28 Желтоқсан, 2011

Исатай Тайманұлының бірінші тарихшысы

1274 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Н.Ф.Савичевтің аты-жөнін оралдықтар соңғы бір-екі жыл­да жақсы білетін болды. Қа­ланың тарихи-архитектуралық орта­лы­ғынан бір әп-әдемі көше­нің аты берілді. Никита Фёдо­рович Савичев осы Орал қала­­­сында туып өскен. Ішкі Орда­­дағы Исатай-Махамбет көтері­­­лісі жылда­рын­да «Уральское войсковое училищені» тәмәм­­дап жатқан 17-18 жастағы жігіт. Жазушы, этно­граф, суретші. Осы уақытқа дейін жерле­сі­міздің шығармашы­­лығына жеткілікті көңіл бөле алмай келе жатқанымыз – әдеби дүниеле­рінің көзге түсе қой­мауы. Жазу­шының шығармала­рының бір томдығы алғашқы рет тек 2006 жылы Оралда «Оптима» бас­пасынан жарық көрді. Осы жи­нақта басқа шығар­ма­ла­рымен қатар «Исатай Тайманов – старшина Внутренней Орды» тарихи очеркі бар. Исатай Тайманов ту­­­ралы шығармасы 1876-1877 жж. «Уральские войс­­ковые ведомости» газетінде басы­­­­лып­­­ты. Бай­қа­­­­­саңыз, Бөкей Орда­сында болып өткен халық көтерілісіне қырық жыл ғана. Н.Савичевтің шығармасы осы көтеріліс туралы, оның қолбасшысы Исатай Тайманов туралы алғашқы жәдігер.

Тарихи очерк 1989 жылы «Жалын» жур­на­лының бірінші санында басылды. Ш­ы­ғар­м­аны орталық мұрағаттардың бірінен тауып алып ұсынған марқұм Берқайыр Аманшин екен. Қазақ тіліне аударған Исатай-Махамбет тарихын зерттеушілердің бірі Мақсұт Неталиев. Оралдықтар Н.Савичев шығар­­масымен алғашқы рет 1990 жылы танысты. Қазақ совет мәдениет қорының Орал об­лыстық бөлімшесі екі тілде ксерокөшірмесін кітап етіп шығарды.

Бір ескеретін жәйт, жиырма жылдан бері осы шығарма Бөкей Орда тарихына көңіл қойған жергілікті тарихшы-өлкетанушылар­­дың қолданысында бола тұра, Исатай-Махамбет көтерілісіне, Исатай мен Махамбет­тің 200 жылдық мерейтойларына байланыс­ты облыстық баспасөзде жарық көріп жатқан материалдарда Н.Савичевтің аты-жөні тиіп-қашып қана аталды. Орталық баспалардан шығып, Бөкей Орда тарихын қамтитын жи­нақтардың біреуіне де Н.Савичевтің еңбегі кірмеді. Исатай батыр туралы Ресейдің бодандық қара қазаны қайнап тұған заманда қазақ батыры туралы тарихта қаларлық жүрекжарды шындықты жазған жазушының еңбегі мен ерлігі әлі шын мәнінде ескерілмей келеді. Ешбір бұрмалаусыз жазылған қазақ батыры туралы шындықты тәуелсіз­дігімізге жиырма жыл толса да, көз тоқтатып оқи алмай келеміз. Жазушының өлке тари­хының бір айтулы кезеңі туралы пікір тал­ғамы өз уақытының шындығымен нәрлен­ген, дәлел-дәйектемелері нақты құжаттармен негізделген. Бөкей Ордадағы қаһарлы халық көтерілісінің тарихын кім жазып отыр? Орал войскосының аға офицері, войсковой старшина. Өмірінің соңғы он-он бес жылында Орал мұрағат жайын ақтарып өткен жоғарғы дәрежелі архивариус. Н.Савичев бүгінгі жазушылардай пайдаланылған әдебиетті көр­­сетпейді. Ондай әдебиет болмаған. Жар­ты ғасырдан кейін «Восстание Исатая Тайманова» зерттеу кітабының авторы тарихшы А.Рязанов та Орынбор архивінің қызметкері. Екі шығарманы бет-бетімен салыстырып оқыған адамға Н.Савичев өзі жергілікті «туа біткен» қазақ-орыс бола тұра, көтерілісші қазақтар­дың күйзеліс-қиыншылықтарын адам­гершілік тұрғыдан түсініп, олардың ісін қолдап отыруы жазушының азаматтық дең­гейін бүгінгі оқырманның зердесіне жеткізгендей. Баймағамбет сұлтан, хан Жәңгір мен оның айналасындағы сұлтандар, полковник Гекке, Шекара комиссиясының тергеуші шенеунік­терінің халыққа әділетсіздігі, олар­ға қастан­дық әрекеттері анық көрсетілген. Көтеріліс кезінде Исатайдың Жайық әскері атаманы­мен, Ішкі Ордамен шекаралас ай­мақ­тың бас­шы офицерлерімен қарым-қаты­насы кейінгі авторлардан өзгеше, нанымды. Жайық бой­ында қазақтар мен казактардың жауластығы тарихта мол қамтылған. Жайық үшін екі жақтан да «тебісу» мен «шабысу» жеткілікті болғаны рас. Исатай заманында Ішкі Ор­далық қазақтардың хан мен сұл­тандардың шектен асқан озбырлығына қар­сы күресіне казак-орыс қауымы түсіністік­пен қарағанын, басқа емес, жайық казагі Н.Савичев қазаққа деген аппақ көңілімен жазылған шығарма­сымен дәлелдеді.

