28 Желтоқсан, 2011

Қаратауда қашалған «Қаражорға» қазақ биі екенінде талас жоқ

534 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
Қазақтың арғы ата-бабаларын қамты­­ған терістік көшпелілері тарихта ондаған ғасыр бойы Еуразия даласының шығысы мен батысына дейінгі ұлан-ғайыр кең да­­­ланы атының тұяғымен дүбірлетіп, дом­­­быра, қобызының үнімен күмбірлеткені белгілі. Көшпелілер – тарихтың арбасын алға сүйреушілер, шығыс пен батыстың, оңтүстік пен терістіктің мәдениет алма­­­суының дәнекері болғандар. Батыс оқы­­­мыстылары мәдениет және мәдениет тарату дегенді айтылмыс ірі өркениет орта­лық­тарының, одан қалса үнді-еуропойттардың қанжығасына байлау үшін, барлығын Жібек Жолы дегенге тәуелдеді. Арғы тарихта мәдениет көбіне Жібек Жолымен емес, көшпелілердің көш жолымен, жорық жо­лымен таралды. Ат та, ат әбзелі де, арба да, қола да, ауы бітеу шалбар да, ұзын қоныш өкшелі етік те, алғашқы ән, күй, би, аңыз әдебиет те, тотем де, тағы осы тәрізді сансыз мәде­ниет үлгілері көшпелілердің көші мен жойқын жорығы арқасында шығысқа жетіп отырды. Осы көшпелілер мәдениеттің небір кереметтерін жаратты да, таратты да. Олардың өріс-қоныстарында мәдениет іздерінің жіпұштары қалып отырды. Міне солардың бірі, әрі бірегейі көшпелілердің биі болатын-ды. Би – адамзат мәдение­тін­дегі әрі қара­­­пайым, әрі сырлы құбы­лыс. Оның та­мы­ры терең, маз­­­мұны тұңғи­ық. Әсте біздің көп­­­теген ма­мандарымыздың айтып жүр­­­ге­­нін­дей, би екінің бірінде аттың жүрісі, жүн сабау, киіз басу дегендей еңбек қимыл­­­дарын білдіретін жай қимыл емес. Оған әр халықтың на­­ным-сенімі, арман-тілегі, эс­те­­­тикасы, мінез-құлқы, бол­­мыс-бітімі, жан сезімі сияқ­тылар сіңірілген. Әрқандай ұлт­­­тың биінің, біріншіден, өзін­­­дік бөтен бө­генайы бар. Екіншіден, оның тым ары­дан қалып­­­та­сып жалғасып келе жатқан жүл­гесі және де­регі бар. Қазіргі кезде адамзат ән әуенінің де, кү­­­йі­­­­нің де, биінің де алуан түрі бар. Алайда, соларға қарап отырып бұл қайсы ұлттың ән-биі екендігін парық­тап білуге болады. Ал бір ұлттың өзінің де сандаған әні, күйі, биі бар. Олар да бірі-бірінен парықты. Ендеше адамдар әрқай­сысы ұлттардың ән, күй, билерін қалайша па­­рықтап тани алады? Өйткені, бір ұлттың түрлі-түрлі биі болғанымен оның ең басты арқауы бір, яғни бір түп ағаштың тамыры мен бұтағы жан-жаққа шашырай біткенімен, алайда діңі бір, жа­­пы­­­рақ пішіні ұқсас. Өнер де осы­лай. Қазақ биінің де, корей биі­­­нің де, ұйғыр биінің де, тибет биі­нің де тарихи қалыптасқан үл­­гісі, арқауы бар, ол солардың кім­­­­дікі екен­д­ігін айшықтап тұрады. Көптеген деректер ұлт­тар­­дың өзіне тән биінің тым арыдан қалыптасқан жүлге­сі­нің барлығын, оның қысқа уақытта пайда болған өнер туын­дысы емес екендігін ай­ғақтайды. Мысалы, Тарымның терістік жа­ғалауларындағы жа­сыл алқаптардан та­был­ған буддалық қа­­быр­ға суреттерден (сурет-1 және сурет-2) қазіргі ұйғыр биінің осыдан мың жыл бұрын қалыптас­қан­ды­ғын, ал Қытайдың терістік өлкелерінен табылған Лиау пат­ша­лығы дәуіріндегі (б.з. 907 ж. - б.з.1125 ж.) қытандардың (қидандар­дың) қабір қабыр­ға суреттерінен (сурет-3) қазіргі корей биінің де осыдан мың жыл бұрын қалып­тасып болғандығын байқай­мыз. Осы тәрізді қытайдың орта жазы­ғы­нан және оңтүстік өлкелерінен де сол ай­мақтардағы ұлттардың биіне бейім жар­тасқа немесе басқаға салынған арғы заман суреттерін кезіктіруге болады. Әрі олар да сол өңірлердегі халықтардың қазіргі билерімен жалғасымдылық байқатады. Ендеше, қазақ биінің арғы төркіні туралы осындай ұтымды деректерді табуға бола ма? Тегі, қазақтың арғы аталарында қандай билер болған? Ол қай замандарда қалыптасқан? Бүгінге дейін ол жалғасын тапқан ба? Осындай