28 Желтоқсан, 2011

Абай жолы

1081 рет
көрсетілді
32 мин
оқу үшін
Ақын Иранбек Оразбаев қазақ өлеңіне өндірте жазумен ғана емес, өзінше, өзгеше жазуға ұм­ты­лы­сымен де танылған талант. Алғашқы аяқ алы­сы­нан білетін біздер үшін ақын шы­ғар­ма­шы­лы­ғы­ның өрісі мен өресі хақында пікір айту және оны білгішсініп емес, біліп айтудың ешбір қиындығы жоқ. Сандаған жылдар көзінің майын тауысып қа­на емес, жүрегін ауыртып, сезімін, жанын жыр­тол­ғақ тербеген біртуар ақынның 13 томдық таң­дамалысына енген жыр-дастандарын қызыға, ықыласпен қайталап оқып шықтым. Қазіргі қазақ поэзиясы көркемдік деңгейіне қо­са жанрлық жағынан да түрлену, толысу үс­тін­де екендігіне ешкімнің де шүбәланбасы шындық. Рас, қазақ поэзиясы поэма-дастандарға баяғы заманнан бай. Ал бүгінгі таңда осы байырғы жанр­дың та­қы­рыптық жағынан түрлене түсуі туған әде­биеті­міздің толысқандығына тағы бір дәлел. Осы орайда драмалық дастандары жазылып, жа­рия­ла­нып, тіпті көптеген театр сахналарында қо­йыл­ған ақын Иранбектің есімі ерекше аталуға тиіс. Сол себепті де пікір айтуды ақынның сол жол­да­ғы табыс­тарына тоқталудан бастағанды жөн көрдік. Әйгілі Әмір Темір есімі бізге ежелден етене та­ныс. Өйткені, ол тарихи тұлға. Драмалық дастанда сол әміршінің өмірінен бір өзек сыр шертілген, яғни Әмір Темір ғұмырының бір сәті ғана шы­ғар­маға негіз болған. Мұнда атақты билеу­ші­нің Шың­ғыс ханның мұрагері, қаһан Тығырық Те­мірді же­ңіп, таққа отырған тұсында өткен оқи­ға шығарма желісін құрап тұр. Әмір Темір жер-дүниені дүрлік­тіріп, әлемнің әміршісі атануды аңсаған, сол жолда қанды жорықтар жасаған, осы орайда небір қия­мет­ті басынан өткізген кісі. Ол былайша айтқанда жай ғана жаугерші, алтын тақ­тың иесі емес. Ол тарих сахнасында өшпес із қал­дырған күрделі тұлға. Әмір Темір тегін адам емес дейтініміз бос сөз емес, шынайы шындық. Ол қан­ша зұлым, жауыз болсын, әйтседе ол да сүйек-еттен жаратылған жұ­мыр басты пенде. Оның үс­тіне Әмір Темір ақыл­дылығымен айла­сын асыр­ған, данышпан­дығымен дүние сырын терең түсін­ген, жауыз да болса жауынгер, қані­шер болса да қолбасшы, адал, ақылгөй ғана емес, хан, әлемді аузына қаратқан әмір­ші ғой. Ақын сондай адамның күрмеуі шешілмеген күр­делі тағдырына тереңдей үңіліп, Әмір Темір жа­ра­тылысының табиғатын түсінуге, сөйтіп оны оқыр­манға жаңа қырынан көрсетуге ұм­тыл­ған. Бұл жерде біз ақын Иранбек Әмір Темірді тарих ал­дында ақтап алғысы келген екен ғой деген ойға келсек, қатты қателесеміз. Біздің ұққаны­мыз ақын жан-дүние­сінің қыртыс-қалтарысы көп, өмір жолы бұралаң әйгілі әміршінің өмірлік мы­са­лы негізінде: адам баласы тумысынан жауыз, залым болып жаратыл­майтынын, оны осындай жолға бастайтын толып жатқан жағдайлар бар екендігін айтқысы келген деп топшылаймыз. Сон­дай-ақ, оның да ойланып-толғанып, өмір сыр­ларының кілтін табуға тал­пынғанын, түсінуге тырысқанын айту арқылы ақын адам жанының күрделілігін көрсетіп, оны оп-оңай: ақ пен қараға бөле салудың бекершілігін айтқысы келген. Иранбек кейіпкерін – Әмір Темірді диуана кейпіне түсі­ріп, ел аралатып, қала кездіріп жібереді. Бұл да бекер емес. Әмір Темірді көптен толғандырып жүрген, жанына жай тап­тырмаған бір нәрсе бар-тын: ол жұрттың бәрі­нің неге осынша жағымпаз, жарамсақ екені­нің себебін