Шығармаға негізгі арқау болған көте­ріліс көсемі старшын Исатай Таймановтың және Орынбордың әскери губернаторы В.А. Пе­ровский, Орал войскосының атаманы В.О. По­катиловпен көтеріліс жылдарындағы жа­зысқан хат-хабары, Исатайдың (исатайлық­тардың) арыз-шағымы, үкімет адамдарының жауап хаттары.

Ішкі Ордадағы текетіреске, оның себептерін білуге бірінші көңіл қойған Орал войскосының атаманы полковник Василий Осипович Покатилов. Исатайлықтардың осы арызымен (оны сегіз старшынның хаты деп те атайды) танысқаннан кейін 26 шілдеде атаман-полковник есаул Сумкинге тапсырма береді: Ішкі Ордадағы мына алып-қашпа әңгіменің себебі неде? Осы қобалжудың мақсат-бағдарын көрсетуге бола ма? Үш күн өткенде Сумкин бастығына жауап жазды. Исатай Тайманов пен тағы басқа бірнеше старшындар сұлтандардың халықтан алым-салықты қайта-қайта еселеп жинауына қарсылық білдірген. Олар ханның осылай елді тонай беруіне шектеу қоюды талап етеді. Автор есаул Сумкиннің жауабы нақ шындық болатын. Ішкі Ордадағы бұл ахуал бұрын­нан-ақ белгілі еді, деп арызшылардың тілегін нақтылайды. Ордаға жіберілген Шекара комиссиясының тергеушілерінің қарекетін – «бұлар дұрысында тергеуші бола алмады, олар исатайлықтардың қарсыласы сұлтандар мен Қарауылқожаның жетегінде кеткен тыңшылар болды», деп бағалайды.

1837 жылдың тамыз айында Ішкі Орда­дағы жағдайдың ушығып бара жатқанын байқаған генерал Перовский старшын Исатай Таймановты өзімен кездесуге шақырады. Қыркүйек айының 18-ші жұлдызында гу­бернатор Орал атаманына: «Тайманов Ор­ынборға өзі келудің орнына маған хат жа­зу­ды әдетке айналдырып алды... енді мен оған жауап хат жазуым керек. Менің жауап ха­тымды оған тез арада табыс етіңіз. Өзіңіз де Ордаға жолға шығарсыз. Таймановқа түсін­діріңіз. Оның алған бағыты үкіметке қарсы, менің шақыруыма келмегені үшін-ақ оны жазаға тартуға болар еді. Егер Тайманов өз еркімен жолға шығатын болса, оған қарауыл, не конвой қосудың керегі жоқ» дейді.