сұрақтың туары табиғи. Осының ең бір жанды да қызықты дерегін жуықта Қаратау петроглифтерінен байқап отырмын (сурет-4, сурет-5, сурет-6, сурет-7, сурет-8). Қаратау демекші, қазақтың ата-баба­­ла­ры тарихта мекендеген өріс-қоныстарында «Қаратаудың басынан көш келеді, ...» деп әндеткен «Қаратау» атты таулар аз бол­маған болар. Міне солардың бірі – Тарым мен Тәңіртаудың шығысындағы, арғы тарихта сақтар, иүзлер (нүкіс), үйсіндер, ғұн­дар бірінен соң бірі көшіп-қонып мекендеген байырғы көшпелілер мекені – Қаратау. Қаратау Шилантаудың (ғалымдар бұны түрікше аттан келген деп қарайды) бір тармағы ретінде Қытайдың орта жа­зы­ғынан батыс өңірге немесе Тәңіртау ала­бы­на енетін қақпаға – Қыши дәлізінің шы­ға берісіне орналасқан. Қаратау осы қақ­па­ға ірге тепкен Жия-ю-гуан қаласының терістігінде 20 шақырым қашықтықта созы­лып жатады. Дәл осы байырғы көшпелілер қонысы­нан өткен ғасырдың 70-жылдары қытай мамандары көптеген петроглифті байқап, зерттей бастайды. Қытайдың көптеген ғалымдарын өзіне ең баурағаны осы петроглифтеріндегі ерекше әсем де жанды бейнеленген топтық би көріністері болды. Қаратау петроглифтерін суретті тасқа егеп-қашап салу тәсіліне қарай ғалымдар үш топқа бөлген. Бірінші топтағылары тас немесе басқа қатты құралдармен егеп сал­­ған суреттер. Оларды тым арғы заманғы,  Қытай жылнамаларына сай жанго зама­­нынан хан династиясы дәуіріне дейінгі (б.з.б. 475 ж. - б.з. 220 ж.) туындылар деп бағалайды. Осы тауда осындай әдіспен салынған бір арба бейнесі де Қытайдан табылған тым арғы заман арбасына ұқсас жалаң дәртелі болған. Қаратаудағы би кескіндері негізінен осындай бірінші түрдегі тәсілмен салынған. Екінші түрдегілері металл құралдармен тереңдеу қашап са­лынған кескіндер. Оларды ғалымдар одан кейінгі дәуірлерге жатқызады. Үшінші түр­­­­де­гілері өткір, ұшты металл құралмен қа­шал­ған жіңішке сызықтармен салынған. Олар­дың көбі буддалық мәдениетке тән. Ға­лымдар салыну тәсілі және діни мазмұ­нына сай бұны таң династиясы (б.з. 618 ж. - б.з. 907 ж.) немесе одан соңғы дәуірге жатқызады. Қаратау петроглифтеріндегі топтық би көріністерінің салыну жыл шегін баға­лау­да, оның егеп салынуына ғана негізделінбеген, сонымен бірге суретте бейнеленген түрлі мәдениет үлгілеріне де ден қойыл­ған. Бұндағы ең бір басты дерек – би билеген адамдардың басындағы шошақ бас киім мен оның төбесіне тағылған үкі. Кезінде хан династиясы және одан бұрынғы дәу­­­ірде ғұндардың басында тағатын үкі­ле­рі болған. Оны сол кездерде орта жазық­та­ғы қытайларға да дарыған. Оның жазба, археологиялық деректері сақталған. Бұ­­­лар­­­­дан басқа Тарымның шығысындағы бай­ыр­­ғы сақ молаларынан да бас киіміне құс қау­ырсынын қадаған адам сүйектері табылды. Демек, ғалымдар Қаратау петроглифтеріндегі би кескіндері төңірегіндегі архе­о­логиялық деректер, тарихи жазбалар жә­не суретті салу тәсілі және ондағы бейнеленген мәдениет үлгілері сияқтыларға сү­йе­не отырып, жанго заманынан хан динас­тия­сы дәуіріне (б.з.б. 475 ж. - б.з. 220 ж.) дейінгі сақтардың, иүзлердің (нүкіс), үйсін­дердің немесе ғұндардың туындылары деп тұжырымдайды. Байырғы қытай тарихи жазбаларында жанго заманынан хан ди­нас­тиясы дәуіріне дейінгі дәуірлерде осы өңірлерде жоғарыда аталған этностардың (сақтар, иүзлер, үйсіндер, ғұндар) ілгерінді-кейінді қоныстанғаны туралы тарихи жазба деректер жеткілікті. Олар біздің та­рих­шы ғалымдарымызға бейтаныс та ем­ес. Кезінде осы өңірлерде сақтар бол­ған, одан иүзлер ірге теуіп, олар үйсіндерді шап­қан, кейін ғұндардың сүйемелімен ү­й­сіндер ес жинап, елін құрап қайта иүзлерге тап беріп, оларды батысқа қуып тастаған. Оның соңынан үйсіндердің өзі батысқа Іле алқабына ауған. Одан бұл