біліп, сырын ашқысы келгені. Сөйтіп өз ұс­тазы Зайн-әд-Диннің ақылы­мен жұпы­ны киініп, жұрттың пікірін білмек ниетпен, яғни халықтың өзі жайлы ойын өз құла­ғы­мен естіп-білмекші болып, қала аралауға шыққан. Сонда оның көзі көп нәрсені көреді, көп нәрсеге көзі жетеді. Ал бұл өзі бүгінгі ел басшыларына ар­налған ғақлия әңгіме ғой. Халықты, елді әділ, ақыл­мен басқару үшін көсемдер сол жұртының жү­­регіндегі мұң-зарын, көкейіндегі арман-мақ­са­тын, тұрмыс-жағ­дайын білуге тиіс. Драмалық дас­танның бүгінгі күнмен, жаңа заманмен үн­де­сіп, ұштасып, бай­ла­нысып жатқандығы, сөйтіп оның бағасын арт­тырып тұрғаны да осы себептен. Ақсақ Темірдің мына бір монологы да кісіге көп ой салары сөзсіз: Адам адам еместей – Ғаріп Сәл тойынса құдайын танымаған. Адам адам еместей – Ғаріп Адам, Халық басқарып не оңдырар, Азып туып, Уызына ақылының жарымаған?! Қылышынан қан тамған Әмір Темірдің бұ­лай­ша тәубесіне келуі неліктен? Халықтың арасында болып, көкірек көзінің ашылуы. Ол енді өзінің қатыгездігінің дәлелді себебін ашқандай. Ана құрсағында жатып, қорлық көрген, ата-анасынан айрылған, зұлымдықтан зар жылап өскен әмір­ші­нің күшігінен таланған тағдырына налуы оқу­шы­сын да ойландырады. Ақыр соңында Ақсақ Темір өз-өзіне серт береді: Бүтіндейін халықтың жыртық ойын, Бүлінген бұ дүниені қайта құрып! Дастан болған соң оның айтары да сан тарау ғой. Қысқа қайырып, бір ғана ой түйетін өлең емес бұл. Қысқасы, сөз етіп отырған шығарма ба­тыл ойлары көп, басқаша жазылған озық шы­ғар­ма. Тақырыбы – тарихи, оқиғасы – өткен өмір, айтары – бү­гінгі күн­нің көкейкесті мұраттарынан сыр шертетін драмалық дастан туралы пікірі­міз­дің тоқ етер түйіні осы. Осы жерде данышпан Абайдың да Ескендір патша өмірін өзек еткен пәлсапалық поэма жаз­ған­дығы еске оралады. Абыз ақын дүниені дүр сілкіндірген патшаның қанша байлыққа қолы жетсе де, көзі тоймаған дүниеқоңыздық, ашқа­рақ­тық, тойымсыздық жаратылысына жасқанбай тойтарыс берген дананы дәріптеу арқылы қай істе де қанағат қажеттігін, адам баласын ашқарақтық аздырып, тойымсыздық тоздырып, түбіне жететінін жетемізге жеткізуді мақсат еткен ғой. Ұс­таз­дың осы дәрісінен сабақ алған Иранбектің Абай дананың шын шәкірті екендігіне бұл да бір дәлел. “Мен ішпеген у бар ма?...” драмасы көптен бері Әуезов театрының сахнасында қойылып келе жатқан дүние. Ол жайлы ел аузындағы пікірлер әрқилы. Сондықтан бұл шығарма жайлы пікіріміз де өз түсінік-түйсігімізден туған ойлар екенін алдын-ала ескерте кетсек дейміз. Драмалық дастанда әртүрлі әлеуметтік мәсе­ле­лер көтеріліп, Абай сынды кейіпкер көзқарасы арқылы, халық тағдыры турасында келелі ойлар қозғалған. Сол Абай сындары арқылы қазіргі кездің де келеңсіз көріністері бейнеленген. Өлген соң өкіріп жоқтаймыз, тірімізде көк тиындық құ­ны­мыз жоқ, езді елдікке үйретеміз, кещеге билетеміз деген сияқты небір ащы ақиқаттар ай­ты­ла­ды. Оның бәрі тәуелсіздіктің тәй-тәй басқан көрі­ніс­терін көз алдымызға әкеледі. Міне бұл Иран­бек­тің табысы, тапқырлығы, кешені бүгінмен бай­ланыс­ты­ра оты­рып, тарих сабағынан тәлім алуға шақыр­ғаны. Дастанның осындай-осындай дара көрсе­тетін, ша­бытпен жазылған тұстары аз емес. Сонымен, драмалық дастан қалай аяқталған дейсіз ғой. Оразбай, Күнтулармен болыстыққа