдай, Қызмет етіп ке­лесің. Бойдағы күш-қуатыңды, Аямай маған бересің. Қаншама кітаптарымды компьютерге бас­­тың, олардың коррек­тура­сын оқыдың. Шыққан кітап­тардың сатылуын, тараты­луын тегіс ұйымдастырдың. Жа­рық көрмей жатқан дү­ниелерімді ретке келтірсем деп және тал­пы­насың. Сенің осы жақсылық­тарыңды, Қа­шан, қалай өтесем екен, Гулия?!» Соңғы сөздерді қома­ғай­ланып жұтып қойғанда, есіктен Әзағаң көрінді... Күт­пе­ген бағаға кеуілі көтерілмек ор­нына, пәстеніп қалған қарын­дасының мына түрінен көп сыр аңғарған сезімтал жа­зушы жылы жанарын аударып, «сен адал еңбек иесісің, ра­зымын көмегіңе» деген лебізін төтесінен аңғартып өтіп еді... Бір сәт Гулия осындай шытырман ойларынан селт етіп: «Есін жиды ма екен, асыл ағам!» деп босаған кө­ңілін әрең тежеді. Ұшып тұ­рып, қарсы беттен көрінген таныс дәрігерден хал-жайын біліп еді, ол сөзге зауықсыз, пәс көңіл, жауапсыз жүре берді... Сырқаттың көңілін сұ­рамаққа келгендердің қарасы лезде көбейіп кетті. Ірі оқы­мыстылар, белгілі ақын-жа­зушылар, қатардағы оқыр­мандар... Ұл-қыздары Арнұр мен Жаннұр, Жаннат пен Жанар томсырайыңқы күйде. Келіндері мен немерелерінің де ұнжырғалары түсіп жүр. Бәрін бір тілек біріктіріп, үмітті көздерінен шарасыздық табы сезіледі. «Жазылып кетсе екен...» деп үнсіз егіле түседі. Ет жақындарының бір-екеуі ғана ішке сұранып кіре алды. Басқаларын маңайлатпайды. Осындай дүрбелеңмен бесінші түн жылыстап өте шы­ғып­ты... Әзағаң жүрегі ұлы шай­қасқа кіргендей, майдан дала­сынан малтығып шыға алмай жатқандай... Жүзінен беті бері қарағандық нышаны байқал­майды. Күйзелтетіні де осы... Алтыншы күні Гулия түске дейін Әзағаң жатқан ауру­ха­наның маңында көппен бірге теңселіп, жүрді де қойды. Таңнан бері нәр сызған жоқ. Тәбеті тартпайды. Есіл-дерті ішке еніп, Әзағаңның жүзін бір көру. Қайдан жолатсын. Сонда да дәмеленеді. Амал­сыз­дан «Көмекші-хатшы» деген куәлігін көрсетеді. Бұл сөздің мәнісіне кейбіреуі та­ңырқайды. Енді бірі түсініс­тік­пен басын шайқайды. Кіргізсе ғой, әлдебір аманатын алып қалар ма еді... «Сөй­ле­месе де не демегін түсінем! Жіберіңдерші, дәрігерлер! Ұлы жүректің ишарасыз өшуі мүмкін емес, аясаңдаршы мені!» – деп жанайқайын сыртқа шығарғысы келеді. Әдеп сақ­тайды. Ибалы кейіппен, көз шарасын мөлдір жасымен жуады... Әлдене бір кезде өз ойымен әлдиленіп кетеді. Ел­басының қабылдауына барудан бір күн бұрын, алтыншы ақпанда Әзағаң екеуі таңғы серуен жасаған. Абай ескерткішіне барып, тағзым еткені көз алдынан кетсейші бір. Ыс­тық бейнесі кірпігін қақтыр­май, көлбеңдейді. Әне, ұлы баба ескерткішінің мәрмәр та­сын сипалап, ұзақ тұрды. Ба­сын сүйейді. Құлағын қабыр­ғасына тосты. Бейнебір ақын жүрегінің дүрсілін тыңда­ған­дай, сілтідей тынып қалыпты. Бір кезде саусақтарымен аға­сының сауырын жеңіл, еркелей қаққыштағандай болып: «Абеке, Алматының үстінен қарап тұрсың ба? Ел-жұрт аман, мен ертең Президенттің