28 Желтоқсан, 2011

Бұл қаланың жөні бөлек

388 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
Өткен тарихқа көз жіберетін болсақ, Кеңес Одағында 1947 жылы ядролық қаруды жеделдетіп дайындау туралы шешім қабыл­данған еді. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін АҚШ Жапо­нияның бейбіт тұрғындарына қарсы ядролық қаруды пайдаланғаны белгілі. Сондай-ақ, АҚШ-тың одан арғы жерде Кеңес Одағының жүздеген қала­ларына атом бомбасын тастау жөнінде жоспары болғаны да бүгінде жасырын емес. Соған жауап ретінде атом бомбасын жасап, сынау үшін еліміздің шығысы, яғни Семей қаласы маңындағы шөл дала аумағы таңдалып алынған-ды. Осылайша қазіргі Курчатов қаласының іргетасы қаланған болатын. Алғашқыда «Мәскеу-400», одан кейінгі жерде «Конечная стансасы», «Семей-21» деп аталған Курчатов сол кезде тек әске­ри­лер тұрған жабық қала болатын. Мәңгілік мызғымастай берік көрінген алып импе­рия­ның жұлдызы сөніп, тәуелсіз еліміздің күні жарқырап шыға келгенде, бұл қаладан әске­рилер жапа-тармағай ауып көше бастаған. Олар тұрғын үйлерді талқандап, өртеп, ай­уан­дық әрекеттерге барғаны да рас. Одақ­тың ірі министрліктері мен ведомстволары жұмыс істеген, әскери-өнеркәсіптік кешен үшін барлық керекті жабдықтармен қам­тыл­ған қала бір-ақ мезетте ешкімге керексіз болып шыға келді. Қала болашағы бұлың­ғыр тартып, оның мәртебесі беймәлім жағ­дайда қалғаны да шындық. Абырой болғанда, Қазақстан Респуб­ли­ка­сының Тұңғыш Президенті Н.­Ә.Назар­­баев­­тың көреген саясатының арқасында бұл жәйт ұзаққа созылған жоқ. Семей ядролық полигоны Елбасымыздың сұңғыла саясаткерлік шешімімен 1991 жылдың 29 тамы­зында, яғни алғашқы жарылыс жасалғанына 42 жыл толған күні біржола жабылып, Қазақстанды ядролық қарусыз мемлекет ретінде дамыту туралы шешім қабылданды. Ядролық қарудан табанды түрде бас тарту – дүниежүзілік қауіп­сіз­дікті қамтамасыз ету жолындағы жарқын үлгіге айналумен қатар, еліміз бен жерімізге қайғы-қасірет әкелген сынақтарды түп­кілікті тоқтатты. 1992 жылы Елбасы Жарлығымен қала­мызда Семей ядролық сынақ полигонының ғылыми-өнеркәсіптік кешенінің негізінде «Ұлттық ядролық орталық» республикалық мемлекеттік кәсіпорны құрылды. Оның құрылымдық бөлімдерінің басым бөлігі Курчатов қаласында орналасқан. Осы сәттен бастап қала тарихында жаңа кезең – бейбіт атом дәуірі басталды. Бүгінде Қа­зақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығын академик, республика Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Қ.­К.Қадыр­­жа­нов басқарады. 