сай­ланбаққа таласқа түскен Абай таяқ жейді. Жігері құм болған ақын шығарма соңында баяғы Ол­жабай мен Хадишаға ара түсіп, оларға басу айтып отырғанда артынан ағайын-туған, дос-жа­рандары іздеп келіп, Әбіш пен Мағаштың қайтыс болғанын естіртіп, көріседі. Содан кейін Абайдың жаралы жүрегін жарып шыққан мұңды көңілін, баян­дай­тын жыр-монологтарды оқимыз. Олар ойлы, ақыл­ды, санаға сіңімді сара сөздер – өне­ге­лі өлең жол­да­ры. Дүние қызығынан түңілген да­нышпан Абай­дың терең толғаныстары жыр кестесінен жақсы өрнек тапқан. Аталмыш монологтарда Абайдың әй­гілі қара сөздері өлең жол­дары­на көшкен. Иран­бектің бұл тәсілін дәл табылған ақын тапқырлығы дейміз. Сосын соңында – түйіндеу тұсында Абайды Құ­нанбай елесімен қайта жолықтырып, ақылын тыңдатуы да келісіп-ақ тұр. Тәсілі дұрыс, шартты түрде алғанына да қосыламыз. Құнанбай елес-мо­но­логында: “Сен іздеген әділет жерде де, көкте де жоқ. Одан да мен сияқты көрге түс, мұнда ешкімді-ешкім жек көрмейді, бір-біріне кектенбейді, жат­сын­байды”, дейді. “Сорақылық, сорлылық та жоқ онда. Қорлық, зорлық-зомбылық та жоқ онда”, дейді. “Адалмысың – төрден орын аласың, һа­рам­бы­сың – есік бағып қаласың!...” дейді. Иранбек ақын­ның бүгінгі күннің кескін-келбетін көрсетіп, ащы шындықты айту үшін тапқан тәсілі де тапқырлық. Абайдың есеңгіреген елінен, қабырғасын қа­йыстырған халқынан түңілгендей күй кешіп, оның бойындағы барлық мерез мінез, жаман қы­лық­та­рын өлтіре сынап, өлеңге қосқаны рас. Мұ­ның бә­рін ұлы ақын елін-жұртын жек көргеннен емес, жаны күйіп, жақсы көргендіктен, жақсы­сы­на сүйін­геннен де, жаманына күйіну арқылы асыл мұ­ратына жетуі жеңіл болатынын біліп, болжап ба­рып жазғанын түсі­неміз. Драмалық дастанның поэтикасында мін жоқ. Ақынның жыр-қаламы жор­ғалап-ақ тұр. То­лыс­қан талант-тұлпарының шабысы айыз қандырғандай. “Батқан кеменің бейбақтары” атты драмалық дастанда автордың қалауымен оқиға белгісіз елде, беймағлұм жерде, беймезгіл кезеңде өтеді. Осы ар­қылы Иранбек Оразбаев ойға алған идеясын жү­зеге асырудың жақсы жолын тауып кеткен. Әдейі шарттылыққа құрылған сюжет желісі сәтті шық­қа­ны шындық. Шығарма негізінен фило­со­фия­лық ыңғайда жазылған. Әсіресе, бірінші бөлімі қилы-қилы өмір құбылыстарын тереңнен толғап, жеріне жеткізе зерделеуімен бағасын асы­рып тұр. То­ғыз балдық штормға тап болып, теңіз астындағы жартасқа соғылып, түбі тесілген кеме суға батып бара жатқанда, қайтып құтыларын, қайда барып жан сауғаларын білмей сасқалақ­та­ған теңізші­лер­дің, кеменің тесілуіне өзі себепті болған егеу­құйрықтың, жанұшыра қорыққан сәтін өз көзімен көрген капитан: Ұқтың ба енді – Жаны барды қашанда Өмір таластырады, Өлім жанастырады... Жоқ құдайды кім білсін, Бар пенденің ойлайтыны – бас қамы... – деп түйін жасайды. Жыларман болып жанына келген боцманға басу айтады: Кеме батса несі бар?!.. Күллі әлемнің күйбеңі Бату менен атудан Тұратынын есіңе ал. Біздер – батсақ Батыл туған болашақ Орнымызды басады... Сөйтіп теңізшілерді соңғы сәт сапқа тұр­ғы­за­ды. Бейкүмәнға кемедегі жастарды жинап алып, қайыққа мініп, аман алып шығуды бұйырады. Ал Бейкүмәннің теңіз заңын бұзғысы жоқ: Кең толғасақ: Кемедегінің жаны бір! Тәрк ете алман теңіз–ана дүғасын! Не көрсек те Көппен бірге көреміз – Ақырды бір