қолынан стипендия аламын. Аруағыңыз қолдай жүрсін!» – деп жан-сырын ашқандай елгезектене сөйледі. Сосын, неге екені белгісіз, қара көзіл­дірі­гін сұқ саусағымен сәл жоға­ры ысырыңқырап, нәті, мөлт ете қалған тамшысын білдіртпей сүрткісі келді ме екен, басын кілт кегжитіп, Алатауға бұрып алды. Дәп бір Абай мен Алатаудың өрлігін салыстыр­ған­дай, тәтті мұңға батып еді. Сол тұрысында Гулияға, Әз­ағаң Көктөбеге, одан асыңқы баурайдағы Кеңсай сілемдеріне жанарын сипай қамшылап, ойша өлшем өрнегін салып, сиқырлы әуен тыңдағандай, бақ пен баптың тамырын бас­қандай, өмірдің мәнін құныға құптағандай, тіпті бір жұтым ауаның маңызын безбендегендей, беймәлім күйде балқып па, әлде өткіншіліктің әуе­зін­де қалқып па, әйтеуір, адам-ғұмыр елесіндей боп, бейкүнә күйде сәл мызғығандай-тын... Мына кейпі таңғалдырды. Гулияның санасын сан өрімді шыбыртқы осып-осып жібергендей болды. Сөйткен Әзағаң ерте күні, Елбасының қолынан стипендия алысымен, сүт пісірім уақыт өткен соң, оқыстан шалқалақтап құлай берген. Ұлтымыздың біртуар азаматы, иманды жан, жылы жүрек, ыстық қайрат иесі Мұхтар Құл-Мұхаммед сүйей қалған қолтығынан... Қысылғандағы тірегі қандай мықты еді! Жыл бойына, саяхатшыдай сергек күймен үйінде отыра алмапты-ау! 2010 жылды ай­та­ды. Ел-жұртын аралаудан шар­шамады. Тыным жоқ. Жел­дір­тіп жүргісі келіп тұра­тынын Гу­лиядан жасырмайды. Байтақ Отанының төрт бұ­ры­шын адақ­таған шығар. Азиада алауын алып, жастан бетер жү­гіріп, шабытқа бөленіп, са­қыл­даған сарышұнақ аязда саң­қылдап сөйлеп тұрғанына қызыға қараған қалың елі. Өскеменге екінші қайтара бар­маққа жи­налып, қол сөмкесін босағаға сүйеп қойғанын да біледі. Бой жазып жүр екен-ау! Бірге жү­рейік дейтін Гулияға. Жанынан тастағысы жоқ. Бұл сылтау ай­тады. Сырт көз не дейді? Сөз­ден аулақ. Көмекші-хатшыңыз болып, үйде іс тындырсам болар. Селтең жүріс сезік ту­дырмай қоймас... Сондағысы Әзағаң­ның абыройы үшін де. Халима апасының рухына берілгендік серті де. Таза, пәк кө­ңілдің кәусарын тұнық күйінде ұстауға деген ықыласы шығар өзін сақтыққа жетелейтін. Иә, Гулияның мұндай кіршіксіз табиғатын Әзағаң айрықша бағалайтын. Сондықтан да болар, «бұл менің көмекші-хат­шым» ғой деп, қасына сүйсіне ертіп, анығында қолтықтап, сүйеніш етіп, түрлі той-жи­ындарға барғысы келгенде, Гулияның ақылмен тартынған көңілін сыйлап, жалғыз жортып, кете баратын. ...Бесінші тәулікте, намаз­ды­гер шақта Әзағаңның та­мыр бүлкілі тоқтады. Бұл қаралы күн – 2011 жылдың 12 ақпаны болатын. ...Биылғы қазан айының ортасында, көмекші-хат­шы­лық міндетін әлі бір сәт тоқтатпаған Гулия Иманова маған қоңырау шалды. – Аға, жиенді болдым! Әз­ағаңды жоқтатпайын деп, өзіңізден сүйінші сұрап жатқаным ғой! – деп үні бебеулегенде, ата-бабам салтымен әсерленіп айтқаным: «сүйіншің болады!». ...Әзағаң бір аунап түскен шығар! Қайсар ӘЛІМ. ----------------------------- Суретте Гулия Иманова.