Атаман Ордаға әскер ертпей келгенін анықтағасын барып, Исатай полковникпен кездесуге келіпті. Екеуі екі сағаттай әңгі­­­мелескен. Орынборға губернатормен кездесуге баруға уәде бергендей. Екеуара әңгі­­­м­е­­нің қалай өрбігені, әрине, бізге белгісіз. Тек байқағанымыз, Исатаймен осы кездесуден кейін атаман Покатилов генералға жолдаған рапорт-баяндамасында: «Ол (Тайманов) өзі­нің жеке басының тағдырын өзімен бірге кө­шіп-қонып жүрген рулас ағайын­­да­рын ғана емес, бүкіл ордалықтардың басына түскен бақытсыздықтан артық көрмейтінін айтты».

Исатай-Махамбет тақырыбында көпші­лікке тарап кеткен бір хабар: көтеріліс басшылары губернатордың көмекшісі белгілі жазушы Владимир Даль олардың жақсы танысы екен. Сондықтан олар осы бір әділдік ісімен бүкіл губернияға жақсы аты шыққан адамның келуін сұрапты. Губер­натордың атына жіберген кезекті бір арыз-шағымында (11 қыркүйек 1837 ж.) «...Просьбы и жалобы наши никем не принимаются, имущество у нас отнимают, и мы, точно чужестранцы, страшимся всего, несмотря на то, что принимали присягу на верноподданство Государю Императору». Осыны айта келе Исатай генералға тағы бір өтінішін жеткізеді: «Біздің қазіргі қиыншылықтағы қал-жағдайымызға оң көзімен қарап, осы арызы­мызды халық арасына келіп жан-жақты тексеруді подполковник Дальге тапырсаңыз екен». 14 қыркүйектегі Сумкинге жолдаған хат-хабарында да, – Перовскийге сенімді шенеунік Даль басқарған тергеушілерді халық арасында зерттеу жүргізуді сұрадық, депті.

Менің көңіл аударып отырғаным үшінші бір құжат. Исатай батырдың жоғардағы 11 қыркүйектегі Орынборға жолдаған арыз-хатынан қырық тоғыз күн бұрын, 1837 жылы 22 шілдеде полковник Покатилов губер­наторға кезекті рапортын жібереді. Атаман бұл хабарламасын өзінің тұрақты хабар­шысы, көтерілісшілермен қоян-қолтық ара­ласып тұратын Акутиннің мәліметтеріне сүйеніп жазып отырғанын айтады. «Акутин­нің мәліметтеріне және жалпы осы істің барлық жағдайын ескере отырып, – деп жазды ол, – мен мынаны пайдалы, тіпті қа­жетті дер едім. Ішкі Ордаға тәжірибелі әрі сенімді чиновник жіберіп, екі жақты теке­ті­рестің мән-жайын нақты тексеріп алған жөн...» Исатайлықтардың губернаторға жол­даған «подполковник Даль туралы» өтіні­шіне үңіліп қараңыз. Айырмашылығы – полковник Покатилов тек «тәжірибелі, әрі сенімді» чиновниктің фамилиясын атамаған. Ай­тайын дегенім, Исатай мен Махамбеттің көтерілістің қауырт күндерінде губер­на­торға «подполковник Дальді Ішкі Ордадағы жөн­сіздіктерді тексеруге жіберіңіз,» – деп сұрау салуы ротмистр Акутиннің исатай­лық­тар­дың ісінің бейбіт жолмен шешуге бағыш­талған ұсыныс-кеңесінен туындап отырған жоқ па?

Жазушы осы күндерде (қыркүйек, тамыз айлары) Исатайдың жан толғанысын түсін­гісі келеді. «Исатай Таймановтың алдында екінің бірін таңдау тұрды. Біріншісі – өмірін құрбандыққа шалып, қазақ жұртының қор­ғаушысы болып қала беру; екінші жол – генерал-губернатордың шақыруын қабыл­дап, кешірімге жығылып, жан сақтап қалу. Ол алғашқы жолды таңдады. Исатай Тайманов өз халқы арасында олардың жақтау­шы­сы әрі қорғаушысы ретінде танылып болған еді». Генерал Перовскийдің 1837 жылдың қараша айына дейін көтерілісшілердің ханға қарсы іс-қимылына төзімділік көрсетіп, тіпті кей жерде түсіністік білдіруі атаман Пока­ти­ловтың Ішкі Ордадағы қақтығыстардың түп-төркініне барынша әділ бағасын беріп отыруы деп ойлауға болады.