өңірге бір мезет ғұндар мекендеген. Деректерге қарағанда, ғұндар хандармен болған шайқаста жеңіліс тауып, Қаратаудың түстік жағындағы шұрайлы жайылым Шилантау (Қаратау – Шилантаудың тармағы) мен Янжытауды тастап шыққанда, «Шилан таудан айры­лып, малымда жем қалмады, Янжы таудан айрылып елімде өң қалмады» деп зар жырын айтқан екен. Қытай ғалымдары әр тұрғыдан зерттей келе Қаратау петроглифтеріндегі би кес­кін­дерінің арғы заманғы сақтар, иүзлер, үй­сіндер, ғұндарға тән екендігін тұжы­рым­дағанымен, алайда оның қандай би екендігін, қазіргі қай ұлттың биімен жалға­са­тын­дығын зерттемеген. Ал бұл билерге қазақтың көзімен қара­ғанда, олардың қазіргі қазақтың «қара­жор­ға» биінің арғы төркіні екендігі көрген жерден тануға болады(сурет-4, сурет-5, сурет-6, сурет-7, сурет-8). Ондағы суреттердегі бидің тибеттердің (немесе қияндардың) биіне де, Тарым айналасындағы ұйғырлардың да, Қиыр Шығыстағы корейлердің де, орта жазық­та­ғы байырғы қытайлардың да билеріне ұқ­самайтындығы бірден аңғарылады. Аяқ-қол, дене қимылдарының барлығы түгел­дей «қаражорға» биімен бірдей. Тибет биінде ең типті жағы бір жақтың қол-аяғы тең алдыға созылып, тең артқа қарай жо­ға­ры көтеріледі. Ұйғыр биінің ең типті жағы аяқтың өкшесі немесе басымен жүреді, қол қимылы да «қаражорғадан» бөлек. Біреулер «қаражорғаны» моңғол биі деседі. Ал, Қаратау петроглифтері тағы бір жағынан «қаражорғаның» моңғол биі емес, қазақ биі екендігін растайды. Жоғарыда айтылғандай, бұл петроглифтер жанго за­манынан хан династиясы дәуіріне (б.з.б. 475 ж. - б.з. 220 ж.) дейінгі ту­ындылар. Бұл кезде бұл өңірде қоныс тепкен этностар ілгерінді-кейінді сақтар, иүзлер, үй­сіндер, ғұндар болған. Бұл төртеуі де қазақтың этникалық тегіне жатқызылып келе жат­қан ең басты этностар. Одан қалса, бұлардың ішіндегі сақ­тар, иүзлер, үйсіндердің моң­ғо­л­дармен еш қатысы жоқ. Ал ғұндарды аз санды ғалымдар моңғол текті деуден басқа, басым көп санды ға­лым­дар түркі тілді халық деп біледі. Тіпті, бұл петроглифтерді одан кейінгі замандардың туындысы деген күнде де, моңғолдар бас көтер­генге дейін олар Дешті құмының терістігінде болды да, түркі тілді халықтар түс­тігінде қоныстанды. Бұлардың барлығы «қаражорға» биінің қазақ биі екендігін растай тү­седі. Шындығында соңғы мың жылдықта түркі тайпалары мен моңғол тайпалары ауылы аралас, қойы қоралас жасаған кездері көп болды. Бұл кезде түрлі мәдениет алмасу толассыз жү­ріліп отырды. Сонымен бірге ру-тайпалардың өз­ара сіңісуі де толастамады. Қайсы тайпа күшейсе әлсірегені соған ба­ғынышты, тәуелді болды, тіпті оның құрамына еніп кетіп жатты. Соның салдарынан қа­зақ ру-тай­па­ларының бір бө­ле­гі моңғол құра­мында да қалып қалды. Қазіргі қазақтың керей, найман, қоңырат, т.б. тайпа­ларының сол байырғы аты­мен моңғол құрамында қалған­дары да бары белгілі. Сондықтан қазақ «қаражорғасының» моңғолда да аз да болса сақталуына ғажап­та­нудың қа­­жеті жоқ. «Қаражорғаны» моңғолға тәуел­де­генде, домбы­ра­ны да бере салуға тура келеді. Қаратау петроглифтерінен бұл бидің сол заманда тым қарапайым емес, ерекше кемелді күйге жеткендігін аңғарамыз. Дү­ниенің бас­қа өңірлеріндегі петроглифтерде де түр­лі би көріністері кезігіп оты­ра­ды. Алайда, Қаратау петроглифтерін­дегідей кемелді би көріністері тым сирек ұшырайды. Біздің би маман­да­рымыз бұларға негізделіп «қара­жор­ға» биінің толық нұсқасын қал­пына келтіріп, екі мың жылдың алдындағы ата-баба биін кеміген жерін қайта жаңғы­р­ту­ы­на болар еді. Сайып келгенде, «қара­жор­ға»» биін тұ­тас қазақ биінің арғы жүл­гесі, алтын ар­қауы деуімізге әбден негіз бар. Ол адамзат биінің ішіндегі де ең ерте дамытылған би үлгілерінің бірі деп сеніммен айта аламыз.