1993-1994 жылдардан бастап қаламызға жақын маңда орналасқан ауылды жерлерден және басқа да жақтан қандас бауыр­ла­рымыз көшіп келе бастады. Мен ядролық сынақтарға байланысты кезінде жабылып, тәуелсіздікке қол жеткенде қайтадан ашыл­ған Абыралы ауданының атқару комитетінің төрағасы болып қызметке кіріскен едім. Курчатов қаласын 1991 жылдың маусым айында ауданымыздың қайтадан ашылуына байланысты өткізілетін салтанатты мерекеге құрметті қонақ ретінде сол кездегі полигон бастығы генерал-лейтенант Ильенко мыр­заны шақыруға келгенде көрдім. Ертіс жағасындағы сәулеті жарасқан, мұндай әдемі қаланы бірінші рет көруім еді. Сонда арада 9 жылдан соң осы қалаға әкімнің бірінші орынбасары болып келемін деген ой үш ұйықтасам да түсіме кірген емес-ті. Бұ­рынғы әдемі қаланың бейнесі әскерилердің жоғарыда айтып кеткен жосықсыз әрекет­те­рінен соң адам танығысыз күйге ұшырапты. Оны бір десек, екіншіден, қала тұрғын­дарының алғашқыда біздің ұлтқа сенімсіздікпен үрке қарағанын жасыруға болмайды. Сондықтан біз бел шешпей еңбек етіп, алдымен қаланың тұрғын үй - коммуналдық шаруашылығын қалпына келтіруге, су, жылу, жарық мәселесін жолға қоюға кірісіп кеттік. Он жылдан астам уақытқа созылған осы уақыт ішінде төрт әкім ауысқан екен. Со­лар­дың әрқайсысының артында қалған ізі бар. Соның бірі В.И.Вихрев қазір Ресейде, хабарласып тұрамыз. Ә.М.Мұхтарханов бол­­са бүгінде Аягөз ауданының әкімі. Р.Р. Мусин деген бауырымыз адамгершілігі мол, білгір, білікті азамат еді, өкінішке қарай, жол апатынан өмірден ерте кетті. Бүгінгі қала әкімі А.Н. Генрихпен ортақ тіл табы­сып, бірлесе жұмыс істеп жатқан жайымыз бар. Қала тұрғындарының қолдауымен 2003 жылдың қыркүйек айында Курчатов қа­ла­лық мәслихатының депутаты болып сай­ла­нып, содан беріде екі шақырылым қатары­нан Курчатов қалалық мәсли­хатының хат­шысы болып қызмет атқар­дым. Халық қалаулылары өздерінің бар­лық күш-жігер­лерін қаланың әлеуметтік инфрақұрылы­мын жақсартуға, қала ны­сан­дарын қалпына келтіруге және қайта жаңғыртуға, тұрғын­дар­дың денсаулығын нығайту мен сақтауға жұмсады. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2003 жылғы 4 сәуірдегі Қазақстан халқына Жолдауына сәйкес қала­мыз­да «Ядролық технологиялар паркінің» құрылысы туралы шешімі отандық ғылымды дамытудың, заманауи ин­но­вациялық техно­ло­гияларды игерудің шешуші кезеңі болып саналады. Сөйтіп, 2005 жылы Қазақстан Рес­пуб­ликасы Үкіметінің қаулы­сымен Курчатов қаласында «Ядролық технологиялар паркі» АҚ құрылды. Оның мақсаты нарыққа жоғары тех­нологиялық әзірлемелер ұсыну, оларды өнеркәсіп өндірісіне енгізуді қамта­ма­сыз ететін заманауи инфра­құрылым құру, жаңа технологияларды дамыту, Курчатов қаласында орын алған әлеуметтік-эконо­микалық мәселелерді шешу болып табы­лады. «Ядролық технологиялар паркі» акционерлік қоғамын техника ғылымдарының кандидаты А.Т.