күтеміз. Ақыры, капитан оны көндіріп, аттандырып салады, кеме суға батады. Капитан оларға қош­тасу сөзін айтады: “Қош, жастық Өркенім! Қош! Жарық, Ертеңім”. Осы бір азды-кем үзіндінің өзінен-ақ ойлы оқыр­ман автордың – ақынның айтпақ ойын түсіне қояры хақ. Капитан өлімнен қорықпайтын, бола­шақ­қа – жастыққа сенген дана халық өкілі, ха­лық­тық бейне. Ол қара басының қамын жемей, бо­ла­шаққа сеніп тұрып суға батады. Мұндай ер­жүрек, еркөңілді, сенімі зор, мейірімі мол, ер­теңіне – ұр­па­ғына жаны ашитын, түп тамырының қиылмауын ойлап, қамын жейтін, қарекет жас­ай­тын кесек мінезді кейіпкер – капитан нағыз халық ұлы, яғни сол халықтың өзі. Оның қайыққа отыр­ған жас­тар­ды Бейкүмәнға тапсыруы да тегін емес. Ол тұла бойы тегіс адалдықтан, тазалықтан жаралған тамаша кейіпкер, жас ұрпақтың өкілі. Ақын бұл кейіп­керінің іс-әрекетін, мінез-құлқын ерекше жағдайда – өмір мен өлім айқасқан, ақтық сәтте – күрес үстінде алып көрсеткен. Осынау тал бойы толы қастерлі қасиет; ізет, ізгілік, жақсы­лық, аяушылық, адамгершілік сияқты мөлдір сезімге бай кейіпкер кім-кімді де қызықтырып, жанын баурары ақиқат. Оның есесіне Нәкүмән деген оның жолдасы, за­мандасы бар. Ол өз қарақан басынан өзгені ой­ла­май, ертеңді-кеш уайымы қалайда теңіз апаты­нан өзінің аман қалу амалын ғана күйттеген адам. Тіпті оның Бейнетпен жақындасуында да жаман­дық, зұлымдық бар. Алаяқ, арамза, пасық пен­де­нің нағыз өзі. Ол қайықтағылардың ішінде Бей­күмән­нің өлмеуін тілейді. Бұл оның қимас дос­ты­ғы, асқақ адамгершілігі емес. Ол болмаса мына ашық теңіз тұтқынынан құтыла алмасын, ажалы келерін біледі, сосын да жалған жанашыр. Сон­дық­тан да кеудесіне құлағын тосып, жаны бар екенін сезген шақта Нәкүмән өзінің түпкі ойын ашық айтады, сол сәт оның жан-дүниесі, бүкіл болмысы көз алдымызға келіп тұра қалады: Сен арқылы өмір сүргім келеді, Өмір сүргім келеді, Есіңді жи, Бейкүмән! Содан олар жұмбақ жағалауға шығады. Олар­ды сол жердің тұрғындары: Адам ата, Һауа ана, қос періш­те: Зейнеп пен Зейнет қам­қор­лық­тары­на алады. Сөйтіп олар жаңа ортаға – адамзат бастауының басы­на тап болады. Ақын бұл ар­қы­лы қазіргі адам­дарды періште кейіптегі кісілермен жолықтырып, Адамзат­тың сәби, пәк шағын­да­ғы мезгіл сынынан өткізіп алмақшы болған. Сөйтіп екі мезгіл, екі орта, екі дүние адамдарын салыстыра суреттеген. Сол арқылы түйін түйген, оқырманға ой салған. Ақыр соңында Бейкүмәннің ақ махаббатын аяққа басқан Нәкүмәнді Көпжарық өлтіреді. Ол әуелде мылқау болатын. Кейін Нәкүмәннің Бейнет қызға жасаған қиянатын көріп, жаны ыш­қы­нып, адалдыққа араша түсіп жүріп, тілі шығып кетеді. Бейнет қыз да жазым болады, бірақ одан перзент қалады. Яғни, ол босанып барып өледі. Сәбиді қолына Бейкүмән алып тұрып, ұзақ-ұзақ толғау сөздер айтады. Ол әкенің – балаға, ұ­р­пақ­тың – халқына айтар аманат сөзіндей естіледі. Поэ­тикалық асқақ пафоспен жазылған жыр жол­дары сезіміңді селт еткізіп, жүрегіңді дір еткізіп, ойыңды шарықтатып, рухыңды көтеріп тастай­тын­дай тамаша түзілген. Зер салып оқыңызшы: Ұлым, өзің арқылы, Кім екенін әкеңнің, Кім екенін анаңның, Кім екенің панаңның, Кім екенін Адамның Тарих жазбай танысын! Міне бұл асқақ та ақиқат сөз. Бұл өзі шын мә­нісінде әкенің – балаға, аға ұрпақтың – жас ұр­паққа өсиеті деуге