Казактардың ежелгі дәстүрлі демокра­тиясын бұзып, патша тағайындауымен келген алғашқы атаманға Жайық бойында әу баста қырғи-қабақ танытты. В.Покатилов орнықты мінезімен, парасатты тұлғасымен жылдар өте казак жұртының сеніміне кіргендей. Олай болмаған жағдайда сонша жыл Жайық бойын басқарып отыра алмаған да болар еді. Казакпен де, қазақпен де тіл та­быса алған атамандар Жайықта көп болма­ған. Покатилов өз басы көтеріліс басшы­ларын қудалауға қатынасқан жоқ. Сол жыл­дары (1836-38) қазақтар мен казак­тар­дың бұрын-соңды кездесіп тұратын қарулы қақ­тығыстары да байқалмады. Барынша қа­руланып, Орда ішінде қандай да батыл әре­кетке әзір сойталдай жігіттердің сол жыл­дары орысқа, қазақ-орысқа ұрынғаны тура­лы мәлімет жоқ.

Исатайдың ойында үкімет әске­рімен соғысу болған жоқ. Қа­рау­ылқожа, Балқы би сияқты халыққа әбден тізесі батқан зорлықшыл би-сұлтандарды жазаға тартты. Мал-мүлкін тәркіледі. Бірақ біреуін де өлімге қиған жоқ. Мың сан қолмен хан ордасының іргесінде оншақты күн тұрып, ата жауының жан сақтауына мұрсат берді. Ешкім кіріп-шыға алмайтындай қоршап та алған жоқ. 30 қазанда полковник Гекке отызшақты жасағын ертіп үлкен жолмен ешбір кедергісіз хан ордасына кірді. Осы және сол 1838 жылғы көтерілісшілердің іс-қи­мылына сын көзбен қарай алсақ, Н.Савичевтің тұжырымымен келіспеуге болмайды. «Орыстармен соғысу Исатай Таймановтың есебінде бол­­­­ған жоқ... Целью нападения Тайманова были не русские. Он только приготовлялся защитить себя». «Не русские» бол­­ған­­­­да – кімдер? Ор­ыс заңын да қаза­қи дәстүр-бере­ке­ні де тәрік қылған хан Жәңгір және оның айналасы: сұл­тан­­­дар, жағы­м­паз жемқор сы­бай­­ластары. Екі бірдей үлкен қақ­ты­ғыста Исатай со­ғыс іздеп Гекке әскерінің артына түскен жоқ.

8 қараша (1837 ж.) Исатай асқан батылдық­­­­пенен подполковник Мер­кульевтің қолы­­­нан отбасын, ауы­лын босатып ал­ды. Із тастап, Теректіден Жаман­құмға, одан әрі Тастөбеге бағыт алды. Геккенің барлаушылары Иса­­тайдың әр қадамын бақылап отырды. Әс­керін бір қолға жинап алған Гекке 13 қара­шада кешкі сағат 6-да Исатайдың Тастөбеге бағыт алғанын біліп алып, түнімен жол жүріп таң ата ауылын қорғаштап жүрген Исатай қолының бір тобының қарсы ал­дынан шығады. Савичев: «Тайманов не уклонился от сражения», – дейді. Бұл жерде таңдау болмады. Қылыш суырып, зеңбірек­тен оқ боратқан жауға қарсы шапты.

Ал келесі жылы Ойылдан бір топ сарбаз­дарымен (Гекке 500 депті) Суықбұлақтағы Баймағамбет сұлтан ауылын шауып, әйел, бала-шағасын құтқаруға шыққанда Гекке мен сұлтан әскерінің құрып қойған қақ­пан­ы­ның дәл үстінен түсті. Қапылыста қоршауда қалып, Исатай жігіттері қырғынға ұшырады. Ақбұлақтағы қырғынды ұйымдастырған правитель – аға сұлтан Баймағамбет. Орын­бор­дан әскер шақыртып, өзі әккі жауынгер­лерден мықты қол жасақтап алды. Оның жансыздары Исатай қолын Ойылдағы Ақ­шаттан Ақбұлақтың терең сайына дейін жетектеп әкелді...