Құсайынов басқарып отыр. Елбасымыз сонау тоқсаныншы жылдар­да­ғы қиын шақта күрделі шешім қабылдап қана қоймай, оның күнделікті тыныс-тір­шілігін ешқашан назарынан тыс қалдырған емес. Соның бір айғағындай, 2003 жылдың 13 тамызында Курчатов қаласына келіп, осы сапары барысында мұндағы «EAGLE» тә­жірибе тақтасымен, Экология және радиа­циялық қауіпсіздік институтындағы Семей сынақ полигонының тарихы жинақталған мұражаймен танысты. Мұның сыртында Курчатовқа әр жылдары Елбасы тапсыр­ма­сы­мен Үкімет басшылары да келіп қайтты. Осы орайда, облыс тізгінін өз қолына ал­ған­нан бері Бердібек Сапарбаевтың біздің қа­ламызға көрсетіп келе жатқан қамқор­лы­ғына да шынайы ризашылығымызды білдіреміз. Бүгінде қаламызда 11 мыңнан аса адам тұрады. Оның ішінде орыстар – 54, қазақтар – 39, украиндар – 2, немістер – 1,4, басқа этностар 3,6 пайыз құрап отыр. Ұлттық ядролық орталықтың, Ядролық технологиялар паркінің және олардың ғылыми-өнеркәсіптік құрылымдарының да­муы арқасында бүгінде Курчатов қаласы жақсарып, көркейіп келеді. 2011 жылдың 9 айындағы әлеуметтік-экономикалық жағ­дай­ды алып қарасақ, өндірістік өнімнің үлесі 3,2 млрд. теңге болды, ал ол 2002 жылы 242,9 млн. теңгені құраған еді. Негізгі капиталға инвестиция тарту 1 289,3 млдр. теңге болса, ол 2002 жылы 108,2 млн. теңге болатын. Биыл 312 жаңа жұмыс орындары ашылды, қызмет көрсету сапасы жақсарды, кәсіпкерлік қызметтің тиімділігі артты. Республикамызда елімізді үдемелі ин­дус­триялық дамытудың бесжылдық жоспа­ры жүзеге асырылуда. Осы бағдарлама шеңберінде Курчатов қаласында «Ұлттық ядролық орталық» РМК мен «Ядролық технологиялар паркі» АҚ негізінде иннова­ция­лық жобалар жүзеге асырылуда. 2010 жылы КТМ ТОКАМАК іске қосылды. Қала аума­ғын­да ауыл шаруашылығы өнімін өндіретін 2 шаруа қожалығы жұмыс істейді. Орта және шағын бизнес – қала экономикасының ең басты бөлігі және оның басты резер­в­те­рінің бірі. «Нұрлы көш» республикалық бағдар­ла­масы шеңберінде 2009 жылы көп қабатты 4 үйді қалпына келтіру жұмыстары басталып, ол сәтті аяқталды. Бүгінде қаламызға оралман қандастарымыз көптеп көшіп келіп ор­наласып жатыр. Қалаға азаматтардың көп­теп келуіне байланысты тұрғын үйге деген сұраныс жоғары. «Капстрой+» ЖШС (Өс­кемен қаласы) 2009 жылы Абай көшесінде орналасқан №38 үйді өз қаражаттары есебінен қалпына келтірді. Қалада үш жалпы білім беретін мектеп бар. 2009 жылдың қыркүйегінде мемлекеттік тілде оқытатын мектеп ашылды. Сон­дай-ақ, 280 орынға арналған балабақша, балалар саз мектебі, екі балалар мен жас­өспі­рімдер клубы және балалар мен жасөспі­рім­дердің спорт мектебі бар. Сонымен бірге, мектептер жанынан мектепалды сыныптар ашылды. Осының арқасында балабақшадан бос орындар пайда болып, балаларды қо­сым­ша қабылдауға мүмкіндіктер туды. Ал 5-6 жастағы балалар мектепалды даяр­лық­пен 100 пайыз қамтылды. Барлық білім мекемелері Интернетке қосылған. Сондай-ақ қалалық мәдениет үйі, қалалық кітапхана жұмыс істеуде. 