тұратындай татымды, тапқыр, сара сөз. Ақындық таланты нық толысқан, шабытының шалқыған шағындағы ақын Иранбектің үш бірдей дастандарына айтар пікіріміз осы. Иранбектің қазіргі заман мен қоғам, елдіктің бүгіні мен ертеңгі тағдыры төңірегінде ащы болса да ақиқат ой-толғамдарын төгілдіре жазып жүр­ген, асқақ талантты, айтулы ақындары­мыз­дың бірегейі – біртуары екенін баса айтсақ артық болмас. Бұл ретте Иранбектің поэзиясы Абай өлең­дерімен өзектес, тамырлас. Сырнайлата сы­зылып, сыздықтатып, емеурінімен егілте сыр ашу­ға арналған лирика бар да, жүрегіңді қан жы­латып ақиқатын айтатын өзек­жар­ды өлең бар. Иран­бек ақын қайсыбіреулер айтып жүргендей жылауық жырлар жазған емес. Ол осы кезеңнің міні мен мінезін жырлап жүр. Ал шыңғырған шындықты – ақиқатты айту үшін Абай поэзия­сын­дағы ақыл-парасат, Махамбет өлен­дерін­дегі өрлік-ерліктің екпіні қажет. Осы қағиданы шы­ғар­машылығына шырақ еткен Иранбек ақынды Абай­дың шынайы шәкірті десек несі айып?! Ақын Иранбектің жас кезінде – өрімтал жа­сын­да жазған жырларының айрықша атап өтер бір ерек­шелігі бар. Ол емешегі езіле, жүрегі жа­ры­ла жарық дүниеден жақсылық, ізгілік іздеген, сондай сәтте санасына сәуле түсірген, өмірдің өзі­нен түй­сі­ніп-түйгендерін өлеңде өрнектеуге деген құмар-құл­шы­нысы дер едік. Ақынның осы­нау өне­гесі өмір­лік, асқақ адамгершілік адами қасиеттерді қастерлейтін өлеңдері өте көп. Осы пікірімізді тірілте кетейік. Жатар болса жүректер ынтымақпен үндесіп, Кіршіксіз пәк тілектер көтерілмек күнде өсіп. Адамдарға лайық емес пе осы сыйластық, Сыйластықты ұрпаққа кетейікші мирас қып?.. Жас ақынның жан-жүрегі ақындар арасын­да­ғы ағайындай татулықтың, сыралғы сыйлас­тық­тың қаймағы бұзылмай, ұрпақтан-ұрпаққа жал­ға­са беруін, олардың бір-біріне дүние-мүлік емес, осындай адами асыл қасиетті мирас етуін қалауы қандай ғанибет. Өлең өнегесі деген осы. Ей, ұлы Адам, мәңгілікке мейіріміңді суытпа, Қолдан келер жақсылықтың сені өберін ұмытпа... Жасағаннан жүрегіндегі мейірім-қайырымнан айырмауды ғана тілеген ақынның игіліктен жарал­ған жан-дүниесіне кісі қызыққандай. Аз барыма, көп жоғыма күлмеңдер – Төріме озып, төсегімді тілмеңдер... Құдайы қонағын барымен – ақ пейіл қара нанымен күткен қазақы мінез адамның болмыс-бітімін ақын осылайша бейнелеген және мей­маны­нан бар мәзір, жоқ жайына риясыз риза болуын өтінгені қалай жарасып тұр десеңізші?! Көзіне көрінген аң-құсты қынадай қыра беретін мергеннің оғынан мерт болған қасқалдақты алып қайту үшін айдын көлдің ортасына құлаш­тай жүзген аңшының аяғы шылауға оралып, суға батып кетеді. Киелі құстың кепиеті атып, осылай өлім құшқан, аяушылық сезімнен ада адамның тағдырын тілге тиек ете жазылған жыр жүрегіңді сыздатып, ойыңды ойрандап, көңіліңе қаяу са­лып, жан дүниеңді дүр сілкіндіреді. Қолын жая келген қайыршыға қарсы шауып, тура бас салмағанына жыны келген үй иесі итін қуып жібереді. Сөйтіп талай жыл қора-жайын, мал-мүлкін күзеткен итінен айрылған үйді ұры-қары торуылдап, тонай бастаған. Ендігі жерде түні бойы көз ілмей қожайын өзі күзетте тұратын болған. Бір жолы қолына түсіп, айқаса кеткен ұры оған қанжарын ала ұмтылады. Нақ сол кез күші­гі­нен асыраған, ұя-мекенін қия алмай үй артында жүрген бұралқы ит ұрыны желкесінен тістеп, жерге алып