Шығармада батырдың Ішкі линия бас­тығы есаул Сумкинге алғашқы арыздануы туралы мәлімет бар. Ханның Исатай мен Махамбетке өштесуінің тағы бір бастапқы себебі – олардың старшина Донсковқа қаш­қын солдаттарды ұстап беруге көмек­тескені. Ал бұл қашқын-ұрыларды паналатып жүр­ген ханның жақындары – сұлтандар мен Қарауылқожа екен. Ханның рұхсатынсыз үкіметтің іздестіру тобына көмек көрсеткен екі старшынды хан нағыз бүлікшілер деп, оларды ұстауға Орынбор губернаторы ешқандай шара алмай отырғанын қосып, өзінің жақсы танысы Аштархан губер­наторы Тимирязевке шағымданғандай. Тимирязев Ресейдің соғыс министрі граф Чернышовке: мына қазақ Ордасында бүлік шығып жатыр, Орынбор губернаторы неге айға қарап отыр, дегендей. Қырағы министр бұл хабарды Николай патша біріншіге жеткізді.

Азия департаменті (Родофиникин) ми­нис­трдің бұйрығын орындауды Орынбор әскери губернаторына тапсырады: «О наказании главного организатора букеевских казахов, – Его величество (Император) изволил полагать... подвергнуть взысканию того киргиза, который был главным зачинщиком сих смут – «бүлікші қырғыз» (фамилиясын көр­сетпеген) дереу тәубасына келтіріліп, жазаға тартылсын» (10 тамыз 1836 ж.)

Санкт-Петербургтен жеткен осындай шұ­ғыл хабарға Орынбордың әскери губер­наторы болған жағдайдың мән-жайын тү­сіндіріп, Жәңгір мен Тимирязевтің асығыс­тығына көңіл аударыпты. «Бір-екі ай бұрын менің атыма старшина Таймановтан және бірнеше старшындардан арыз түскен. Олар хан Жәң­гір Бөкеевтің қудалауына шағы­м­данды. Хан­ның старшындарға зәрленуі – олардың Ішкі Ордада жасырынып жүрген қашқын-қыл­мыскерлерді үкіметке ұстап беруге көмек­тескені. Шекаралық комиссияның мәліметі бойынша осы жазда старшын Тайманов әс­кер­ден қашып жүрген екі солдатты ұстап беруге көмектесіпті. Ханға Тайманов пен Өте­місовтің оның рұқсатынсыз Орданы «шарлап жүруі» ұнамапты. Жәңгірханның хабарлау­ын­ша, олар қаруланған топ құрып, есаул Бабажановтың үстінен арызданып жүр. Бұлар бүлікшілікке барып, елдің тыныштығына зиян келтіруі мүмкін. Осыны ескеріп, хан олар­ды тұтқындап, Ордадан алысырақ жерге айдап жіберуді сұрайды. Сізге жеткен хабардың от алу себебі – старшина мен ханның ара­сын­дағы келіспеушілік. Ішкі Ордада орын алған осы кикіл­жіңнің себеп-салдарын арнайы комиссия жақын арада анықтап беруге тиісті. Тай­мановтың кінәсі болып жатса, тиісті жаза­сын алады. Осындай Ішкі Ордалық мәселені жоғарғы үкіметке, патша ағзамның құзы­рына жеткізе салу – Аштархандық басты­қ­тардың асығыстығы болғандай. Генерал-адъютант В.А. Пе­ров­­ский». Перовскийдің Ішкі Орда­дағы қозға­лысқа қазақтардың өзара келіспеушілігі деп қарап, оны бейбіт жолмен шешу ниеті (Исатайды Орынборға шақыруы) іске аспады. Гекке әскерінің Ордаға басып кіруі бақандай бір жылға кейін ысырылды.

Генерал Перовский ойластырғандай, Тай­мановтың ісінің ақ-қарасын анықтап беретін сот болған жоқ. 1838 жылғы 12 шілдеде Исатай Тайманов соңғы шайқаста – Ақбұлақ өзені жағасында қаза болды. Жа­зу­шы, жайық казачествосының тарих­шысы Никита Савичев «Исатай Тайманов – старшина Внутренней Орды» кітабында батыр­дың ерлігіне сүйсініп, оған арнап азалы еске алу сөзін жазып кетті: «Тыныштықта тұнып тұрған қара түнек аспанда бір жарық жұлдыз жарқырап, от-жалынды найзағайдай атылып, ағып өтті де ғайып болды. Исатай Тай­ма­новтың жұлдызды өмірі осылай аяқталды».

Ғаділше ӨТЕБӘЛІ.

Батыс Қазақстан облысы.