Қаратау петроглифтеріндегі көшпе­лі­лер биінің «қаражорға» биінің болуы, тағы бір мәнінен алғанда, қазақтың тарихтағы сақ, ғұн, үйсін, иүзлермен этникалық байланыстылығын тіпті дәлелдей түседі.

Ясиын ҚҰМАРҰЛЫ, «Шыңжаң қоғамдық ғылымы» журналы бас редакторының орынбасары, мәдениеттанушы, профессор.

_________________

Автор туралы анықтама

Ясиын Құмарұлы 1957 жылы Қытай Халық Республи­касының Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы Баркөл қазақ автономиялы ауданында туылған. 1983 жылы Шыңжаң университетінің математика факультетінде толық курсты тауысқан. 1989-1990 жылдары Шанхай Фудан университетінің математика факультетінде магистрлық аспирантурада білім алған. 2003 жылдан қазірге дейін Шыңжаң қоғамдық ғылымдар академиясының жа­нын­да­ғы «Шыңжаң қоғамдық ғылымы» журналы бас редакторының орынбасары, профессор. Зерттеу бағыты – түркі көшпенділерінің мәдениет деректерін оның байырғы Қиыр Шығыс қытай мәдениетіне жасаған әсер-ықпалы тұрғысынан қарастыру. Бұл зерт­теулерінің негізінде жазылған «Алыстағы ата мұра», «Көшпенділер және орта жазық» атты монографиялары Бейжіңдегі ұлттар баспасында жарық көрді.

Я.Құмарұлы бұлардан басқа «Қазақ мақал-мәтелдерінің түсіндірме сөздігі» (2007 жылы, 8000 мақал-мәтел қамтылған), «Қазақ тілі жайындағы математикалық зерттеулер» (1997 жылы), «Қазақтың салт-дәстүрі» (2006 жылы) атты көлемді еңбектердің, қазақ мәдениетін зерттеуге қатысты 100-ге жуық мақаланың авторы.