ұрып, қожайынын тура келген ажалдан арашалап қалады. Иттің иесіне қас қыл­май­тын адалдығын арқау еткен осы баллада да көке­йі­ңе қона кетеді. Тұжырымымен тәнті етері сөзсіз. Осымен оқырманды ақын Иранбектің көшелі жырларының сыр-сипатынан хабардар еттік. Мыс­қалдай мысалдан ордалы ой түюге осы да жет­кілікті ғой дейміз. Енді бір кездегі жас ақын­ның жыр жолындағы ақиық арманын, мұңлық мұратын ақтарған жан сырына құлақ қоялық: Жыр сарайын тамашалап Абайдың, Күмбезіне көз тіктім мен талайдың. Орда бұзар отызымның отауы – Өзге отауға ұқсамауын қалаймын... Сырда сырбаз еркін өскен бұлан-ай, Ауыр сыннан өтермісің құламай. Кім біледі – озық ойлы қаламын – Кімге сыйлап кеткендігін Ұлы Абай?!.. Бұл Иранбектің ақындық кредосы – мақсат-мұ­раты. Қасиетті қазақ жырының көсегесін көгер­тіп, жанын-рухын байытуға бекінген жас ақынның даурықпай, дандайсымай, санасын сабырға, сезімін жастық серілікке жеңдірмей, поэзия пай­ғам­бары Абайдан дәріс алып, оның шынайы шәкірті болуға ұмтылыс-құштарлығы осылай басталған. Сөйтіп арманын Алла берген дарыны қостап, ұштап, Иранбек бүгінде ақындықтың асқар беліне көтерілген тамаша талант, шынайы шайыр. Ақынның айрықша шабытпен, шын жүректен жыр­лаған өлеңдерінің тақырыбы сан тарау. Туған жер, өскен ел, оның көркем табиғаты жөнінде жыр қа­шаған ақынның аяулы атамекенге деген асыл ма­хаббаты оқырманның да ойын оятып, сезімін сергітіп, көңілін ғажайып күйге бөлейді. Атамекенді ая­лау­ға арналған мына бір шумақтан сан сырға қанығасың: Сенен ұлы өзен жоқ, Сырым – Анам, Ұлылықтың белгілі сыры маған. Тірліктің кепкен күретамырындай, Сенсіз дала жүрегі жылымаған... Қытымыр қыста бетін көк мұз құрсаған өзенге тоңып қалдың-ау деп, бейне жаураған адамдай көріп, аяушылық білдіруі қандай қымбат қасиет! Ал мұндай табиғатты аялаған адамның тірі жанға жанашыр болмауы мүмкін емес қой. Ақынның бізді – оқырманның да осындай ақ тілекші, жылы жү­ректі кісі болғанымызды қалап тұрғаны ғой. Осындай сөзден сурет салуға, сол арқылы ой салу­ға өте шебер ақын өлеңдерін оқыған сәтте сен де кейіпкер кейпіне қалай еніп кеткеніңді бай­қамай қаласың. Өлең сөздің ұстасына ай­налуды арман­да­ған ақынның дегеніне жеткендігі осы ғой. Иранбек ғашығының есімін жүрегіне жырмен жазған ақын. Ғашықтықтың от-жалынына өрте­ніп, қы­­лықты қыздың назды үні жанын тербеген жігіт­тің көңілінің көкке өрлеп, жырақтағы жұл­дыз­бен тілдесіп кеткен сәтін сөзбен суреттеген ақынның пәк сезіміне сүйсінесің, бейне өз ба­сың­нан өткеріп жатқан­дай сезінесің. Ақын өлеңдерін оқығанда ұяң сезім, қа­нағат көңіл, нәзік наз бесігінде тербелгендей күйге бөленесің. Көзсіз сүйіп, ессіз күйіп, өр­теніп өлең жаз­ған ақынды қалайша махаббат жыршысы демессің?! Адами қасиеттің айнасы – адал махаббаттың жұм­бақ сырын – жүрек жырын Иранбек ақын ай­рықша – өзінше, өзгеше өрнектеумен танылған талант. Мыса­лы, ақынның ақ махаббатын – сүйік­ті­сін Күнге теңеп, табынып, сағынып, қамығып, жабығып, егіліп-төгіліп жыр дестелеуі де дағ­ды­лы «күйдім, сүйдім» емес, асыл сезімді аялап, құдыреттей қастерлеуі. Ақын бірде ғашықтықтың адамның жасына байланысты өткін­ші сезім еместігін жырына арқау еткен. Ал бұл болса өмір шындығы екенін ақын алғаусыз мойындатады. Бозаң бастың, Бозқырауын ескермей, Боза мінез