2011 жылдың шілде айында «Достық үйі» ашылды. Тұрғындарға медициналық қызмет көр­сететін 55 төсектік стационардан, күніне жал­пы алғанда 200-ге жуық адамды қабыл­дауға мүмкіндігі бар ем­ханадан, жедел жәр­дем бөлімшесінен тұра­тын қалалық аурухана бар. Азаматтардың қау­іп­сіздігін қамтамасыз ету мәселесі – мемлекеттік билік өкілдері үшін маңызды міндет. Қоғамдық тәртіпті сақ­тау мақсатында қалада құқық бұзушылықтың алдын алу, қылмыспен, нашақорлықпен және есірткі бизнесімен кү­ре­су, жол қозғалы­сы­ның қауіпсіздігін қам­тамасыз ету жөніндегі 4 өңірлік бағдарламаны жүзеге асыру бойынша жұмыстар атқарылуда. Қалада екі діни бірлестік мұсылмандар ме­шіті мен православие шіркеуі орналасқан. Алты үкіметтік емес ұйым тіркелген. Олар қаланың рухани, әлеу­меттік өміріне белсенді түрде атсалысып келеді. Біздің басты мақ­сатымыз – азаматтардың тұрмысын, әл-ауқатын жақсарту. Халықаралық маңызы бар Курчатов қаласына облыс, республика көлеміндегі әр түрлі сала басшылары, министрлер, елшілер, шетелдік қонақтар жиі келіп тұрады. Сондай-ақ, қалада халықаралық конференциялар, форумдар, кездесулер, дөңгелек үстелдер өткізіліп тұрады. 2010 жылдың 6 сәуірінде БҰҰ Бас хат­шысы Пан ГИ Мун, ҚР Мемлекеттік хат­шысы Қанат Саудабаевпен бірге Қазақстан Республикасы Ұлттық ядролық орталы­ғын­да және оның еншілес кәсіпорнында, «Токамак» термоядролық реактор кешенінде, кешегі сынақ алаңында болып қайтты. 2010 жылдың қыркүйек айында «Яд­ро­лық технологиялар паркі» АҚ базасында «Инновациялық технологиялар. Шынайы­лық және келешек» атты І халықаралық конференция болып өтті. Конференция жұмысына 130-ға жуық ғалым, маман және кәсіпкер қатысты. Онда 7 мемлекеттен 33 ауызша және 8 стендтік баяндама жасалды. 2011 жылғы 11-13 мамырда ҚР ҰЯО РМК-ның жас ғалымдары мен маман­дары­ның жыл сайын өткізілетін НИОКР конфе­рен­циясы болып өтті. Бұл жылы ол Қазақ­стан Республикасының 20 жылдығына арналды. 2011 жылдың 18-21 мамырында МАГАТЭ сынды беделді ұйымның атса­лысуымен ҚР ҰЯО атом энергия институты базасында «Отын сипаттамасының моделі және зерттеу тәжірибесін жүргізу» атты өңірлік семинар өткізілді. Осы конфе­рен­цияға 10 елден, атап айтқанда: Австрия, Армения, Болгария, Венгрия, Литва, Беларусь, Қазақстан, Ресей, Словения, Франциядан білікті мамандар қатысты. Қаламызда осы сияқты көптеген ха­лықаралық дәрежедегі форумдар, конференциялар жиі өткізіліп тұрады. Соның тағы да бір айғағындай, биылғы жылдың қазан айында Мемлекет басшысы Нұрсұл­тан На­зарбаевтың бастамасымен ел Тәуел­сіз­дігінің 20 жылдығына және Семей ядро­лық сынақ полигоны жабылуының 20 жыл­ды­ғына орай Астана мен Семей, сондай-ақ Курчатов қа­ла­сында жалғасын тапқан «Яд­ролық қару­сыз әлем» атты аса ауқымды шара өткізілді. Қалай десек-те ядролық сынақтардың алдымен қазақ жеріне, Қазақстан халқына орны толмас қайғы-қасірет әкелгені шын­дық. Семей атом полигонында жасалған ядролық сынақтардың қоршаған ортаны бүлдіріп, әлемге қатер төндіргені де рас. Бір жақсысы, соның бәрі өткен тарих. Бүгінде Курчатов жасампаз қалаға, бейбітшілік қаласына айналған. 20 жыл ішіндегі өзгеріс соның айқын айғағы, бұл қаланың жөні бөлек деп жатқанымыз да сон­дықтан.  Шахмұрат ТӨЛЕУТАЕВ, Курчатов қаласының құрметті азаматы. Шығыс Қазақстан облысы.