Бозбала боп барамын! Өзі қартайса да, көңілі жас, сезімі сөнбеген, құштарлығы күшінде жүрген жасамыс ақынның сұлулыққа сүйіспеншілігін көркем сөзбен көм­ке­ріп, қисынын келістіріп, теңеуін тауып, жазу осындай-ақ болар. Бұл егде жастағы ақынның өз ба­сында емес, талай адамның өмірінде кездесетін хикая. Ендеше, соны жанымен сезіп, жүрегінен өт­кізіп өлең түзген ақынның көріпкел көңіліне, сезімталдығына іштей риза болмасыңа не шара?!... Гүл-сезімін сыйлап, көзбен сүюден шаршаған шарасыз адамның жабырқау көңіл күйін ақын­ның поэзия пернесінде ойнатуы да сымбатты сыры­мен жүрек тербейді. Боларын – Бір Тосынның сезіп едім, Біліп ем – Бақ па, Сор ма – Кезігерін. Көз тұнып, Бас айналып бара жатыр – Нетеміз?! Не қыламыз, О, Жүрегім?! Әлбетте, осынау өлең жолдарын көрсеқы­зар­лық, жеңілтектік деп қабылдасаңыз қатты қате­ле­сесіз. Бұл әрбір жүрегі бар, сезімі сергек адамның болмысынан кезігетін асыл қасиет, сәттік сезім­нің қимас көрінісі, ғашық жанның кеудесіне күй толтырар тосын сәттің жыр-суреті. Адами адал ақ махаббаттың жалынды жыр­шы­сы ақын Иранбектің сезімнің хас суреткері екендігі айна-қатесіз ақиқат. Осы азды-кем мы­сал, ой-пікірден-ақ оған оқырмандардың көзі жетіп, көңілдері сенер дейміз де, әңгімені келесі бір келелі қырын баяндауға бұрамыз. Ақынның таңдамалы томдарына енген өлең­дері­нің дені соңғы тәуелсіздік жылдарының жемісі. Онда Иранбек ұлтымыздың орындалған ұлы арманын – азаттықтың ақ таңын жүрегі жарыла жырларына қо­сып, шаттығымызға шашу шашқан. Алайда, ақын көбінесе ертерек ел болып, етек-жеңімізді жиюымыз, барымызды бекемдеп, жоғы­мыз­ды түгендеуге көбі­рек көңіл бөліп, межелі мақ­сатқа тезірек жетуіміздің қа­мын жеп, қабыр­ға­лы ойларын ортаға салуға асық­қан. Алаң көңіл ақын­ның жүрек сөзі жалпақ елдің де көкейін кескен мәнді мәселелер. Мына алмағайып ке­зеңнің тар жол, тайғақ кешулерінен қиналған қара­пайым халықтың саналары сарсаңға түсіп, тұрмыс-тіршіліктері жүдегені рас қой. Сондай қиын-қыс­тау күн­дері ел билігінде жүрген кісілердің қара бастары­ның қамын күйттеп, ұлт тағдырын ұмы­тып, пен­де­ші­ліктің шеңберіне шырмалып жүргені ашу-ызасын келтірген ақын шамырқана-шамдана жыр жазбаса оған жалпақ жұрт жүгінер ме еді?! Азаматтық па­ры­зына адал Иранбек ақын осыны тереңнен түсініп, тебірене жыр төгеді. Сондық­тан да ел-жұртының – қалың қаза­ғы­ның атынан ағы­нан жарыла сөз арнаған ақынның ақжарма жырларына күдіктене қарамай сену керек, еру керек. Ақын кейіпкерлері тәуелсіздік жо­лын­да неге болса да көнген, басын бәйгеге тіккен адам­дар – біздің зиялы замандастарымыз. Тыңдап көріңіз: ...Тәуелсіздік Сүйем Сені Сүйемін! Сүйгендіктен – Тозағыңа күйемін: Күңіренткен Құдыреттің алдында – Таз-Кепешті Тәу-Басымды иемін!.. Иә, Иранбектің хас шындықтың құлымын дегеніне еш күмән-күдіксіз,, шәк-шүбәсіз сенесің. Бұл ақиқат ақын өлеңдерінің әр жол, әр шума­ғын­да өріп жүр. Ал шалқаңнан түсірердей шын­дық­ты айтқа­ны­на ыза болмайсың, қайта ырза боласың. Иранбектің ел бірлігі, тәуелсіздігі туралы тол­ға­ныстары – шындықтың шырайын келтірген жыр­лары жетіп артылады. Оның да мың сан мысалы бар. ...Біз – жырлаймыз Және Жырлай береміз. Санамызда: Жырымыз бен Ел – Егіз! ...Біз жырлаймыз: Қалың жұрттың қайғысын, Қуанышын – Құрметке сайлысын! Елім-жерім деп, ардақты атамекеннің жоғын жоқ­тап, мұңын шаққан қазақ ақынының жүрек­жар­ды лебізі лепірме сөз емес, сол жанындай жақ­сы көретін елінің «күні шығып, таңы күліп атпаса» байыз таппайтын патриоттық пафостағы поэзияның тамаша туындысы. Тағы бір мысалға жүгінейік: ...Бөтен іспен Былығып ел арасы, Кәр төгіп тұр Заманға өларасы: Туын ұстап ұлтының туған ұлға, Болмау керек – Туған жер шекарасы!.. Немесе: «Қазақ» деп Өлу керек ерімізге, «Қазақ» деп Ену керек көрімізге. Жын – Ойнақ салмау үшін төбемізде, Пері – Еге болмау үшін мөрімізге!.. Қазақтың қамын жеп, елінің ертеңін ойлаған әр азаматтың жүрегінде жүретін ата-баба ама­на­тын бұдан артық жеріне жеткізіп жырлау мүмкін емес. Иранбек ақынның имандай сөзіне иланып, бас иіп, басшылыққа алған жөн-ау, ағайын. Талантты ақын тәубешіл. Өтпелі кезеңге өкпе арту­дан аулақ. Арман-аңсары алмағайып уақыт­тың тар қыспағынан тезірек құтылуын көксеген ақын ізгі ниет, ақ тілегін жайып салып отыр. Ол қанша бір ашынып, шындықтың қоясын ақтара айтса да, келешектен күдер үзген емес. Жақ­сы­лық­қа, жарқын болашаққа сенімі зор. Бүгінгі өмір шындығын бетке айта отырып та, ол осы бір кесірлі кеселден құты­лу­дың жолын іздеген заман­дас­тарына отты жыр­лары­мен жөн сілтеп тұр­ған­дай. Ата ақынымыз Абайдың өмірі мен өлеңінен өнеге алған шәкірт шайыр Иранбектің де бар ар­маны тәуелсіз елінің жарқын болашағы. Оның бірде сүйініп, бірде күйініп жазған жүрекжарды жырлары мен драмалық дастандарын оқыған сәтте сезімің де, ой-санаң да аласапыран күй кешіп, болмысыңдағы бейжай тіршіліктен безініп, жандүниең жаңаша ғұмыр сүрудің бағдарын тапқандай қуанышқа кенелесің. Міне, ақиқат сөз сөлінің – жыр құды­ретінің сыры осында. Иранбек ақынның он үш томдық таң­дамалы шығармаларының бес бірдей томы драмалық дас­тан­дары, бір томы түгелдей ән мәтіндері, бір томы өз өлеңдерінің орыс тіліндегі аудармасы, өмір мен өлең туралы ой-толғам­да­ры да бір томға іріктелген. Біз жалпы шығар­ма­шылығына шолу жа­сап, кейбір қырларына ғана тоқталып, пікір ай­тып, ой бөлістік. Ал ақберен ақынның өлеңдегі өрі­сі мен өресін, қазақ поэзиясының қазынасына қос­қан сөз байлығын жан-жақты, тарата талдап, мақсатты монографиялар жазу әдебиетшілер мен әдеби сынның мойнындағы міндет. Ол күннің де көп күттірмесіне кәміл сенеміз... Сөз соңында ақынның өзіне жүгінеміз: Пайғамбарлық рухың қолдар, Пенделіктен үздім қол... Мен жүретін бір-ақ жол бар: Абай жолы – Сіздің жол!.. Бұл болса Абайға шәкірт болуды армандаған Иранбектің жан сыры. Біз ақынның өзі қалап алған осы жолдан адаспай жауһар жырдың асу-белестерінен аса беретіндігіне кәміл сенімдеміз. Қазақ елінің тәуелсіздік тұсындағы өзекті мә­се­лелерін ой сарабына салып, оны өлең-дас­тан­дары­на арқау етіп, қазіргі қоғамдағы құбылыс-өз­ге­рістерді жүрегінен өткізіп, санасында сара­лаған саңлақ ақынның салиқалы ой-парасатқа толы поэзиясы көркем өнердің көш басында. Иранбек өршіл рухты жасын жырларымен тарихи жады­мыз­дың рухани жаңғы­руы­на өлшеусіз үлес қос­қан қанатты ақын. Жыр жолындағы жұл­дызы оңы­нан туған Иранбектің Мемлекеттік сый­лық­пен мара­патталуы – оның қазақ поэзиясының талантты тұлғасы екенді­гі­нің жарқын мысалы.

Қуанышбай ҚҰРМАНҒАЛИ,  Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.